Корея Республикасы


Скачать/Жүктеу

КОРЕЯ, Корея Республикасы (кәрісше Хангук— таң самалының елі) — Шығыс Азиядағы Корей түбегінде орналасқан мемлекет. Жер көлемі — 98,5 мың км2. Халқы — 46,1 млн. адам (1999). Ресми тілі — корей тілі. Тұрғындары, негізінен, кәрістер, 30 мыңға жуық қытайлар, т.б. ұлт өкілдері тұрады. Олардың көпшілігі будда дінін, кейбір бөліктері конфуцийшілдік пен христиан дінін ұстанады. Астанасы — Сеул қаласы (11 млн.). Әкімшілік бөлінісі 9 провинциядан және тікелей орталыққа бағынатын 6 қаладан тұрады. Конституциясы бойынша, елді президент басқарады (1997 жылдан Ким Дэ Чжун). Заң шығарушы органы — Ұлттық жиналыс (299 депутаттан тұрады). Ұлттық мерекелері: 15 тамыз — Республика жарияланған күн (1948), 3 қазан — мемлекеттің құрылған күні (Ежелгі Чосон, б.з.б. 108 ж.). Ұлттық ақшасы — уон.

Мазмұны

  • 1 Табиғаты
  • 2 Тарихы
  • 3 Экономикасы
  • 4 Жұрты
  • 5 Қазақстан мен Оңтүстік Корея қарымқатынасы
  • 6 Түсініктемелер
  • 7 Сыртқы сілтемелер

Табиғаты

Корея — таулы ел. Солтүстік жағында Корей таулары (Кымгансан, Хамчен, Пуджоллен, Кяма, т.б. таулары мен үстірттер) жатыр. Тек батыс жағалаулары ойпатты, жазық келеді. Кен байлықтары — темір, қорғасын, мырыш, мыс, хром, тас көмір, қоңыр көмір, т.б. Климаты жағынан солт. — континенттік муссондық, оңт. — субтропиктік. Қаңтардағы орташа температура солтүстікінде –2С (тауларда –30 — 40С-қа дейін), оңтүстікінде 4С, тамыз — шілде айларындағы темп-ра 22 — 26С. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлш. 700 — 1500 мм. Солтүстігінде қыста қар жауады. Өзендері жиі орналасқан, бірақ шағын келеді. Территориясының 3/4 бөлігі орманды (емен, шаған, шырша, қарағай, самырсын, оңтүстікінде мәңгі жасыл ормандар) және бұталы. Жолбарыс, қабылан, қара және қоңыр аю, сілеусін, ала бұғы, т.б. аңдар, құстардың көптеген түрлері мекен етеді. Жағалауындағы теңіздерде балықтың 35 түрі кездеседі.

Buryeongsa.jpg

Тарихы

Археологиялық зерттеулерге қарағанда Корея жерін полеолит заманынан бастап адамдар қоныстана бастаған. Б.з.б. 1-мыңжылдықта алғашқы мемлекеттер құрыла бастады. Олардың ішінде Чосон мемлекеті б.з.б. 2 — 1 ғ-ларда аса күшті мемлекетке айналды. Б.з. басында Кочуре (солт-те), Пэкче (оңт.-батыста), Силла (оңт.-шығыста) атты мемлекеттер құрылды. 4 — 6 ғ-ларда елге будда діні тарай бастады. Силла, Пэкче, Кочуре мемлекеттері өзара соғысып отырды. Осыны пайдаланған Қытайдағы Таң әулеті мемлекеті Кочуре мен Пэкчені басып алды. Бірақ Силла мемлекеті 676 ж. қытайларға тойтарыс беріп, 8 ғ-да Кореяның көпшілік жерлерін біріктірген біртұтас мемлекет құрды. 9 ғ-да Силла ыдырап, 935 ж. Коре мемлекетінің (елдің қазіргі еуропаша атауы осы Коре атауынан шыққан) негізін қалаушы Ван Гон елді қайта біріктірді. Жаңа мемлекет қидандардың шабуылына (993, 1010 — 11, 1018 — 19) төтеп беріп, елдің тұтастығын сақтап қалды. Шаруашылық өркендеп, сауда мен қолөнер дамыды, металл ақша пайда болды. 1231 — 59 ж. Коре мемлекеті Шыңғыс хан империясының қол астына өтіп, 14 ғ-дың орта тұсында ғана тәуелділіктен құтылды. 1352 — 62 ж. Қытай әскерлерінің шабуылын тойтарып, Чосон атауын (ежелгі Чосон мемлекеті құрметіне) қайтып алды. Астана Кэчен қ-нан Хансонға (Сеул) көшірілді. 16 ғ-дың аяғында елге жапондар, 17 ғ-да маньчжурлар басып кірді. Корей халқы 1592 — 98 ж. жапон басқыншыларынан елді қорғап қалғанымен, маньчжур шапқыншылығына төтеп бере алмады. 1637 ж. К. билеушісі маньчжур әулетіне бағынды. Дегенмен 17 — 18 ғ-ларда ел әлеум.-экон. жағынан біршама ілгері басты. Ірі қалалар көбейіп, сауда орталықтары құрылды. 18 ғ-дың аяқ кезінен бері экономикада нарықтық қатынастар пайда болды. 19 ғ-дың 2-жартысынан бастап дамыған елдер Кореяға күш көрсете бастады. 1876 ж. Жапония Кореяны тиімсіз Канхва шартына қол қоюға мәжбүр етті. Осындай шарттар 1882 ж. АҚШ, 1893 ж. Ұлыбритания, Германия, 1894 ж. Ресей, Франция мемлекеттерімен де жасалды. 1893 — 94 ж. елде болған халық толқуларын басуды сылтауратып, Кореяда Қытай мен Жапония әскерлері өздері таласқа түсті де, соның салдарынан жапон-қытай соғысы (1894 — 95) болып өтті. Қытай Кореядан кетуге мәжбүр болды. 1904 — 05 жылдардағы болған орыс-жапон соғысынан кейін Жапония елге біржолата орнықты, 1910 жылдан бастап Корея отарға айналды. Чосон мемлекеті жойылды. 1919 — 45 ж. елде жұмысшы-шаруа және оқушы жастардың отаршыларға қарсы ұйымдары құрылды. 2-дүниежүз. соғыста Жапония жеңілгеннен кейін, 1945 жылғы Ялта (Қырым) конференциясы шешімдеріне сәйкес, Корея 38 ендікте екі бөлініп, солтүстік КСРО-ның, оңтүстік — АҚШ-тың бақылауына өтті. Соғыстан кейінгі жылдары КСРО мен АҚШ арасындағы “қырғи-қабақ соғысқа” байланысты ел жасанды түрде екіге бөлінді. 15 тамызда (1948 ж.) Сеулде ресми түрде Корея Республикасы, ал 9 қыркүйекте Пхеньянда Корей Халық Демократиялық Республикасы құрылды (қ. Корей Халық Демократиялық Республикасы). Екі ел арасында 1949 ж. қарулы қақтығыстар, 1950 — 53 ж. корей соғысы болып өтті. 1953 ж. 27 шілдеде соғыс еш нәтижесіз аяқталып, шекарада ені 4 км созылатын демилитаризацияланған аймақ пайда болды. 1987 жылға дейін К-да әскери төңкерістер (1961, 1979) болып, билік басында әскерилер отырды. Дегенмен 20 ғ-дың 60 — 80-жылдары елде экономика қарқынды дамып, Корея кеме жасау мен электронды бұйымдар жасаудан жетекші орынға шықты. 1987 ж. демокр. қозғалыстардың қысымымен елде либералдық реформалар жасалды, президент сайлауы өткізілді. 1988 ж. Сеулде 24-інші Олимпиада ойындары өтті. 1998 ж. тұңғыш рет оппозиция үкімет басына келді.

HMS Belfast in Korea.jpg

Экономикасы

20 ғ-дың 60-жылдарынан бастап Корея экономикасы жағынан жедел дамыды, 1996 ж. дамыған елдер деңгейіне жетті. Бұған үкіметтің өндірісті қолдауы, экспортты дамытуға бағытталған стратегия, ең соңғы технологияны қолдану, жоғары білімді мамандар мен сауатты жұмысшылар даярлау ықпал етті. “Азия жолбарысына” айналған осы ел 1997 ж. қаржы дағдарысына ұшырап, ол 1999 — 2000 жылға дейін созылды. Экономика құлдырап, жұмыссыздық көбейді. Үкімет Халықаралық валюта қорынан көмек ала отырып, ел экономикасын қайта көтере бастады. Кореяның жылдық ұлттық табысы көл. — 485,2 млрд. АҚШ доллары, жеке адамға шаққанда — 13500 долл. шамасында. Сыртқы қарызы — 95,5 млрд. долл. Экспортқа электр тауарлары, киім-кешек, аяқ киім, кеме, химия өнімдерін шығарса, импортқа мұнай мен мұнай өнімдерін, астық және тамақ өнімдерін, химия өнімдеріне қажетті шикізаттар әкелінеді. Негізгі сауда серіктестері: АҚШ, Жапония, Сауд Арабиясы, Австралия, Сингапур, Қытай, т.б. Қазақстанмен Корея арасында дипломатиялық байланыстар 1991 ж. 30 желтоқсанда орнады. 1993 ж. 30 шілдеде Алматыда Корей елшілігі, 1995 ж. мамырда Сеулде Қазақстан елшілігі ашылды. Екі ел арасындағы сауда-экон., мәдени байланыстар біршама жоғары деңгейде. Елдегі қаржы дағдарысына қарамастан Корея Қазақстанға инвестиция салушылардың көш бастаушыларының бірі.

Per capita GDP of South Asian economies & SKorea (1950-1995).png

Жұрты

Корейлер елдегі негізгі ұлт, аздаған (100 мыңнан аспайтын) қытайларды есептемегенде (олардың көпшілігі Гонкоңнан, Макао, Жапония, Малайзия, Үндістаннан, Филиппиннен келгендер). Iрі қалаларында, әсіресе Сеулде, бизнес пен білім саласында көптеген шетелдіктер жұмыс істейді. АҚШ-тың 28000 адамнан тұратын әскери контингенті де бар.

Қазақстан мен Оңтүстік Корея қарымқатынасы

Қазақстан мен Корея арасын­дағы дипломатиялық байланыс 1992 жылдың қаңтарында орнаған. Содан бері екі елдің арасындағы қарым-қатынас барлық салаларда қарқынды дамып келеді. 2008 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Корея арасындағы екіжақты сауда айналымы 750 млн АҚШ долларынан асады. 1993 және 2008 жылдар аралы­ғын­да, яғни 15 жылдың ішінде Ко­рея­дан Қазақстанға салынған тікелей инвестициялардың жиынтығы 3 млрд. долларды құрады. Қазақстанда 300-ге тарта бірлескен қазақ-корей кәсіпорындары жұмыс істейді. Қазақстанда 2011 жыл — Оңтүстік Корея жылы болып жарияланған.

Түсініктемелер

  1. ↑ http://www.theturtlelodge.com/kjseo/kjseo_seminar_all_english.htm
  2. ↑ https://www.cia.gov/cia/publications/factbook/geos/ks.html#Econ

Сыртқы сілтемелер

  • «Корея» (қазақша)
  • Ресми сайт — www.korea.net (ағылшынша)
  • Президент әкімшілігі — www.cwd.go.kr (корейше, ағылшынша)
  • Ұлттық жиналыс (парламент) — www.assembly.go.kr (корейше, ағылшынша)

Скачать/Жүктеу

Комментировать

Вам необходимо войти, чтобы оставлять комментарии.




1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Сайт картасы