Скачать/Жүктеу
Катонқарағай ұлттық табиғи паркі, Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданының аумағында. 2001 ж. ұйымдастырылған. Солтүстігінде Қызылқарағай және Қатынтау қыраттарына ұласа отырып, Ресеймен шектеседі. Шығысында Үкек даласымен (Ресей, Алтай Республикасы) және Қытаймен, оңтүстігінде Темірқаба өзенін бойлай Марқакөл қорығымен шектеседі. Ауданы 643 мың гектар, оның 215 мың гектары орманды алқап, ағаштарының қоры – 24 мың м3, қорықтық аймақ жері 151 мың гектар. Саябақтың пайдаланылатын аумағы – 492 мың гектар. Қатонқарағай ұлттық саябағы жануарлар мен өсімдіктердің түріне бай. Мұнда сүтқоректілердің 66 түрі, оның ішінде марал, бұлан, таутеке, аю, сілеусін, құну, т.б. бар. Құстардың 250-ден астам түрі кездеседі. Сирек кездесетін, қорғауға алынып, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген ұлар, қара дегелек, т.б. құстар бар. Саябақ жерінде самырсын, балқарағай, қарағай, шырша, қайың, мойыл, терек өседі. Өте сирек кездесетін, жылдан жылға таралу аймағы азайып бара жатқан, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген 40-тан астам өсімдік түрлері кездеседі. Мысалы, алтын тамыр, алтай рауғашы, марал түбірі, т.б. Сондай-ақ саябақ жері табиғат және мәдениет ескерткіштеріне де бай. Теңіз деңгейінен 4506 м биіктікте орналасқан Мұзтау және Көккөл сарқырамалары, мәдени-тарихи ескерткіш болып табылатын Берел қорғаны мен Көккөл кеніші бар.