Скачать/Жүктеу
Өткен жылы тізгінін облыстық мәслихаттың депутаты Ғаббас Ибраев ұстап отырған «Ибраев+К» өндірістік кооперативінің жанынан «Игеру» деп аталатын жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылған еді. Оның қымыз ұнтағын шығарып алыс шетелдерге жөнелтумен айналыса бастағаны туралы оқырмандарымызды бұған дейін хабардар еткен болатынбыз. Енді, міне, сол «Игеру» тағы бір игілікті істі игеріп тастады. Яғни, аталған серіктестікке қарасты жаңа бір кәсіпорын салтанатты жағдайда ашылып отыр.
Пойыздар мен автомобильдер үшін таптырмайтын қосалқы бөлшек, нақтылап айтсақ, тежеуіш қалыбын шығарумен айналысатын кәсіпорын құрылысы айналасы бір жыл ішінде қатарға қосылды. Оның құрылысына бір миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалыпты. Ал бұл қаржы тез арада ақталатындығына мұндағылардың еш күмәні жоқ. Өйткені, бұған дейін әлгіндей қажетті қосалқы бөлшек сонау Украинадан тасымалданып келіпті.
Жаңа кәсіпорынға француз құрал-жабдығы орнатылған. Мұның өзі бағасы арзан, оның есесіне сапалы өнім шығаруға жол ашып отырған көрінеді. Соның айғағындай, біздің өнім Ресей мен Еуропа темір жолында да пайдалануға әбден жарамды дейді жаңа кәсіпорын директоры Ермек Әбдиев. Оның айтуынша, әзірге кәсіпорында жылына мұндай өнімнің 500 данасын шығаруға мүмкіндік бар.
Бүгінгі күні мұнда 40 адам еңбек етуде. Кәсіпорын өз қарқынына енген соң онда еңбек ететіндер саны арта түспек. Бұл жаңа жұмыс орны деген сөз. Жұмыс демекші, мұндағы қызмет түрлерінің бәрі автоматтандырылған. Яғни, жаңа кәсіпорын Мемлекет басшысының индустриялық-инновациялық бағдарламасы аясында іске қосылып отыр. Сондықтан мұндай игі бастаманың болашағы зор деп білеміз. «Игеру» алдағы уақытта алыс-жақын шетелдерге қымыз ұнтағымен бірге, өз сұранысымызды игеріп болған соң пойыздар мен автомобильдерге арналған тежеуіш қалыптарын жөнелтіп жатса, қанеки!
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
СЕМЕЙ.