Скачать/Жүктеу
Қазақта «Күш атасы – Қажымұқан» деген сөз кең тарап кеткен. Оның себебі де жоқ емес. 1883 жылы Ақмола облысы Қараөткел ауылында Мұқан (Қажымұқан) атты сәби дүниеге келеді. Ол жасынан-ақ ерен күшімен әр мезет ауылдастарын таңғалдырып жүреді. Мұқан 18 жасында алғаш рет Омбы қаласында ашылған циркте орыс палуаны И.Злобинмен белдеседі. И.Злобин оған Петербургтегі күрес мектебінде оқуға кеңес береді. Бұл ақылды құп алған Мұқан осы мектепте екі жыл оқып, үлкен күрес өнеріне жолдама алады. Сөйтіп Мұқан Германияның Кельн қаласында неміс палуаны Генрих Веберді жеңеді, Рига қаласында да бас бәйгеге ие болады. 1910 жылы Варшава қаласында өткен халықаралық жарыста кіші алтын медальды, Америкада, Аргентинаның астанасы Буэнос-Айрес қаласында еркін күрестен үлкен медальды жеңіп алады.
1911 жылы Мұқан Стамбулда түріктің атақты палуаны Нұрлыны жығады, сол үшін «қажы» атағына ие болып, Қажымұқан атанады. Саратов қаласында ашылған ағайынды Никитиндер циркінде қазақ батыры бірінші рет осы «Қажымұқан» деген атпен күреске шықты. Бұдан әрі палуан Тегеран мен Кабулда, Мекке мен Мединеде өткен жарыстарда жеңістерге жетті. 1913 және 1914 жылдары Троицкі мен Парижде өткен жарыстарда әлем чемпионы болды. Қажымұқан қазақтың ұлттық күрес өнерін ғана емес, жапон халқының ұлттық күресі джиу-джицуденді де меңгерді. Дегенмен Еуропа қалаларында өнер көрсеткен Қажымұқан барлық жарыстарға Ресейдің атынан түсіп жүргенін айта кету керек. Қажымұқанның өлең шығаратын да өнері болған.
Қажымұқанмын қазақта күшім асқан,
Достарым алып палуан орыстардан.
«Черный Иван» атанып он екі жыл
Жиырма төрт патшаның жерін басқам , -
деп жырлаған екен палуанның өзі. Айтса – айтқандай, палуан дүние жүзінің бірнеше дүркін чемпионы болған Иван Поддубныймен, Иван Шемякинмен, Иван Заикинмен және атақты палуан Вейланд Шульцпен өмір бойы дос болып өтті.
1927 жылы ҚазАКСР Орталық Комитетінің Президиумы Қ.Мұңайтпасовқа «Қазақ даласының батыры» деген атақ берді. Ұлы Отан соғысы жылдарында жасы қартаң тартып қалған палуан күш өнерін көрсетіп жүріп жинаған 100 мың сом ақшасына ұшақ жасатты да, оған Амангелді Имановтың атын беріп, майданға жіберді. Осы ұшақпен қазақ ұшқышы Қажытай Шалабаев 120 рет жауынгерлік тапсырма орындады.
Спорт өнері жолында Қажымұқан 148 алтын, күміс, қола медаль алған екен. Алып күш иесі Қажымұқан 1948 жылы 12 тамызда қаза болды. Темірланда Қажымұқанға ескерткіш орнатылған. Астана, Шымкент қалаларындағы стадиондарға палуанның аты берілген және бірнеше қалаларда Қажымұқан атындағы көшелер бар.
А.Мұсабекова