Скачать/Жүктеу
Қазақ ән өнерінің тарихында қайталанбас тұлға ретінде бағаланатын Әміре Қашаубаев таланты – сирек кездесетін талант. Ауызша айтылатын ол туралы әңгімелерде әншінің даусы аңызбен астасқан қиял-ғажайып ертегілерде болатын құбылыстардай әсерде бейнеленеді. Сондай бір әңгіме былайша баяндалады. Өткен ғасырдағы жиырмасыншы жылдардың аяғында Әміре бастаған әртістер Алматы облысы, қазіргі Райымбек ауданындағы Қарқара жайлауында концерт қойып жүреді. Кезекті бір концертте әнге шөлдеп отырған халық әртістерді жібермей концерт ұзаққа созылады. Түн жарымынан ауып, концерт аяқтала бергенде бір топ атты кісі сау ете түседі. Сөйтсе, өрісте жылқы бағып жүрген жылқышылар екен. Жайлаудағы ашық далада шырқалған әнді естіп жеткен беттері екен. Жылқышыларды тәнті қылып, делебелерін қоздырып талықси жеткен асқақ дауыс Әміренікі болады. Ал жылқышылар келген жермен концерт болып жатқан жердің арасы сегіз шақырымның үстінде дейді.
Шындығында да Әміренің даусы өте биік ноталарды қиналмай алатын әрі диапазоны өте кең аса сұлу үнді болған. Мұны дәлелдейтін тыңдаушысын еріксіз мойындатқан тарихи фактілер аз емес. Соның бірі 1925 жылы Париж қаласында өткен бүкіл дүниежүзілік ән өнері көрмесінде екінші бәйге және күміс медаль алып қайтуы. Тіпті Әміре бірінші бәйге алғандай екен, әнші даусының күштілігі сонша, оның табиғи дауыс екендігіне сеніміздік білдірген қазылар алқасы адамда мұндай дауыс болуы мүмкін емес деген күдікпен екінші бәйге беріпті деген әңгіме де ел ішінде айтылады. Қалай болғанда да Әміренің орындаушылық шеберлігі, даусының өте күштілігі мен диапазонының кеңдігі, үнінің аса сұлу, әуезділігі тыңдаушысын тамсандырмай қоймаған. Осындай өзінің әншілік дарыны арқасында жоғарыда Париждегі көрмеде қазақ әнін тұңғыш рет әлем кеңістігіне шығарып, Европа жұртшылығын таңғалдырып мойындатқан Әміре кейін, 1927 жылы Москва консерваториясында, осы жылы Германияның Майндағы Франкфурт қаласында өткен халықаралық музыкалық көрмеде өнер көрсетіп, қазақ әндерін тағы да әлемге паш етті, асқақтата шырқады.
Қ.Алпысбаев