Скачать/Жүктеу
Төле би – қазақ тарихында аса маңызды іс-әрекеттерімен бағаланатын атақты шешен, ірі қоғам және мемлекет қайраткері, қазақ халқының бірлігін қалыптастырып, нығайтуға зор үлес қосқан әйгілі үш бидің бірі. Он бес жасынан ел билігіне араласқан, ақыл-парасаттылығы, әділ шешімі, шешендік өнерімен ерекше көзге түскен. Атақты Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билермен бірге Тәукені хан етіп сайлауға қатысады. Үш жүздің ұлықтарын бір орталыққа бағындыруға, бірегей қазақ хандығын нығайтуға атсалысады. Жоңғар шапқыншылығына қарсы туыстас қазақ, қарақалпақ және өзбек халықтарының жауынгерлік одағын құруға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыруға белсене араласады. Әсіресе Қазыбек би, Әйтеке бимен бірлесе отырып, қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарының жинағы болып табылатын «Жеті жарғының» қабылдануына атсалысуы ұлттық заңнама тарихымыздағы аса маңызды шаралардың бірі болып қалды. Қазақ тарихында ең бір ауыр кезеңде ел басшысы болған, екі жағындағы алып империялар Ресей, Қытай секілді алпауыт мемлекеттермен өз халқы үшін оңтайлы саясат жүргізген Абылай ханды тәрбиелеп, азамат қатарына қосуда Төле би зор еңбек сіңірген.
Ішкі және сыртқы саясатта сара бағыт ұстанған Төле бидің әділ, шыншыл, даналығы мол, ойлы тұлға екендігі жөнінде көп әңгімелер ел ішіне кең тарап, сақталған.
1748 жылы орыс сауда керуені тоналғанда бұған кінәлі болған өз туысы Қойгелді батырды билер алқасына шақыртып алып, оған керуен шығынын жұрт көзінше төлеттіреді. Тағы бір мысал, 1748 жылы Әбілқайыр хан қаза тапқанда оның баласы Ералы сұлтан әкесінің құнын даулап Төле биге шағымданады. Төле би Әбілқайырдың өлімі үшін Жеті жарғы заңына сәйкес айыпкерлер жеті құн төлеуі керек деген шешім шығарады. Төле би Әбілқайыр ханның өлімі үшін жеті адамның құнын кескенде де, туысы Қойгелді батырға тоналған орыс сауда керуенінің шығынына екі мың жылқы төлеуге шешім шығарғанда да елдің елдігін бұзбауды, әлі келгенше халықтың тыныштығын, тұтастығын сақтауды көздейді. Оның артына қалдырған көптеген өсиет сөздері ұрпаққа адаспайтын жол көрсетіп, жөн-жоба сілтейтін терең ойлы мағынаға толы.
Шешендігі мен даналығы, әділдігі мен парасаттылығы ұштасқан Төле бидің «Көпті қорлаған көмусіз қалады», «Хан азса халқын сатады, халық азса хандыққа таласады» т.б. осы тәріздес өсиет сөздерінде бүгінгі күнде де басшылыққа алатын, көңілге түйетін мәні зор ойлар жатқаны айқын көрініп тұр.
Төле би халық арасында «Қарлығаш әулие», «Қарлығаш би» деген атпен де танымал. Бұлай аталуы туралы да аңыз сақталған. Құрманғазы секілді Төле бидің сүйегі де өзге мемлекетте Өзбекстан астанасында жатыр. ХІХ ғасырдың 20-жылдарына дейін Ташкент қазақтың жері болғаны белгілі. Ұлы би өмірінің соңғы жылдарында Ташкентте тұрып, ел басқарған.
Қ.Алпысбаев