Қазақстанның ежелгі қалалары


Скачать/Жүктеу

Жоспар
1) “Ақ өзендегi қала”-Испиджаб.
2) Қазақтың қаны тамған ата-қоныс Отырар.
3) 9-ғасыр-“Ұзын дуалды ”қалалар ғасыры.
4) Түркiстан (Иасы), Отырар, Сығанақ, Созақ, Құмкент, Жент және Жаңакент- қазақтың бас қалалары.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕЖЕЛГI ҚАЛАЛАРЫ — жазба деректемелер мен археологиялық материалдар нәтижесiнде анықталған байырғы қоныс орындары, қала жұрттары. 6 — 9 ғ-ларда Оңт. Қазақстан мен Оңт.-Батыс Жетiсуда қала мәдениетi жақсы дамыды. Саяси жағынан бұл аймақтар түрiк әулеттерiне бағынды және ретi бойынша Батыс Түрiк, Түргеш, Қарлұқ қағандықтарының құрамына ендi. Бұл кезеңде көшiп жүретiн жер аумағы шектелiп, көш жолдары қалыптасты, тұрақты қыстаулар мен жайлаулар орнығып, егiншiлiк пайда болды, отырықшы кедейлер тобы бөлiнiп, жекелеген рулық топтар отырықшылыққа көштi. Мемл. төрешiлдiк аппарат құрылып, ортақ тiл мен жазу қалыптасты, сауда және дипломат. байланыстар дамыды. Осындай жағдайда әкiмш. және қолөнер, сауда, мәдениет орталығы ретiнде қалалар салына бастады. Оңт. Қазақстандағы ең iрi қала Исфиджаб саналады. Ол 629 ж. Сюань-Цзянның жылнамасында “Ақ өзендегi қала” атымен алғаш аталады. Кейiн Махмұт Қашқари Сайрам — ақ қаланың аты (әл-Мединат әл-Байда), ол Исфиджаб деп, кейде Сайрам деп те аталғанын жазады. Сайрамнан Шашқа баратын жол бойында 8 — 10 ғ-ларда Газгирд (Қазығұрт) болған. Исфиджабтың шығыс жағында Шарап, Будухкет, Тамтаж, Абараж, Жувикат қ-лары мен елдi мекендерi орналасқан. Шарапқа — Төрткөл Балықшы, Будухкетке Қазатлық қ-ларының жұрты сай келедi. Тамтаж, Абараж — керуен сарайлары iспеттi. Арыстың төм. ағысында орталығы Отырар қ. болған Фараб (Отырар) өңiрi жатты. Отырар аты (Отырарбенд) 8 — 9 ғ-лардағы жазба деректерде аталады. Оның Фараб, Тарбанд секiлдi атаулары да бар. Отырардан төменiрек Сырдария бойындағы Шауғар өңiрiнде сол аттас орт. болған. Шауғар қ. (соғды тiлiнен аударғанда “Қара тау”) Түркiстанның оңт.-шығысында 8 км жерде орналасқан Шойтөбе қ-ның орнында болған. Оңт.-Батыс Жетiсуда қалалардың өркендеуiне, қолөнерi мен егiншiлiктiң және құрылыс техникасының дамуына Соғды ұрпақтарының елеулi әсерi болды. 8 ғ-дың 2-жартысында олар Шу, Талас жазықтарына көптеп қоныстана бастады. Соғдылық саудагерлер Иран мен Византияны Шығ. Түркiстанмен жалғастыратын Ұлы жiбек жолының бойына сауда қоныстарын салды. Осындағы Тараз және Суяб қ-лары Қазақстаннан тыс жерлерге де мәлiм болды. Жазба деректерге қарағанда 7 — 13 ғ-ларда осы жол бойындағы Аспара, Шiгiлбалық, Атын, Семекина, Талхиз, Мерке, Құлан, Исфиджаб, Усбаникет және басқа қалалар да маңызды рөл атқарды. Бұл қалаларда ұсталық, зергерлiк, былғары өңдеу, қыштан ыдыс жасау кәсiбi өркендедi. Тұрғындары егiн ш-мен айналысып, бидай, тары егiп, бақ, жүзiм өсiрген. 9 — 10 ғ-ларда солт.-шығыс Жетiсуда да қалалар салына бастаған. Iле өз. бойындағы көшпелiлер қоныстарының орнына пайда болған бұл қалалар тез арада-ақ қолөнерi мен сауда орталығына айналды. 9 ғ-да және 10 ғ-дың 1-жартысында Жетiсуда билiк қарлұқтар қолына өтуiне байланысты көшпелi халықтар отырықшылыққа жедел көше бастады. Көшпелi тайпалардың ақсүйектерi құнарлы жайылымдарды басып алу, соғыс жорықтары және сауда арқылы байыды. Қоғамның қарапайым мүшелерi топ-тобымен отырықшылыққа көшiп, егiншiлердiң, қолөнершiлердiң қатарын толықтырды. Осыдан барып үлкендi-кiшiлi елдi мекендер мен қалалар көбейе бастады. 9 — 12 ғ-ларда қоғамның өндiргiш күштерi үлкен қарқынмен өстi. Орта Азия мен Қазақстандағы саяси билiктi басып алған Қарахан әулетi феод. қатынастардың қалыптасуына ықпал жасады. Осы кезде қалаларда дiни орындарға арналған құрылыстар, ақсүйектердiң сарайлары, су құбырлары, тазалық жүйелерi салынды. Жаңа қалалар пайда болды. Әсiресе, Оңт. Қазақстанда қалалар көркейе түстi. Бұрын 5 — 7 га-дан аспаған Отырар рабадының аумағы 170 га-ға дейiн жеттi. Кең көлемдегi қазба жұмыстары Оңт. Қазақстандағы қала мәдениетi ескерткiштерiнiң типологиясын жасауға мүмкiндiк бередi. Аумағы 30 га-дан асатын қала жұрттарына Сайрам (Исфиджаб), Шортөбе немесе Қараспан-1 (Осбаникет), Отырартөбе (Отырар), Құйрықтөбе (Кедер), Шойтөбе (Шауғар), Жанқала (Жанкент, Янгикент), Сунақ-Ата (Сығанақ), Құмкент жатады. Аумағы 15 га-дан 30 га-ға дейiн жететiн қалалар — Бурух, Хурлуг, Жумишлағу, т.б. 15 га-ға дейiн жететiн қала жұрттарына Шарапхана (Газгирд), Бұлақ-Қоғал (Манкент), Тамды (Берукент), Қазатлық (Будухкет), т.б. жатады. Осы қалалардан басқа Сырдарияның орта ағысында 6 — 9 ғ-лардың бiрiншi жартысына тән мәдени қабаттары анықталған бiр топ қала жұрттары жатыр. Қазақстанның оңт-нде жалпы саны 27-ге жететiн осындай қала жұрты бар. Қазақстанның оңт-ндегi қала жұрттарына құрылымында — iшкi қамал (цитадель); шахристан (дуалмен бекiндiрiлген қала) және рабад (қала төңiрегiндегi сауда-қолөнер орны) болатын топография тән. Шахристанда бай шонжарлардың, iрi саудагерлер мен дiнбасылардың үйлерi, сарайлар орналасты. Оңт. Қазақстан мен Жетiсудың ерте орта ғасырлардағы қалаларының жұрттарын анықтаған кезде мынадай белгiлердiң жиынтығы: көлемi мен құрылымы (қамал және бүкiл көлемi немесе қамал мен шахристан); бекiнiстерi; мәдени қабатының байлығы; археол. кешенi пайдаланылады. Осындай сан және сапа белгiлерiне сүйенгенде, Оңт. Қазақстандағы алдыңғы орта ғасырлардағы барлық қалалар саны 33 болды. Алайда, Оңт. Қазақстанның барлық қалалары неғұрлым кейiнгi уақытта да өмiр сүргендiктен, қала орындарының кейiнгi мәдени қабаттары ертедегi қалалардың көлемiн анықтауға және олардың үлгiлерiн жорамалдауға мүмкiндiк бере бермейдi. Жетiсудың оңт.-батысында, керiсiнше, бұған толық мүмкiндiктер болды. Жазбаша деректемелерге қарағанда, мұнда 7 — 10 ғ-ларда 27 қала мен қоныс болған, олардың көпшiлiгi нақты қала жұрттарымен сәйкестендiрiлдi. Ал Шу және Талас аңғарларындағы аумақта барлығы 36 қала жұрты табылып, олардағы 7
— 9 ғ-лардың мәдени қабаттары анықталды. Қалалар кейiнгi кезге дейiн өмiр сүрген. Олардың топографиясында өзiндiк ерекшелiк кездеседi. Қала жұрттарында қамал мен шахристаннан тұратын “орталық бөлiк” ерекше көрiнедi. Орталықтағы құлаған үйiндiлерге ұз. 3 км-ден ондаған км-ге дейiн жететiн дуалмен қоршалған аумақ жапсарласып жатады. “Ұзын дуалды” қалалардың орналасуында қатаң заңдылық бар: Талас аңғарында олар бiр-бiрiнен 15 — 20 км қашықтықта, аңғарлардың ең қолайлы жерлерiнде, Таласқа ұсақ тау өзендерiнiң құятын сағаларында орналасқан. Шу аңғарында қалалардың орналасу заңдылығы одан да айқын — он үш қала тау етегiндегi аймақта тау өзендерi ағып шығатын жерлерде бiр-бiрiнен 15 — 35 км қашықтықта орналасқан; қалғандары Қырғыз жотасы тауларынан өзендердiң Шуға келiп құятын жерлерiнде солт. Жақтағы iшкi тiзбектi құрайды. Қалаларды сипаттап топтаған кезде қала орындарының көлемi мен топографиясы және жазбаша деректердiң мәлiметтерi пайдаланылуы нәтижесiнде қалалар үш топқа бөлiнедi. Бұлар: астаналық және iрi қалалар — Тараз, Суяб, Невакет және Нұзкет, олар Жетiсудың оңт.-батысындағы Жамбыл, Ақбешiм, Қызылөзен және Шитөбе сияқты iрi қала жұрттарына сәйкес келедi. Орташа топқа Таластағы Ақтөбе қ-ның жұрты деп саналатын Текабкет және тиiсiнше: Сус — Шалдовар, Мерке, Аспара, Жол — Соқылық, Харранжуван — Беловодск бекiнiсi, Жақ — Сарығ — Грозненское жатқызылды. Шағын қалаларға жататындар: Құлан — Луговое, “Түрiк қағанының ауылы” — Шөмiш, Кiрмiрау — Покровское. Iрi қалалардың төңiрегiнде орналасқан ондаған ескерткiштердi қоныстарға жатқызуға болады. Шу-Талас өңiрлерiнде орналасқан 403 ортағасырлық қалалар мен мекендердiң 240-ның тарихи-топогр. құрылымдары зерттелген. Мұндағы негiзгi қалалар Жiкiл, Балу, Шелже, Такабкет, Көл, Кендек, Ақтөбе, Төлек, Сус, т.б. Шу аңғарында Баласағұн қ. жетекшi орынға шығып, астана рөлiн атқарған. Ол 10 — 11 ғ-ларда хан ордасы ретiнде қалыптасқан. Оның орнында неғұрлым ерте кезеңдегi қала жұрты бар. Бұл өлкеде осынша көп жаңа қалалардың пайда болуы ауданда отырықшылық пен қала өмiрiнiң дамығанын көрсетедi. Солт.-шығыс Жетiсуда 9 — 13 ғ-дың басында қалалар саны артқан. Егер 9 — 10 ғ-ларда мұнда 10 ғана қала болса, 11 — 13 ғ-лардың басында олардың саны 70-ке дейiн көбейген. 10 ғ-дағы деректер Iле аңғарының сол жағалауында орналасқан екi қала — Талхиз (Талхар, Талғар) және Лабан қ-лары туралы мәлiмет берсе, 11 — 13 ғ-лардың басындағы деректерде Екi-Оғыз, Қаялық, Iлебалық, т.б. қалалар аталады. Солт.-шығыс Жетiсудағы барлық қала жұрттары “төрткөл” аталатын үлгiге жатады. Олар тiк бұрыш, трапеция түрiнде жоспарланған немесе дөңгелек болып келедi, жалпы жер бетiнен сәл дөңестенiп тұрады және барлық жағынан бұрыштары мен мұнаралары бар дуалдармен қоршалған. Төрткөлдер солт.-шығыс Жетiсуға ғана емес, сонымен қатар оңт.-шығыс Жетiсуға, Тянь-Шаньға, Орт. Қазақстанға, Тува мен Моңғолияға таралған. Осы үлгiдегi немесе бiршама өзгеше жоспарланған қала жұрттары Сырдарияның төм. ағысында, Азов т. маңында кездеседi. Олардың типологиясы жөнiнде әр түрлi көзқарастар бар. Тянь-Шаньдағы Қошайқорған мен Шырдабек сияқты iрi қалалардың жұрттары орда-қалалар деп саналады. Ыстықкөл қазаншұңқырының төрткөлдерi бекiнiстер және ауылдық қоныстар деп есептеледi. Сырдарияның төм. ағысындағы суреттелiп отырған үлгiдегi қала жұрттары ауылдық мекен жайлар мен қала үлгiсiндегi қоныстар деп саналады. Солт.-шығыс Жетiсу төрткөлдерi үш топқа бөлiнедi. Бiрiншiсiне Антоновка, Дүнгене, Шiлiк; екiншiсiне Талғар, Сүмбе, Ақмола енгiзiлген; үшiншiсiне Алматы, Лавар, Қапал, Бояулы, Ақтам, Арасан, т.б. жатқызылады. Бiрiншi топқа аумағы 30 га-дан асатын қалалар енедi. Бұлар — көп қабатты ескерткiштер, мәдени қабаттарының қалыңд. 2 — 3 метрге дейiн жетедi және одан да қалың. Қазба жұмыстары кезiнде қала жұрттарынан алуан түрлi керамика, әйнек, теңгелер, қолөнер шеберханалары мен өндiрiстiк күл-қоқыстар табылды, бұлар мұнда қолөнер мен сауданың дамығанын дәлелдейдi. Бұл қалалар жұрттарының кейбiреулерi нақты қалаларға: Антоновка — Қаялыққа, Дүнгене — Екi-Оғызға баланады. Олардың iшiндегi ең iрiсi қарлұқ жабғуының астанасы Қаялық ретiнде танылған — Антоновка. Бiрiншi топты құрайтын төрткөлдер iрi қалалар және астаналық орталықтар болып табылады. Екiншi топтағы қалалардың аумағы 10 га-дан 30 га-ға дейiн жетедi. Үшiншi топ қалаларының аумағы 10 га-ға да жетпейдi. Мұндай қала жұрттарының құрылысы Жақсылық қ-ның орнын кең көлемде қазған кезде зерттелдi. Оларда тұрғын үйлер дуалдар iргесiне, iшкi жағында орналасады, iшкi аулалар бар. Iле қалалары жұртының бұл тобын бұрынғы көшпелiлер мен жартылай көшпелiлердiң ауылдық қоныстары деп санауға болады. Кейбiреулерi керуен-сарайлар болуы мүмкiн. Сарыжас, Быжы және Айнабұлақ сияқты бiрнеше қаланың жұрты бiр-бiрiне жақын орналасқан екi немесе тiптi үш бекiнiстен тұрады. Олар әдетте жолдардың түйiскен тұсына салынған.
Бұл кезеңде отырықшы және қала мәдениетi Қазастанның орт. және шығыс аймақтарына қарай ойысқан. Қазақстанның батысында қоныстар пайда болған. Орт. Қазақстанда, Нұра, Кеңгiр және Жездi аңғарларында, Ұлытау етегiнде ондаған төрткөлдер табылды, мұнда жүргiзiлген қазба жұмыстары олардың әкiмш., қолөнер-сауда және а.ш. сипатын көрсетедi. Шыңғыс хан шапқыншылығы және одан кейiнгi Шыңғыс хан ұрпақтары арасындағы соғыстар салдарынан Iле, Шу, Талас алқаптарындағы қалалардың көбi қирап, бiржола жойылып кеткен. Италия елшiсi Плано Карпини Сырдария жағалауында болғанда, бұл жерлерден көптеген қираған қалалар мен мекендердi кездестiргенiн жазды. Француз королi Людовик IХ-ның елшiсi Виллем де Рубрук 1253 ж. моңғол ханы Мөңкеге бара жатып, Iле алқабы арқылы өткенде жазған күнделiгiнде жоғарыда аталған жазықта бұрын көптеген қалалар болғанын, олардың көбiн мал жайылымына айналдыру үшiн татарлардың қиратқанын жазады. Сырдария мен Қаратаудағы 13 ғ-да жермен-жексен етiлiп, тоналған қалалар — Түркiстан (Иасы), Отырар, Сығанақ, Созақ, Құмкент, Жент және Жаңакент 14 — 15 ғ-ларда Темiр мен оның iзбасарларының солт.-шығысқа жасаған жаугершiлiк жорықтарында бекiнiс қамалдары болып, одан кейiн қолөнер және сауда орталығы, хандардың резиденциясына айналған. Олар қазақ хандарының өмiрiнде маңызды рөл атқарды. 15 — 16 ғ-ларда Қазақ хандығының қалыптасу және нығаю кезеңiнiң күрделi саяси оқиғалары жағдайында, жердi игеру барысында қазақтардың этн. аумағының қалыптасуы аяқталды. 13 ғ-дың 2-жартысы — 14 ғ-да айтылатын қалалар саны 20-ға дейiн, ал мезгiлi 15 ғ-дың 2-жартысы — 18 ғ-дың басына жататын қала жұрттары 23-ке дейiн азайды. Жалпы алғанда, 9 — 12 ғ-лармен, қала мәдениетi барынша гүлденген уақытпен салыстырғанда, Оңт. Қазақстанның жазбаша деректемелер бойынша белгiлi қалалар саны 3 еседей, ал қала жұрттарының саны 6 еседей азайып кеткен. 16 — 17 ғ-ларда аймақтың саяси және экон. өмiрiнде Аркөк, Қожан, Аққорған, Үзкент сияқты қалалар маңызды рөл атқара бастады. Сайрам өркендедi. 15 — 18 ғ-ларда Түркiстан — қазақ хандарының астанасы, одан бұрын Сығанақ пен Сауран Ақ Орданың орт. болды. 13 — 14 ғ-ларда бұл қалаларда үлкен құрылыс жұмыстары жүргiзiлдi, мешiттер, медреселер, басқа да қоғамдық архит. құрылыстар салына бастады. Түркiстанда теңге соғылды. Мұнда Әмiр Темiрдiң бұйрығы бойынша Қожа Ахмет Иасауи қабiрiнiң үстiне кесене тұрғызылды, қала аймақтың ресми идеол. орталығына айналып, қауырт өстi. Отырарда да теңге соғылғаны туралы деректер бар. Мұнда Арыстан баб кесенесi салынды. 14 — 15 ғ-ларда Отырардың орталығында үлкен мешiт салынып, жұмыс iстеген. Отандық археологтар iзденiстерiнiң нәтижесiнде 16 ғ-дың аяғы 17 ғ-дың 80-жылдарындағы Отырар қ-ның халқына демогр. есептеулер жүргiзiлдi. Отырар қ-ның 16 — 17 ғ-лардағы аум. 20 га-ға тең. Оның төрттен бiр бөлiгiн алаңдар, көшелер, шаруашылық жайлар алып жатқан. Махаллаларда (100 шақты) орта есеппен 45 — 63 адам тұрған, ал қаладағы барлық тұрғындар саны 4500 — 6300 адам немесе орта есеппен 5500 адам өмiр сүрген. Сығанақ (20 га) пен Созақта (22 га) да тұрғындар саны осындай. Көлемi 35 га болатын Түркiстанда 170 махалла болған, оларда 9180 адам тұрған. Көлемi жағынан Сауран Отырардан екi есе үлкен, онда 11000-дай адам, ал Сайрамда (28 га) 7560-тай адам болған. Қарасаманда (6 га), Иқанда (6,7 га), Қарнақта (4,5 га), Қарашоқта (5 га), Сүткентте (6 га), Аркөкте (7 га), Қотанда (7 га), Үзкентте (9 га), Аққорғанда (8 га) 1500-ден 2000-ға дейiн тұрғындар тұрып, махаллалар саны 20-дан 40-қа дейiн жеткен. Жақанкентте, Суриде, Жүнкентте, Құжанда, Қарақұрымда және Раң сияқты баламасы табылмаған, көлемi 1 — 2 га-ға дейiн жететiн қалашықтарда 800 — 1000-дай адам тұрған. Жалпы, 16 — 17 ғ-лардың үш ширегi кезеңiнде Қазақстандағы қала халқының саны 70 мыңнан аспаған. 17 — 18 ғ-лардағы жоңғарлар шапқыншылығы Қазақстан қалаларының экономикасын құлдыратты. Қазақстандағы орта ғасырлардағы елдi мекендер мен қала-лар, мұнда қалалық мәдениет пен өркениеттiң ежелден қалыптасып, дамығандығын көрсетедi. Қаз.энциклоп. 5 том


Скачать/Жүктеу

Комментировать

Вам необходимо войти, чтобы оставлять комментарии.




1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Сайт картасы