Скачать/Жүктеу
Еліміздің ең мерейлі мерекесі – Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында аймақтың абыройлы да танымал азаматтары «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының қатарына өтуге өтініш-тілектерін көптеп білдіруде. Соның нәтижесінде, облыстағы партия мүшелерінің саны өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 1,5 есеге өсіп, осы жылдың он айында 2781 адам мүшелікке өтті. Бұл «Нұр Отанның» жетекші, нағыз халықтық партия екендігінің бір көрінісі деуге болады.
Кеше «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аймаққа аты мәлім 20 азаматқа партия билеттерін салтанатты түрде тапсырды. Олардың арасында бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ә.Ниязымбетов, Бекет ата ұрпағы, зейнеткер Б.Сәндібекұлы, ғылым докторы А.Демеуова, қазақтың тұңғыш контр-адмиралы Р.Комратов, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-тың бас директоры Ә.Мағауов, облыс әкімінің орынбасары Б.Паритов, жас ақын Б.Жайлау және басқалар бар.
Осы салтанатты сәтте Пір Бекет атаның ұрпағы Бердіхан Сәндібекұлы сөз алды. «Мен бүгін өзімнің 80 жылдық өмірімде тарихи сәтті бастан кешіп тұрмын. Елімнің ең ұлы тойы Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын партия қатарына қабылдандым. Мен бұл жиналысқа Бекет атамның қасиетті Көк асасын алып келдім. Бұл Ата рухы қазақ халқын, Елбасын, оның сарабдал саясатын жемісті жүргізіп келе жатқан «Нұр Отан» партиясын әрдайым қолдап, қорғап жүрсін деген ниетім. Тәуелсіз еліміздің тұғыры берік болып, көк байрағы биікте желбірей берсін! Баршамызды Пір Бекет атаның аруағы қолдасын» деген ақ тілегін білдірді.
Жоламан БОШАЛАҚ.
Ақтау.