Скачать/Жүктеу
Қазақстан ғылымы мен мәдениетінің қалыптасуына елеулі үлес қосқан ғалым. Түркі халықтарының ортақ мақтанышы, тұңғыш тарихшысы. Күні бүгінге дейін Қазақстан мен Орталық Азия елдерін зерттеушілердің көбі оған жүгінеді. Түркі тектес халықтардың мәдениетін зерделеуші еуропалық ғылымдардың қай-қайсысы да Мұхаммед Хайдар Дулати еңбегіне соқпай кете алмайды. Оның басты еңбегі — әлемге әйгілі «Тарихи Рашиди» шығармасы парсы тілінде жазылып, дүние жүзіне таралған.
«Тарихи Рашидиді» Хайдар мырза 1544—1546 жылдар шамасында Кашмирде жазған. Ол екі дәптерден, яғни екі бөлімнен тұрады. Мауереннахрдағы Шағатай әулеті құрған мемлекет XIV ғасырдың ортасына таман біржола ыдырап, екіге бөлінеді, Моғолстан деген атпен белгілі болған шығыс бөлігіне Жетісу, Тараз-Талас маңын мекендеген беделді де белгілі тайпа — дулаттардың қолдауымен Тоғылық Темір (1330—1362 жылдары) хан болады.
«Тарихи Рашидидің» бірінші дәптерінде сол Тоғылық Темір ханнан бастап өзін Жаркенттен кетуге мәжбүр еткен Абд-ар-Рашид ханға дейінгі Моғолстанда екі ғасырға жуық уақыт арасында болған тарихи оқиғалар өңгімеленеді. Мысалы, Шағатай текті Шер Мұхаммед хан мен Уәйс ханның Моғолстан тағы үшін болған қанды айқастары, Уәйс ханның тілегіне жеткені, оның қалмақтармен болған сансыз соғыстары да баян етіледі.
Сөйтіп, ол Моғолстанның хандары, дулаттан шықкан әмірлері мен бектері, онда өмір сүрген түркі тайпаларының тыныс-тіршілігіне тоқталды. Ханның өзі және ұрпақтарының Мөуереннахрда, сондай-ақ қазақ хандары һәм сұлтандарымен жүргізген соғыстары жайлы тәптіштей баяндаған. Хайдар мырзаның бір ерекшелігі — ол тек шындықты ғана жазды. Тарихшы ғалымдардың барлығы да Хайдар мырзаның осы бір қасиетіне ерекше мөн береді.