Бағзыдан атажұрты бар қазақ көшпенді ме?


Скачать/Жүктеу

Қазақ деген ұлтқа тіркестіріп, оның қосымша атауына айналған «көш-пенділер» деген сөздің жымысқы астарына мән бермей, бүгінде соны мақтан тұтатынды шығардық.
Бір кезде І.Есенберлин өзінің шама-шарқымен баяндап шыққан ата-бабаларымыздың заманында-ақ біз төл мәдениеті, төл өркениеті ешкімнен сорлы емес, тарихты тамсандырған небір ғалымдары мен ғұламалары алты әлемге мәшһүр болған халық едік қой! Бұл мәселені осы жерден қайырар болсақ, «көшпенділер» деген сөз қазақ ұлтының тарихын мақтаныш тұтуға тұрарлық сөз емес.

Қазақ ешқашан көшпенді немесе көшпелі халық болған жоқ. Көшсе, өз жерінде ғана, өз елінде ғана жаз – жайлауы мен қыс қыстауының арасына қатынап жүрді. Онда да әр ру, әр тайпа өзіне ата-бабасы белгілеп берген аймақтан аттап, беталды қаңғуылдаған емес. Шынтуайтына келсек, әнебір жылдары «тың көтереміз» деген сылтаумен сол кезде Қазақ республикасына құмырсқадай қаптап келіп, бүгінде қаласа – қалып, қаламаса, қайта кетіп жататын орыстарды «көшпенді», «көшпелі ұлт» десе келіңкірейтін сияқты. Ал, бүгінде Қазақстанға орыстың да ар жағынан, мұхит асып келіп жатқан көшпенділер ше? Көшпенді деген атауды қызғансаңыз, келімсектер ше? Бар мағынасы латыншадан тәржімелегенде сол «көшпелі», «көшпенді» дегенді білдірсе де, ұлықтар «мигранттар» деп атайтын келімсектер ше?
Әрине, ықылым заманнан демей-ақ қоялық, бірақ талай-талай мемлекеттер тарихында осы күні «миграционный процесс» аталып жүрген көшпенділік үдерістері жиі-жиі болып тұрған. Бірақ бұл үдеріс қай заманда, қай мемлекетте де сол мемлекет тарапынан өз елінің, өз ұлтының мүддесіне, оның тіліне, дініне, салт-дәстүріне залалын тигізбейтіндей реттеліп, қатаң бақылауға алынып отырған және көршілес елдерді еш шығынсыз, қазақтар аузынан тастамайтын «елімізде тыныштық» деген аңғал ұғымды пайдалана басып алу үшін де осы миграциялық саясат немесе миграциялық үдеріс шебер қолданылған. Үй іргесіндегі қазақты тілінен, дінінен айыру үшін Мәскеу Қазақстанға тың игеруге, комсомолдық жолдамамен, Магнитка салуға, жас маман ретінде деп те осы миграция саясатын өте шебер пайдаланды…

Арғы тарихқа бармай-ақ орысқа патша болған неміс II Екатеринаның саясатына бір сәт көз тігіңіз. XVIII ғасырда Ресей өз маңайындағы елдерден қай жағынан да көш-құлаш озып шығып, ұшы-қиыры жоқ кеңістікке шекара канатын жайып жіберді. Бұл ұлан-ғайыр аймақта халық сирек қоныстанған, шабындығы шүйгін, егін егуге қолайлы құнарлы, сулы-нулы жер шалқып жатты. Сән-салтанатқа бөленген княгиня — әрі жауынгер, әрі ұқыпты неміс ұлтының өкілі, тақ мұрагерінің әйелі II Екатерина осы жерлерге орысы бар, немісі бар өз діндестерін қоныстандырудың – оның экономикалық та, әскери де маңызы зор екенін жақсы білді. Қысқасы, патшайым 1763 жылы 22 шілде күні Манифест жариялады. Онда ол еуропалықтарды осында көшіп келуге шақырып, олар келгенде ұзақ жылдар жасалатын жеңілдіктер мен небір еркіндіктер тізімін берді. Әп дегеннен айтайық, бүгінгі Қазақстанда ұлттық намысымызды былай ысырып қойып, шетелдіктерге, олардың дін таратушыларына, инвестор деген атты жамылып (айтпақшы, инвест сөзі «киіндіру», «жамылдыру» дегенді білдіреді) тегін байлыққа кенелу үшін келіп жатқандардың тілін, дінін емін-еркін таратуына, қазақтың тіліне де, салт-дәстүріне де, ділі мен дініне де пысқырмауына, пысқырмақ түгіл сол киелерімізге ашықтан-ашық қарсы жұмыс істеуіне бүкіл жағдай жасалып отыр. Соны көргенде біздің қазақ басшылары Екатерина заманындағы ұлттық санамыздан да айырылып қалған сияқты көрінеді. Өйткені ол кезде де, одан кейінгі патшалар заманында да қазақтың аман-есен ұлт болып қалуына, әсіресе тілі мен дініне дәл бүгінгідей қатер төнген емес. Шетелден келетін келімсектерге сол қатын патша өз дінін еркін тұтыну, қалада тұру немесе бос жерлерге ауыл-ауыл болып қоныстану, ол жерлерге шіркеулер мен ғибадатханалар салу, керегінше пастор (протестант шіркеуінің священнигі — М.К.) немесе өзге де шіркеу қызметшілерін ұстау, қазынаға ешқандай алым-салық төлемеу, мемлекетке қызмет етуге міндетті болмау, пәтерлерді арзанға жалдау, зауыт, фабрика салғысы келетіндерге жер беру, үй-жай, қора-қопсылық қосымша жер бөлу, олардың ісіне ешкімнің қол сұқпауы сияқты толып жатқан керемет жеңілдіктерді берді. Айтыңызшы, бүгінгі Қазақстанның жатжерліктерге, шетелдік көшпенділерге жасап отырған жеңілдіктерінің II Екатеринаның жеңілдіктерінен айырмашылығы бар ма? Бүгінгі Қазақстан бұл орайда сол «тетя Катяның» істегенін түгел қайталап, одан да асыра істеп отыр. Қатын патша шетелдіктерді Ресей жаулап алған, ар жағы – Қара теңіз, Азау теңізінің солтүстік жағалауы, мына жағы Қапқаз жоталары, башқұрттар, қазақтар жайлаған көл-көсір байтақ кеңістікке, бос жатқан жерлерге қоныстануға шақырды. Оның үстіне түп-тамыры немістен басталатын патшайым осы үндеуі арқылы Ресей империясына Пруссиядан, жеті жылдық соғыстан қалжыраған, көшелерінде жұмыссыз қолөнершілер мен жадау-жүдеу солдаттар, жері жоқ шаруалар үйір-үйір болып жүретін Германиядан немістердің ағылып келуіне кең жол ашты, яғни өз діндестеріне, өз отандастарына жол ашты. Ал біз кімге жол ашып отырмыз? Қатын патша өз қарамағындағы мұсылмандардың бос жатқан жеріне өз діндестері мен тілдестерін толтырмақшы болды. Ал қазақ жерін біз кімдерге толтырып жатырмыз? Әрине, ойдан келген ойық құлаққа, қырдан келген қиық құлаққа толтырудамыз. Сол заманда Ресейге Еуропадан келген әлгі көшпенділер орыстың әдебиетін, өнерін, ғылымын дамытуға зор үлес қосты. Ұлы ақындар, ұлы суретшілер шықты. Ал бізге келген XXI ғасыр көшпенділері не істеп жатыр? Ұлттық дәстүрімізді, тілімізді шұбарлап, дінімізден айырып жатыр!
Егер бір ғана әдебиет, мәдениет саласын алар болсақ, біз ең бір көркемдігі төмен, не айтпағы беймағлұм, ұлттық нышаннан жұрдай, тілі шорқақ, не мүлде сақау дүниелерге «Сорос» қоры әдейі беретін сыйлықсымақтарға мәз боламыз. Сайда саны, құмда ізі жоқ «тенгризм дініне (тәңіршілдікке) қайтайық» дейтін арандатушыларды әулиедей ұйып тыңдаймыз.
Бұл бүгін ғана, біз ғана айтып отырған құсалық емес. Бұл құсалық пен бұл қасіреттің айтылғанына 20 жылдың жүзі болды. Бірақ біздің «глобализованный», «цивилизованный», «европизированный», «толе­рантный», католикшіл басшыларға қазақтың сөзі жүрмейді. Біз «шетелдіктер жер байлықтарымызды су тегін дерлік арзан алып жатыр» деп бала сияқты бір ғана мәселені айтып бұртыңдап жүрміз. Ол бер­­жағы ғана. Ең сұмдығы солар бүгінде біздің

ҰРПАҒЫМЫЗДЫ МОРАЛЬДЫҚ АЗҒЫНДАТУ

жұмысын ең шырқау шегіне жеткізіп те қалды. Реті келгенде айта кетейік, қазір 70-80 жас аралығындағы қазақ шал-кемпірлерінің өзі қарт ата-ана дегеннен гөрі адамды әлдебір қорқынышты мақлұққа ұқсататын киімдер киетін болды. Көлікте қарсы алдында қу сүйек тізесінен жоғары шорт киіп, арса-арса бұтын көрсетіп отырған, шашын ніл жаққан түбіттей көкпеңбек не қып-қызыл қып бояп алған, онысының түбі әппақ, оның ар жағынан құйқасы көрініп тұрған, кейде тіпті шашын сыпыртып тоқал ешкіден айнымай қалған, тырнағы сояудай әжелерді көргенде жүрегің аузыңа тығылады. Мұны ұлттың азғындауы демей не дейсің? Ақыл-есі дұрыс адам 16-ға келгесін бір айтқанын жүз қайталай бермей, алды-артына көз жүгіртіп, ойлана бастайды. Он үшінде үйдің иесі болды, әкелеріміз. Әлім Сартай батыр 16 жасында өзі құралпы 1000 баладан жасақ құрап, Әбілқайыр ханның әскеріне қосылып, ел қорғаған. Осыдан 20 жыл бұрын туған ұлымыз бен қызымыздың осы күні көшедегі жүріс-тұрысына, тіліне, киген киіміне, қылығына зер салып қарап көріңізші. Бір ғана мысал, бұрын тасада, қалқалау жерде бірнешеу болып темекі тартып тұратын қыздар қазір жүріп келе жатып та, сенің қасыңа отыра қалып та бұрқырата береді және оларға «мынауың не» деп жатқан біреуді көрмейсің. Жезөкше, маскүнем, есірткіге үйір қыздар мен әйелдер – өз алдына. Қазір Орта Азия елдерінде қазақ қыздары «осындай өркениеттілік» жөнінен оза шауып барады. Бұл да бүкіл ұлтымыз санасыздана бастағанының белгісі емес пе?
Иә, қай заманда да бір ұлттың азғындауы, ең алдымен, оның әйел жыныстысының, қыз баласының азғындауынан басталады. Әйел – ерін, қыз ата-анасын тыңдамаудан басталады. Исламда төрт әйел алуға рұқсат етудің сол замандағы осындай бір жағдаятқа қатысты себебі бар. Сол кезде еркектен әйел бірнеше есе көп болып, елде зинақорлық, әйелдің шайпаулығы, әртүрлі жаман уақиғалар көбейіп кеткен. Кейбір замандастар бажылдаса бажылдасын, бірақ біз алдағы 15-20 жылда ұлт ретінде жойылып кеткіміз келмесе, ең алдымен, әйелдеріміз бен қыздарымызды ұлттық тәрбиеге, мұсылмандық тәрбиеге қарай бұруды дереу бастауымыз керек! Бұл, ең алдымен, мемлекеттік деңгейде қолға алынуы керек. Ашығын айтсақ, қазақ қыздары мен әйелдерінің жалаңаш-жалпы киінуіне, темекі шегіп, ішімдік ішуіне, түсік тастатуына тыйым салу керек. Бет-аузын бүркемесе де, басына орамал тартып жүрсін.
Ал «пәлен жерде пәленбай мешіт, пәленбай мектеп ашылды» деп дүбірлетіп той жасап, орыстың 3-4 қыз-жігітін теледидардан қазақша сөйлетіп қою – әлгі ұлттығымыздан айырылып бара жатқанымызды бүркемелеу ғана. Бір ғана Алматы мен Астана көшелеріндегі жастардың қылық-қылуасын, қай тілде сөйлесетінін, отырған-тұрған қимылын, киген киімін, тыңдаған музыкасын, көретін киносын бір-ақ күн тексеріп, зерттеп көріңізші. Егер өзіңізде ұлттық санадан, ұлттық намыстан, ұлттық тіл, діл дегеннен бірнәрсе қалған болса, мынадай өз ұрпағыңнан өзің безіп кеткің келеді.
Қазақ ұлтының мұндай күйге ұшырауына шетелдік келімсектер қызу жұмыс жүргізді десек, оларға сондай жағдай жасап келгендер, әлі де жағдай жасап отырғандар да – қазақ шонжарлары мен ұлықтары.
Қазір қазақ ұлықтары мен шонжарлары Қазақстанды дүниежүзіндегі діни сынақ алаңына айналдырды. Бір мемлекетте бірнеше дін болғаны түбінде жақсылыққа апармайтынын да олар жақсы біледі. Бірақ оларда «мен кеткесін топан су қаптаса да бәрібір» деген пиғыл басым ба» деген үрейіміз де жоқ емес. Тағы бір мысал: Бұрын шет жұрттан келетіндердің СПИД сияқты кеселі бар-жоғы тексерілетін еді. Соңғы жылдары бұл тексерулерден олар өтпейтін болды. Яғни, бұл олардың намысына тиеді-міс. Қазір Қазақстанды жайлап бара жатқан СПИД бізге тек Батыс елдерінен келді. Соны біле тұра олардың намысын ұлттың аман-саулығынан жоғары қоюдан өткен қылмыс жоқ.
Әсіресе, «Казахстан – наш общий дом» деген ұран қазақты бәрінен айырып, оның еліне, жеріне, басқа да рухани, материалдық байлық атаулысына кім көрінгенді қожайын ғып, қазақты барынан түгел айыратын ұран екенін әр қазақ түсінуі, түйсінуі керек.
Қазір Қазақстанда Өзбекстаннан келген көшпенділер өріп жүр. Біздің қазақтар «бейшара өзбектер өз елінде күнін көре алмай, осында келіп жүр» дегенді бірінен-бірі жаттап алған. Бұл – мүлде қате пікір. Біріншіден, алты құрлықты аралап әртүрлі кәсіппен айналысу — өзбектің ата кәсібі. Екіншіден, бұл – ХХІ ғасырға тән құбылыс. Бүгінде бүкіл түріктер мен африкалықтар – Еуропаға, оңтүстік америкалықтар АҚШ-қа барып әрі ел көріп, әрі жер көріп, әрі қосымша табыс тауып қайтады. Қазақстанға келіп жұмыс істеп жүрген өзбектер – Өзбекстанда үй-жайы, мал-жаны, тәп-тәуір қора-қопсысы бар адамдар. Ол жақтағы шаруаларын солар жүргізеді. Қазекем әйеліне бір машина, өзіне бір машина алып, соған бір, ең әрі кетсе екі бала салып алып, ол болмаса, итін мінгізіп қысы-жазы той өткізгенге мәз. Өзбекстанда азық-түлік, жанар-жағар май біздегіден әлдеқайда арзан. Бір өзбектің Қазақстанда тапқан 1000 (мың) доллары оның 5-6 баласы мен әйелін бір жыл асырауға жетеді. Оған қоса оның өз елінде азды-көпті қора-қопсысы, бау-бақшасы тағы бар. Олардың жері – аз, ал халқы 30 миллиондай болды. Дені өзбектер. Әр өзбектің үйінде 9-10-ға шейін, кейде одан да көп бала бар. Өзбек әйелдері қазақ әйелдері мен қыздары секілді «гендерлік саясат» деп еркектерін жаналқымға алып жүрген жоқ. Өткен жылғы мәлімет бойынша 9 миллион өзбек елінен сыртта жүр екен. Егер әр өзбек 5-6 айдың ішінде Қазақстаннан 2-3 мың доллар тауып, еліне жібергеннің өзінде біздің қанша ақша Өзбекстанға кетіп жатқанын есептей беріңіз. Тағы бір шындық – сол өзбектердің қазақ қыздары мен әйелдеріне бала туғызып, тұқым тастап кетіп жатқандарының да аз еместігі. Күндердің күні болғанда ол бала анасынан әкесін сұрайды. Анасы амалсыз шынын айтады. Ол баланың көкейінде «мен өзбек шатыспын» деген бір ой тұрарына сөз жоқ. Демек, ол – өзін таза қазақпын деп есептемейтін, ойы алакөбең азамат.
Иә, бір кезде қазақты кемсітіп «көшпенді» деген атақ таңылды. Бірақ қазақ көшсе, өз елінде, өз жерінде ғана көшіп жүрді. Ол заманда нағыз көшпенділер қазақ жеріне келіп басып алып жатқан орыстар еді. Ал мына заманда қазақ жеріне жан-жақтан шегірткедей қаптап келіп жатқандар ше? Олар қазаққа не әкеліп беріп жатыр? Бұл – әрбір саналы қазақ ойланарлық шаруа.

Мырзан КЕНЖЕБАЙ


Скачать/Жүктеу

Комментировать

Вам необходимо войти, чтобы оставлять комментарии.




1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Сайт картасы