Скачать/Жүктеу
Жыраулар поэзиясының біраз үлгілері осы тарауда ұсынылып отыр. Соларды оқып-үйрену барысында халқымыздың атадан мирас болып қалған сөз маржандарына қанығасыңдар, халқымыздың басынан кешірген тарихи кезеңдермен таныс боласыңдар, оның қадір-қасиетін білесіңдер, тәлімдік, танымдық, тағылымдық терең ой дүниесіне енесіңдер. Әдебиет тарихы ел тарихы, халық тарихы екеніне көз жеткізесіңдер.
Жыраулар поэзиясының маңызы мен тақырыбы. Жыраулар поэзиясының құндылығы неде? «Бұл дәуірдегі әлеумет тіршілігінің, – дейді М.Әуезов, – ең шешуші мәселесін әдебиет жүзіне түсіріп, алғашқы рет қалың ел қамын ойлап, күңіренген қария – Асан. Бұл заман сыншысы сөйлесе, шешілмеген жұмбақ, түйіні шатасқан сөздерді ғана сөйлейді, өзі туған заманның белгілерін қарап, келешек заман не айтарын болжайды: сөзінің бәрі терең ой, терең мағынамен сөйленеді. Айтпақ жайларын ашып, ұғымды қылып айтып бермейді. Әдейі көмескілеу жұмбақ қып айтады. Жыраудың сөзі мақсатсыз айтылмайды. Не айтса да көптің мұңы, көптің жайы туралы, не көпке арналып ақыл, өсиет есебінде айтылады». Ғалымның осы ғұламалық пікірінде жыраулар поэзиясының идеялық-көркемдік мәні терең ашылған.
Халқымыздың осы зергерлік сөз тұнығына әрі ақын, әрі ғұлама Шәкәрім де ден қойған. Ол «Ескі ақындық» деген өлеңінде халық мұрасын, ауыз әдебиетін, жыраулар поэзиясын аса жоғары бағалаған:
Тақпақ пен мақал тағы артық,
Суырып салма жағы артық,
Айтады олар ойланбай,
Сыпыра жырау, Шортанбай,
Үмбетей мен Марабай
Алды-артына қарамай,
Соққанда жырды суылдап,
Жел жетпейтін құландай.
Шәкәрім ескі ақындар поэзиясында «терең сыр» барын таниды. Олардың жырында «қыран құстың ұшқаны», «ақбөкеннің жүрісі», «жайдақ желдің желісі», «мөлдір қудың аққаны», «жел жетпейтін құландар жүйріктігі», «адам жанының жайма шуақ кезеңі» – бар-баршасы, көшпелі қазақ өмірінің бүкіл әлеуметтік, рухани тіршілігі бейнеленген деп керемет ой түйген. Жыраулар поэзиясын айтулы сөз зергері Мағжан Жұмабаев та «Батыр Баян» поэмасында:
Бұқар мен Тәтіқара жырлағанда
Толқынды тұңғиық боп төгілді жыр, –
деп аса қадірлеген. Демек, жыраулар поэзиясы – халқымыздың неше ғасырлық өмірін өнер өрнегіне, ақыл сөзіне бейнелеп түсірген, өшпес, өлмес мұрамыз.
Жыраулар поэзиясы халықтың басынан өткерген тарихи оқиғаларды, оның арман-мұратын, кешірген ауыртпалықтарын жырлаумен ғана бағалы емес, елдің саяси-әлеуметтік тіршілігін, ойсанасын, дүниетанымын көркем бейнелі тілмен бере білуімен де бағалы.
Жыраулар поэзиясы соны философиялық терең ойға толы. Олардың поэзиясы өсиетнама түрінде келеді. Сондықтан да жыраулар поэзиясында нақыл, афористік сөз оралымдары мол.
Жыраулардың өз толғауларында көтерген негізгі тақырыбы қандай? Жыраулар поэзиясының өзекті тақырыбы — туған елі, оған деген сүйіспеншілігі, елдің бірлігі, бүтіндігі. Халқына жайлы қоныс, ырысты жер іздеген Асан қайғының: «Желмая мініп жер шалсам, тапқан жерге ел көшер» – деген ақылгөй сөзі – сол елінің қамын ойлаған жүрек сөзі. Сол сияқты Қазтуған жырау да «қайран менің Еділім» – деп еңіреп өткен. «Еділдің бойын ел жайлап, шалғынына бие біз байлап» – деп Доспамбет жырау армандаған, «ауылдан топыр үзілмей, ошақтың оты өшпесе, май жемесе қонағым… он кісіге жараса, бір кісіге асқан тамағым», – деп Ақтамберді жырау еліне ырыс, молшылық тілеген, бейбіт, тыныштық өмірді қалаған. Жыраулар поэзиясы еліне деген ыстық сезімге толы. Олар сол еліне жалынды жырларын арнаған, халқын сол елі үшін қызмет етуге үндеген, керек болса, жанын пида етуге шақырған. Халқы үшін қан майданда шайқасқа түсіп, елін, жерін сыртқы жаудан қорғаган әйгілі халық батырларының ерліктерін жырлаған. Мысалы, Тәтіқара ақын:
Бөкейді айт, Сағыр менен Дулаттағы,
Деріпсәлі, Мандайды айт Қыпшақтағы.
Өзге батыр қайтса да бір қайтпайтын
Сары менен Баянды айт Уақтағы.
Ағашта биікті айтсаң қарағайды айт,
Жігіттік, ерлікті айтсаң Бөгембайды айт,
Найзасының ұшына жау мінгізген
Еменәлі Керейде, ер Жабайды айт, – деп дәріптеген.
Жыраулар өмір жайлы, достық жайлы, адамгершілік, ерлік жайлы, тіршілік жайлы жыр шерткен.
Олар өмір диалектикасына да терең көз жіберген, дүниенің бірқалыпта тұрмайтынын («мынау жалған дүние кімдерден кейін қалмаған» – Шалкиіз), үнемі өзгерісте болатынын дұрыс пайымдаған. Жыраулар поэзиясында адамгершілік этика, мораль мәселелері кең орын алған. Оларда бүгінгі жастар ғибрат, тағлым алар дүниелер молшылық.
Жыраулар поэзиясы өзінің әлеуметтік, адамгершілік сарынымен ғана емес, көркемдік сапасымен де құнды.
Жыраулар поэзиясында синтаксистік параллелизмге, дыбыс үндесулеріне, ішкі ұйқасқа құрылған өрнектер де аз емес. Арнау түріндегі сөз қолданыстар да баршылық. Жыраулар өз поэзиясында терең философиялық ойды бейнелеу үшін өлеңдерінің ұйқас, ырғақтарын сол мақсатқа орай алған. Оған бірнеше мысал келтірейік:
Жабағылы жас тайлақ,
Жардай атан болған жер.
Жатып қалған бір тоқты,
Жайылып мың қой болған жер.
(Қазтуған)
Жырау «ж» дыбысын тамаша сөйлете білген. Дауысты дыбыстарды да шебер қолдана отырып, жыраулар өлеңнің музыкалық сазын күшейткен. Шын көркемдік тәсіл арқылы олар оқушысын шығарманың ішкі иірімдеріне ендірумен қатар, эмоциялық әсерін үстей түскен. Мысалы, Жиембет жырау:
Еңсегей бойлы ер Есім,
Есім сені есірткен,
Есіл менің кеңесім,
Ес білгеннен, Есім хан,
Қолыңа болдым сүйесін, –
деп тәж-тағына есірген Есім ханның қылығын ашу үшін «е» дыбысынан өрнек жасап сөйлеткен.
Ақтамберді жырау сұрай арнау сияқты көркемдік тәсілді ұтымды пайдаланған. Оның «Күмбір-күмбір кісінетіп» толғауынан:
Күмбір-күмбір кісінетіп ,
Күреңді мінер ме екембіз…
Күдеріден бау тағып,
Кіреуке тон киер ме екенбіз?!
Төтелеп жүріп жол салып,
Қолды бір бастар ма екенбіз?! –
деген жолдар арқылы өлеңнің әсерлілік қуатын күшейткен, әрі «к» дыбысын қайталай қолдану нәтижесінде өлеңнің саздылығын үдеткен. Жыраулар психологиялық синтаксистік параллелизмді де шеберлікпен қолданған. Мысалы:
Уа, қарт Бөгембай!
Құяр жалын аспаннан
Қара бұлт торласа,
Пәлекет елде көбейер
Жігітті жігіт қорласа.
Ақбөкен келіп жығылар,
Алдын қазып орласа,
Пеңденің бағы ашылмас,
Маңдайы қалың сорласа… – (Ақтамберді) –
деп, табиғат пен адам тағдырын жарыстыра, салыстыра бейнелей отырып, өлеңнің мән-мазмұнын терендеткен, әсерлі еткен. Мұнан жыраулар поэзиясының көркемдік сапасын айқын аңғаруға болады.
Әдебиетімізді жаңа тарихи кезеңде, ел басына қиын қатер төнген шақта, екіталай кезеңде – XVIII ғ. бірінші жартысында жаңа, соны ой-толғанысымен, көркемдік сөз өрнегімен әрі қарай дамытқан Бұқар жырау. Оның жыр-толғаулары – сол тарихи дәуірдің көркемдік көрінісі.
XVIII ғ. әдебиетінен соның ірі өкілі Бұқар жырау поэзиясы монографиялық түрде арнайы өтіледі.
Асан қайғы
(XV ғасыр)
Енді XV-XVIII ғғ. елдің әлеуметтік тіршілігі, халық тағдыры, арман-мұраты жеке жыраулар поэзиясында қалай көркемдік шешімін тапқан екен, соған тоқталып көрелік. Асан – өз заманының асқан ақылгөйі. Жыраудың өзі айтқандай, онан қалған «таза мінсіз асыл сөз» аз болмаса керек, бірақ олардың бәрі біздің заманымызға жетпеген. Оның қазір қолда бар өлеңдерінен ірі сөз зергері, терең ойшыл ақын екенін танимыз. Асан атына «қайғы» деген сөз қосылуы да көп нәрсені аңғартады. Мұнан біз оның желмаяға мініп, еліне шұрайлы, жайлы қоныс, шүйгін жер іздеумен өмір кешкен халық қамқоры екенін танимыз. Асан ел тыныштығын армандаған.
Мал баққан көшпелі елге керегі – бейбіт тіршілік. Бірақ, ол кезде жаугершілік, басқыншылық, соғыс, құнарлы жер үшін ұрыс-қақтығыс жиі болып тұрған.
Олар ел берекесін кетіріп, күйзеліске ұшыратқан. Жырау халық басына төнген осы ауыртпалықты көре білген.
Асан қайғы «Әй, хан, мен айтпасам білмейсің» деген Жәнібек ханға айтқан толғауында «шабылып жатқан халқың бар, аймағын көздеп көрмейсің» – деп күйзелген халқының қамын ойлау орнына «қымыз ішіп қызарып, масаттанып, қызып, өзінен басқа хан жоқтай елеуреп, бақ-дәрежесіне, мансабына масаттанған» ханға батыл үн қатады. Жырау бұл жерде ханның мақтаншақ, парықсыз, ұшқалақ мінезін тамаша бейнелеген. Елінің қамын, ертеңін ойламаған ханға жырау «Ойыл көздің жасы еді… Ойылдан елді көшірдің, Жемде кеңес қылмадың, Жемнен де елді көшірдің… Еділ деген қиянға, еңкейіп келдің тар жерге», – деп нали тіл қатады.
Асан қайғы ел, халық тағдырына, болашағына терең көз жібереді, қабырғасы қайыса жыр төгеді, болжам жасайды. Жырау ханға:
Тіл алсаң, іздеп қоныс көр,
Желмая мініп жер шалсам,
Тапқан жерге ел көшір, –
деп ақыл-кеңес береді. Онан әрі ханға:
Аңдып жүрген көп дұшпан, Өз басына келеді.
Елге жау боп келеді. Құлың кеп сені өлтірер.
Құладан қуды өлтірсе, Осыны Асан біледі, –
деп, жырау халық көтерілсе, хан басына ауыр күн туарын ескертеді.
Ақылгөй жырау «ата жұрты – бұқара» күшін жоғары бағалайды. «Еділ бол да, Жайық бол, ешкімменен ұрыспа» – деп, елді бірлік-ынтымаққа шақырады. Жырда ғибрат, өнеге аларлық парасатты ой түйіндері мол. Ол өз тұсындағыларға да, келешек ұрпаққа да биік адамгершілікті уағыздаған. Жырау:
Ашу – дұшпан, артынан
Түсіп кетсең қайтесің.
Түбі терең қуысқа, –
деп шалдуарлық теріс мінездерден сақтандырады. Сол сияқты «Ердің құны болса да, қол қусырып барған соң, аса кеш те қоя бер, бұрынғыны қуыспа», – деп, қайырымдылық, ерлік істерге жетектейді. Асан қайғының:
Арғымаққа міндім деп, Достарыңмен санаспа!
Артқы топтан адаспа! Ғылымым жұрттан асты деп,
Күніңде өзім болдым деп, Кеңессіз сөз бастама!
Кең пейілге таласпа! Жеңемін деп біреуді
Артық үшін айтысып, Өтірік сөзбен қостама! –
деген жолдарындағы өмір тәжірибесінен түйген парасатты толғам-танымы, философиялық терең ойлары бүгінгілерге де үлгі-өнеге.
«Көлде жүрген қоңыр қаз» толғауындағы ғибратнамалық ойлары да тереңділігімен, парасаттылығымен таңдандырады.
Асан жырлары тек өзінің мазмұнымен ғана емес, көркемдік сапасымен де құнды. Жырау поэзиясы толғау түрінде келеді. Ол өз жырларында синтаксистік параллелизмді шебер қолданған.
Таза, мінсіз, асыл тас,
Су түбінде жатады.
Таза, мінсіз, асыл сөз,
Ой түбінде жатады.
Су түбінде жатқан тас,
Жел толқытса шығады.
Ой түбінде жатқан сөз,
Шер толқытса шығады, –
деген жолдардан мұны айқын аңғаруға болады. Жырау бұл тәсілді тек көркемдік үшін ғана қолданбаған, сол арқылы терең ой түйіндеген, сөз өнерінің қадірін білдірген, сөз жалаң дүние емес, адам жанының ішкі толғанысының, жан сырының көрінісі екенін тамаша өрнектеген. Ақын поэзиясы дыбыс үндестігіне құрылған.
Ойыл деген ойынды,
Отын тапсаң тойыңды…
Елбең-елбең жүгірген
Ебелек отқа семірген
Екі семіз қолға алып,
Ерлер жортып күн көрген… –
деген жолдарда жырау өз ойын айтып беру үшін көркемдік тәсілді ұтымды қолданған. Мұндай өрнекті «Қырында киік жайлаған» өлеңінен де кездестіреміз.