Скачать/Жүктеу
Орал облысы аумақтық бірлік ретінде 1867-1868 жылдары Ресей патшалығының Қазақстанды әкімшілік басқаруы жағдайында пайда болды.
1219-1221 жылдары қазақ даласы Шыңғысханның басшылығымен монғол шапқыншылығына душар болды. Біздің облыс Алтын Орда мемлекетінің құрамдас бөлігі болды. XV ғасырда Алтын Орда бірнеше әкімшілік аумақтарға бөлінді. Орал облысында тұратын қазақтар Ноғай Орда құрамына кірді. Жүздердің қалыптасу барысында Батыс Қазақстан жерлерін мекендеген қазақтар Кіші жүздің өкілдерін құрады.
Батыс Қазақстаннан бір кездері Ұлы Жібек жолының бір тармағы өткен болатын.
Қаланың қазіргі атауы 1775 жылдан бері қолданылып келеді, Патша үкіметі Е.Пугачев бастаған көтерілісті қатыгездікпен басқаннан кейін, шаруа көтерілісі кезіндегі көріністерді халық жадынан жойып жіберу үшін Екатерина Екіншінің әмірімен Яик өзенінің атауы Орал болып өзгертіліп, ал Яицк қалашығы Орал атауына ие болды.
1833 жылы Орал өңіріне Пугачев көтерілісі туралы материалдар іздестіру мақсатымен ұлы орыс ақыны А.С.Пушкин келеді.
1836-1837 жылдар тарихқа Бөкей хандығындағы Исатай Тайманов және Махамбет Өтемісұлы бастаған қазақ шаруаларының көтерілісімен енді. Жәңгір хан патша өкіметінен көмек сұрады. Казактардың жазалаушы отрядтары көтеріліске шыққандарды аяусыз жазалады. Бір ұрыс кезінде Исатай Тайманов өліп, көптеген жігіттер әскерилердің қолына түсіп, Калмыков түрмесіне қамалады. Көтерілістің рухани көсемі, дауылпаз ақын Махамбет Өтемісұлы қуғын-сүргінге ұшырайды. Осы жылдары ол Оралға үш рет келіп кетеді.
1880 жыл Орал және Орынбор арасында халық қозғалысының басталуымен айқындалады. 1894 жылы Орал мен Саратов арасында тар табанды темір жол салынады. Бұл өз кезегінде сауда айналымының жандануына ықпал етіп, Ойыл, Темір және Орда ірі жәрмеңкелері пайда болады.
XX ғасырдың басында Орал ірі сауда орталығына айналды.
1895 жылы 9 жасында татар әдебиетінің классигі Ғабдолла Тоқай Орал қаласына қоныс аударады. Ол мұнда өзінің бірінші өлеңдерін жазып, кейіннен өзінің аты берілген баспада жұмыс істейді. Орал қаласына әр жылдары орыс әдебиетінің ірі қайраткерлері В.А.Жуковский, А.С.Пушкин, В.И.Даль, Л.Н.Толстой және басқалары келіп кеткен. Қазақ аристократтары арасынан саяси аренаға либерал-демократтар А.Бөкейханов пен Б.Қаратаев шыққан. 1905 жылдың желтоқсанында олар ресей конституциялық-демократиялық партиясының филиалы ретінде өз партияларын құру ниетімен Батыс Қазақстан облысынан 5 делегат жинайды.
Қазақ интеллигенциясының рухани және саяси деңгейінің көтерілгенінің айқын айғағы — олардың ең жақсы өкілдерінің Мемлекеттік Думаға ұсынылуы болды. 1906 жылы Мемлекеттік Думаға сайланған төрт қазақтың бірі – Орынбор гимназиясын бітірген, Бөкей ордасында туып өскен, халыққа білім беру, жерге орналастыру және мал шаруашылығы мәселелерімен сауатты айналыса білетін біздің жерлесіміз 42 жастағы Алпысбай Қалменов болды. 1907 жылы екінші Мемлекеттік Думаға депутат болып қазақтың алғашқы кәсіби заңгерлерінің бірі қаратөбелік Б.Қаратаев сайланады.
Батыс Қазақстан облысы 1932 жылы 10 наурызда құрылған (1962 жылдан 1922 жылға дейін – Орал облысы). Ол Қазақстан Республикасының солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан, Орта Азия мемлекеттерімен республиканың орталық және оңтүстік облыстарының қақпасы болып табылады.
Біздің өлке – аса көрнекті мәдениет және өнер шеберлерінің отаны. Біз өзінің артына өшпес музыкалық мұра қалдырған Құрманғазы Сағырбаев, Дина Нұрпейісова, Сейтек, Дәулеткерейлерді, сондай-ақ ерлік пен елдіктің, азаттық пен бостандықтың жыршысы, дауылпаз ақын Махамбетті, белгілі театр әртісі Хадиша Бөкееваны, ақын Ғарифолла Құрманғалиевті мақтан тұтамыз. Сондай-ақ Ақжайық өңірі – «Қыз Жібек» халық эпосының басты кейіпкері, сұлу Жібектің, ғалым Тайманов пен Қ.Жұмалиевтердің, ақын Ж.Молдағалиев, Қадір Мырза Әлі, А.Бақтыгереевалардың туып-өскен жері екенін білгеніңіз артық етпейді.
1992 жылы Республика Парламенті облыс тұрғындарының өтініштеріне орай облыстың бұрынғы Батыс Қазақстан облысы атауын қайтарып берді.
Облыс Ресей Федерациясының 5 облысымен шектеседі және сыртқы шекарасының ұзындығы 1532 км құрайды. Облыс Республика ішінде Ақтөбе және Атырау облыстарымен шектеседі.
Облыстың аумағы 151,3 мың шаршы километр, яғни республика аумағының 5,6 пайызын құрайды.
Облыс әкімшілік жағынан 12 ауданға және Орал қаласына бөлінген.
Облыста 2 қала: Орал қаласы — облыс орталығы, 1613 жылы құрылған және Ақсай қаласы — Бөрлі ауданының орталығы, мұнайшылар қаласы, 1936 жылы құрылған, 159 селолық және ауылдық округ, 482 елді мекен бар.