ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ КИІМДЕРІ


Скачать/Жүктеу

Тақия – Шығыс халықтарына тән бас киімнің түрі. Жеңіл, дөңгелектеп тігілетін бас киім. Ұлттық өрнегіне, тігілуіне қарай әртүрлі болады. Тақияны тіккенде бір түсті матадан (сәтен, шұға, барқыт т.б.) таңдаса, төбесі төрт сай немесе дөңгелек, үшкіл төбелі етіп тігіледі. Ерлерге арналған тақиның кестелісі де, кесетесізі де кездеседі. Жиегі қолмен немесе машинамен сырылады. Қыздарға арналған тақиялар әртүрлі жіптермен кестеленіп, моншақ, асыл тастармен безендіріледі.

Сәукеле – қызды ұзатқанда киетін бас киім. Сәукелені қыз ұзатылғанда күйеу еліне киіп бару үшін тіктіреді.Сәукеле арнайы басылған ақ киізден немесе арасына қыл салынып сырған матадан жасалып, сырты қымбат матамен (барқыт, атлас, шұға) қапталып, шетін құндыз, кәмшәт терісімен айналдыра тігіледі.

Сәукеленің төбесіне, өн бойына алтын, күміс, маржаннан әшекей тағылып, алтын жібек жіппен кестеленеді. Сәукеленің төбесіне жібектен желек тағылып, оған үкі қадайды.

Тымақ – аңның немесе малдың терісінен тігілетін қыстық бас киім. Тымақты ішік сияқты тігілген терісіне байланысты: түлкі тымақ, елтірі тымақ деп аталады. Тымақ төрт сайлы, биік төбелі, суықтан қорғайтындай етіп тігіледі. Тымақтың екі құлағы және мойынды жауып тұратын артқы етегі болады.

Кимешек – әйелдердің бас киімі. Кимешек ақ матадан немесе ақ жібектен тігіледі. Ол басты, кеудені, иық пен арқаны жауып тұрады. Кимешектің кеуде жағын, бет жаулықтарын көмкеріп кестелейді.

Бөрік – қазақтың ертеден келе жатқан бас киімі. Бөрік қыстық бөрік (жүн немесе мақта салып тігіледі), жаздық бөрік болып екіге бөлінеді. Бөрікті қыздар да, ер адамдар да киеді. Аңның терісімен немесе қымбат матамен тысталады. Аңның терісіне қарап оларды құндыз бөрік, кәмшәт бөрік, түлкі бөрік деп атайды. Қыздар киетін бөріктің төбесі төрт сайлы болып келеді және үкі тағылады, асыл тастармен көмкеріліп, күміс теңгелерден салпыншақ тағылады. Қазақта әшекейлі, үкілі бөрікті сал-серілер де киген.

Етік – ертеде илеген теріден, бертінде былғарыдан киген. Былғарыдан тігілген етіктің қонышы ұзын болып келеді.

Былғары етік қара, сары, қызыл түсті бояулармен боялады. Қыз-келіншектер қызыл түсті былғарыдан ою-өрнектеп тіктірген етік киген. Оны «сапиян етік» деп атайды. Ал мырза сал-сері жігіттер қара түсті былғарыдан, оюлатып етік киюді әдет еткен, оны «саптама етік» деп атаған.

Мәсі – аяқ киімнің бір түрі. Оның етіктен айырмасы – өкшесі болмайды, сыртынан кебіс киеді. Мәсіні ерлер де, әйелдер де киеді. Мәсіні жұмсақ былғарыдан немесе құрымнан тігеді.

Кебіс – мәсінің сыртынан киюге арналып, былғарыдан тігілген аяқ киім. Оның басын жұмсақ былғарыдан, табанын қатты ұлтаннан биік етіп тігеді. Кебісті оюлап әшекейлеп тігеді.

Саптама етік – қазақтың ұлттық қысқы аяқ киімдерінің бірі. Оны ерлер киеді, кең қонышы тізені жауып тұрады. Саптама етікті қыста киетін болғандықтан, оны сапалы былғарыдан тігеді, ішінен киіз байпақ киеді.

Байпақ – жылы аяқ киім. Киізден жасалады, саптама етіктің ішінен киіледі. Байпақтың қонышы етіктің қонышынан ұзын болады, тізені жауып тұруы керек. Тізе басары былғарыдан, барқытпен, басқа да матамен көмкеріледі.

Шапан – қазақ үшін өте сыйлы киім. Оны қалың матадан қазақтың ою-өрнегін салып, астарлап сырып тігеді. Шапандар әртүрлі тігіледі: сырмалы шапан, қаптал шапан, қыз-келіншектерге арналған қималы шапан. Шапанды ерлер де, әйелдер де, балалар да киеді. Қазақ халқында сыйлы қонаққа шапан жабу дәстүрі әлі жалғасып келеді.

Ішік – аң терісінен немесе мал терісінен матамен қапталып тігілетін қыстық сырт киім. Ішік тон сияқты ұзын тігіліп, сәнді мол жаға салынады.Тігілген терісіне байланысты ішіктің әртүрлі атауы болады: бұлғын ішік, құндыз ішік, қасқыр ішік, түлкі ішік.

Тон – қойдың терісінен жүн жағы ішіне қаратылып тігіледі, әрі жылы, әрі жұмысқа өте ыңғайлы киімнің түрі. Тон тігіп кию ежелгі қазақ салты болған. Тонға мол жаға салынып, екі өңірі, жеңінің ұшы, етегі түсті матамен немесе елтірімен көмкерілген.

Шекпен – қазақтың ұлттық сырт киімінің бір түрі. Ол қойдың немесе түйенің жүнінен тоқылып, көбінесе, шапанға ұқсас үлгімен тігіледі. Шекпеннің арасына жүн немесе мақта салып тігілген түрі жеңіл пальто немесе қаптал шапан орнына киіледі.

Қамзол – жеңсіз жеңіл киім. Жас ерекшелігіне қарай: бір түсті едәуір қалың матадан, жібектен, мақпалдан, атластан тігіледі. Қыздарға арналған қамзолдың өңіріне кесте тігіліп, ою-өрнек салынады. Қамзолдың етегі кең болып келеді. Қазақ халқына кең тараған ұлттық киім.

Көйлек, жейде – әйелдердің киімі. Қос етек көйлекке екі, үш етекті қоса тігеді. Кең етекті көйлекке ештеңе қоспай тігеді. Тік етек пен кең етек көйлекті әжелер, бүрмелі көйлекті жас қыздар мен жас келіншектер киеді. Етегінің қатпарына сай, жеңіне де қатпар түсіріледі.

Белбеу – киім сыртынан бел бууға арналған, бір ұшы айылбасты былғары (1,5-2 м), қайыс немесе (2-3 м) шүберек. Шүберекте айылбас болмайды. «Бел» және «Бау» сөздерінен қосылып, фонетикалық өзгеріске ұшыраған. Былғары сыртына кейде алтын, күміс әшекей орнатылады.

Биялай – қолға киетін киім. Иленген қой терісінен, былғарыдан тігіледі немесе жүннен тоқылады. Бармақтан басқа төрт саусағы біріктіріліп, кейде қажетіне қарай сұқ саусағын даралап та жасайды. Биялайды кей жерлерде қолғап деп те атайды. Ол бес саусақты болады.


Скачать/Жүктеу

Комментировать

Вам необходимо войти, чтобы оставлять комментарии.




1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Сайт картасы