Скачать/Жүктеу
Оңтүстiк халқы Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевты әрдайым ыстық ықыласпен, жылы шыраймен қарсы алады. Елбасы облыс орталығындағы бiрқатар жаңа нысандарды аралап көрiп, жұртшылықпен жүздестi. Кездесулерге Мемлекет басшысымен бiрге ҚР Президентi әкiмшiлiгiнiң жетекшiсi А.Мусин, ҚР Премьер-министрiнiң бiрiншi орынбасары Ө.Шөкеев, ҚР Қорғаныс министрi Ә.Жақсыбеков және облыс әкiмi А.Мырзахметов қатысты.
Президент бұл жолғы сапарын Шымкент қаласының орталық бөлiгiнде орналасқан «Қазақстан Республикасының Тәуелсiздiгiне 20 жыл» саябағын аралап, танысудан бастады. Оның ашылу салтанатына қатысты. Кiреберiсте биiктiгi 15 метр, ал енi 50 метр болатын қақпа (арка) орнатылған. Орталық аллеямен бойлап жүре берсеңiз, ел тәуелсiздiгiнiң шежiресi ақ және қызыл гранитке қашалып жазылған 20 композиция көзiңiзге шалынады. Гүлзарды жағалай әлемнiң түрлi-түстi климат палитрасын көрсететiн 40 түрлi көпжылдық ағаштар мен гүлшоқтары жайқалып тұр. Орталықтағы ән салып, би билейтiн субұрқақ саябақты ерекше сәнге бөлейдi. Ал биiктiгi 30 метрден асатын «Алтын шаңырақ» монументi – Қазақстан халықтарының бiрлiгiн паш ететiн негiзгi композиция. Елiмiзде тату-тәттi өмiр сүрiп жатқан 137 ұлт пен ұлыс өкiлдерiнiң ынтымағын бейнелейтiн киiз үйдiң уығы алтын күмбездi шаңырақты көтерiп тұр.
ҚР Президентi Тәуелсiздiк саябағында шынар ағашын отырғызды. Содан кейiн «Алтын шаңырақ» жанына жиналған облыстың қадiрмендi қариялар мен ұлттық мәдени орталықтарының төрағаларымен жүздестi.
Мұнан кейiн Иран ұлттық мәдени орталығының төрағасы Н.Капар-Пур, Шымкент қаласындағы №45 орта мектептiң директоры Р.Пак Елбасыға көпшiлiк атынан шынайы алғысын жеткiзсе, айтыскер ақын Н.Есенқұлов жырдан шашу шашты.
— Биыл – ел Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдық мерейтойы. Тек облыс орталықтарында ғана емес, аудандар мен қалаларда, ауылдарда осындай игi шаралар өткiзiлуде, -дедi Елбасы. – 20 жыл iшiнде қыруар жұмыстар атқарылды. Ата-бабамыз сан ғасырлар бойы аңсаған тәуелсiздiкке қол жеткiздiк. Мемлекеттiк шекарамыз шегенделдi. Жаңа ғана осында орналасқан әскери бөлiмде болдым. Елiмiздiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету шаралары басты назарда ұсталуы тиiс. Қазақстанның экономикасы осы жылдар iшiнде 14 есе өстi. Ал күнi кешеге дейiн бiзге үлгi-өнеге болып келген Оңтүстiк Корея, Сингапур, Малайзия елдерiнiң бiрiншi жиырма жылдықтағы экономикасы 3-4 есе ғана артқан.
Мемлекет басшысы Оңтүстiк Қазақстан облысында қордаланып қалған проблемалардың түйiнi жүйелi түрде тарқатылып келе жатқанына тоқталды. Сырдария өзенiнен көпiр салынды. Темiржол мәселесi де шешiмiн тапты. «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» тасжолының құрылысы жүрiп жатыр. Су тапшылығын болдырмау мақсатында Көксарай су реттегiшi iске қосылып, Мақтаралға канал тартылды. Мақта зауыттары салынды.
- Мынау Тәуелсiздiк саябағы қандай керемет! Қала тұрғындары, жастар демалатын жер. Қала қоқыстан тазаланып, оны үлгiлi шаһарға айналдыру керек. Баяғыдан берi улы заттар бөлiп келе жатқан қала ортасындағы қорғасын зауытын көшiру қажет. Алматы, Астана қалаларынан кейiн Шымкент үшiншi қалаға айналып, халқы миллионға жетуi тиiс, -деп түйiндедi сөзiн Президент.
Бұдан кейiн Мемлекет басшысы бүгiн дiн туралы заңның қабылданғанын айта келiп, мешiтке адам атын қою, оқу орындарында хиджап кию дұрыс еместiгiне тоқталды. Сондай-ақ, Шымкентте өмiр сүру ұзақтығы 70 жасқа жақындағанын, ана мен бала өлiмi соңғы жылдары бес есеге азайғанын айтты.
Тәуелсiздiк саябағынан кейiн Елбасы Шымкент қаласындағы индустриалды аймақта болды. Бұл аумақта соңғы кезде шағын кәсiпкерлiк нысандарының қатары арта түстi. Көптеген жаңа жұмыс орындары ашылып, жұмыссыз жүрген сан мыңдаған кәсiптiк-техникалық бiлiмi бар мамандар еңбекпен қамтылды. Осы мақсат жолында жергiлiктi әкiмдiк кәсiпкерлерге барынша қолдау бiлдiрiп, түрлi жеңiлдiктер жасады. «Бизнестiң жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында қыруар қаржы бөлiнiп, инфрақұрылымдық қажеттiлiктер, яғни электр, газ, су, жол және кәрiз жүйелерi қайта қалпына келтiрiлдi. Осылайша, өндiрiс орнын ашуға талпынған кәсiпкерлерге жаңа кәсiпорындарын iске қосуына мүмкiндiк туғызылды. Ендi, мiне, не бары бiр-екi жылда аталған аймақта индустриялық орталық құрылып, ондағы зауыттар мен кәсiпорындар алғашқы өнiмдерiн iшкi нарыққа шығара бастады.
Елбасы осы аймақтағы «Арт-Құрылыс» ЖШС-нiң темiр-бетон өнiмдерiн шығаратын зауытына атбасын бұрды. Ондағы инвестициялық жобамен танысып, өндiрiс орнын аралап көрдi. Жұмысшылармен тiлдесiп, еңбектерiне табыс тiлеп, естелiкке суретке түстi.
Жылына 200 мың текше метр темiр-бетон өнiмiн шығаруды жоспарлап отырған зауытта қазiрдiң өзiнде 200-ге жуық маман еңбек етуде. Келешекте мұндағы жұмысшылар саны 500-ге артып, темiр-бетон өнiмдерiнiң 100-ге тарта түрi дайындалмақ. Әзiрге бұл кәсiпорын Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстiк Қазақстан облыстарын өнiмiнiң 10 түрiмен ғана қамтып отырған жайы бар.
Жалпы аумағы 7 гектарды құрайтын кәсiпорын еуропалық өндiрушiлердiң заманауи қондырғыларымен жабдықталған. Соның арқасында мұнда ғимараттар мен автокөлiк және темiржолдарға, одан бөлек суару, жылу, су, газ құрылыстарына қажеттi өнiмдер дайындалуда.
Кәсiпорын директоры Әнуар Төлендиевтiң айтуынша, зауытқа қажеттi шикiзаттың 90 пайызы өзiмiзден алынса, қалғаны көршi Ресей елiнен тасымалданады екен.
Мұнан кейiн Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев индустриалды аймақтағы «Феррум Втор» ЖШС-iнде болды. Бұл кәсiпорын жылына 3 мың тонна сұйық шыны және 1440 тонна силикат кесегiн шығарады. Заманауи зауыттың құрылысы былтыр қыркүйек айында басталған. Бiрiншi өндiрiстiк желi сәуiр айынан берi жұмыс iстеп тұр. Жобаның жалпы құны 75 миллион теңгеден асады.
Мамандардың айтуына қарағанда, зауыт құрылысы мен қондырғылар сатып алуға кеткен шығын бiр жарым жылдың iшiнде өтеледi. Себебi, өнiмге сұраныс көп. Бүгiнде Қырғызстан мен Түркiменстаннан тапсырыс қабылданып үлгерген. Келешекте зауыттың ауқымын кеңейтiп, сыйымдылығы әртүрлi баклашкалар мен шыны ыдыстар шығару қолға алынады. Серiктестiк директоры Серғазы Беркiнбаев Президентке кәсiпорынның өнiмi жайлы әңгiмеледi.
Серiктестiк металл өңдеумен де айналысады. Кәсiпорын ескi темiрдi қабылдап алып, өңдеп, жылына 6,5 мың тонна металл прокатын шығаруды жолға қойған. Бүгiнде жұмыр арматура мен төрт бұрышты темiр шыбықтың түрлi пiшiндерi шығарылуда. Сонымен қатар, серiктестiктiң диаметрi 6,5-8 мм аралығындағы темiр сымдары да сұранысқа ие. Бұған дейiн құрылысқа шетелдiң шегесiн пайдаланып келсек, ендi отандық өнiмдi қолдануға жол ашылмақ.
Мемлекет басшысы серiктестiктiң болашақ жоспарларымен де танысты. Кәсiпкерлер «Шымкент металлургия комбинаты» атты жоба әзiрлеген. Ондағы мақсат – жер қойнауынан темiр кенiн алып, одан дайын өнiм шығару. Комбинаттың құрамында пайдалы қазбаны тiкелей қалпына келтiретiн және одан темiр, болат өнiмдерiн жасайтын екi зауыт, бiр фабрика болады. Барлығы 1 500 адам жұмыспен қамтылмақ. Елбасы жобаны тезiрек қаржыландырып, iске қосу қажеттiлiгiн айтты. Жұмысшылардың жағдайын сұрап, индустриалды аймақта осы iспеттi нарыққа тез бейiмделетiн, әрi қоршаған ортаға зиянсыз шағын және орта кәсiпорындарды көбейту керектiгiне тоқталды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев индустриалды аймақтағы мамандар даярлау орталығына аялдады. Үстiмiздегi жылдың 1 қыркүйегiнде ашылған орталықта 150-ге жуық адам кәсiптiк және техникалық мамандық бойынша жаңашыл тәсiлмен бiлiм алып жатыр. Резеңке-техникалық және полимерлiк өндiрiс, түстi металды балқытушы тағы басқа да тапшы мамандықтар бойынша бiлiм алған түлектердiң алғашқы легi аймақтағы өндiрiс орындарына жұмысқа орналасып та үлгерiптi.
Айта кетейiк, Шымкенттегi бұрынғы фосфор зауытының аумағында жаңа жобалардың жүзеге асырылуына мемлекет тарапынан жоғары деңгейде қолдау көрсетiлiп келедi. Соның арқасында биылдың өзiнде мұндағы 46 жобаның 23-i iске қосылмақ.
Елбасы мұнан соң Шымкент қаласындағы халықаралық талаптарға сай салынған жеңiл атлетика спорт кешенiнiң ашылуына қатысты. Қажымұқан атындағы орталық стадион маңынан бой көтерген маңызды нысан Қазақстан ғана емес, Орта Азиядағы ең сапалы әрi көрiктi жеңiл атлетикалық кешен болып табылады. Ол облыс бюджетiнiң қаржысына салынған. Сметалық құны – 604088 мың теңге. «Шымкент Күрделi Құрылыс» ЖШС-нiң жобалауымен құрылыс жұмыстарын жүргiзген бас мердiгер «Контекс» ЖШС-i бiр жылдан астам уақыт iшiнде осындай сәулеттi ғимаратты пайдалануға берiп отыр. Кешенде бiрнеше қашықтыққа жүгiретiн сапалы манеж төселген. Мұнда ұзақ және қысқа қашықтыққа жүгiру, биiктiкке секiру, ұзындыққа секiру, ядро лақтыру және кедергiлер арқылы жүгiру сынды спорт түрлерiмен айналысуға барлық жағдай жасалған.
Кешендi аралап, танысып шыққан Елбасы облысымыздың ең таңдаулы спортшыларымен жүздесiп, оларға «Жаңа спорт кешенi жаңа жетiстiктерге жетелесiн. Келер жылы өтетiн Лондон олимпиадасында Қазақстанның атын әлемге танытыңдар» деген лебiзiн бiлдiрiп, естелiк суретке түстi.
Жағымды жаңалықтан қанаттанған спортшылар қауымы да халықаралық жарыстарда ел намысын қорғауда аянып қалмайтындарын айтып, спортқа жанашырлық танытып жүрген Елбасыға алғыстарын жеткiздi.
Серікқали Жексенбаев
Мақаланың сілтемесі: http://www.aorda.kz/?p=13509