Скачать/Жүктеу
Тәуекел – 1586-1598 жылдары хандық құрған қазақ ханы, батыр, қолбасы. Әз-Жәнібектің немересі Шығай ханның ұлы. Шығай өзінің баласы Тәуекелді саяси істерге ерте араластырып, әскери жорықтарға қатыстырады. Шығай хан Бұхар ханы Абдолламен бірігіп, Ақназарды өлтірген Баба сұлтаннан өш алуды ниет еткен. Бірақ Баба сұлтанға қарсы Ұлытау жорығында Шығай хан қайтыс болады. Тәуекел хан таққа отырысымен ата жауы Баба сұлтаннан өшін алады. Баба сұлтанның басын алып, Абдоллахқа сыйға тартады. Тәуекел жоңғар-қалмақтарға тойтарыс беру үшін Ресеймен одақтасуға күш салады. Мұндағы мақсаты – Абдоллах пен Көшім хандарға қарсы әскери одақ құру және қару-жарақ мәселесі және соғыста тұтқынға түскен інісі Ораз-Мұхамедті қайтару еді. Ал Ресейдің мақсаты – Көшім ханға қарсы күресте одақтасу, оны Орта Азия хандықтарымен келіссөз жүргізуге пайдалану, Абдолла ханға қарсы Тәуекел мен Иран шаһы Аббас І-дің арасында одақ құру еді. Тәуекел хан 1595 жылы Степанов бастаған елшілік өкілдерін қабылдайды. Патша үкіметі әскери көмек көрсетпекші болып шешеді. Тәуекел хан мен оның інісі Есім сұлтанның Мәуереннахрға жасаған жорығы сәтті аяқталып, нәтижесінде Түркістан, Ташкент, Ферғана, Әндіжан, Ақси, Самарқанд сияқты қалаларды өздеріне қаратты. 1598 жылы Бұхарамен жасасқан шарт бойынша Сырдарияның орта ағысы бойындағы қалалар Қазақ хандығына қарады.
ХVI ғасырдың соңында Бұхарда Абдоллах хан қайтыс болғаннан соң іштей тақ таласы басталған. Осы кезді ұтымды пайдаланам деген ниетпен Тәуекел хан Бұхараны алмақ болады. Алайда Бұхараны қоршау кезінде қатты жараланып, көп кешікпей дүние салады.
Г.Әріпбекова