Ақан сері Қорамсаұлы (1843-1913)


Скачать/Жүктеу

ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген қазақтың әнші-ақындар тобының көрнекті өкілдерінің бірі – Ақан Қорамсаұлы. Ақан 1843 жылы қазіргі Көкшетау облысының Володаровка ауданында Қоскөл деген жерде туған. Шын аты – Ақжігіт екен; ата-анасы еркелетіп Ақан атандырып жіберген. 13 жасында әкесі Ақанды діни мектепке оқуға берген. Бірақ ұғымтал, сергек ойлы бала дүмше молданың шалдыр-шатпағына көнбей, оқуды тастап кеткен. Одан кейін Қызылжар қаласында Уәли дегеннің медресесінде екі-үш жылдай сабақ алған. Бұл мектептердегі оқуды хат тану үшін пайдаланғанмен, Ақан дін шарттарын еш уақытта орындамаған. Жасынан ән-жырға үйір жас жігіт он алты-он жетіге келгеннен кейін-ақ қолына домбыра алып, ән салған, өлең шығарып айтқан. Маңына ақын, әнші, домбырашы, палуан – неше түрлі өнерлі жастарды жинап, серілік, салдық жолына түскен. Ит жүгіртіп, құс салып, аңшылық құрған. Алғыр қыран құс (оны «Қара торғай» деп атаған), жүйрік атқа ие болған. Ақанның осындай өзгеше өмірі мен дарқан мінезін, сырлы әні мен өткір сөзін сүйген халық оны «сері» атандырған.
«Етегін ақ көйлектің алтындаған»
Жастық, бозбалалық кезінде Ақан серінің көп жырлаған тақырыбы – достық, махаббат мәселесі. Ол сүйіспеншілікке беріктік пен адалдықты, махаббат еркіндігін аңсайтын тамаша өлеңдерін әнге қосып айтқан. Эстетикалық сезімі, талғамы күшті, нәзік жанды ақын өмірдегі не бір сұлу, әдемінің бәрін әнге қосқан. Ол табиғатты да, алғыр қыран мен жүйрік атты да қызыға жырлаған. Сезімін оятқан әдемі, көркем құбылыстардың қайсысын болса да, ол егіле, беріле суреттейді. Ақынның «Жайықтың ақ түлкісі», «Ақ көйлек» т.б. лирикалық өлеңдерінен сұлулықты машықтай, сүйсіне жырлайтындығы айқын көрінеді. Ол адамның түсі де, ісі де, жаны да сұлу болуын тілейді.

Жайықтың ақ түлкісі аралдағы,
Алдымнан сен бір қашқан марал-дағы
Формыңа төңкеріліп жайдым қанат,
Шарықтап ақиықша Оралдағы

Ертістің құба талы секілденіп,
Алдымнан майысып шық бұрал-дағы.
Қапаста қиын-қыстау бекінсең де
Тәуекел майданында тұрам-дағы.

Ақанның бір топ өлеңдері: «Сырымбет», «Үш тоты», «Балқадиша», «Ұрқияжан», т.б. әйелдердің бас бостандығын аңсаудан туған. Сұлу әйелді идеал тұтқан Ақанның бұл шығармалары өз дәуірі үшін үлкен, әлеуметтік сыры терең туындылар болып саналады.

«Сырымбет» әні
Ауылым қонған Сырымбет саласына,
Болдым ғашық ақ сұңқар баласына.
Бидайыққа лайық қарағым-ай,
Бөктергіге қор болып барасың ба?

Қайырмасы:
Қарындас-ау,
Енді, есен бол-ау.

Ауылым қонған Сырымбет жел жағына,
Артық туған бала едің ел бағына.
Бидайыққа лайық дейтін, сәулем,
Бөктергінің іліндің тырнағына.

Қайырмасы.

Алтын қайық жарасар күймесімен,
Наздана алмас сұлу қыз сүймесімен.
Қоскөл жаққа таныса киіп барған,
Бешпентіңді беріп кет түймесімен.

Қайырмасы.

«Құлагер»
Жастықтың көңіл күйімен еркін жүріп, серілік өмір кешкен Ақан отыздан аса бере-ақ қабат-қабат қайғыға ұшырайды. Феодалдық салтпен тартысып жүріп қосылған сүйген жары Ұрқия қайтыс болады. Қыран құсы Қараторғай бір түнде өледі. Оның артынан қасқырға салған құшаланы жеп, құмай тазысы Базаралы өледі. Сөйтіп жүргенде ол 1876 жылы жүйрік аты Құлагерден айрылады. Осы жылы Керей руының паң Нұрмағамбет атанған үлкен байы Ереймен деген жерде әкесі Сағынайға ас беретін болып, сол асқа Ақан Құлагерді бәйгеге қоспақ боп, алып барады. Бәйгеге 323 ат қосылады. Бәрінің алдында келе жатқан Құлагерді бұрыннан Ақанмен өштесіп жүрген Батыраш, Қотыраш деген бай феодалдар соққыға жығып өлтіреді.
Ақан сері үшін Құлагер өлімі тіпті ауыр қайғыға айналады. Баласымен екеуі елсіздегі Қоскөл деген қамысты қопаны мекендеп, тау кезіп, иесіз даланы жайлап, өзгеден оғаш өмір сүреді. Тау-тасты күңірентіп, ән салады, өлең айтады. Құлагерге арнапа бірнеше ән мен өлеңдер шығарады.
Солардың ішінде ең көп тарағаны – «Құлагер» әні. Мұны Ақан жаулары өлтіріп кеткен Құлагерді іздеп тауып, соның басында отырып айтқан.
Тегі жағынан «Құлагер» лирикалық-психологиялық өлең түріне жатады. Өйткені өлеңде оқиғаны, оған ақынның көзқарасын көрсетуден гөрі, сол жағдайға байланысты оның сезім дүниесіндегі күйінішін, психологиялық тебіренісін суреттеу жағы анағұрлым басым.

«Құлагер» әні

Жел соқса қамыс басы майда деймін,
Ат қостым, ат айдаушым, айда деймін.
Алдыңғы ат баран болмай, қылаң болды,
Жығылмаса Құлагер қайда деймін.

Ор болып қалушы еді шапқан жерің,
Сүйсініп тұрушы еді қосқан елің.
Атығай – Қарауылға олжа салған,
Бота тірсек, қыз сағақ, сандал керім.

Құлагер құнанында керім еді,
Нағашым сұрағанда беріп еді.
Ат қоса Ерейменге барғанымда,
Бір сыншы көзі шыққыр көріп еді.

«Балқадиша» әні

Қызы едің Ыбыкеңнің, Балқадиша,
Бұралған белің нәзік тал – Қадиша
Жиылған осы тойға қалың қыздың,
Ішінде қара бассың – хан, Қадиша.

Дегенде, Балқадиша, Балқадиша,
Боларсың біздің сөзге зар, Қадиша.
Бұлаңдап асау тайдай жүрген басың,
Боласың қандай жанға жар, Қадиша.
Қызы едің Ыбырайдың Балқадиша
Өзенді өрлей біткен тал, Қадиша.
Бір түгіл екі жеңгең келіп тұр ғой,
Рұқсат бізден сізге бар, Қадиша.

«Заман адамы»
Заман ағысы мен қоғамдық өзгерістердің сыры жайые ойлана келіп, Ақан бір кез заман адамының сипатын беруге ауысады. Оның «Заман адамы» атты ұзақ толғауы – өз замандасын мінездеуге құрылады. Ақан замандасы – өз дәуірінің ұнамсыз мінездерін бойына жинаған ел басшылары – болыс-билер, байлар мен ауылнайлар. Солардың әрекет-тіршілігін, мінез-құлықтарындағы өзгерістерін айта отырып, ақын оларды мінеп, сынайды. Сыртынан жылтыраған, бірақ іші надан адамдар типін ол:

Жұпар мен гүл майының иісін білмес,
Зұлматтың тұмауымен біткен мұрны.
Іші зұлмат болған соң керегі жоқ,
Қаншама болса-дағы жүзі нұрлы, – деп суреттейді.

Ақан өмірінің соңғы кезін оңашалану жағдайында өткізген. Серілік өмірден ада болған, жастық армандарының көбіне қолы жетпеген, жер-суынан айрылған, ел басшылары мен пиғыл-ниеті бұзыла бастаған пысықтардан жәбір көрген ол қасына жалғыз мылқау баласы Ыбанды алып Қоскөл жағасында оңаша өмір кешкен. Ақын дұшпандары ол туралы неше түрлі өсектер таратқан. Сөйтіп жүріп ол 1913 жылы 70 жасында қайтыс болған. Кеңестік Қазақстанның өрен ақыны Ілияс Жансүгіров «Құлагер» поэмасында ақын трагедиясының себептерін жан тербетерліктей нәзік, асқан шеберлікпен айтты. Ғабит Мүсірепов те өзінің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясында Ақан өмірін оның ескішіл күштерге, дінге қарсы күресі арқылы суреттейді.
Ақан сері – ХІХ ғасырда тіршілік еткен қазақ ақындарының ішінде айрықша көңіл аударарлық адам. Оның есімі, ең алдымен, жұртшылыққа өзінің әнімен, өлеңімен тарады. Жас кезінен ол нәзік сезімді, үні мен әсем сазы жан тербеткен әнші болса, өсе келе сол сазына сәйкес ән шығаратын композитор болды. «Сырғақты», «Сырымбет», «Балқадиша», «Көкжендет», «Маңмаңгер», «Құлагер», т.б. оның тамаша әндерін білетін, сүйсіне тыңдайтын адам Қазақстанның қай түкпірінен болсын табылады. Мұхит, Біржан, Ақан серілер халқымыздың ең ардақты, сүйікті әншілері екендігі жұртшылықтың бәріне мәлім.


Скачать/Жүктеу

Комментировать

Вам необходимо войти, чтобы оставлять комментарии.




1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Сайт картасы