Скачать/Жүктеу
Лекция мақсаты: Жиембет жыраудың шығармашылығымен таныстыру, толғауларының мәнін көрсету.
Жоспар:
- XVII ғ. қазақ әдебиетіның даму сипаттары.
- Жиембет жырау Бортоғашұлы (XVII ғ.) өмірінен мәлімет.
- Оның Есім ханға, Жолымбетке айтқандары.
Жиембет Бортоғашұлы ХVІІ ғ. аса көрнекті ақыны, ірі ойшылы, қырағы сардары. Ол Есім ханның әскербасы батырларының бірі, әрі жорықшы жырауы. Жиембеттің бұлайша халық аузында сақталуы, ол ең алдымен елдің көкейіне қонымды жыр толғап, бойындағы ақындық шабытын батырлықпен байланыстырған болса керек. Мұның үстіне, Жиембет өзі тұстас кейбір хан мен билерге наразылық білдірген, тіл тигізе батыл сөздер де айтқан, өз дәуірінің өткір азаматы болған. Кейбір деректер бойынша Би Темірұлы Тәуекел ханды да көрген, оған арнап өлең де шығарған. Тәуекелге айтқан сөздерінің үлгісі «Ертедегі қазақ әдебиеті» хрестоматиясында басылған.
Жиембет жырау кіші жүз, он екі ата Байұлының бір атасынан, алшын тайпасынан. Бір атадан Жиембетпен бірге Жолымбет, Ахмет деген ұлдар туады. Туып-өскен жері — қазіргі Орал облысы, Тайпаң ауданы. Негізгі мекені —Байбарақ, Байшерек деген жерлер.
Жиембет кезінде Есім ханмен жағаласып өткен батыр жырау. Есім оны қатты жазалап, тұтқындау амалын да қарастырғанға ұқсайды. Осыдан Жиембет пен Жолымбет елден безіп, бөтен жаққа қашып кетуге мәжбүр болған. Жиембет пен Есім хан арасында ел аралық бітімгерлік, жер дауы, жесір дауы кезінде келіспеушілік өрістей берген. Бетің бар, жүзің бар демей, турасын кесіп айтатын өжет батыр ханның озбыр жөн-жосықсыз іс-әрекеттеріне қарсы болып, көптеген өлеңдер шығарған. («Еңсегей бойлы Ер Есім…», т.б.)
Жиембеттің көлемді бір толғауы «Жақсы үгіт» жинағында 1908 жылы басылып шықты. Ол жыраудың Есім ханға айтқан жыры. Жырау ханға еткен істерін еске салып қана қоймай, кейде өзінің батырлық жорықтарын баяндап, айбар да көрсетеді.
Ел аузындағы аңыздарға қарағанда, Жиембет тек жырау ғана емес, жиһанкез де болғанға ұқсайды. Қазақстаннан басқа көптеген жерлерді аралаған сияқты. Халық Жиембетті әділ би, шешен жырау, айлалы «аруақты» батыр деп дәріптейді. Жиембет жыраудың аты «Қазақ тарихында» да аталады. Жиембетті халық ақындары жақсы білген. Оның өлеңдерін Ығылман Шөреков соңғы кезге дейін жырлап келген. Ол «Жиембет батырдың ашуы» деген тақырыпта толғаулар айтқан.
Жиембеттің ақындық өнері өз кезіндегі жыраулардан кем түспеген. Ол — халық ауыз әдебиеті жетістіктерін жете меңгерген суырып салма импровизатор. Әсіресе өзінің бойындағы қасиеттерді бейнелеуге қолданған теңеулерінің асқақ та айқын екендігін атап көрсету орынды. Олар жыраудың тіл ерекшелігін де таныта алады. («Менің ерлігімді сұрасаң…»).
Өзін-өзі бақылау тапсырмалары:
- Жиембет жыраулың Тәуекел ханға қатысты көзқарастары, ол туралы дерек көздері.
- Есім хан тұсындағы тарихи оқиғалардың шындық сипаттары.
- Поэтикалық тілінің бейнелілігі.
- «Еңсегей бойлы ер Есім» толғауынан үзінді жатта.
Әдебиет:
- Ай, заман-ай, заман-ай. А., 1991.
2. Бектуров Ж. Художественно-композиционные особенности поэзии жырау и акынов. (Автореферат дисс.) А., 1990.
3. Бес ғасыр жырлайды. (екі томдық). А., 1989.
4. Кенжебаев Б. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері. А., 1973.
5. Мағауин М. Қобыз сарыны. А., 1968; Ғасырлар бедері. А., 1991;
Қазақ тарихының әліппесі. А., 1994.
6. Мәдібай Қ. Хандық дәуір әдебиеті. А., 1996.
7. Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері. А.,1967
Қазақ әдебиетінің тарихы. А., 1997.
8. Негимов С. Өлең өрімі. А., 1980; Ақын-жыраулар поэзиясының бейнелілігі. А., 1991.