Скачать/Жүктеу
Қоңыр Қонжық — енесінің еркесі. Бал жегісі келсе бақырып жылайды. Енесі жүгіріп барып бал құйып береді. Ол үнемі бақырып жылап достарына да айтқанын істетеді. Бір күні Қонжықтар Куаалалармен футбол ойнады. Ерке Қонжық қанша тырысса да допты бір рет те тебе алмады. Ол еркелеп, жылап жүріп футбол ойнауға еш машықтанбаған еді. Қатты ызаланған Қонжық отыра қап тағы да бақырып жылады. Бірақ достарының Қонжықты жұбатуға мұршалары болмады. Өйткені олар ерке Қонжыққа алаңдаса Куаалалардан жеңіліп қалулары мүмкін еді. Жылай-жылай тамағы қарлыққа ерке Қонжық бір кезде орнынан атып тұрып:
— Мен футбол ойнайтын басқа достар іздеймін! – деп жүгіре жөнелді.
Ол үңгіріне кеп ағаш бұтағынан екі қолына екі қанат пен добын салып алатын сөмке дайындады. Сөйтіп ол өзімен футбол ойнайтын жақсы достар іздеп сапарға аттанды.
Ұша-ұша Қонжық көзге қарауытқан нәрсе шалынбайтын аппақ әлемге тап болды. Ол аузын ашып, таң қалды. Жер жүзін аппақ қар тұмшалап, тұншықтырып жатқандай. Бір кезде аппақ қардан бөлініп шықандай қардай аппақ Қонжық кездесті. Тек екі көзі мен мұрны ғана қап-қара. Таңданысын жасыра алмаған ерке Қонжық:
— Сен қалай аппақ болып кеткенсің? – деп сұрады.
— Мен ақ Аюдың Қонжығымын. Біздер Арктикада ғана өмір сүреміз. Сондықтан түсіміз ақ, – деп жауап берді.
— Мен футбол ойнайтын дос іздеп жүрмін, – деді ерке Қонжық.
— О, онда екеуміз дос болайық. Мен саған футболдан да қызық ойын көрсетейін, – деп ақ Қонжық досының қолынан шап беріп ұстап алып асығыс суға қарай дедектетіп жүгіре жөнелді.
Сол екпінмін екі Қонжық суға күмп етіп түсіп кетті. Су өте салқын еді. Ақ Қонжық суға Итбалықтан кем сүңгімейді екен. Суға бір батып, бір шығып, қоңыр Қонжықты да суға батырып ойнақтай бастады. Суға тұншығып, әрі тісі-тісіне тимей сақылдап тоңған Қонжық судан әрең дегенде шығып:
— Досым, мені суға батырма. Мен жүзе алмаймын, әрі бұл жер өте салқын екен, – деді жыламсырап.
Ішек-сілесі қата күлген ақ Қонжық ерке Қонжықты тағы да суға сүңгітіп жіберді. Сол сәт су беті тынышталып, қоңыр Қонжықтан белгі болмай қалды. Қорқып кеткен ақ Қонжық суға қойып кетіп алаңсыз батып бара жатқан досын жағаға алып шықты. Қоңыр Қонжықтың Арктика секілді суық жерде өмір сүре алмайтынын түсінген ақ Қонжық оған қанатын кигізіп, беліне добын байлап шығарып салды.
Бірте-бірте аппақ әлемнің де шеті көрінді. Жер көгеріп, бойы жылыған Қонжық дем алу үшін көл жағасына қонды. Кенет ол көл бетінен бір қайықты көрді. Үстінде капитан секілді біреу қасқайып қарап келе жатыр екен. Жақындай келе Қонжық өз көзіне өзі сенбеді. Қайық дегені – Бегемот, капитан дегені – Бегемоттың бұзауы екен.
Жағалаудан Қонжықты кездестірген Бегемот таңданысын жасыра алмай:
— Қоңыр Қонжық, бұл жерге қайдан тап болдың? – деп сұрады.
— Мен футбол ойнайтын дос іздеп келем, – деді Қонжық.
— Мен де футбол ойынын үйренсем деп жүргенмін. Кел екеуміз ойнайық, – деді Бегемот қуанып.
Бірақ Бегемет футбол ойнауға ерке Қонжықтан да икемсіз боп шықты. Тіпті дәл алдында тұрған допты тебуге қысқа аяқтары жетпеді. Бегемотқа футбол ойынын үйретем деп әбден күйіп-піскен Қонжық:
— Ештеңеге икемі жоқ қолапайсыз, жексұрын екенсің өзің, – деді ашудан дір-дір етіп.
— Футбол ойнауға икемім болмаса да, сенен жаман сөз естіп тұра алмаймын! – деп айқайлаған Бегемот оны дәу тұмсығымен бір соқты. Қонжық есінен танып қалды. Сәлден соң есін жиған Қонжық Бегемотты көріп алды-артына қарамай қаша жөнелді.
Ол тағы ұшып келеді. Алдынан тал-терегі жайқалған әдемі жер көрінді. Қонжық еш ойланбастан сол жерге кеп қонды. Ол бұл алқаптың табиғатының кереметтігіне қуанғаннан қанатын лақтырып жіберіп еді, қос қанат сол маңда қалың ішіне кіріп алып жусап жатқан Мүйізтұмсықтың басына түсті. Ашуланған ол қарқыраған ащы дауыс шығарып Қонжыққа қарай тұра шапты. Аса зор мүйізін кезеніп, жер жаһанды дүрсілдетіп келе жатқан Мүйізтұмсықтан қашам деп шегіне берген Қонжық ірі бір талдың сояудай тамырына соқтығып шалқасынан түсті. Сол сәт дәу хайуан тура жанынан заулап өте шықты.
— Уф! – деп Қонжық бір демін алды.
Енді оның дос іздеуге мүлдем көңіл-күйі соқпады. Ескі достарын қатты сағынып кетті. Еркелікті қойып, үнемі солармен бірге болуды ойлады. Кенет. Кенет құлағына сондай бір нәзік, үзіліп тұрған әдемі әуен естілді. Ескі достырына деген сағынышы лезде басылып әдемі дауысқа елтіп, солай қарай жүре берді. Бірте-бірте дауыс өте жақын жерден естілді. Дауыс ағаш басынан шығып тұр. Ол өрмелеп ағашқа шықты. Қол созым жерде бұл іздеген досы әдейі дауыстап шақырып тұрғандай боп кетті. Бір ғана жапырақ оның сұлу түрін жасырып тұрғандай қол соза беріп еді, тағы да аяқ астынан күтпеген жағдай болды. Әлгі дауыс біреу құйрығын байқаусызда басып кеткен мысықша баж ете түсті. Шошып кеткен Қонжық талдан домалай құлап түсті. Ол жерде тұрып:
— Сен кімсің? – деп сыбырлады.
Жапырақ арасынан біреу:
— Мен Мысықторғаймын, – деп жауап берді.
— Әлгі әдемі дауыс сенікі ме? – деді Қонжық.
— Иә, менікі, – деді дауыс.
— Ал, соңғы ащы дауыс ше? – деді Қонжық дауысы жәй шығып.
— Ол да менің дауысым, – деп жауап беріп еді, Қонжықтың көңіл-күйі түсіп кетті. Қатты қапаланды. Қиналды. Тұрып-тұрып қанатына қарай жүгіре жөнелді. Ол ұшып бара жатып, бар әлемге естірте:
— Өзімнің ескі достарыма барам! Олардан артық дос жер бетінде жоқ екен! – деп айқай салды.