Скачать/Жүктеу
Сәби кезінде ұшқыш болсам деп армандамайтын бала сирек болар. Екі рет Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған Талғат Бигелдинов те осындай ізгі арманның иесі болды. Батыр кәдімгі ауыл баласы еді, ол 1922 жылы Ақмола облысы, Ақмола ауданы, Майлыбалақ ауылында дүниеге келді. Оның жастық шағы Фрунзе (қазіргі Бишкек) қаласында өтеді. Талғат осы қаладағы аэроклубқа үзбей барып жүргендіктен, оның ұшқыш болуға құмарлығы бірте-бірте арта түседі. Сөйтіп ол он алты жасында парашюттің жібек жібін ұстап, зеңгір көктен жерге қарай талай секірді. Аэроклубтағы осындай жаттығуларды толық меңгерген Талғат өзі талаптанып, Орынбор және Саратов қалаларындағы әскери авиация училищелеріне түсіп оқиды.
Сұрапыл соғыс біреудің арман қанатын қиып түссе, Талғат секілді ұшқыш болып Отанымның керегіне жарасам деп армандаған жандардың өзін-өзі сынайтын уақытын жақындатып-ақ жіберген жоқ па?! Ел басына күн туған 1943 жылдың қаңтар айында Т.Бигелдинов 144-гвардиялық авиация полкіне қабылданады. Қанды соғыс кезінде Талғат Бигелдиновтің жүрек жұтқан батыр болғандығын айғақтайтын әрекеттері көп болды. Мәселен, жанындағы достарынан айырылып, жалғыз қалған ұшқыш өзінің ізіне түсіп, пулеметтен оқ жаудырып келе жатқан, аса тез ұшатын жау ұшағына өзінің штурмовигін шұғыл бұрып алып, оны өзінің оқ құшағына алған. Неміс ұшқышы оқыстан болған бұл әрекетті мүлдем күтпеген болатын, сондықтан да лезде отқа оранып, жерге құлдыраған.
Осылайша ұшқыштық шеберлігі күн сайын ұштала түскен Талғат аспанға көтерілген сәтте, жау әскері командирлерін талай-талай есі кетіп, құдайына сыйынатындай жағдайларға душар етті, батыр жау ұшақтарын баудай түсіріп, танктерін, автомашинасын, зеңбірегін бірден-ақ жойып жіберіп отырды.
Аспан көгінде ойнақтаған кешегі сержант капитан дәрежесіне дейін көтеріліп, «ИЛ-дер» эскадрильясын басқарды. Кеңес Одағының Батыры Т.Бигелдинов басқарған бұл эскадрилья Харьков түбінде, Днепр өзенінен өтерде, Львов операциясы кезінде неміс басқыншыларына жойқын соққы беріп, Одер және Нидте асқан ерлікпен Берлинге шығар жолдарды ашты. Батыр Берлин төбесімен өте төмен ұшып, картаға жау әскерінің шоғырлануын түсіріп алады, бомба тиеп алып, гитлершілерді тұншықтыруға аттанып бара жатады. Осындай ерен ерліктері үшін 1945 жылы 26 қазанда Т.Бигелдиновке екінші рет Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Жас ұрпаққа батырлықтың керемет үлгілерін көрсеткен қос Алтын Жұлдыз иегері Талғат Бигелдинов бейбіт өмірге аман-есен оралғаннан соң да Әскери-әуе академиясын бітіріп, әртүрлі қызметтер атқарды. Оның өмір жолы мен кереметтей ерлік істері ел есінде мәңгіге сақталардай болды.
А.Мұсабекова