Скачать/Жүктеу
Азық-түлік қауіпсіздігі – ұлттық қауіпсіздіктің маңызды құрамдасы
БҰҰ-ның жанындағы «Халықтар қоры» жер тұрғындарының 2050 жылға қарай 7,8 млрд. адамға өсуіне орай, күрделенуі мүмкін азық-түлік мәселесіне қатысты 61,2 млрд. долларға бағаланған арнайы бағдарлама ұсынды. Оның ішіне ауыл шаруашылығы ғылымын дамытуға 5 млрд. доллар, егістік жерді сақтауға 24 млрд. доллар, ормандарды қалпына келтіруге 6,8 млрд. доллар бөлуді көздеп отыр.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметтері бойынша, Қазақстан 40 пайызға жуық сүтті, 29 пайыз етті және 43 пайыз көкөністі сырттан әкеледі. Азық-түлік қоры мол деген Ресейдің өзі тамақ өнімдерінің 40 пайыздайын шетелдерден тасиды. Ауыл шаруашылығының шикізаттық сипаты азық-түлік қауіпсіздігіне кедергі келтіреді. Елдегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің 80 пайызы шикізат күйінде шығарылады, ал технологиялық мешеулік салдарынан дайын өнім шығара алмай отырмыз. Мәлімет бойынша, біздің елімізде 2010 жылдың 1 қаңтарында 200 876 ауыл шаруашылығы құрылымдары бар, оның ішінде ауыл шаруашылығы кәсіпорындары 7441, шаруа қожалықтары 193 435. Бұдан басқа 2 247,8 мың үй шаруашылығы бар. Осыларды бүгінгі жағдайды ескере отырып әрі қарай дамытып, нарық талабына сай құрылымдарға жеткізу үшін осы саладағы заңдарға тиісті өзгерістер енгізу қажет. Қазіргі уақытта «Шаруа (фермер) қожалықтары туралы» заңның жобасы Парламент Мәжілісінде талқылаудан өтті. Сонымен қатар 2008 жылы Үкіметке толықтырулар үшін қайтарылған «Жеке қосалқы шаруашылықтар» туралы заңның жобасы да ауыл өмірінің жедел дамуына өз септігін тигізері сөзсіз. Бұл заңның жобасы Үкіметтен Парламентке қайтарылады деп күтілуде. Сондай-ақ, Елбасы атап өткендей, азық-түлік қауіпсіздігі туралы заңды әлі де жетілдіре түскен абзал. Нәтижесінде, Қазақстан халқына арнаған Жолдауында атап көрсетілгендей, 2014 жылға қарай азық-түлік тауарлары ішкі рыногының 80 %-дан астамын отандық тағам өнімдері құрауы тиіс. Сол себепті, келешекте ауыл шаруашылығын дамытуда көптеген іс-шаралар атқаруға тура келеді. Әлемдік тәжірибеде Германия, Франция, Швеция, АҚШ 70-80-жылдары-ақ азық-түлік қауіпсіздігіне бағытталған шаралар бойынша, әсіресе, фермерлердің құқығын ерекше қорғайтын заңдар қабылдаған. Қазіргі кезде АҚШ-та азық-түлікпен қамтамасыз ету бағытында ондаған бағдарламалар бойынша жыл сайын 35-40 млрд. доллар бөлінеді.
Қазақстан іс жүзінде дүниежүзілік азық-түлік қауіпсіздігіне қомақты үлес қосып отырған ірі аграрлық елдердің қатарына жатады. Жалпы республика бойынша 2009 жылы бүкіл егістік алқабы 21 424,9 мың гектарды құрады. Оның ішінде дәнді дақылдар 17 208,9 мың га, картоп 170,3 мың га, майлы тұқымдар өнімдері 1 749,5, қант қызылшасы 10,6 мың га, көкөніс 110 мың га болды. Ауыл шаруашылығынан 2009 жылы алынған өнімнің жалпы құны 1 640,2 млрд. теңгені құрады, оның ішінде өсімдік шаруашылығы 936,8 млрд. теңге, мал шаруашылығы 703,4 млрд. теңге болды. Еліміз әлемнің басты аграрлық шикізат өндіруші 25 елінің қатарына кіреді. Сонымен қатар, ауылшаруашылық мақсатындағы дәнді дақылдар және картоп егетін жер көлемі бойынша басты аграрлық шикізат өндіруші 10 елдің қатарында тұр. Сарапшылардың бағалауы бойынша, республиканың ресурстары халықтың қазіргі азық-түлікті тұтынуы көлемінен 3 есе артық өндіруге жетеді. Соңғы жарты ғасырда ғана планетадағы халық санының өсуіне қарай азық-түлікке деген сұраным 4 есе өскені мәлім.
Қазақстан сыртқы рынокқа 1,5 млрд. доллар көлемінде астық шығара отырып, көшбасшылардың бірі ретінде оның экспортынан дүние жүзінде 7-ші орын алады. Астық экспортындағы ұнның үлесі 2000 жылғы 9 пайыздан 2008 жылы 58 пайызға жетіп, 849,2 млн. доллар көлемінде болды. Астыққа шаққанда макарон өнімдерінің экспорты 2008 жылы 0,2 пайыздан 0,8 пайызға дейін көтерілді.
Еліміз ұн экспорты бойынша дүние жүзінде бірінші орынға шығып, соңғы үш жыл қатарынан осы биікке тұрақтап қалды. Дүниежүзілік 10,8 млн. тонна ұн экспортының 23,9 пайызы Қазақстанның үлесіне тиеді. Соңғы уақытта нан-тоқаш және кондитерлік өнімдердің экспорты шапшаң өсуде. Осы өнімді сыртқа шығарудың астық экспортына шаққандағы үлес салмағы 2008 жылы 0,3 пайыздан 0,7 пайызға жетті.
Республиканың макарон өнеркәсібінің мүмкіндігі айтарлықтай. Бұған бидайдың қатты сорттарының жоғары сапасы, жаңа макарон фабрикаларының құрылысы қолайлы жағдай туғызуда. Қазір еліміз өнімнің осы түрі бойынша дүние жүзінде 29-шы орында тұрғанымен, оның өндірушілер мен экспортерлер арасында алғашқы бестікке кіруге мүмкіндігі жоғары. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысының Тассай ауылында жылдық өндірістік қуаты 25 мың тонна болатын жаңа макарон фабрикасы іске қосылды. «Сұлтан-элеватор диірменді макарон кешені» акционерлік қоғамы – бүкіл макарон өнімдерін бидайдың тек қана қатты сорттарынан шығаратын республикадағы бірден-бір кәсіпорын. «Қазақстан ұны» ЖШС-інде қазіргі итальяндық техникамен жабдықталған макарон фабрикасы пайдалануға берілді. Астанада заман талабына сай «Цесна-мак» диірменді-макарон кешені жұмыс істей бастады. Қостанай облысында «Карона» макарон фабрикасы өндіріс көлемін арттырып, сыртқы рынокты игеруге талаптануда.
Жетістіктерімізді айта отырып, астық өндіру саласында әлі де атқарылатын жұмыстар көп екенін айта кеткен жөн. Елімізде астықты тазалайтын, сақтайтын заманауи құрал-жабдықтар жетіспейді. Соңғы 20 жыл ішінде бұл салада жаңа кешендер салынған жоқ. Сонымен қатар, темір жол вагондары жетіспейді. Дүниежүзілік астық рыногында жаңа елдерге шығу, Иран бағытында темір жол салуды тездету, араб елдеріне астық жеткізу жолдарын қарастыру сияқты мәселелерді шешу қажет. Себебі, астықтың бағасы, оны қолдану көлемі әлемнің әр түпкірінде жыл сайын өзгеріп отырады.
Мал шаруашылығында оны ірілендіру және өнеркәсіптік негізге көшіру бағытында біршама жұмыстар атқару қажет. Қазіргі уақытта жекелеген селекциялық жұмыстар арқылы, сонымен қатар шет елдерден жоғары өнімді асыл тұқымды малдар әкелу арқылы малдың генетикалық әлеуетін арттыруға ерекше назар аударылуда. Мысалы, 2008 жылы «Қазагроқаржы» лизингтік компаниясының тікелей қатысуымен екі ірі сүт өндіру кешені пайдалануға беріліп, оларға Канададан сүтті мол беретін асыл тұқымды сиырлар әкелінді. Алдағы 4-5 жылда мұндай кешендердің саны 30-ға жетеді деп күтілуде.
Елімізде ет өндіру мәселесі де қолға алынуда. Мысалы, баршаға мәлім, Қазақстан жылқы етін өндіруден әлемде жетекші орынға ие. Жылқы еті дүние жүзінің іс жүзінде барлық аймақтарында өсіріледі, осы өнімнің мөлшері жылына 720 мың тонна көлемінде салыстырмалы түрде тұрақты болып қалуда. Дүние жүзінде бие сүті мен қымызын өндіруге қызығушылық арта түсуде. Деректер бойынша, қымызды тұтыну 120 мың тоннадан асты, оның ішінде Қытайда – 50 мың тонна, Монғолияда – 43 мың тонна. Егер, 2001 жылы Қазақстанда 28 711,2 тонна қымыз өндірілсе, содан кейінгі жылдары оның көлемі азая отырып, 2008 жылы 21 663,8 тонна ғана болды. Табиғи жағдайларды ескерсек, елімізде жылқы малының өнімдерін өндіру ең қолайлы жағдайға ие. Сондықтан бұл мәселені қолға алып, әрі қарай дамытуға жағдай жасау қажет.
Қазақстан, сондай-ақ түйе етін өндіруші 15 ірі елдің қатарына кіреді. ФАО-ның дерегі бойынша, 21 өндіруші-елде түйе етін шығару 2007 жылы 310 мың тонна болған. Сондай-ақ, жыл сайын шұбат дайындау көлемі ұлғайып келеді. 2009 жылы 9,6 мың тонна шұбат өндірілді, бұл 2000 жылмен салыстырғанда 2,5 мың тоннаға артық. Республика ірі шұбат өндірушілердің бірі болып табылады.
Дүние жүзінде құс етінің өндірісі артуда, оның негізін тауық еті құрайды. Бұған қоса күркетауық, қаз бен үйрек етінің өндірісі өсіп келеді.
Елімізде құс етінің аталған түрлерінің өндірісі енді ғана қалыптаса бастады. Республикада күркетауық етін шығаратын жалғыз ғана BAYTAGRO кәсіпорны жұмыс жасайды. Оларға деген сұраныс және өсіретін шаруашылықтар саны көбеюде. Қостанай облысында «Bіg-5» тұқымды күркетауықтар өсіретін шаруашылықтар құрылды. Павлодар облысында өткен жылы күркетауық етін шығаратын, жылдық қуаты 1,5 мың тонналық өндірістік кешеннің құрылысы басталды. Солтүстік Қазақстан облысында «БACKO» ЖШС-нің осындай өнім шығару жөніндегі жылдық қуаты 15 мың тонналық инвестициялық жобасы қарастырылуда. Оңтүстік Қазақстан облысында Израильдің «Maд» компаниясының технологиясы бойынша жұмыс жасайтын, жылына 5 мың тонна күркетауық етін шығаратын құс кешенінің құрылысы қолға алынды.
Еліміздің аумағында іс жүзінде үй шаруашылықтарынан басқа бәсекелестердің жоғын ескере отырып, «Ерма және К» ЖШС қаз етінің өндірісін игеруді қолға алды. Жоба бойынша қазды өнеркәсіптік негізде өсіретін құс фирмасын құру және Алматы облысындағы бұрынғы мал шаруашылығы кешенінің негізінде жеке жемшөп қорын жасау жүзеге асырылады.
Халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуде өсімдік майларының маңызды орын алатыны мәлім. Елімізде өсімдік шаруашылығы саласын әртараптандыру, өндіріске ылғалқорсақтағыш, тамшылатып суару технологияларын енгізу шаралары жүргізілуде. Жылдан жылға мемлекеттік қолдау шараларының арқасында қазіргі кездегі технологияларды енгізудің міндетті элементтері болып табылатын минералды тыңайтқыштар, өсімдіктерді қорғау құралдары қолданылған егістіктер көлемі ұлғаюда. Елімізде май дақылдарының өндірісі өсуде. Мәселен, 2004 жылы барлық өндірілген өнім 395,6 мың тонна болса, 2009 жылы 703,6 мың тоннаға жетті.
Республикада халықты жеміс-жидекпен тұтыну нормаларына сәйкес қамтамасыз ету жөніндегі бірінші кезектегі міндеттердің бірі жеміс бақтары мен жүзімдіктердің негізін қалау болып табылады. Осы мақсат үшін 13,6 мың гектар алқапқа жеміс дақылдары, 3,1 мың га алқапқа жүзім отырғызылуы қажет. Қазіргі кезде көкөніс-бақша өнімдерін тұтынуда ұлттық норма бойынша қажеттілік 1,6 млн. тонна болса (100 кг/адам) жыл сайынғы өндіріс 2,0 млн. тоннадан асады. Қазақстанның оңтүстік өңірінде жеміс-жидек пен көкөністі көп өндірумен қатар, оны тасымалдау, әсіресе сақтау жағы толық ойластырылмаған. Сол себепті өнімнің біраз бөлігі жарамсыз болып қалады. Қазіргі уақытта 643,0 мың тонна көкөністі сақтайтын орын жоқ.
Осындай жағдай басқа салаларда да қалыптасқан. Мәселен, бұдан 20 жыл бұрын ет өнімдерінің ұлттық норма бойынша қажеттілігі 87 кг/адам болса, қазіргі уақытта 49 кг деп есептеледі. Осыған сәйкес өндірілетін ет көлемі сұранысты толық қамтамасыз етеді деп саналады. Ал шындығына келсек, оның сапасы, өңдеу саласының талаптарына сәйкестігі ескерілмейді. Сол себепті, ет өнімдерінің 29 пайызын шет елден сатып алуға мәжбүр болып отырмыз.
Елімізде соңғы жылдары республикалық бюджеттен агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қомақты қаржы бөлініп келеді. Мәселен, 2006 жылы 90 млрд. теңге бөлінсе, 2009 жылы 163 млрд. теңге, ал 2010 жылы 258 млрд. теңге бөлінді. Осындай қолдаудың нәтижесінде ауылшаруашылық саласында елеулі табыстарға қол жеткіздік. Мәлімет бойынша қазіргі уақытта республика көлемінде ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын мамандандырылған 1001 кәсіпорын жұмыс істейді. Бірақ олардың өңірлерде орналасу реті жүйеге келтірілмеген. Мысалы, Алматы облысында 209 кәсіпорын, яғни 20 пайыздан астамы, Батыс Қазақстанда – 166, Қостанайда – 105. Ал Астана қаласын азық-түлікпен қамтамасыз етуде шешуші орын алатын Ақмола, Қарағанды облыстарында тиісінше 38 және 23-тен ғана кәсіпорын бар. Ал Маңғыстау облысында небәрі – 12, Атырауда осындай 15 кәсіпорын орналасқан.
Қазіргі кезде қазақстандық ірі 10 компания америкалықтармен дәнді дақыл өсіруде, ірі қара мал, қой өсіруде, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуде және оны экспорттауда бірлескен кәсіпорын құруға мүдделілік танытып отыр. Мысалы, биылғы сәуір айында қазақстандық ет брендін әлем рыногына шығару үшін «ҚазАгроның» еншілесі – «Мал өнімдері корпорациясы» акционерлік қоғамы мен америкалық Global Beef асыл тұқымды ангус және герефорд өсіретін ірі қара мал шаруашылығының «KazBeef» ЖШС атты бірлескен кәсіпорнын құрды. Бұл жоба бойынша барлығы 2020 бас қара мал сатып алынатын болса, соның 160 басы қазан айында ұшақпен әкелінді.
Аграрлық ғылым саласына ең қажеттісі – шетелдік озық технологиясы бар елдермен әріптестік байланыс жасап, бірлескен жобалар енгізу. Олардан үйренеріміз көп. Мысалы, жапондықтар судың құрамын ресми түрде елу көрсеткіш арқылы зерттейді. Баршаға аян, әлемде жапондық технологиялар өзінің құндылығымен үлкен сұранысқа ие. Соның ішінде Жапония – азық-түлік қауіпсіздігіне, қоршаған ортаның ластануына өте-мөте маңыз беріп, қатты көңіл бөлетін мемлекет. Бүгінгі жұмыс барысында осы саладағы мамандар даярлауға көп көңіл бөлу қажет. Өйткені, ғылымның бұл саласында ғылым докторларының орта жасы – 64, кандидаттар – 51 жас, олай болса, жастарды тарту керек. Аграрлық саланың жас мамандарын өзінің туған ауылына қайтарып, ауылдық елді мекендерде жұмыс атқаруға ынталандыру мақсатында 2010 жылдың 1 ақпанында Ауыл шаруашылығы министрінің «2010 жылы аграрлық саланың жас мамандарына шағын несие беру туралы» № 62 бұйрығы бекітілді.
Ауылдағы шаруа қожалығының өндірген өнімдерін ортадағы делдалдарға тәуелді қылмай, әр ауыл, аудан көлемінде кооперативтер құрып, шаруалардың өнімдерін сақтап, өңдеп, тиімді бағаға сатып беру мәселесін шешу керек. Көп уәде берілгенімен, бұл салада жұмыс қарқыны өте төмен. 2010 жылдың 1 қаңтарына республика бойынша барлығы 402 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған, оның ішінде Қызылорда облысында – 57, Жамбылда – 56, Алматы облысында – 55. Ал Батыс Қазақстан облысында бар болғаны төртеу, Солтүстік Қазақстан облысында алтау.
Бүгінгі таңда шаруалар мен ауыл кәсіпкерлерін несие ресурстарымен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілмеген. Соңғы жылдары екінші деңгейдегі банктердің несие портфелінің тек 4 пайызы ғана ауыл шаруашылығы саласында істейтіндерге бұйырған. Басты себебі, кепілдікке қоятын мүліктері жоқ. Ал, арнайы агроөнеркәсіп кешенін индустрияландыру бағытын дамытуға және қаржыландыруға құрылған «ҚазАгро» Ұлттық холдингі және оның қаржы институттары ауыл шаруашылығы субъектілеріне несие беру үшін екінші деңгейдегі банктердің кепілдігін сұрайды. Сол себепті, аграрлық кешенді индустриялық-инновациялық дамыту кезеңінде ауылды жерлердегі кешендерді қаржыландыруды қамтамасыз ететін мамандандырылған ауыл шаруашылығы банкінің ашылуы аталған саладағы көптеген мәселелердің оң шешілуіне септігін тигізер еді.
Қазір Қазақстан аграрлық секторды жан-жақты жетілдіре отырып, өзінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, дүниежүзілік экономиканың өткір проблемаларын шешуге мейлінше кең ауқымда атсалысуда.
Жексенбай ДҮЙСЕБАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, экономика ғылымдарының кандидаты.
http://www.parlam.kz/3/mazhilis/news-details/id24/7/1