Қосжарнақтылар класы


Скачать/Жүктеу

ҚОС ЖАРНАҚТЫЛАР КЛАСЫ

Көкнәрлер (маковые — Papaveraceae) тұқымдасы

Көкнәрлер тұқымдасына 24 туыс, 250 түр жатады. Басым көпшiлiгi шөптесiн өсiмдiктер, кiшiгiрiм ағаштары мен бұталарыда бар. Олар жершарының солтүстiк бөлiгiнде, әсiресе субтропикалық және қоңыржай климатты аймақтарында көптен кездеседi. Жапырақтары кезектесiп орналасады, шеттерi тiлiмделген болып келедi. Сабағында қауашағында морфин, кодеин тағы басқа, апиыны бар сүттi шырындар жиналады. Гүлдерi үлкен, қос жынысты, дұрыс гүл. Тостағанша жапырақшаларының саны 2, олар гүл ашылысымен түсiп қалады. Күлте жапырақшасының да саны 4, олар екi қатар шеңбер түзiп орналасады. Күлте жапырақшаларының түсi қызыл, сары, ақшыл болып келедi. Аталығы көп, аналығы да көп. Аналығы көптеген жемiс жапырақшаларынан тұрады. Жатыны екi немесе көп ұялы және жоғарғы болып келедi. Аналығының мойны жоқ, отырмалы болып келедi. Жемiсi қауашақ. Тұқымдары ұсақ, түсi қара, эндоспермi майлы болып келедi. Тұқымдастың өкiлдерi насекомдармен, жел арқылы да тозаңданады.

Көкнәрлер тұқымдасының формуласын былай жазуға болады: * ♀♂ Т2 К2+2 А∞ Ж∞

Көкнәр туысы (мак — Papaver). Тұқымдастың ең үлкен туысы, оған 120-дай түр жатады. Қазақстанда 11 түрi кезедеседi. Көпжылдық және бiржылдық шөптесiн өсiмдiктер. Олардың аса кең тарағаны апиын көкнәрi (мак снатворный – Papaver comniferum). Бұл түрдiң дәнiнде 45-50% дейiн май болады. Соған байланысты оны май алынатын дақыл ретiнде себедi. Көкнәрдiң майын тамаққа және бояу алуға пайдаланады. Сонымен бiрге одан медицинада кеңiнен қолданылатын апиын алынады. Апиыннан «пантонан» алынады, оның құрамында морфин, наркотин, паповерин, кодеин секiлдi алкалоидтат бар. Көкнәрдiң апиын алынатын сорттарын азияның көптеген елдерiнде (Иранда, Авганистанда, Жапонияда, Қытайда және Индонезияда) арнайы себедi. ТМД-елдерiнде көкнәрдiң мұндай сорттарын Қырғызстанда, Өзбекстанда, Тәжiкстанда, аздап Қазақстанда да себедi. Шығыс көкнәрi (мак восточный – Papaver orientalis) деген түрiн үлкен ашық – қызыл түстi гүлдерi үшiн бақтарда отырғызады. Көкнәрдiң жабайы түрлерi де аса сәндiк өсiмдiктер. Әсiресе, сеппе көкнәр (мак самосейка – Papaver rhoeas)

көктемде шөлдi аймақтарда, тау етектерiнде қалың болып жайқалып өседi. Гүлдеген кездерiнде далаға ерекше көрiк беретiн, егiстiктiң бiржылдық арамшөбi. Жiңiшке көкнәр (мак тоненький – Papaver lenellum) деген түрi сирек кездесетiн өсiмдiк ретiнде қазақстан қызыл кiтабына тiркелген. Бұл тұқымдасқа жататын басқа да туыстар бар. Солардың бiрi қызылтаңдай (роемерия – Roemeria) туысы. Оған 2 түр жатады. Бұлардың да гүлдерi қанық боялған, сәндiк өсiмдiктер. Дәрiлiк қасиеттерi де бар. Тағы бiр туысы мүйiзкөкнәр (глауциум — Glaucium). Оның 4 түрi бар. Ал үлкен сүйелшөп (гистотель большой – Chelidonium majus) деген түрi аса улы өсiмдiк. Оны халық медицинасында әр түрлi терi ауруларын емдеуге, сүйелдi кетiруге пайдаланып келген. Бұл өсiмдiктiң «сүйелшөп» аталуы да соған байланысты болса керек.

Жалпы көкнәрлер тұқымдасының барлығы сәндiк өсiмдiктер. Оларды мал жемейдi, егiстiктiң арамшөптерi, бiрақ дәрiлi қасиеттерi бар. Кейбiр түрлерiнен тамаққа және техникалық мақсатта пайдалынатын май алынады.

Алаботалар тұқымдасы (семейство Маревые — Сhenopodiacede).

Дүние жүзi бойынша алаботалар тұкымдасына 1600түр, 105- туыс жатады.  Қазақстанда алаботалар тұқымдасының 225 түрi кездеседi. Олар негiзiнен субтропикалық, климаты құрғақ және топырағы тұзды келетiн шөлдi аймақтарда кең таралған. Алаботалар тұқымдасының өкiлдерi Орта Азияда, Солтүстiк және Оңтүстiк Америкада, Австралияның орталық аудандарында көптеп кездеседi. Алаботалар тұқымдасына жататын өсiмдiктердiң iшiнде қос жынысты және дара жынысты өкiлдерi бар. Олардың барлығының гүлдерi ұсақ, көрiксiз, дұрыс гүлдер. Мұндай гүлдердiң гүл серiгi қарапайым, тек 5 тостағанша жапырақшадан тұрады. Қос   жынысты   гүлдердiң   5   аталығы   тостағанша жапырақшаларына қарама- қарсы орналасады. Аналықтары өзара бiрiккен 2 жемiс жапырақшасынан тұрады. Жоғары жатынды гүл. Алаботалар тұқымдасының өкiлдерiнiң басым көпшiлiгi бiржылдық, екiжылдық, көпжылдық шөптесiн өсiмдiктер. Жартылай бұталары, бұталары, аздап ағаштары да кездеседi.

Алабота туысы (марь — Chenopodium).

Оған бiржылдық, екiжылдық, көпжылдық шөптесiн өсiмдiктер мен бұталар жатады. Жапырақтары сабаққа кезектесiп орналасады. Гүлдерi қосжынысты, топтасып жиналып масақ немесе сыпырғы тәрiздi гүлшоғырын түзедi. Гүл серiгi қарапайым 5 тостағанша жапырақшадан тұрады. Аталығының да саны 5, аналығы 2. Жемiсi тұқымша. Сиректеу шырынды жемiстiлерi де болады. Алабота гүлiнiң формуласын былай жазуға болады:    * ♀ ♂  ГС·5   А5 Ж(2)

Аса кең тараған өкiлiнiң бiрi ақ алабота (марь белая – Chenopodium album). Ол бiржылдық өсiмдiк. Жапырағы сопақтау – ромба тәрiздi, шетiнде ойыстау тiсшелерi болады. Сабағын және жапырақ тақтасының астыңғы бетiн ақ ұнтақ тұтып тұрады. Ақ алабота жаз бойы гүлдейдi және көп мөлшерде дән байлайды. Бiр өсiмдiк жылына шамамен 20 мыңға дейiн тұқым бередi. Олардың бiразы мәдени өсiмдiктерден өнiм жинағанға дейiн жерге шашылып үлгередi. Келесi жылы көктемде, әсiресе айдалған жерлерде ақ алабота қаптап өседi. Осылайша егiстiктi арамшөп басады. Ақ алабота топырақтан тамырлары арқылы азот, калий, фосфор секiлдi заттарды көп мөлшерде сiңiредi. Нәтижесiнде топырақ құнарсызданады. Мұның өзi мәдени өсiмдiктердiң түсiмдiлiгiнiң едәуiр төмендеуiне әкелiп соқтырады. Сонымен бiрге ақ алабота зиянкес насекомдардың мекендейтiн орны болып табылады.

Көкпек туысы (лебеда — Atriplex). Туыстың өкiлдерi алаботаға көп ұқсайды. Олардан гүлдерiнiң дара жынысты болуымен ажыратылады. Көкпектер бiр үйлi, сиректеу екi үйлi өсiмдiктер. Аналық гүлiнiң гүлсерiгi болмайды, оны бiрiккен жабындық жапырақтары алмастырады. Көкпектер өзен жағасында, сүдiгерге жыртылған жерлерде, қара-қоқыстың айналасында қаптап өседi. Сонымен бiрге олар шөлдi және жартылай шөлдi аймақтардың сор және сортаң топырақтарында көптеп кездеседi. Туыстың кең тараған өкiлiнiң бiрi жылтыр көкпек (лебеда лоснящая – Atriplex nitans). Ол егiстiктiң бiржылдық арамшөбi. Үш бұрышты жапырағы сабаққа кезектесiп орналасады. Жапырағының түп жағы сүңгi тәрiздi болып келедi. Жылтыр көкпектiң гүлiнiң формуласын былай жазуға болады: Аналық  гүлiнiң формуласы:   * ♀  Гс· 0 А0 Ж(2);   аталық гүлiнiң формуласы:  * ♂ Гс(5) А5 Ж0

Жемiстерi жаңғақша, кеибiреулерiнде — тұқымша.

Алаботалар тұқымдасына жататын жабайы өсiмдiктердiң маңыздыларының бiрi сексеуiл (саксаул — Haloxylon) оның қазақстанда мынадай 3 түрi кездеседi: ақ сексеуiл (саксаул персидский – Haloxylon persicum), қара сексеуiл (саксаул безлистный – Haloxylon aphyllum) және зайсан сексеуiлi (саксаул зайсанский – Haloxylon ammodendrom). Оның биiктiгi 8 метрге дейiн жететiн ағаш. Бұталары да кездеседi. Тамырлары 10—12 м тереңдiкке дейiн жетедi. Жапырақтары редукияға ұшыраған,  тек қабыршақ түрiнде болады. Соған байланысты сексеуiлде фотосинтез процесiн олардың жасыл өркендерi жүзеге асырады. Сексеуiл Орта Азияның құмды шөлдерiнде, өзен алқабындағы тақырлау сор топырақтарда, тастақты жерлерде кездеседi. Олар құмды шөлдерде сирек орман түзедi. Сексеуiл ағашынан тұратын сирек орманның Қазақстанда жер көлемi 4561,1 мың гектарға тең. Сексеуiлдiң халық шаруашылығында маңызы аса зор. Ол құмды шөлдердi эрозиядан сақтайды. Құнды отын болып табылады. Сонымен бiрге сексеуiлдiң малазықтык мәнi де бар. Алайда соңғы жылдары қазақстанда сексеуiл орманы сиреп кеттi. Оның басты себебi жергiлiктi халық сексеуiлдi отынға дайындағанды техниканы пайдаланатын болды. Тiптен iрi қалаларға сексеуiлдi машинамен тасып сатып, оны табыс көзiне айналдыруда. Сондықтан сексеуiлдi қорғау шараларын республика көлемiнде қолға алу қажет. Сексуiл тұқымынан жақсы өседi, агротехникасы да жолға қойылған. Сондықтан да оны қолдан өсiру шараларын жүзеге асыру кезек күттiрмейтiн мәселе. Егер бұл мәселе шешiмiн таппаса, онда сексеуiлдiң жойылып кету қаупi бар.

Бұл тұқымдасқа Қазақстанда кездесетiн тағыда көптеген жабайы өсiмдiктер жатады. Аса кең тараған туыстарына тас бұйырғын (нанофитон — Nanophyton), бұйырғын (ежовник — Anabasis), сораң (солянка — Salsola), климакоптера (климакоптера — Climacoptera), ақсора (сведа — Suaeda), бұзаубас сораң (солерос — Saliconia), қараматау (камфоросма — Camphorosma), изен (кохия — kochia), терiскен (терескен — Kracheninnikovia), ебелек (рогач — Сeratocarpus), т.б. жатады. Бұлардың басым көпшiлiгi аса құнды малазықтық өсiмдiктер. Олардың iшiнде бұйрығын туысының алатын орны ерекше. Бұйрығының қазақстанда 17 түрi кездеседi. Олар негiзiнен шөлдi және жартылай шөлдi аймақтарда өседi. Маңызды түрiнiң бiрi сортаң бұйрығын (ежовник соланчаковый – Anabasis salsa). Оны түйелер өте жақсы жейдi. Ал итсигек (ежовик безлистый – Anabasis aphylla) деген түрi өте улы, оның жас өркендерiнде құнды аколоид «анабазин» болады. Анабазиннен бiрнеше дәрiлiк және ауылшаруашылығы зиянкестерiне қарсы қолданылатын препараттар алынады. Оңтүстiк қазақстан облысының орталығын Шымкент қаласында итсигектен дәрi-дәрмек жасайтын арнайы зауыт бар. Алабұталар тұқымдасының изен (кохия простертая – kochia prostrata), терiскен (терескен серый – Kracheninnikovia ceratoides), күйреуiк (солянка восточная – Salsola orientalis) секiлдi түрлерi Республикамыздың жем-шөп қорын арттыру мақсатында мәдени жағдайда өсiредi.

Алаботалар тұқымдасына жататын мәдени өсiмдiктер де бар. Олардың аса маңыздысы қант қызылшасы (свекла обыкновенная – Beta vulgaris).

Қызылша — екi жылдық өсiмдiк. Бiрiншi жылы өсiмдiк тамыр мойнынан кететiн жапырақтар бередi және тамыр жемiстер түзедi. Екiншi жылы тамыр жемiстен сабақ кетедi. Оның басында күрделi гүлшоғыры шашақ жетiледi. Қызылшаны өндiрiстiк мақсатта қант өндiру үшiн себедi. Сонымен бiрге қызылшаны көкөнiстiк және малазықтық дақыл ретiнде де көптеп өсiредi. Қант қызылшасының тамыр жемiсiнде 16-22% дейiн, кейде одан да көп сахароза болады. Зауытта өңдеген қант қызылшасынан қантпен қатар , патока және сығынды алынады. Патока — крахмалдың, қантка айналмаған түрi. Патоканың құрғақ салмағының 15% азотсыз экскреторлық заттар, 60% қант, 8—9% күл (зола) құрайды. .Патокадан спирт және глицерин алынады.

Маңызды көкенiстiк өсiмдiктiң бiрi шпинат (шпинат — Spinacia). Оның қазақстанда екi түрi өседi: бақша шпинаты (шпинат огородный – Spinacia oleracca) және түркiстан шпинаты (шпинат туркестанский – Spinacia turkestanica). Бақша шпинатын тамаққа пайдаланады. Құрамындағы белоктың мөлшерi жағынан еттен кейiнгi екiншi орынды алады. Шпинаттың құрамында витаминдер көп болады: А1, В1, В2, С және РР. Сондықтан да оны тамаққа қосу өте пайдалы.

1. Алаботалар тұқымдасына жататын өсiмдiктердiң негiзгi белгiлерi қандай? 2.Алаботалар тұқымдасына қандай тiршiлiк формалары тән? 3.Алабота тұқымдасына жататын өсiмдiктердiң гүлдерi мен гүлшоқтарының құрылысы қандай? 4.Алабота тұқымдасына жататын қандай мәдени өсiмдiктердi бiлесiңдер? 5.Қазақстанда орман түзетiн қандай алаботалар тұқымдасына жататын өсiмдiктi бiлесiңдер? 6.Оның құрылысы қандай және шаруашылықтағы маңызы неде? 7. Алаботалар тұқымдасына жататын қандай  жабайы өсiмдiктердi бiлесiңдер?

Асқабақтар (тыквенные — Cucurbitaceae) тұқымдасы

Асқабақтар тұқымдасының жалпы сипаттамасы. Асқабақтар тұқымдасына 1 мыңдай түр, 120 туыс жатады. Олар тропикалық және субтропикалық аймақтарда кең таралған өсiмдiктер, қоңыржай климатты облыстарда аздап өседi. Түрлерiнiң шыққан жерi Гималайдың шығыс бөлiгi, Азияның Оңтүстiк шығысы және Оңтүстiк Америка. Түрлерiнiң басым көпшiлiгi өрмелеп, сиректеу ұзын өркендерi арқылы жерге төселiп өсетiн бiржылдық өсiмдiктер. Көп жағайда пальмалардың арасында өседi, сабақтарының сыртын қатты, қалың түктер жауып тұады. Жапырақтары үлкен, бөбешiк жапырақтары болмайды. Жапырақ тақталары жүрек тәрiздi, шеттерi саусақ салалы тiлiмделген, сабаққа кезектесiп орналасады. Қарапайым немесе бұтақталған мұртшалары болады.

Дұрыс гүлдi өсiмдiктер. Гүлдерi 5 мүшелi, әдетте дара жынысты болады. Гүлдерi жапырақтың қолтығында бiреуден немесе бiрнешеуден орналасады. Бiр үйлi немесе екi үйлi өсiмдiктер. Гүл серiгi қосарланған, түп жағынан түтiкке қоңырау тәрiздi бiрiккен. Өзара бiрiккен 5 тостағаншасы, 5 күлте жапыракшасы болады, желектерi ашық-сары түстi. Аталық гүлдерiнде 5 аталық болады, олардың төртеуi екеу-екеуден қосарланып бiрiгедi де, бiреуi бос орналасады. Тозаң қабы екi ұялы. Аналық гүлдерiнде гүл серiктерiнен өзара бiрiккен үш аналығы болады. Төменгi жатынды үш ұялы. Жемiсi жидек тәрiздi-аскабақ жемiс. Мұндай жемiстердiң үлкен болатындығы сонша, кейде олардың салмағы 100 кг астам болады.

Сиректеу жемiсi жидек болып келетiн түрлерi де болады (итжүзiм). Тұқымдары көп, эндоспермi жоқ, тұқым жарнағы жалпақ болып келедi. Гүлдерiнiң формуласын былай жазуға болады:

Аталық гүл: *♂Т(5)К(5)А(2)+(2)+1Ж0;   Аналық гүл: :  ♀*Т(5) К(5) А0 Ж(3)

Негiзгi туыстарына қияр (огурец – Cucumis), қауын (дыня — Melo), қарбыз (арбуз — Citullus), асқабақ (тыква — Cucurbita) жатады.

Қияр бұтақталмайтын мұртшалары бар бiржылдық өсiмдiк. Гүл түйiнi цилиндр тәрiздi, тiкенектi түктерi болады. Африка мен Азияда таралған 30-дай түрi бар. Көкөнiстiк өсiмдiк ретiнде екпе қиярды (огурец посевной – Сucumis sativus) өсiредi. Жабайы түрi белгiсiз, қазiргi кезде көптеген аудандастырылған сорттары бар.

Қауын бiржылдық өсiмдiк. Қоңыржай климатты аудандарда кең таралған 10 түрi бар. Өркендерi жерге төселiп өседi. Гүл түйiнi сопақтау немесе шар тәрiздi келедi, сыртын түктер жауып тұрады. Екпе қауынды Орта Азия республикалары мен Казакстанда көптеп өсiредi. Қазақстанда қауынның 22 аудандастырылған сорттары егiледi. Олардың үшеуi: «жергiлiктi әңгелек», «шекер-пәлек»554 және «отызкүндiк» сорттары ерте пiседi. Бұл сорттарда өскiн пайда болған уақыттан алғашқы өнiм жиналғанға дейiн 65-80 күн өтедi (көп жағдайда 70-75 күн). Ерте пiсетiн сорттардың жемiстерi ұзақ сақталмайды және тасмалдауға келмейдi. Сондықтан олардың жемiстерiн пiсiсiмен тағам ретiнде пайдаланып отырған жөн. Пiсу уақыты орташа қауындардың 14 сорты аудандастырылған. Олардан алғашқы өнiм 80-95 күнде жиналады (көп жағдайда 85-90 күнде). Кейде пiсу уақыты орташа сорттардың жемiсiнiң толық жетiлуi 100 күнге дейiн созылады. 6 сорты кеш пiсетiн қауындар. Бұлардың жемiстерi 100-115 күнде, кейде одан да кештеу пiседi. Қауынның Қазақстан селекционерлерi шығарған жергiлiктi сортарына мыналар жатады: «Жергiлiктi әңгелек», «Жергiлiктi қара-Гулябы», «Жергiлiктi Сары-Гулябы», «Жергiлiктi торлама».

Қарбыз туысының 3 түрi бар. Бiржылдық және көпжылдық өсiмдiк. Олар Оңтүстiк Африканың Колахара шөлiнде өседi. Кәдiмгi карбыздың көптеген сорттары себiледi. Қоректiк қарбызды малдарды семiрту мақсатында арнайы өсiредi. Қазақстанда қарбыздың 14 сорты аудандастырылған. Қарбыздың құрамындағы 12% дейiн жеңiл қорытылатын қант бар. Сонымен бiрге қарбызда витамин А, В, С болады. Қарбыздан бал алынады, оның құрамында 65% дейiн қант болады.

Асқабақтар туысының өкiлдерi бiржылдық немесе көпжылдық шөптектi өсiмдiктер. Туыстың табиғи жағдайда 18 түрi кездеседi, 5 түрi мәдени жағдайда өсiрiледi. Табиғи түрлерi Мексикада, Гватемалада, Гондураста кездеседi. Iрi асқабақ деп аталынатын түрiн ТМД елдерiнiң европалық бөлiгiнiң орталық аудандарында (Украина) және Приморский аймағында өсiредi. Мускатты асқабактың жемiсiнде 13% қант, 16% крахмал, 25% ақуыз (белок) болады. Пiсiп жетiлген тұқымында 52% дейiн май болады. Қазақстанда асқабақтар тұқымдасынан итжүзiмнiң (преступень — Bryonia) үш түрiн, aтпа қиярдың (бешенный огурец — Ecbollium) бiр түрiн оңтүстiк аудандардан кездестiруге болады. Өз атына сәкес атпа қиярдың жемiсiнде қысымның жоғары болуына байланысты, тұқымдарын сыртқа шашады. Тұқымдастың тағы бiр маңызды өкiлi ожау қабақ (горлянка обыкновенная – Lagenaria vuegaris). Ол Қазақстанда тек мәдени жағдайда өсiрiледi.

Асқабақтар тұқымдасының халық шруашылығындағы маңызы. Бiрiншiден қауын, қарбыз, қияр, асқабақтар диетикалық тағамдар. Екiншiден олардың төртеуi де дәрiлк өсiмдiктер. Шикiзат ретiнде осы өсiмдiктердiң жемiстерiнiң етжендi жұмсағы, тұқымы, шырындары пайдаланылады. Олар әртүрлi ауыруларға ем. Әсiресе қарбыздың несiп айдайтын, өттi тазартатын, iштi жүргiзетiн қасиеттерi бар. Осы қасиеттер қауын, қияр, асқабақтан да тбылады. Сонымен бiрге асқабақтың тұқымы iшек құрт ауыруына бiрден-бiр ем. Iшек – қарынның жұмысын жақсартады және зат алмасуды реттейдi.

 

Асқабақтар тұқымдасының көпшiлiгiнiң дәнiнде май болады, оны тамаққа да, технекалық мақсаттарда да пайдаланады. Колоцинт және итжүзiм туыстарының түрлерi де дәрiлiк өсiмдiктер болып табылады. Кейбiр түрлерiн сәндiк өсiмдiктер ретiнде өсiредi. Ожау қабақтың жемiсiн ыстық күлге кептiрiп су құятын ыдыс ретiнде пайдаланады.

ОРАМЖАПЫРАҚТАР ТҰҚЫМДАСЫ (семейство капустные — Brassicaceae)

Орамжапырақтар құрлықтардың барлығында, әсiресе қоңыржай және суық климатты аймақтарда кең таралған.  Олар тiптен климаты қатал Арктикада кездеседi.Түрлерiнiң саны 3000 – дай болады. Қазақстанда 79 туысы және 300 – дей  түрi өседi. Негiзiнен бiр жылдық, екi жылдық және көп жылдық  шөптесiн өсiмдiктер. Орамжапырақтар насекомдармен айқас тозаңданады. Көпшiлiгiнiң шiрнелiктерi болады және жағымды иiс шығарады.

Орамжапырақтар тұқымдасына жататын өсiмдiктердiң барлығына тән ортақ белгiлерi бар.

Бұл тұқымдасқа жататын өсiмдiктердiң бәрiнiң гүлдерiнiң құрылысы бiрдей, күлте жапырақшалары крест тәрiздi орналасады. Гүлдерiнiң екi шеңбер түзiп орналасқан, 4 тостағанша жапырақшасы, 4 күлте жапырақшасы болады. Аталығы 6 – ау, оның   2 – уi қысқа және 4 – уi ұзын. Аналығы екi бiрiккен жемiсжапырақшасынан тұрады. Сонымен Орамжапырақтар тұқымдасы гүлiнiң формуласын былай көрсете аламыз:

*♀♂ Т2+2 К4А2+4  Ж(2)

Гүлшоғыры шашақ немесе сыпыртқы тәрiздi. Жемiстерi бұршаққын немесе бұршаққынша, екi жақтауы арқылы қақырап ашылады. Бұршаққыншаларының ұзындығы енiнен 2 – 3 еседен артық болмайды. Орамжапырақтардың жапырақтары сабаққа кезектесiп орналасады немесе тамырдың мойнына жақын жиналып, жертаған түзедi. Тамыр жүйесi кiндiк тамырлы, кейбiр түрлерi тамыр жемiс түзедi.

Орамжапырақтар тұқымдасының күзде гүлдейтiн арамшөп ретiнде кең тараған өкiлiне жабайы шомыр (редькая дикая – Raphanus raphanistrum) жатады.

Бұл өсiмдiктен қос жарнақтылар класына тән белгiлердiң барлығы табылады. Жабайы шомырдың сабағы тiк өсiп, төменгi бөлiгi қалың түктермен қапталады. Жапырағының формасы лира тәрiздi кезектесiп орналасады. Күлте жапырақшаларының түсi сары және құрылысы жағынан капуста гүлдiлер тұқымдасына тән болып келедi. Гүлдерi бiршама үлкен және шашақ гүл шоғырына жиналады. Маусым айында жабайы шомыр егiстiктiң шөп басқан жерлерiнде молынан гүлдейдi. Күзде гүлдеп тұрған өсiмдiктер онша көп болмайды, бiрақ олар алыстан жақсы байқалады.

Жабайы шомырдың жемiсi – бұршаққын, ол көлденең перделерi арқылы, iшiнде бiр – бiрден тұқымдары бар жекелеген бөлiктерге ыдырайды. Жабайы шомырдың өскiндерi келесi жылы көктемде пайда болады.

Жабайы шомырдан басқа тұқымдастың аса кең таралған өкiлдерiне кәдiмгi қышабас (сурепка обыкновенная – Barbarea vulgaris), егiстiк қанатжемiс (ярутка полевая — Thlaspi arvense), кәдiмгi жұмыршақ (пастушья сумка обыкновенная – Capsella bursa — pastoris), шығыс мейiрбикесi (свербига восточная — Bunias orientalis), т.б. жатады.

Кәдiмгi қышабас (сурепка обыкновенная – Barbarea vulgaries) жабайы шомырға ұқсас.

Қышабастың жағымды иiстi, сары түстi гүлдерi жабайы шомырдың гүлдерiне қарағанда ұсақтау. Қышабастың жемiсi бұршаққын, оның екi жақтауының арасын тiкесiнен бөлiп тұратын пердесi болады. Осы пердеде тұқымдары жетiледi.

Қышабас – арамшөп. Көкек айының соңында және мамыр айында шалғындарда, жолдың жағасында және егiстiк жерлерде гүлдейдi. Жерге түскен дәндерi күзде өсiп, қысқа сабақты жертаған түзетiн жапырақтар бередi. Келесi жылы көктемде буынаралықтары, ұзын сабақтары жетiлiп өсiмдiк гүлдейдi.

Кәдiмгi жұмыршақтың (пастушья сумка обыкновенная – Capsella bursa — pastoris) ұсақ ақ гүлдерi болады (24-сурет), жемiстерi қалта тәрiздi үшбұрышты бұршаққыншалар. Жемiсi тез пiсiп жетiледi, әрi жерге түскен дәндерi бiрден өседi. Тұқымынан сол жаздың өзiне тағы да жаңа өсiмдiктер пайда болып жемiс бередi. Бiр жаздың өзiнде кәдiмгi жұмыршақ 3 – 4 ұрпақ бередi. Сондықтан күзде жертаған жапырақтары бар көптеген жас өсiмдiктердi кездестiруге болады.

Кәдiмгi жұмыршақ мал жүрген жерлерде, қора – қоқыстың айналасына, жолдың бойында және егiстiкте өседi. Сондықтан кәдiмгi жұмыршақ бүкiл жер бетiне түгел дерлiк таралған.

Ал кейбiр түрлерi өте көп мөлшерде тұқым байлайды. Мысалы сарбасқурайдың  бiр түбi жылына 6000-нан 110000 дейiн, аса үлкен болып өскендерi тiптен 770000 дейiн, тұқым бередi. Сондықтан да орамжапырақтар тұқымдасының өкiлдерi егiстiктiң күресуге қиын арамшөптерi.

Орамжапырақтар тұқымдасына төмендегiдей  мәдени өсiмдiктер жатады: орамжапырақ (капуста — Brassica), тарна (брюква — Brassica napobrassica), бақша шомыры (редька огородная – Raphanus sativus), шалғам (редис – Raphanus sativus var. radicula), шалқан (асханалық сорт — репа – Brassica rapa), мал азықтық шалқан (жемшөптiк сорт) (турнипс – Brassica rapa), далалық  қыша (сарептская горчица – Brassica juncea), ақжелке(хрен обыкновенный — Armoraia rusticana) және т.б.

Орамжапырақтарға жататын өсiмдiктер жақсы бал жинайды. Кейбiр орамжапырақтарға жататын өсiмдiктерден тамақа немесе техникалық мақсатта пайдаланылатын май алынады.Май алу мақсатында қышан немесе арыш өсiрiледi.

Егер сендер гүлiнiң құрылысы жағынан орамжапырақтар тұқымдасына сәйкес келетiн, таныс емес өсiмдiктi кездестiресiңдер, оның атын өсiмдiктi анықтауға арналған кесте бойынша анықтаңдар.  Орамжапырақтар  тұқымдасына жататын кейбiр өсiмдiктердi, осында келтiрiлген карточкалар бойынша анықтауға болады, бiрақ сендер өсiмдiктi анықтауға арналған кестемен бәрiбiр танысуға тиiссiңдер.

Өсiмдiктi анықтауға арналған кесте – тезадан және аттитезадан тұрады. Теза цифрмен, ал антитеза 0 – мен белгiленген. Өсiмдiктi анықтау үшiн алдымен тезаны содан соң антитезаны түгелiмен оқып шығып бiр – бiрiмен салыстырады, содан соң  олардың анықтап отырған өсiмдiкке белгiлерi сәйкес келетiнiн таңдап алады. Егер таңдап алған тезаның немесе антитезаның соңында цифр тұрса, онда анықтаудың одан әрi жалғастыру қажет. Ол үшiн цифрмен көрсетiлген сiлтеме арқылы келесi тезаға көшедi. Осылайша таңдап алынған тезаның немесе антитезаның соңында туыстың аты берiлгенше анықтау жалғастырыла бередi. Түрдi анықтауда сол жоғарыда көрсетiлген тәсiлмен жүргiзiледi. Түрдiң атынан кейiн оны ғылымға алғаш рет таныстырып, сипатап жазған ғалымның аты жөнi  жазылады.

Соның нәтижесiнде тұқымдастың, туыстың, түрдiң ғылыми (латын тiлiндегi) атын және олардың орысша (мүмкiндiгiнше қазақша) баламаларын табады. Төменде орамжапырақтар тұқымдасының бiр қатар түрлерiн анықтауға  арналған кестенi келтiремiз. Ондағы мақсатымыз, өсiмдiктердi анықтауға арналған кестенiң қалай құрастырылғанымен және оны пайдаланудың жолдарымен таныстыру.

 

 

Құлқайырлар тұқымдасы (семейство мальвовые — Malvaceаe)

Құлқайырлар тұқымдасына 1600 түр, 85-тей туыс жатады. Қазақстанда табиғи жағдайда 18 түрi (7 туыс) кездеседi. Құлқайырлар тұқымдасының өкiлдерi барлық құрлықтарда өседi. Негiзiнен олар тропикалық аудандарда, әсiресе Оңтүстiк Америкада кең таралған. Гүлдерi үлкен, жалғыздан, сиректеу топтасып, жапырақтың қолтығында немесе бұтақтарында орналасады. Гүл серiгi қосарланған, 3 тостағанша асты жапырақшасы болады. Өзара бiрiккен 5 тостағанша және бос орналасқан 5 күлте жапырақшалары бар. Аналықтары мен атлықтарының саны көп. Жоғарғы жатынды. Жемiсi қауашақ немесе бiр тұқымды жаңғақшалар. Гүлiнiң формуласы: :    * ♀♂ Т3+(5)К(5) А5+5Ж2-5  немесе  ∞

Құлқайырлар тұқымдысының өкiлдерi негiзiнен шөптектi өсiмдiктер. Сиректеу бұталары мен ағаштары да бар. Жапырақтары жай сиректеу күрделi және сабаққа кезектесiп орналасады. Жапырақ тақталары тұтас немесе саусақсалалы тiлiмделген.   Бөбешiк жапырақшалары түсiп қалып отырады.

Тұқымдастың ең маңызды туысы мақта (хлопчатник — Gossypium). Мақтаның 66-га жуық түрi бар олардың ең маңыздысы және мәдени жағдайға ендiрiлгенi кәдiмгi мақта (хлопчатник мохнатый – Gossypium hirsutum). Шыққан жерi тропикалық және субтропикалық аймақтар. Мақта — жiп иiруге қажеттi талшық беретiн құнды өсiмдiк. Оны Индияның батысында бiздiң эрамыздан 3 мың жылдай бұрын еге бастаған. Жiп иiруге мақтасы — талшығы пайдаланылады, олар дәндерiн тығыз жауып тұрады. Бiр дәнде 7 мыңға дейiн талшық болады. Талшықтары таза клетчаткадан тұрады. Олар бiрклеткалы, ақ немесе сары түстi болады, ұзындығы 60 мм дейiн жетедi. Мақта өсiмдiгi 70—75%-ке дейiн жiп иiруге (мата тоқуға) қажеттi талшық бередi. Дәндерiнен 20-25%-ке дейiн тамақка пайдаланылатын және техникаға қажеттi сапасы жоғары май алынады. Күнжарасында 30%-ке дейiн белок болады, сондықтан да оны малға жем ретiнде бередi. Қозапаясын отынға пайдаланады. Мәдени жағдайда мақтаның 5 түрi себiледi.

Қазақстанда мақтаның үш түрi егiледi. Упланд немесе орташа талшықты мақта, талшығының ұзындығы 35 мм жетедi, ал жуандығы 17-20μ аспайды. Бұл түр Мексикадан шыққан. Гуза немесе қысқа талшықты мақта. Талшығының ұзындығы 15-25 мм, ал жуандығы 25-40 μ дай болады. Шыққан жерi Иран және Орта Азия. Ұзын талшықты мақта. Бұл түр Египет немесе жiңiшке талшықты мақта деген атпен белгiлi. Талшығының ұзындығы 40 мм, кейде оданда асып кетедi. Талшығының жуандығы 12-18 μ аспайды. Бұл түрдiң сорттарынан сапалығы ең жоғары жiптер иiрiледi және маталар тоқылады. Осындай мақтаның жiбiнен тоқылған маталар жiбектей сусылдап тұрады. Ұзын талшықты мақта Оңтүстiк Америкадан, оның iшiнде Перуден шыққан.

Тұқымдастың басқа туыстарынан талшық алынатын өсiмдiк ретiнде маңыздылары кендiр бөрiтарағы (кенаф – Hibiscus cannabinus) мен теафраст бұйдакендiрi (канатик теофраста – Abutilon theophrasta). Бұл өсiмдiктер ертеден кендiр деген атпен Қытайда, Орта Азияда, Кавказда, Қазақстанда мәдени жағдайда өсiрiледi. Кендiрдiң сабағының құрғақ салмағына шаққанда 15-18 % жiп иiруге жарайтын талшық алынады. Талшығы жуан, берiк, бiрақ ол қапшықтар тоқуға «арқан есуге, шпагаттар иiруге ғана жарамды». Кендiрдiң тұқымынан 18-20 % дейiн техникалық май алынады. Тұқымының сығымын концентрленген жем ретiнде малға бередi. Тыңайтқыш ретiнде де пайдаланады. Сонымен бiрге кеңдiрдiң талшығынан қағаз жасайды және құрлыс жұмыстарында изоляциялық материал ретiнде пайдаланады. Жабайы түрлерi егiстiктiң, әсiресе мақта егiлетiн алқаптың арамшөптерi. Құлқайырлар тұқымдасының маңызды өкiлiнiң бiрi дәрiлiк жалбызтiкен (алтей лекарственный – Althea officinales). Ол биiктiгi 1 м шамасында болатын көпжылдық шөптесiн өсiмдiк. Маусым айынан қыркүйекке дейiн гүлдейдi. Шалғындарда, өзендердiң жайылмасында, көлдердiң, каналдардың жағалауында өседi. Мәдени жағдайда да өсiрiледi. Дәрiге сүректенбеген тамыры мен шөбiн пайдаланады. Тамырында көмiр сулар, крахмал, каучук тектес заттар, витамин С, илiк заттар тағы басқалар болады. Жапырақтары мен гүлдерiнде жоғарыда аталғандардан басқа эфир майы болады. Тұқымдасқа жоғарыда аталған түрлерден басқа дәрiлiк өсiмдiк орман құлқайыры (просвирник лесной – Malva silvestris), сәндiк өсiмдiк, арамшөп мавритан құлқайыры (просвирник мавританский – Malva mauritaniana), сәндiк өсiмдiк, арамшөп Тюринген хатмасы (хатьма тюрингенская – Labaera thuringiana), арамшөп үшқатар бөрiтарақ (гибискус тройчатый – Hibiscus trionum) жатады. Айдаршөп (шток – Роза — Alcea) туысының өкiлдерi Қытай раушаны деген атпен белгiлi. Оның жабайы түрлерiнiң күлте жапырақшаларынан бояу алынады. Мәдени түрлерiн горшоқта өсiрiп жұмыс орындарын көгалдандырады.

Раушангүлдiлер (розоцветные — Rosaceae) тұқымдасы

Жалпы сипаттамасы. Раушангүлдiлер тұкымдасында 115 туыс, 3000-дай түр бар. Оларға ағаштар, бұталар жөне шөптесiн өсiмдiктер жатады. Бұл тұқымдастың гүлдерiнiң, гүлшоғырларының,  жемiстерiнiң және жапырақтарының құрылысы алуан түрлi. Раушангүлдiлерде бөбешiк жапырақтар болады.  Бұл әсiресе шөптесiн түрлерiне тән. Тұқымдастың гүлдерi дұрыс гүл болып табылады. Раушангүлдiдердiң гүлдерiнiң басты ерекшелiгi олардың гүл табанының пiшiнiнде.  Бiр түрлерiнде гүлтабаны дөңес, екiншiлерiнде жалпақ, ал үшiншiлерiнде ойыс болады. Гүлдiң барлық мүшелерi  гүлтабанына белгiлi бiр жүйеде орналасады. Раушангүлшлердiн гүлсерiктерi қосарланған, 5 мүшелi (сиректеу 4 мүшелi) жөне олар гүлтабанына спираль бойымен орналасады. Гүл серiктерiне тостағанша және күлте жапырақшалары жататыны сендерге 6  сыныптан таныс. Тостағанша жапырақшаларының саны 5-тен болады және олар бiр түрлерiнде бiрiккен, ал екiншiлерiнде бос орналасады. Кейбiр түрлерiнде тостағанша жапырақшалары, тостағанша асты жапырақшаларының болуына байланысты екi қатар шеңбер түзiп орналасады мысалы, шыршай (гравилат — Geum), қазтабан (лапчатка — Potentilla), бүлдiрген (земляника — Fragaria) туыстары. Күлте жапырақшаларының түсi өсiмдiктiң түрiне қарай әрқилы болады: қызыл, сары, ак, көк тағы басқаша. Күлтелерiнiң әрқайсысы гүл тұғырына бос орналасады, тек кейбiр түрлерiнiң ғана күлтелерi бiрiккен болады. Аталықтарының саны көп және олар 5 қатар тiзiп орналасады. Аналықтарының саны жемiс жапырақшаларының    санына    тiкелей    байланысты    болады.    Жемiс жапырақшаларының саны бiр гүлдерде көп, екiншi гүлдерiнде шектеулi, ал үшiншiлерiнде бiреуден болады. Аналық жатыны бiр ұялы, екi ұялы немесе көп ұялы болады. Раушангүлдiлердiң бiреулерiнде жатын жоғарғы, екiншiлерiнде ортаңғы, ал үшiншiлерiнде  төменгi болады.

Раушангүлдiлер бунақденелiлермен айқас тозаңданады.

Раушангүлдiлердiң жемiстерi де алуан түрлi. Олардың жемiстерi құрғақ және шырынды болады. Сонымен раушангүлдiлерден жалған жемiстердiң әртүрлi формаларын кездестiруге болады. Раушангүлдiлердiң әртүрлi өкiлдерiнде аналықтарының саны бiрдей болмайды. Бiр түрлерiнiң гүлдерiнде бiр ғана аналық болады, мысалы, шиеде(вишня — Cerasus), қараөрiкте(cлива — Prunus), сарыөрiкте(абрикос — Аrmeniaca), шабдалыда(персик — Persica), мойылда(черемуха — Padus) және тағы басқалары да. Мұндай гүлдерден сүйектi шырынды жемiс түзiледi. Екiншi бiр түрлерiнiң гүлдерiнде аналықтарының саны көп болады. Бұл жағдайда аналықтар гүл табанының орталық бөлiгiнде орналасады.  Мұндай аналықтың әрқайсысынан кiшкентай жемiс пайда болады. Ал тұтастай гүлден көптеген жаңғақшалар — құрғақ жемiстер немесе көп сүйектi  шырынды жемiстер пайда болады.   Мұндай құрғақ жемiстердi қазтабаннан (лапчатка — Potentilla), ал шырынды жемiстердi таңқурайдан  (ежевика, малина — Rubus) кездестiремiз.

Әдетте аналықтары көп болып келетiн гүлдердiң табаны жемiстерiнiң пiсiп жетiлуiне байланысты ұлғайып шырынданады. Бұл орман бүлдiргенi(земляника лесная – Pragаria vesca) мен итмұрындарда(шиповник — Rosa) айқын байқалады. Алма(яблоня — Malus), алмұрт(груша — Pyrus), шетен(рябина — Sorbus), долана(боярышник — Crataegus) секiлдi түрлерiне жемiстiң ерекше түрi — алма жемiс тән. Раушангүлдiлерге жататын өсiмдiк гүлдерiн формула түрiнде жазуға болады.

Тобылғының(таволга — Spiraea) гүлiнiң формуласы: * ♂♀ Т(5)К5А ∞ Ж.5

Жемiсi – бiрiккен таптама (листовка)

Бүлдiргеннiң (земляника – Pragаria)  гүлiнiң формуласы* ♂♀     Т(5+5)К5А∞ Ж∞

Жемiсi — көп тұкымша.

Итмұрынның(шиповник — Rosa) гүлiнiң формуласы: * ♂♀     Т5К5А∞Ж∞

Жемiсi — көп жаңғақша.

Алманың(яблоня — Malus) гүлiнiң формуласы: * ♂♀  Т(5)К5А∞ Ж(1-5).

Жемiсi — алма.

Қараөрiктiң(слива — Prunus) гүлiнiң формуласы: * ♂♀   Т(5)К5А20 Ж.1

Жемiсi- сүйектi шырынды жемiс.

Қазтабаның(лапчатка — Potentilla) гүлiнiң формуласы: * ♂♀   Т(4+4)К4А ∞Ж∞.

Жемiсi — көп жаңғақша.

Кейбiр раушангүлдiлердiң гүлсерiктерi төрт мүшелi болады. Мысалы, тiк қазтабанның (лапчатка прямая – Potentilla recta) тостағанша және күлте жапырақшаларының саны 4-ден болады. Тiк қазтабан ылғалдығы жоғары, ашық жерлерде, орман шетiнде және бұталардың арасында өседi.

Раушангүлдiлердiң табиғатта кең таралган аса маңызды өкiлдерiнiң бiрi итмұрын(шиповник — Rosa).

Орманда жол жағасында, таудың төменгi жөне ортаңғы белдеулерiнiң күнгей беткейiнде итмұрын бұтасы кездеседi. Оның гүлдерiнiң түсi әрқилы болып келедi. Бiр түрлерiнде қызғылт, екiншiлерiнде ақ, ал үшiншiлерiнде сары болады. Гүлдерi iрi әрi хош иiстi. Итмұрынның сабақтары, гүлдерiнiң және жапырақтарының сағақтары, жапырақтарының ортаңғы жүйкелерiне дейiн тiкенектермен жабылған. Бұл тiкенектер өсiмдiктi шөппен қоректенетiн жануарлардан сақтайды.

Итмұрынның гүл тұғыры «бокал» тәрiздi ойыс болады. «Бокалдың» шетiнде тостағанша, күлте жапырақшалары және аталықтары орналасады. Ал «бокалдың» iшiнде аналықтары орналасады. Тек аналықтың мойны мен ауызы жоғары көтерiлiп көрiнiп тұрады. Гүлдерiнiң ашық түсi және аталықтарының тозаңдықтарында пiсiп жетiлген тозаңдары өздерiне бунақденелiлердi елiктiредi. Бунақденелiлер гүлдiң тозаңдарымен қоректенiп, аналықты тозаңдандырады.

Күзде итмұрындардың гүлдерiнен сарғыш немесе қызғылт түстi етжендi «жемiстерi» пiсiп жетiледi. Жемiстерi ұлғайған гүлтабанынан  дамиды. Итмұрынның нағыз жемiстерi ұлғайған гүлтабанның iшiндегi ұсақ жаңғақшалар. Олар «бокал» тәрiздi гүл тұғырының iшiндегi аналықтың жатынынан түзiледi. Гүл тұғырының iшкi жағында жабысқақ түктер болады. Шырынды гүл тұғырының құрамында көптеген витаминдер болады.

Итмұрынның жапырақтары таққауырсынды күрделi. Бiр сағақта 5-7 жапырақша орналасады.

Қазақстанда итмұрынның 24 түрi өседi. Итмұрындарды сәндiк үшiн бақтарда өсiредi. Көптеген сәндi сорттары шығарылды. Оларға шайлы, полиатты, майлы раушандар тағы басқалар жатады. Майлы раушан сортының күлтелерiнен жұпар иiстi раушан майы алынады.

Раушангүлдердiң табиғаттағы және шаруашылықтағы маңызы. Раушангүлдiлердiң көбiсi өте маңызды жемiс ағаштары. Халық Шаруашылығында ең маңыздысы алма, алмұрт, шабдалы, миндаль, шие тағы басқалар. Бұталардан кең таралғандары долана, итмұрын, шетен, тобылғы, кәдiмгi таңқурай(малина обыкновенная – Rubus idaeus), қожақат таңқурайы(ежевика – Rubus caesius), қойбүлдiрген(костяника — Rubus saxatilis). Бұлардың басым көпшiлiгi тамаша сәндiк өсiмдiктер. Оларды парктерде, скверлерде және көше бойларына арнайы отырғызады. Әсiресе көктемде гүлдеген кездерiнде олар айналасына ерекше сән бередi. Итмұрындардың мәдени түрлерiнiң күлтелерiнен парфюмерия өндiрiсiнде қолданылатын эфир майы алынады. Мойыл (черемуха — Padus) жемiсiнiң, тамырының, қазтабанның тамырсабағының дәрiлiк қасиеттерi бар. Сонымен бiрге сарыөрiктiң (абрикос — Armeniaca), шабдалының (персик — Persica), қараөрiктiң (слива — Prunus), бадамның (миндаль — Amygdalus) қышқыл және тәттi дәндерiнен алынатын майларын медицинада қолданады.

Бұршақтар тұқымдасы (бобовые — Fabaceae)

Бұршақтар тұқымдасында 12 мыңдай түр, 490 туыс бар. Бұл тұқымдасқа бiр жылдык, көп жылдық шөптесiн өсiмдiктер, бұталар және ағаштар жатады. Жапырақтары мен гүлшоғыры әртүрлi. Бiрқатар түрлерiнiң жапырақтарының түп жағында бөбешiк жапырқтары болады. Ал кейбiр өсiмдiктерде, мысалы, асбұршағында(горох — Pisum) ол кәдiмгi жапырақтардан көп үлкен. Бұршақтар тұқымдасына негiзiнен күрделi жапырақтар тән. Мысалы беде(клевер — Trifolium), жоңышқа(люцерна – Medicago), түйежоңышқа(донник — Melilotus) жапырақтары үш кұлақты күрделi жапырақтар. Асбұршақ (горох — Pisum),  қытайбұршақ(соя — Glycine), үрмебұршақ(фасоль — Phaseolus),  ағаш қараған(карагана древовидная – Caragana arborescens), ақ акация (робиния — Robinia), сиыржоңышқа (вика — Vicia) жапырақтары қауырсын тәрiздi күрделi жапырақтар. Бөрiбұршақтың (люпин — Lupinus) жапырағы саусақсалалы күрделi жапырақ.

Бұршақтар тұқымдасына шашақ (бөрiбұршақ, түйежоңышқа — донник — Melilotus) және шоқпарбас (беде — клевер – Trifolium) гүл шоғырлары тән. Бұршақтар тұқымдасының гүлдерi бұрыс гүлге жатады. Гүлсерiгi қосарланған: тостағаншасы 5 бiрiккен жапырақшалардан тұрады, күлтесiнiң саны 5. Оларың 2-уi бiрiгiп, 3-уi бос орналасады. Күлтесiнiң ең үлкенi — желкен, 2 бүйiрiндегi бос орналасқаны — ескекше, ал 2 төменгi бiрiккенi — қайықша деп аталады (29-сурет). Қайықшаның iшiнде 10 аталықпен қоршалған, бiр аналық орналасады. Көптеген өсiмдiктерде аталықтарының 9-ның жiпшелерi бiрiгiп кетедi де, 1-еуi бос қалады. Кейбiр бұршақтар тұкымдасының аталықтарының бәрi жiпшелерi арқылы бiрiгiп кетедi немесе аталықтарының барлығы бос орналасады.

Гүлiнiң формуласы:   % ♀♂    Т(5)К3+(2)А(9)+1 Ж1

Жемiсi — бұршақбас (боб). Бұршақбас бiр жемiс жапырақшасынан пайда болатын бiр ұялы жемiс. Бұршақбастың көпшiлiгiнiң тұқымдарының арасы көлденең перделермен бөлiнiп тұрады. Мұндай жемiстi бұнақұты немесе бөлшектi бұршақбас деп атайды. Бұршақтар тұқымдасының бiрқатарының жемiсi спиральтәрiздi ширатылған болып келедi (кәдiмгi жоңышқа). Қақырамайтын бiр тұқымды бұршақбаста кездеседi. Мысалы құнды малазықтық өсiмдiктiң бiрi эспарцеттiң жемiсiн дәл осындай бiр тұқымды бұршақбас.

Егiн шаруашылығы тәжiрибесiнде — бұршақтар тұқымдасының биологиялық ерекшелiктерiнiң маңызы аса зор. Мысалы, олардың тамырларында түйнектер түзiледi. Топырақтан бұршақ тұқымдас өсiмдiктер тамырларының клеткаларына тамыр түктерi арқылы бактериялар өтедi. Олар ауадағы бос азотты бойына сiңiредi. Бактериялар тамыр клеткаларының бөлiнуiне жөне көлемiнiң ұлғаюына әсер етiп, нәтижесiнде түйнектер түзiледi. Организмдердiң екеуiне де пайдалы мұндай селбесудi симбиоз деп атайды (гректiң «симбиозис» — селбесiп өмiр сүру деген сөзiнен алынған). Өсiмдiк қураған соң топырақ құрамындағы азоттың мөлшерi, яғни топырақтың кұнарлылығы артады. Бұршақтар тұқымдасына жататын өсiмдiктердiң барлық мүшелерi белоққа бай болады.

Мәдени жағдайда бұршақтар тұқымдасынан егiстiк және көкөнiс дақылдары ретiнде асбұршақ(горох — Pisum), үрембұршақ (фасоль — Рhaseolus), қытайбұршақ (соя — Glycine), бөрiбұршақ (люпин — Lupinus), ноқат (нут — Cicer), жасымық (чечевица — Lens),  т.б. өсiрiледi . Бұл өсiмдiктердiң  барлығында белок көп болады (31—61%). Сонымен бiрге, бұршақтар тұқымдасының iшiнде сәндiк үшiн отырғызылатын өсiмдiктер де көптеп кездеседi. Оларға ағаш қарған (карагана древовидная — Caragana arborescens), ақ акация (рабиния — Robinia), иiсбұршақ (чина Lathyrus) жатады. Бұл тұқымдасқа жататын көптеген өсiмдiктер шалғындарда, бұталар арасында және кiшкене тоғайларда өседi. Оларға жоңышқаның (люцерна — Medicado), түйежоңышқаның    (донник — Melilotus), беденiң (клевер — Trifolium), иiсбұршақтың (чина — Lathyrus) түрлерi және басқалары жатады.

Бұршақтар тұқымдасының табиғаттағы және халық шаруашылығындағы маңызы. Бұршақтар тұқымдасының көптеген мәдени түрлерi тамақ өнiмдерiн беретiн өсiмдiктер. Бiрқатар түрлерi дәрiлiк өсiмдiктер болып табылады. Оларға мияның(cолодка — Glycyrrhiza) түрлерi, дәрiлiк түйе жоңышқа(донник лекарственный – Melilotus officinalis) жатады. Бұршақтар тұқымдасына жататын өсiмдiктердiң басым көпшiлiгi аса кұнды малазықтық өсiмдiктер. Олар жайлымдар мен шабындықтардың негiзгi өсiмдiктерi болып табылады.Жоңышқа (люцерка — Medicado), түйежоңышқа(донник – Melilotus), эспарцет(эспарцет — Onobruchis) секiлдi туыстарының түрлерi мәдени жағдайда өсiрiледi. Бұршақтар тұқымдасының түрлерiнiң барлығының шiрнелiктерiнде тәттi шырындар мол болады. Соған байланысты олардың гүлдерiнен аралар көп мөлшерде бал жинайды.

Алқалар тұқымдасы (пасленовые — solanaceae)

Алқалар тұқымдасына 2300-дей түр, 85 туыс жатады. Көпшiлiгi жабайы өсетiн шөптесiн өсiмдiктер. Сиректеу жартылай бұталары да кездеседi. Алқалар тұқымдасына жататын өсiмдiктердiң сыртқы түрi алуан түрлi. Соған қарамастан, олардың барлығын бiрiктiретiн ортақ белгiлерi болады. Жапырақтары кезектесiп орналасады. Жай жапырақтар. Жапырақ тақталары тұтас немесе жиегi тiлiмделген болып келедi. Гүлдерi негiзiнен дұрыс гүл. Тек аздаған түрлерiнiң ғана гүлдерi бұрыс гүл болып табылады. Тостағаншасы 5 бiрiккен жапырақшадан тұрады, күлте саны 5, олар да бiрiккен болып келедi. Аталықтарының саны 5, олар бос орналасады, 2 аналығы бар. Гүлiнiң формуласын былай жазуға болады:

* ♂♀ Т(5)К(5)Ат.5 Ж(2)

Жемiстерi жидек немесе қауашақ болып келедi. Жидек жемiстiлерге қара алқа (паслен черный – Solanum nigrum), қызанақ (помидор — Licopersicum) жатады. Қауашақ жемiстiлерiне темекi (табак — Nicotiana),  петуния (Pitunia); қара меңдуана  (белена черная — Hyascyamus niger) және тағы басқалары жатады..

Алқалар тұқымдасы — шаруашылықтағы ең кұнды тұқымдастардың бiрi. Оларға тағамдық картоп (картофель Solamun), қызанақ (помидор — Licopersicum), баклажан(паслен баклажан – Solanum melongena), бұдан петуниясы (петуния гибридная — Petunia hybrida), иiстi темекi(душистый табачек – Nicotiana offinis), дәрiлiк белладонна(белладона лекарственная – Atropa belladonna) өсiмдiктерi жатады. Бұл тұқымдасқа тән өсiмдiктердiң бiрi – қара алқа (паслен черный – Solanum nigrum).

 

Ол бақтарда, егiстiктерде және бақшаларда өседi. Бұл онша үлкен болмайтын, бiр жылдык шөптесiн өсiмдiк. Қара алқа жазда және күзде суық ұрғанға дейiн гүлдейдi. Гүлi ақ түстi жұлдызша пiшiндi. Қара түстi жидектерi пiскен кезде жеуге жарамды. Пiспеген жидектерi, жапырақтары және сабақтары улы болады.

Қара алқаның күлтесiнiң түп жағы бiрiгiп, қысқа түтiкше түзедi.

Иiстi темекi мен будан петуниясы қар түскенге дейiн гүлдейдi. Иiстi темекiнiң  күлтесi  ұзын түтiк түзедi, жемiсi – көп тұқымды қауашақ. Петуния гүлдерiнiң құрылысы иiстi темекi гүлдерiнiң құрылысына ұқсас, бiрақ олардың 5 күлтесi бiрiгiп кұйғы (воронка) түзедi. Иiстi темекiлерде олар бес ұшты жұлдызшаға ұқсайды.

Қызанақтың гүлiнiң құрылысы 5 тостағаншадан, 5 немесе одан да көп күлтеден, 5 немесе одан да көп аталықтардан тұрады. Жемiстерi — алқаның жемiстерi секiлдi жидек, бiрақ одан үлкендеу. Ашық қызыл түстi, кейде сары немесе ақ түстi болып келедi. Қызанақтың отаны — Оңтүстiк Америка. Ресей аумағына қызанақ (помидор) өсiмдiгi 1850 жылы Батыс Европадан әкелiнген. Қазiргi кезде ол — аса кең тараған көкөнiстiк өсiмдiктердiң бiрi.

Алқалар тұқымдасына қара меңдуана (белена черная – Hyoscyamus niger), нағыз сасық  меңдуана(дурман обыкновенный – Datura stramonium), белладонна(белладонна — Atropa belladonna) секiлдi улы өсiмдiктер де жатады. Олардың iшiнде қара меңдуана жиi кездеседi.

Гүл күлтесi сиякөк түстi, торлы  тармақты.Меңдуананың жабысқақ-желiмдi түктерi бар, сабағының жағымсыз иiсi болады.

Өсiмдiк негiзiнен улы. Уланған кезде адамның басы ауырады, жүректiң соғуы жиiлейдi. Тыныс алуы қиындайды, жүйке жүйесi қозып, көздiң қарашығы ұлғаяды, ауыздың кепкендiгi сезiледi. Сондықтан алқалар тұқымдасына жататын улы өсiмдiктердi қолмен ұстамау керек.

Көптеген улы заттар темекi жапырақтарында кездеседi. Әсiресе, никотин -өте улы зат. Ол қанға араласып, жүрек пен тыныс алу мүшелерiн бүлдiредi. Темекi тартатын жастардың еске ұстау қабiлетi төмен, ауру- сырқатқа тез бой алдырады. Жүйке жүйелерi нашар дамиды.

Алқалар тұқымдасының табиғаттағы және халық шаруашылығындағы маңызы. Алкалар тұқымдасының көптеген мәдени түрлерi аса кұнды көкөнiстiк өсiмдiктер. Оларға картоп, томат, баклажан, бұрыш тағы баскалар жатады. Бұл өсiмдiктердiң казiргi кезде жүздеген аудандастырылған сорттары бар. Сасық меңдуана, қара меңдуана секiлдi улы түрлерiнен дәрi жасалады.

Күрделiгүлдiлер тұқымдасы (сложноцветные или астроввые – Compositae, Asteraceae)

Күрделiгүлдiлер тұқымдасының 25 мыңдай түрi бар. Оларға бiр жылдық, көп жылдық шөптесiн өсiмдiктер, жартылай бұталар, кiшiгiрiм ағаштар жатады. Жапырақтары кезектесiп немесе қарама-қарсы орналасады, бөбешiк жапырақтары болмайды. Тұкымдастың негiзгi белгiсi: гүлшоғыры себет. Мұндай гүлдер шетiнен, ортасына карай бiртiндеп ашылады. Себеттi сырт жағынан көптеген орама жапырақшалар қоршап, бiрiнiң шетiн бiрi жауып тұрады. Жалпақ немесе дөңестеу келген себеттiң бетiнде, жекелеген ұсақ гүлдерi орналасады. Гүлдерi алуан түрлi. Олардың бiреуi үлкен және қанық боялған, екiншiсi ұсақ, көрiксiз болады. Гүлдерiнiң бәрi 4 шеңбер түзiп орналасады. Тостағаншасы  үлпек айдаршаға  айналып кеткен немесе жойылған. Күлтелерi 5, аталықтарының саны 5, ал аналығы 2 жемiс жапырақшасынан тұрады. Төменгi жатынды. Жемiсi — тұқымша.

Күрделiгүлдiлердiң көпшiлiгiнiң тұқымшасында айдарша (желайдары) болады. Ол жемiстердiң желмен таралуын қамтамасыз етедi.

Күлтелерiнiң  құрылысына қарай, күрделiгүлдiлер : түтiкше, тiлше, жалған тiлше, құйғы тәрiздi

деп бөлiнедi.

Күрделiгүлдiлер тұқымдасына жататын кейбiр өсiмдiктердiң, мысалы, бақбақ (одуванчик — Taraxacum) себетiндегi гүлдердiң барлығы бiрдей. Гүлдiң күлтесi түп  жағынан бiрiккен, ал оның жоғары бөлiгi ұзын тiлшеге ұқсайды. Сондықтан мұндай гүлдi тiлше гүл деп атайды. (31 сурет)

Тiлшенiң  ұшы 5 тiсшелi болып келедi. Бұл бiрiккен күлте санын көрсетедi. Аталықтың 5 тозаңдығы түтiкке бiрiгедi. Оның iшiнде аузы қос телiмдi аналық мойны озып көрiнiп тұрады. Тостағаншасы үлпек түкшеге айналған. Үлпек айдаршаларының (желайдарының) көмегiмен жемiстерi алысқа таралады.

Тiлше гүлдiң формуласы:       % ♀♂/ Т(5-0) К(5) А(5)Ж(2)

Бақбақтың 70-тей түрi бар, оның 39-зы Қазақстанда кездеседi. Олар жер бетiнде кең тараған өсiмдiктер. Сабақтары болмайды. Жақсы жетiлген кiндiк тамыры болады. Сүргi тәрiздi жапырақтары тамырдың мойнынан кетiп жертаған түзедi. Осы жертаған жапырақтардың ортасына өсiмдiк гүлдер алдында садақ тәрiздi гүлсидамдары кетедi. Олардың iшi қуыс болады. Ал басында бiр-бiрден себеттер жетiледi. Себеттердi жалтырауық-сары түстi бiркелкi тiлше гүлдерден тұрады. Бақбақ өсiмдiгi мамыр, тамыз айларының арасында гүлдейдi. Жемiстерi – үлпектi тұқымшалар.

Маңызды өкiлдерiнiң бiрi дәрiлiк бақбақ (одуванчик обыкновенный – Taraxacum officinale). Дәрiлiк бақбақты тауцдан да, тегiстiктен де кездестiруге болады. Ол өзгергiш және әртүрлi ортаға бейiмделгiш түр. Өсiмдiктiң барлық бөлiктерiнде ақ түстi сүттi шырын болады. Тамырында инулин жиналады. Дәрiге бақбақтың тамырын пайдаланады. Оны күздiң соңғы айларында  немесе ерте көктемде өсiмдiк жапырақ бермес бұрын жинайды. Жинаған тамырларын тазартып, суға жуып, үлкен тамырларын ұсақтап турап көлеңкеде кептiредi. Бұл кезде өсiмдiктiң сүттi шырындары тобарсып ағуын тоқтатады. Осыдан кейiн жинаған тамырларды жылы бөлмеде немесе суыған пештiң жанында толық кепкенге дейiн ұстайды. Әбден кепкен тамырдың қайнатпасын тәбеттi арттыру, асты сiңiру және iштi жүргiзу мақсатында пайдаланады. Сонымен бiрге бауыр ауыруына және өт жолдарын тазартуға да қолданады. Халық медицинасында бақбақты қанды тазартуға және қақырықты түсiруге пайдаланады. Жапырағының қайнатпасын шаршағанды басу үшiн iшедi, ал тұнбасымен күйiктi емдейдi. Бақбақ өсiмдiгi ас қорытуды жақсартады, сары ауруға және ұйқы қашқанға көмегi болады.

Себеттерi бiркелкi тiлше гүлдерден тұратын тағыда бiрқатар өсiмдiктер бар. Оларға қалуен (осот — Sonchus), шашыратқы (цикорий — Cichorium) өсiмдiктерi жатады. Шашыратқы құнды дәрiлiк өсiмдiк. Оны бауыр, бүйрек ауруларына және сары ауруды емдеуге қолданады. Сонымен бiрге шашыратқыны өт жолдарын тазартуға, көкбауыр қабынып ұлғайғанда және зат алмасуды жақсарту мақсатында қолданады.

Күрделiгүлдiлер тұқымдасына жататын кейбiр өсiмдiктердiң себетi, тек түтiкше гүлдерден тұрады. Оған мысал ретiнде егiстiк сарықалуендi (бодяк полевой – Cirsium arvensis) алуға болады.

Сарықалуеннiң жемiсi тұқымша. Түтiкше гүлдiң формуласы: *♀♂Т(5-0) К(5) А(5)Ж(2)

Күрделiгүлдiлердiң негiзгi өкiлдерiнiң бiрi — көк гүлкекiре (василек синий – Centaurea cyanus). Ол егiстiкте әсiресе астық тұқымдастары себiлген, топырағы нашар айдалған жерлерде өседi. Көк гүлкекiре себетiнiң ортаңғы бөлiгiнде түтiкше гүлдер, шетiнде кұйғы тәрiздi гүлдер орналасады.

Құйғы тәрiздi гүлдердiң көлемi үлкен және көк түстi. Олардың аталықтары да, аналықтары да жоқ. Сондықтан мұндай гүлдерден жемiс дамымайды. Бұл гүлдер негiзiнен бунақденелiлердi өздерiне елiктiредi. Құйғы тәрiздi гүлдердiң формуласы:   * Т(5-0)К(5-7) А(0)Ж(0)

Күрделiгүлдiлерге жататын бiрқатар түрлер күздiң соңына дейiн гүлдейдi. Олардың бiрiне дәрiлiк түймедақ (ромашка обыкновенная – Chamomilla recutita ) жатады. Ол бiр жылдық хош иiстi шөптесiн өсiмдiк. Оның себетiнде гүлдердiң екi типi болады : ортасында алтындай сары түстi, түтiкше гүлдер, шетiнде ақ түстi, жалған тiлше гүлдерi орналасады. Дәрiлiк түймедақтың түтiкше гүлдерiнiң құрылысы егiстiк сарықалуеннiң гүлiнiң құрылысымен бiрдей. Түтiкше гүлдерден жемiс дамиды. Ал жалған тiлше гүлдiң бiрiккен 5 тостағаншасы, 3 бiрiккен күлтесi, 2 аналығы болады, аталығы жоқ. Жалған тiлше гүлдiң формуласы:

%♀Т(5-0) К(3) А0 Ж(2)

Жалған тiлшегүл жемiс бермейдi. Дәрiлiк түймедақ кең таралған өсiмдiк. Себеттерiнде эфир майы болатындықтан дәрiлiк шикiзат болып табылады. Себетiнде дәл осындай екi түрлi гүлдi күнбағыстан да кездестiремiз. Оның бiрiншiсi түтiкше гүл. Ол әдетте себеттiң ортаңғы бөлiгiн алып жатады. Түтiкше гүлдiң редукцияға қатты ұшыраған 5 тостағанша жапырақшасы болады. Күлте жапырақшаларының да саны 5, олар түп жағынан бiрiгiп түтiкше түзедi. Түтiкшенiң жоғарғы жағы қоңырау тәрiздi кеңейiп 5 тiсшеге бөлiнедi. Бiрiккен 5 аталығы, 2 аналығы болады. Төменгi жатынды гүл. Түтiкше гүл қосжынысты дұрыс гүлге жатады. Түтiкше гүлдерден жемiс дамиды. Күнбағыстың жемiсi тұқымша. Жалған тiлше гүл жемiс бермейдi, себебi оның жатыны толық қалыптаспаған.мұндай гүлдердi ғылыми тiлде стирильдi деп атайды. Күзде көк шалғындарда және жол жағасында кәдiмгi түймешетен(пижма обыкновенная – Tanaсetum vulgare) гүлдейдi. Оның сары түстi кiшiгiрiм себеттерi, онша үлкен болмайтын күрделi гүл шоғырын түзедi. Себеттерi тек түтiкше гүлдерден тұрады (31-сурет).

Күрделiгүлдiлер тұкымдасының ең үлкен туысының бiрi – жусан(полынь — Artemisia). Жусанның 400-ден аса түрлерi белгiлi. Қазақстанда 81 түрi кездеседi. Жусандар бiр жылдық, екi жылдық, көп жылдық шөптесiн өсiмдiктер немесе жартылай бұталар. Сабақтары тiк, жапырақтары кезектесiп орналасады және тiлiмделген болып келедi. Сиректеу тұтас жапырақты түрлерi де кездеседi. Жусандар эфир майын көп бөлiп шығарады. Жусандардың iшiнде дәрiлiк түрлерi бар. Оларға дәрмене жусаны (полынь цитварная – Artemisia cina) жатады. Дәрмененiң аса құнды сантонин майы адамның iшiнде болатын жұмыр кұрттарды жоюға пайдаланылады. Ащы жусан(полынь горькая — Аrtemisia absinthium) деген түрiнiң де эфир майының мөлшерiне байланысты өзiне тән иiсi болады. Бұл түр медицинада және ликер-арақ жасау өндiрiсiнде жиi қолданылады. Жусанның көптеген түрлерi далалы және жартылай шөлдi аймақтарда ландшафт түзедi: таврий жусаны(полынь таврическая – Artemisia taurica), тамыр жусан(полынь белоземельная — Artemisia terrаe-albae)  т. б. Күздiң жаңбырынан кейiн үсiк жүрiп өткен соң жусандар құрамындағы ащы заттар мен эфир майларының мөлшерi азаяды. Осы кезде жусандарды жайылымдарда мал жақсы жейдi.

Күрделiгүлдiлердiң iшiнде арамшөптер де бар. Оларға кәдiмгi зиягүл(крестовник обыкновенный – Senecio vulgaris), егiстiк қалуен(осот полевой — Sonchus arvensis), көк гулкекiре(василек синий – Сentaurea cyanus) тағы басқалар жатады.

Күрделiгүлдiлердiң табиғаттағы және халық шаруашылығындағы маңызы

Күрделiгүлдiлер тұқымдасынан адамдар тамақ өнiмдерiн беретiн аздаған өсiмдiктердi өсiредi. Олардың ең маңыздылары күнбғыс (подсолнечник — Helianthus anmus) пен жералмұрты (топинамбур, земляная груша – Helianthus tuberosus).

Сонымен бiрге көпшiлiгi  сәндiк өсiмдiктер: салалы нарғызгүл (георгин перистый – Dahlia pinnata), альпа қашқаргүлi (астра альпийская – Aster alpinus).

Бұл тұкымдастың кұрамында көптеген құнды дәрiлiк өсiмдiктер бар. Оларға дәрiлiк түймедақ (ромашка обыкновенная – Chamomilla recutita),үштармақ итошаған (череда терхраздельная — Bidens tripartita), кәдiмгi өгейшөп(мать-и-мачеха – Tussilago farfara), биiк андыз(девясил высокий — Inula helenium), дәрiлiк қырмызыгүл (календула лекарственная – Calendula officinalis), кәдiмгi шашыратқы(цикорий обыкновенный – Cichorium intubus), дәрмене жусан(полынь цитварная – Artemisia cina) т.б.  жатады.

Күрделiгүлдiлердiң көпшiлiгi табиғи  жағдайда, малазығы ретiнде аса кұнды өсiмдiктер болып табылады. Әсiресе далалы және шөлдi аймақтардың өсiмдiктер жабынында, күрделiгүлдiлер тұқымдасына жататын өсiмдiктер түрлерi елеулi орын алады. Жартылай шөлдiң өсiмдiктер жабынында жусандар бiршама басым болады. Мұнда олар күздiк және кыстық жайылымдардың негiзiн кұрайды. Шөлдi аймақтың солтүстiгiнде малшаруашылығының жемшөп қорының 40%-iн күрделiгүлдiлер тұкымдасы түзедi. Күрделi гүлдiлердiң 45-тей түрi сирек кездесетiн өсiмдiктер ретiнде қазақстан қызыл кiтабына тiркелген.


Скачать/Жүктеу

Комментировать

Вам необходимо войти, чтобы оставлять комментарии.




1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Сайт картасы