Скачать/Жүктеу
Мазмұны
|
Йемен
Йемен, Йемен Республикасы (өзд. аталуы әл-Жумхурия әл-Йамания) – Арабия түбегінің Оңтүстік және Оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан мемлекет. 1990 жылы 22 мамырда Йемен Араб Республикасы мен Йемен Халық Демократиялық Республикасының ерікті түрде бірігуі нәтижесінде құрылды. Жер аумағы 532 мың км2 шамасында. Халқы – 17 млн. (1999). Тұрғындары, негізінен, арабтар, одан басқа үнділер, пәкстандықтар, эфиоптар, сомалиліктер, еврейлер тұрады. Елдің шығысы мен Солтүстік-шығысында 100 мыңнан аса көшпелі тайпалар өмір сүреді. Ресми тілі – араб тілі. Мемлекеттік дін – ислам (шиит, суннит, исмаилит ағымдары қатар дамыған). Астанасы – Сана (1 млн.), Аден экономикалық астана болып есептеледі. 1991 жылы қабылданған конституциясы бойынша, мемлекет басшысы президент пен вице-президент 5 жыл сайын жалпыхалықтық сайлауда сайланады (1994 жылдан – А.А. Салех). Осы екі лауазымды басшы Президенттік кеңес құрады. Жоғары заң шығарушы органы – бір палаталы парламент (801 депутаты бар). Ел әкімшілік жағынан 16 провинцияға бөлінеді. Ұлттық мерекесі 22 мамыр – Ұлт күні, яғни Йемен халқының бірлігі күні. Ақша бірлігі – йемендік риал. ==Табиғаты.== Жерінің 2/3-сі таулы үстірт. Ең биік жері – Эн-Наби-Шаиб тауы (3600 м). Шығыс бөлігін Руб әл-Хали шөлі, батысын Тихама ойпаты алып жатыр. Сөнген жанартаулар көп. Климаты тропиктік, көп жері қуаң. Қаңтардағы орташа темп-ра 23,1С, маусымда 31С. Жауын-шашынның жылдық мөлш. 100 мм-ден (батысында) 500 мм-ге (Сана маңы) дейін. Өзендері аз. Ішіндегі ірілері – Мур, Сихам, Рема, Забид, т.б. Жері қызыл қоңыр, сортаң топырақты; үстірт жағы – қуаң дала, тау аңғарлары бұталы, сирек орманды келеді. Шұрайлы жерлерінде пальма өседі. Жан-жануарлардан: бөкен, жабайы есек – онагр, қасқыр, түлкі, қабылан, маймыл, т.б. кездеседі.
Тарихы.
Йемен ежелгі өркениет ошақтарының бірі, дегенмен тарихы аз зерттелген. Ел территориясында ежелгі заманда Саба (Сабай хандығы) және Маин мемлекеті болған. 4 ғасырда осы 2 мемлекетті және басқа да ұсақ мемлекеттерді біріктірген Химьярит патшалығы құрылды. 6 ғасырда Химьярит мемлекетін эфиоптар, 570 жылы Сасани әулеті жаулап алды, 629 – 630 жылы Араб халифатының құрамына қосылды. Осы кезде араб-мұсылман мәдениеті гүлденді. 16 ғасырда Йемен ді Осман сұлтандығы жаулап алды, бірақ олардың билігі ұзаққа созылмады. Халық көтерілістері нәтижесінде 1633 жылы түрік әскерлері елден кетуге мәжбүр болып, елде Зейд әулеті имамдарының билігі орнады. Имамдар бір орталыққа бағынған мемлекет құруға тырысты, бірақ ірі тайпалар көсемдері жеке билікке ұмтылды. Осы тартысты пайдаланған еуропалықтар (ppголландтар]], ағылшындар, француздар, португалдар) 17 ғасырдан бастап елде орнығып қалуға тырысып, әр түрлі қысым жасады. Нәтижесінде, 1872 жылы имамат құлап, ел қайтадан Осман сұлтандығының қарауына көшті. Имамдар Осман сұлтандығына қарсы қарулы күресті күшейтіп, 1911 жылы түрік үкіметі Солтүстік Йемен автономиясын мойындады. 1918 жылы ел өзінің тәуелсіздігін жариялады. Имамдардың басшылығымен көтерілген халық 1926 жылы Ходейда, Тихама, т.б. жерлерді ағылшындардан азат етті. 1947 жылы Йемен БҰҰ-на мүше болды. 1962 жылы елдің солт-нде халық көтерілісінен кейін имам үкіметі құлатылып, Йемен Араб Республикасы жарияланды. Елде азамат соғысы басталды. 1967 жылы Оңтүстік Йемен жеке мемлекет болып құрылып, 1970 жылдан бастап Йемен Халық Демократиялық Республикасы атанды. ЙАР – нарықтық қатынастармен дамыса, ЙНДР соц. даму жолына түсті. Ел ішіндегі ішкі саяси тартыстардың күшеюі, көрші мемлекеттермен қарулы қақтығыстар (1972, 1979, 1986 – 87, 1994) екі елді бірігуге мәжбүр етті де, 1990 жылы йемен халқы қайта бірікті. 1994 жылы Солтүстік және Оңтүстік Йемен әскери күштері арасында қарулы қақтығыстар орын алып, солтүстіктегілердің жеңісімен аяқталды. Қазіргі кезде Йемен үкіметі елді орталықтандыру, тұтастықты сақтап қалу жолында жұмыстар жүргізуде.
Экономикасы.
Йемен – дамушы ел. Ұлттық табыс – 12 млрд. АҚШ долл-ы шамасында, жан басына шаққанда – 340 долл. Халықтың 70%-ы ауыл шаруашылығымен айналысады және ұлттық табыстың 20%-ын береді. Өнеркәсіпте 7% халық жұмыс істеп, 12% өнім береді. Елге шет ел капиталы көп тартылған. Негізгі инвесторлар – Парсы жағалауы елдерінде тұратын Йемен эмигранттары. Өнеркәсіпте мұнай өнімдері, цемент, тұз, тамақ өнімдері, құрылыс материалдары, аяқ киім, дәрі-дәрмек, темекі өндіріледі. Ауыл шаруашылығында астық өнімдері, жеміс-жидек, көкөніс өсіріледі. Балық аулау мен теңіз өнімдерін пайдалану жақсы жолға қойылған. Дегенмен азық-түлік өнімдерінің 70%-ы шеттен әкелінеді. Парсы шығанағы жанжалдары кезінде Иракты қолдағаны үшін Батыс елдері мен Сауд Арабиясы Йеменге қаржылық көмегін күрт қысқартты.
Сілтемелер
“Қазақ Ұлттық Энциклопедиясы”, 4– том