Скачать/Жүктеу
ХIX ғасырдың соңғы ширегі Түркістан тарихының ең қараңғы кезеңдерінің бірі еді. Бұл кезеңде патшалық Ресей Түркістанды жаулап алуын толық аяқтаған. Бұдан кейін Петербург өкіметі бұл жерлердегі билігін нығайтуға күш жұмсап жатты. Сонымен қатар Түркістанның кең даласын мүмкіндігінше жан-жақты қанау шараларын жүргізді. Ресейдің ішкі аймақтарындағы жері жоқ орыс мұжықтарының Түркістанға жаппай көшулерін тездетті.
Түркістандағы жергілікті орыс билеушілері де осы саясатқа сай билік жүргізді. Меншікті жер мен мал-мүлікке ие болуға әбден құнығып алған орыс келімсектерінің Түркістанның жергілікті қазақ, қырғыз, өзбек, тәжік және түрікмен секілді халықтарының жерлерін иемденуіне тосқауыл болмады. Мұндай әділетсіздікке қарсы халық шарасыз еді. Өйткені жерлерінің қолдарынан тартып алынуына қарсы тұрарлық күш-қауқарлары жоқ еді. Әділетсіздікке қарсы бас көтеріп, қаруланып, жерін қорғауға тырысқандар ауыр жазаға тартылды. Халық жер дауына байланысты жүгініп барған орыс сот орындарынан көбіне оңды нәтиже ала алмады. Өйткені халық жергілікті жәрежеде орыс тілі мен заңдарын білмеуші еді. Түркістан осындай саяси-әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан қиын жағдайға тап болып отырған тұста Шоқай дүниеге келді.
Мұстафа Шоқай 1890 жылы 7 қаңтар күні жалпы Түркістан өлкесіне қарасты Сырдария округіндегі Ақмешіт қаласына жақын орналасқан Наршоқы ауылында дүниеге келді. Мұстафа қазақтардың қыпшақ руына жататын текті отбасының ұрпағы. Қоқан хандығында жоғары шенді әскер болған атасы Торғай Датқа Қуатбайұлы Қыпшақ ішіндегі Шашты руының биі еді.
1853 жылы генерал Перовск басшылығындағы орыс қосындары Ақмешіт қаласын басып алды. Сөйтіп, Қоқан хандығы Ақмешіт қаласынан көз жазып қалды. Бірақ Торғай Датқа қаладан кеткен жоқ. Мұның нақты себептерін білмейміз. Өзіне қарасты руымен бірге қоныс аударуға мүмкіншілігі болмаса керек. Торғай Датқаның сол аймақтағы жоғары беделін пайдаланғысы келген генерал Перовск оған өз қарамағынан қызмет ұсынды. Орысша білетін Торғай Датқа орыс әкімшілігі мен жергілікті халық арасындағы келіспесушіліктерді реттеу туралы кеңесші қызметке тағайындалды.
1872 жылы қайтыс болған Торғай Датқа туралы мағлұматтар тапшы. Бірақ оның Қоқан хандығындағы жоғары лауазымды қызметіне сай жан-жақты білім иесі, орыс тілімен қатар араб және парсы тілдерін жетік меңгерген сауатты адам болғандығы байқалады. Діндар болған Торғай Датқа екі рет қажылыққа да барып қайтады.
Торғай Датқаның Шоқай, Қалымбет, Әліш және Осман атты төрт ұлы болады. Торғай Датқа осылардың ішінде Мұстафаның әкесі Шоқайға ерекше бір сүйіспеншілікпен қарайды. Патшалық Ресей әкімдерінің нұсқауымен дайындалған Сырдария аймағының беделді азаматтары туралы альбомда Торғай Датқаның суретінің Шоқаймен бірге орын алуы, оның оған деген ерекше ықыласының бір көрінісі болса керек.
Әкенің Шоқайға деген ықыласын оның бойындағы игі қасиеттердің басымдылығымен түсіндіруге болады. Айналасындағыларға көмектесуді ұнататын Шоқай ақылды іс-әрекеттері, орынды пікірлері және байсалды мінезімен халық арасында зор беделге ие болды. Халық өз ішіндегі дау-дамайларда төрелік етуге келгенде, әділ де сенімді деп тапқан Шоқайға жүгінді. Халық оның төрелігіне риза еді. Сондықтан әкесі Торғай Датқадай ресми мансап иесі болмаса да, халық оған би атағын берді. Халық оны Шоқай би деп атап кетті.
Халық Шоқайға тек өз арасындағы мәселелерде ғана емес, сонымен қатар орыстармен болған дауларда да жүгінетін еді. Мұндай жағдайларда Шоқай олардың әрі тілмашы және әрі заңгері болды. Халық, әсіресе, ағылып келіп жатқан орыс келімсектерінің өз жерлерін зорлықпен тартып алуларынан зардап шекті. Орысша білмейтін халық шағымдарын жергілікті орыс әкімдеріне жеткізуде қиыншылық тартты. Мұндай жағдайларда олардың көмек сұрап баратын адамы, орыс тілін жақсы меңгерген Шоқай би еді. Шоқай би оларға әлі келгенше, жеткенінше қол ұшын беретін.
Алайда жергілікті халық пен келімсектер арасындағы даулардың көпшілігі сотта орыстардың пайдасына шешіліп жатты. Өйткені орыс тілін білу әділетсіздікпен күрес үшін жеткіліксіз еді. Сонымен қатар орыс сот орындарында жүретін заңдарды да жақсы білу қажет. Өкінішке орай, ол кезде қазақ арасында патшалық Ресей заңдарын жетік білетін заңгерлер тапшы еді.
Орыс сот орындарының келімсектер пайдасына қабылдаған үкімдеріне халық үнемі мойынсұна бермеді. Кейде әділетсіз шешімдерде бағынбай қарсылық көрсетушілер де табылды. Олар зорлықшыл келімсектерден жерлерін қайтарып алу үшін соңғы шара ретінде қақтығысқа барды. Келімсектермен қақтығысқан қазақтар сот орындарында айыпты деп табылып, Сібірге жер аударылды. Шоқай би келімсектер мен жергілікті орыс әкімдеріне қарсы айқасқа барудың пайда емес екенін түсінді, қайта жағдайды ушықтырып жіберетінін білді.
Сондықтан ауық-ауық өзі де осындай әділетсіздіктерге душар болғанда басына түскен ауыртпалыққа мойынсұнудан әріге бармады. Орыс әкімшілігі Шоқай бидің үйін мектеп пен мұғалім, қызметкерлер тұратын жатақханаға айналдыру мақсатымен ақы төлеместен екі рет тартып алды. Шоқай мұндай әділетсіздіктерге қарсы күрес жүргізуден еш нәрсе өңбейтінін білгендіктен, екеуінде де көнбістік танытып, басқа жаққа қоныс аударып, жаңадан үй салды. Ал енді бірде келімсектердің қасақана қиянатына тап болды. Олар Шоқайдың егінге дайындап, жыртып қойған егістік танаптарын тартып алды. Шоқайдың бұған да шыдап, көнуден басқа амалы жоқ еді.
Шоқай би қарапайым тіршілік кешті. Ешқандай ресми қызмет атқармаған Шоқай би табан ет, маңдай терімен күн көрді. Күнкөріс табысын қазақ халқының дәстүрлі мал шаруашылығынан гөрі, егіс өнімдерінен шығарып отырды. Өсірген өнімдерінің бір бөлігін сатып, бір бөлігін заттай айырбастау арқылы ырзығын айырды. Шоқай би өсірген өнімдерінің бір қатарын Ыстықкөл жаққа ұзатқан қыздарына жіберіп, олардан мал алып отырды. Өнімінің қалғанын мал мен шаруашылығына керекті құрал-саймандар үшін сол маңайдағы орыстармен айырбасқа жұмсады. Осылайша Шоқай асқан бай болмаса да орташа тұрмыс кешті.
Мұстафа Шоқайдың нағашы жұрты да қазақтар арасында беделді әулет еді. Анасы Бақтының әкесі жауынгерлігімен аты шыққан кісі болды. Түркістанды жаулаушы патша әскеріне қарсы жорықтарға қатысты. Әкесі Бақтыны да өзі секілді жауынгер етіп өсірді. Сірә, жорықтардың бір қатарына Бақты да қатысты. Ат құлағында ойнап өскен Бақты сонымен қатар бірсыпыра білім де алды. Өлең жазатын және дастандарды жатқа айтатын Бақты араб тілін де білетін еді.
Бақты – Шоқай бидің тоқалы еді. Шоқай би бәйбішеден бала сүймеді. Сондықтан екінші мәрте Бақтыға үйленген болуы керек. Шоқай бидің бес баласының бесеуі де Бақтыдан. Мұстафа үйдегі төртінші бала болды. Мұстафаны үйдегілер еркелетіп өсірді. Мұстафаға туған анасымен қатар бәйбіше де ерекше ықылас пен мейірім көрсетті. Мұстафа бастауыш мектепке баратын кезде төсек тартып, ауырып жатып қалғанда бір апта бойы үлкен шешесі бақты. Шоқай бидің ел ішінде беделді болуы төңірегінің Мұстафаға ерекше ықылас білдіруіне негіз болған сияқты.
Осылайша Мұстафа балалық шағында мейірімге бөленіп өсті. Мұстафа өмірінің осы кезеңіне байланысты жұбайы Марияға айтқандарына қарағанда, балалық шағындағы бұл тәрбие оның ылғи да жұрт назарында мақтаулы жан болуға ұмтылуына негіз қалаған болса керек. Сонымен қатар, өте сезімтал және өкпешіл бір мінезге ие болуына да себеп болды.
Мұстафа алғашқы білімін анасы Бақтыдан алды. Бақты ұлының сауатын бес жасар кезінде ашты. Бұдан кейін Мұстафа ауыл балаларымен бірге ауылдағы түрік имамынан дәріс алды. Бұл дәрістер Исламның негіздерін қамтыған діни сабақтар еді. Мұстафа ауыл балаларымен салыстырғанда осы дәрістерді және Құранды үнемі үздік оқыды. Анасы мен әкесі мұны әрдайым мақтан етті. Отбасының үлкендері үйге келген қонақтардың алдында оған ауыл имамынан үйренгендерін айтқызуды қызық көретін. Мұстафа да еш тайсалмастан үйренгендерін жатқа оқып беретін.
Діни біліммен қатар Мұстафа музыкадан да сабақ алды. Бес жасында домбыра тартып, ән салатын еді. Мұнда да оның алғашқы мұғалімдері – отбасы мүшелері болды.
Мұстафа Шоқай ауыл имамынан алған діни білімін аяқтап, мектеп жасына келгенде Түркістанда ол бара алатын төрт түрлі мектеп бар еді. Олар: ескі әдістегі медреселер, жаңа әдістегі жадит мектептері, жергілікті халық пен орыс балалары білім алатын аралас мектептер және орыс мектептері еді. Бұлардың ішінде соңғы екі мектеп орыс өкіметінің демеуімен сапалы білім бере білді.
Осыған байланысты әкесі Шоқай Мұстафаны аралас мектепке беруді қалады. Бірақ бұған екі әйелі мен ауыл имамы қарсы болды. Оған қарамастан Шоқай би ұлын жергілікті халық пен орыс балалары бірге оқитын аралас мектепке беруде табандылық танытты. Мұстафаның орысша білім алуына қарсы шыққандар баламыз ұлттық және діни ерекшеліктерінен көз жазып, орыстанып кете ме деп алаңдады. Тіпті діннен безіп, шоқынып кете ме деп қорықты. Бірақ Шоқай би ондай қорқынышқа бой алдырмады. Өз перзентінің орыс мектебінен білім алса да азамат болып шығып, өз халқына қызмет ететініне нық сенді.
Бірақ Шоқайлар тұратын маңайда аралас мектеп жоқ еді. Мұндай мектеп Ташкент, Ақмешіт секілді орталықтарда ғана бар болатын. Ал Шоқай бидің ауылы болса Ташкент темір жолы бойында, Сарышығанақ станциясына бес шақырымдай жерде орналасқан еді. Шоқай би баласын үйіне жақын Ақмешіттегі мектепке жіберуді ұйғарды.
Шоқай би Мұстафаны жеті жасқа толғанда оқуға тіркеу үшін Ақмешітке алып барды. Сонымен бала Мұстафа тұңғыш рет үлкен қаланы көрді. Қаланың у-шуы мен адамдардың көптігі алғашқыда оны шошытты. Екінші жақтан өмірде бірінші рет көріп тұрған таңсық шаһар тірлігіне таңырқай қарады. Әсіресе, сөрелері әр түрлі заттарға лық толы дүкендерді аң-таң болып тамашалады. Әкесі осы дүкендерде сауда жасап жатқанда, алғаш рет ақшаны көрді. Орыс тілін тұңғыш рет осында естіді. Орысша сөздерді еш түсінбегендіктен, орыс тілін ешқашан меңгере алмайтынына алаңдады.
Шоқан би оны Ақмешіттегі бір орыс мектебіне тіркеді. Мұстафа мектепте жатып оқитын болды. Бірақ мектепте сабақтың басталуына әлі бірнеше ай бар болғандықтан, Шоқай би баласымен ауылға қайтты. Мұстафа мектепте сабақ басталған күні Ақмешітке қайтып келмекші еді. Бірақ ойлағандай болмады. Сабақ басталуына аз уақыт қалғанда Мұстафа қаракешек ауруына шалдығып, үш апта бойы төсек тартып жатып қалды. Ал сауыққан кезінде сабақ басталып кеткен еді, отбасы да аурудан жаңа тұрған Мұстафаны ұзаққа жіберуге қимады. Алайда Шоқай би оны орыс мектебінде оқыту туралы райынан қайтпады. Осы себепті оны Сарышығанақ станциясы маңайындағы орыс балалары баратын мектепке берді.
Мұстафаның бастауыш мектепте өткен күндері туралы ешқандай мәлімет жоқ. Тек оның бұл мектепті 1902 жылы бітірді. Шоқай би ұлының орта мектеп пен лицей білімін де орыс мектептерінде жалғастыруын қалады. Ол кезде жақсы білім алудың алғышарты да осы еді. Ондай мектеп тек Ташкентте бар еді. Ол кезде Петербург өкіметінің Түркістанда орыс тілін білетін жергілікті кадрларға сұранысы күннен-күнге күшейіп келе жатты. Сол себепті орыс мектептеріне жергілікті оқушылар да қабылданатын. Сонымен қатар жыл сайын жаңа мектептер де ашылуда еді.
Мұндай мектептердің бірі Ташкент гимназиясы еді. Шоқай би баласын осы оқу орнына берді. Мұстафа әкесінің өзін оқыту жолындағы табанды шешімінің орынсыз емес екенін дәлелдеді. Ол гимназияны үздік бітіріп, мектеп үздігі атағына ие болды.
Диплом беру рәсімінде Мұстафа өмірінде ұмытпайтындай үлкен бір әділетсіздікке ұшырады. Ташкент гимназиясында оқуды ең үздік бітірген оқушыға алтын, екіншіге күміс медаль беру дәстүрі қалыптасқан еді. Сол жылғы диплом беру рәсімінде мектептің ең үздік оқушысы ретінде Мұстафаға алтын медаль берілуге тиіс. Бірақ бұл жағдай Ташкенттегі Түркістан генерал-губернаторы А.В.Самсоновқа ұнамады. Самсонов түркістандық бір оқушының орыстардан жоғары тұруын көтере алмады. Мектеп директоры Граменицкийдің қарсылығына қарамастан, алтын медальды Мұстафаға емес, екінші үздік оқушы Запреметовке тапсыруға нұсқау берді. Самсоновтың бұл шешімі сол дәуірдегі патшалық Ресей генерал-губернаторларының жергілікті халықты қаншалықты төмен санайтындықтарының айқын бір көрінісі еді. Самсонов жабайы және мәдениетсіз қоғам ретінде бағалаған халықтан шыққан жас жеткеншектің орыс оқушыларынан озық тұруына төзе алмады.
Мұстафа марапаттау рәсімінде өзіне берілген күміс медальды алмады. Осыған орай Запреметов те лайықты емес екенін айтып, өзіне берілген алтын медальдан бас тартты. Сөйтіп диплом рәсімі Мұстафаға мына ащы шындықты үйретті: әкімдер мен халықтың дүниетанымы бір-бірінен өзгеше. Әкімдер саясаттың ырқына беріліп нәсілшіл және империалист пиғылда болса да, қарапайым халықтар саясаттан аулақ бір-бірлеріне адал және мейірімді бола біледі. Сол себепті Мұстафаның өмір бойы жиі қайталаған сөзінің бірі мынау болды: «Жаман ұлттар жоқ, жаман адамдар бар. Мейірімді мемлекеттер жоқ, мейірімді адамдар бар».
Ташкентте лицейде оқып жүргенде Шоқай қоғамның құқықтық және мәдени өміріне қатысты көп нәрсені жақыннан бақылады. Оның рухани салада өсіп-кемелденуіне башқұрттан шыққан атақты фольклорист ғалым Әбубәкір Диваев көп әсер етті. Ташкенттегі Түркістан өлкелік әкімшілікте аудармашы болып істейтін Диваев қазақ, өзбек және түрікмен секілді жергілікті халықтардың әкімшілікте тілге байланысты мәселелерін шешуге көмекші болып, оларға аудармашылық жасайтын еді. Жұмыстан қолы қалт еткен уақыттарда жергілікті халықтың арасында әдеби салада зерттеулер жүргізді. Әсіресе, қазақтардың ауыз әдебиетіне қатысты естігендерін қағазға түсірді. Бұл арада Диваев Ташкент гимназиясында Мұстафамен бірге оқитын төрт-бес жергілікті оқушыға да көмектесіп отырды. Мезгіл-мезгіл оларды үйіне шақырып сұхбаттасты. Олар бетбе-бет келген қиыншылықтарды жеңілдетуге күш жұмсады.
Баспасөз саласындағы қызметтері. Шоқайдың саяси күресінің ең маңызды құралдарының бірі – баспасөз болып табылады. Ол саяси идеяларын тарату құралы ретінде газет-журналдарға әрдайым үлкен мән беріп, күрес жылдарының кезеңінде мақала жазып отырған. Шоқай мақала жазумен ғана шектелмей, Түркістанға қатысты жеке газет немесе журнал шығаруға да күш жұмсады. Әйтеуір, Шоқайдың баспасөз саласынан сырт қалған кезеңі жоқ десе де болғандай.
Шоқай студент кезінен-ақ баспасөздің қоғамның саяси және мәдени өміріне тигізер ықпалы мол, пәрмені күшті екендігін байқаған еді. Сол себепті ол кейінгі кезеңдерде баспасөз тірлігінен қол үзбеген. 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін Түркістанда атқарған қауырт саяси жұмыстары кезінде де мақала жазуға уақыт бөлді. Ол Ташкентте Ұлттық орталықтың төрағалығымен қатар «Бірлік туы» газетін басқарып жүрді. Большевиктер Түркістанға өз биліктерін орнатқаннан кейін Тбилиси мен Бакуге барып уақытша тұрақтағанда баспасөзге мақала жазумен қатар журналдар да шығарды. Тбилисиде біреуі түрік тілінде және екіншісі орыс тілінде екі газеттің шығуына мұрындық болды. Тбилиси большевиктердің қолына өткеннен соң, Стамбулға кетіп бара жатып жолшыбай біраз күн Батумиге аялдады. Бір жергілікті газетке Тбилисидегі саяси жағдайға байланысты бірнеше мақала жазып үлгерді. Содан ағылшындардың қол астындағы Стамбулға өтіп, бірнеше апта «Таймс» газетіне мақалалар беріп тұрды.
Шетелдердегі өмірінің соңғы аялдамасы – Париж қаласында Шоқайдың саяси шығармашылық тәжірибесінің шырқау шегіне жеткені байқалады. Оның мақалалары орыс, француз, түрік және ағылшын тілдерінде шығатын әр түрлі газет-журналдарда басылды. Сондай-ақ, екі журналдың жарыққа шығуына жетекшілік етті. Стамбулда «Йени Түркістан» атты журналды З.У.Тоғанмен бірге ТҰО-ның баспасөз органы ретінде жариялады. Кейіннен Түркістан мәселесі тақырыбын терең әрі батыл қамыттаған «Яш Түркістан» журналын жарыққа шығарды. Журнал шет елдердегі ресейлік түркі халықтары өкілдерінің II дүниежүзілік соғыстан бұрын ұзақ уақыт шығып тұрған және ең ықпалды баспасөз органдарының бірі ретінде тарихта із қалдырды. Бұл жетістікке кездейсоқ қол жеткізілген жоқ. Ол Шоқайдың студенттік жылдарынын бастап баспасөз саласында жинақтаған тәжірибесінің бір жемісі еді. Шоқай мақала жазу әдетін II дүниежүзілік соғыстың ең қызып тұрған күндерінің өзінде де тастамады. Шоқай өз өмірінің ең қасіретті, ауыр күндерін бастан өткерген тұтқын лагерьлеріндегі жұмыстары кезінде де естеліктері мен алған әсерлерін қағазға түсіре білді. Міне, тап осы кезеңде, немістерге Түркістанның мәдени және философиялық қырын таныстыру үшін «Түркістан» атты мақала жазды. Бірақ Шоқай бұл мақалаларын басып үлгерместен қайтыс болды. Осы екі қолжазба мақала оның соңғы мақалалары болды. Мария жұбайының баспасөзге ынта-ықыласын жақсы білгендіктен, кейіннен бұл мақалаларды жариялады. Сөйтіп, Мария әрі Шоқайдың мұрасына құрметпен қарап, оның қиын-қыстау кезеңдердегі ой-сезімдерінің із-түссіз жоғалып кетуіне жол бермеді.
Шоқайдың баспасөз саласындағы қызметі туралы осы жалпы мәліметтерден кейін, оның алғашқы атсалысқан газеттері «Бірлік туы» мен «Улуғ Түркістаннан» бастап шығармаларына шолу жасауымызға болады.
«Бірлік туы» – «Улуғ Түркістан» (Ташкент)
Ташкентте 1917 жылдың маусымында шыға бастаған «Бірлік туы» газеті Шоқайдың алғашқы газет басқару тәжірибесі болып табылады. Газет Ташкентте тұратын қазақтар құрған «Ықтият одағының» баспасөз органы еді. Аптасына бір рет шығып тұрған газеттің баспасөз саясаты – Түркістан халқының ынтымақтастығын қамтамасыз ете отырып, саяси таным-түсінігін толықтыру, осылайша Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына дайындалу еді. Газет осы орайда Бөкейхановтың жетекшілігіндегі «Алашорда» қозғалысының баспасөз органы «Қазақ» газетімен үйлесімді әрекет етті. «Алаш» қозғалысына қарсылардың бірі – Сәкен Сейфуллин Түркістандағы қазақ зиялыларының Ташкенттегі «Бірлік туы» газеті арқылы «Алаш» қозғалысына қолдау көрсетіп, кеңес өкіметінің саясатын сынағандықтарын айтады.
«Бірлік туы» жарыққа шықпас бұрын Ташкент қазақтары үшін 1916 жылдың 26 қарашасынан бері «Алаш» деген газет шығып тұрған еді. Оны Көлбай Төгісов басқарды. Бірақ газет Ташкенттегі қазақтардың талап-тілектерін тілге тиек етуде табысты бола алмады. Бұл жағдай уақыт өте келе Ташкенттегі қазақ зиялыларының наразылығын туғызды. Олардың кейбіреулері наразы бола тұра, газет басшылығына қол ұшын беруді ұсыныс етті. Бірақ бұл ұсынысты Тоғысов қабылдамады. Сондықтан, ташкенттік қазақ зиялылары Мқстафа Шоқай мен Сұлтанбек Қожановтың төңірегіне топтасып, «Ықтият одағын» құрып, ұйымның баспасөз органы ретінде «Бірлік туы» газетін шығаруға шешім қабылдады. Сөйтіп, «Алаш» газетінің шығарушысы Тоғысовтың зиялылардың жәрдем ұсынысын қабылдамай тастауы «Бірлік туы» газетінің дүниеге келуіне себеп болды. Газет басшылығына Шоқай сайланды. Шоқай Ташкенттен кеткеннен кейін газетті басқаруды Қожанов мойнына алды. 1918 жылдың орта шеніне дейін отыз шақты саны жарық көрген газет Түркістан большевиктер қолына өткен соң жабылды.
Түркістан өлкесі мұсылмандары Ұлттық орталығының баспасөз органы ретінде 1917 жылдың сәуір айынан шыға бастаған «Улуғ Түркістан» газетіне қазан татары Фатих Керими басшылық етті. Шоқай бұл газеттің редакция алқасының құрметті мүшесі болды әрі мақалалары басылып тұрды. Редакция алқасында Шоқайдан басқа Молла Гази Юнус Мұхаммедұлы. Нуреддин Сейфүлмүліков, Лүтфи Әбубәкір, Мұхтар Бәкір және Халеф Толак бар еді. Алты мың тиражбен шығатын «Улуғ Түркістан» сол кездегі әжептәуір ықпалды газет екенін айтуға болады. Газет 1918 жылдың көктемінде кеңес органдары тарапынан жабылды. Шоқай бұл газеттің 1917 жылғы 30 сәуір күнгі санында шыққан мақаласында Түркістан халқының татар, сарт және қазақ болып жіктелмей, түркілік және мұсылмандық шаңырағы астында бір жеінен қол, бір жағадан бас шығарып, ынтымақтасу қажеттігін баса көрсетеді.
«Улуғ Түркістан» мен «Бірлік туы» газеттерінің ұстанған саясаты бір-біріне үйлесетін еді. Екі газеттің арасында әрғандай бір келіспеушіліктің болуы да мүмкін емес еді. Өйткені «Бірлік туын» басқарып тұрған Шоқай, сонвмен қатар, «Улуғ Түркістан» қарайтын Ұлттық орталықтың да төрағасы қызметін қоса атқарды. Олай болса, екі газеттің де баспасөз саясатының белгіленуінде Шоқайдың маңызды рөл атқарғандығын айта кету керек.
«На рубеже» – «Шафик» (Тбилиси)
1919 жылдың сәуір айында Тбилисиге келіп, 1921 жылы ақпан айының ортасына дейін осы жерде тұрған Шоқай осы мерзім ішінде орыс тілінде «На рубеже», «Шафик» атымен түрік тілінде екі газет шығарды. Бірақ бұл екі газеттің де өмірлері қысқа болды. Шоқай бұл газеттерді Тбилисиде болған күндерінің соңғы алты айында шығара бастаған еді. Ол бұдан бұрын Тбилисиде шығып тұрған дағыстандық Ахмет Салиховтың «Вольный горец» және «Борьба» газеттеріне мақала жазуын жалғастырды.
Сонымен қатар, «Шафак» газетінде түріктердің армяндарды қырып салғаны туралы өзінің тұжырымдарын қорытып, мақалалар да жазды. Әсіресе, Тбилисиде белең алған әсіре сілтеушіліктерге қарсы түрік жағы берген мәліметтер арқылы жауап беруге тырысты.
«Шафак» газеті 1920 жылдың желтоқсан айынан бастап шыға бастады. Шоқайдың мақалалары жүйелі түрде жарияланып тұрған «Вольный горец» газеті 1920 жылы 31 желтоқсан күні «Шафак» газетінің алғашқы саны жарық көргендігін оқырмандарына хабарлады. Аталмыш газеттің хабары бойынша, «Шафак» газеті Тбилисидегі мұсылмандардың жаңа бір басылымға деген қажеттілігінен туды. Хабарда, сондай-ақ, газеттің ешқандай партияға тәуелді емес екені, бейтарап демократиялық бағыттағы газет екені және оның басты тақырыбын ұлттық мәдениеттің құрайтындығы баса көрсетілді.
«Шафак» пен «На рубеже» газеттерінің жұмыстары большевиктердің Кавказды жаулап алуынан кейін тоқтап қалды. Алты-ақ саны жарық көрген «На рубеже» Грузия өкіметінің материалдық көмегі арқылы шығып тұрды. Түрік тілінде шыққан «Шафак» Тбилисидегі түрік қоғамының жәрдемімен жарияланды. Шоқай «На рубеже» газеті арқылы Грузия өкіметі кеңес билігінің қарсы ұлт-азаттық күресін қолдаса, «Шафак» газеті арқылы Анатольяда Мұстафа Кемалдың жетекшілігінде одақтас мемлекеттерге қарсы жүргізіліп жатқан ұлт-азаттық күреске қолдау көрсетті. Бұл мәселеде ұлт-азаттық күштерінің Тбилисидегі өкілі Қазым «Дирик» пашамен жақын қарым-қатынаста болды. Қазым пашадан Анадолыдағы күрес туралы алған мағлұматтарын «Анатолья хаттары» деген атпен жариялады. Бұл мақалалар оқырмандар арасында үлкен қызығушылық туғызды.
«Йени Түркістан» (Стамбул)
Шоқай 1921 жылдың жазында Парижге барғаннан кейін Түркістанның саяси және экономикалық жағдайы туралы мақала жазуды жалғастырды. Шоқайдың мақалалары орыс, түрік, француз және ағылшын тілдерінде әр түрлі газет-журналдарда жарияланды. Шоқай орыс тілідегі мақалаларын, бұдан бұрын жан-жақты айтылып өткеніндей, босқын орыс лидерлері Кренскийдің «Діни» газеті мен Милюковтың «Последние новости» газеттерінде жариялады. Француз тіліндегі мақалаларының басым көпшілігі «Прометей» журналында, содан кейін «Ориен е Оксидан» журналында жарық көріп тұрды. Ағылшын тіліндегі мақалалары болса, «Азиятик Ревью» секілді журналдарда орын алды.
Осылайша Шоқай әр түрлі журналдарда мақалалары үнемі басылып тұрған қаламгер. Мұның өзі бізге оның мақалаларын жариялау, яғни Түркістанға байланысты пікірлерін тарату барысында ешқандай қиындыққа кездеспегенін көрсетеді. Бірақ Шоқай үшін басқа бір қиындық бар еді. Ол – тек Түркістан мәселелеріне арналған дербес баспасөз органының жоқтығы.
Мұндай қажеттілікті сезінген жалғыз Шоқай емес еді, оның Ресейде жүргізген саяси күресі кезінде сан мәрте тағдырлары тоғысқан досы Уәлиди де осындай ойда болатын. Уәлидидің Еуропаға келгеннен және Түркістан Ұлттық Одағы ұйымының қайта құрылғаннан кейін бұл қажеттілік айқын сезіле бастады. Одақтың жеке баспасөз органы болуы тиіс еді. Бірақ материалдық мүмкіншіліктердің тапшылығына байланысты одақ жеке органын ұзақ уақыт шығара алмады.
Ақырында, «Прометей одағы» құрылғаннан кейін, мүмкін, Польша өкіметінің көмектесу арқасында, бұл қиыншылық жойылды. Түркістан Ұлттық Одағының 1927 жылы ақпан айында қабылдаған шешімі бойынша, Стамбулда «Йени Түркістан» атымен бір журнал шыға бастады. Осылайша тысқары жерде Түркістанға арналған тұңғыш журнал жарық көрді. Журналдың басты мақсаты – Түркістан ұлттық тәуелсіздік идеясы мен түркі халықтары арасында ынтымақтастық пікірін тарату еді. Сондай-ақ, журнал Түркістан халықтары мен Түркия халқы арасында тіл және діл бірлігін нығайтуды мақсат тұтты.
Журнал басшылығы бірнеше рет өзгерді. Өзгерістер Түркістан Ұлттық Одағының шешімдерібойынша жасалды.1927 жылдың маусым айында алғашқы саны жарияланған журналды бастапқыда З.Уәлиди Тоған мен Абдулкадир Инан басқарды.Олардың саясаттан қол үзіп, ғылым жолына тғсулеріне байланысты журналды 1928 жылдың қараша айында шыққан 16-санынан 27-санына дейін Осман Қожаоғлы мен Междеддин Ахмет бірігіп басқарды. 27-санынан соңғы санына дейін журналдың тізгіні Междеддин Ахмет пен Насырдың қолында болды. Журнал 1931 жылы қыркүйек айында түрік үкіметінің шешімі бойынша жабылды. Байқауымызша, Шоқай іс жүзінде бұл журналды тікелей басқарған жоқ. Соған қарамастан «Йени Түркістан» журналын Шоқай шығарған журналдар арасында көрсету қате болмас. Өйткені журнал Түркістан Ұлттық Одағының баспасөз органы ретінде шығып тұрды. Одақ жетекшілері Тоған мен Шоқайдың бұл журналдың дүниеге келуінде орасан зор еңбегі болғандығы шындық. Сондай-ақ, Тоғанның 1928 жылы басшылықтың кетуіне байланысты журналдың бүкіл ауырпалығын Шоқайдың бір өзі көтеруге мәжбүр болғанын да жорамалдауға болады. Шынында да, 1929 жылы «Йени Түркістанмен» қатар Түркістан Ұлттық Одағының баспасөз органы ретінде Берлинде «Яш Түркістан» атты екінші бір журналдың шыға бастауы ұйым жұмысына Стамбулдағы баспасөз органының жеткіліксіз болғандығын көрсетеді. Тахир Чағатай да «Йени Түркістан» журналының Түркістан мәселелерін жеткілікті дәрежеде қамти алмағаны үшін «Яш Түркістан» журналының шыға бастағанын айтады.