Беларуссия


Скачать/Жүктеу

Беларусь Республикасы (белор. Рэспубліка Беларусь, орыс. Республика Беларусь) — Шығыс Еуропадағы мемлекет. Жері — 207,6 мың км2. Халқы — 10 млн. 203 мың адам (1997). Негізгі халқы — белорустар (80%), бұған қоса орыстар (13,6%), поляктар (4,1%) тұрады. Астанасы — Минск (1,6 млн.). Ірі қалалары Брест, Витебск, Гомель. Әкімшілік-аумағы жағынан 6 облысқа бөлінеді. Мемлекеттік тілі — беларусь тілі. Орыс тілі мемлекеттік тілмен қатар жүреді. Діні — православие (70%). Ақшасы — рубль. Ұлттық мейрамы — 3 шілдедегі Республика күні. Мемлекет басшысы — президент. Жоғарғы заң шығарушы органы — екі палаталы парламент (Ұлттық жиналыс). Ол төменгі (өкілдер кеңесі) және жоғарғы (Республика Кеңесі) палаталардан тұрады.

Мазмұны

  • 1 Тарихы
  • 2 Географиясы
    • 2.1 Әкімшілік аумағы жағынан бөлінуі
  • 3 Әдебиеті
  • 4 Өнері

Тарихы

Қазіргі Беларусь жеріне адамдар қола дәуірінен бастап қоныстанған.

  • 2 — 5 ғасырларда аталған өңірге Днепр бойынан славяндар келе бастады
  • 9 ғасырда жергілікті тайпалар соларға сіңісіп кетеді. Осы кездерде славяндардың 3 ірі тайпа бірлестігі қалыптасты: Полесье мен Орталық өңірде дреговичтер, Сож өзені алабына радимичтер, Двина бойы мен Днепрдің жоғарғы жағына кривичтер қоныстанған. 9 ғасырда Киев Русінің құрылуына байланысты Беларусь жері бірте-бірте соның құрамына енеді.
  • 9 — 11 ғасырларда егіншілік кең тарап, мал шаруашылығы дамыды, қолөнер кәсібі өркендеді. Киев Русінің ыдырауы салдарынан бірнеше ұсақ князьдіктер пайда болды. Оларды 13 ғасырдың 2-жартысында Ұлы Литва князьдігі түгелдей қосып алды.
  • 14 ғасырдың аяқ кезінен бастап кейбір қалалар (Брест, Гродно, Минск, Могилев) өзін-өзі билеу құқын алды. Беларусь көпестері Ресей мен Батыс Еуропа арасында зор көлемде делдалдық сауда жүргізе бастады. 14 ғасырдың аяғында Тевтон ордені шабуылы күшейгендіктен 1385 ж. Польша мен Литва арасында Крево униясы жасалынды. Орден әскері талқандалғаннан кейін (қара Грюнвальд шайқасы) 1413 ж. поляктар мен литвандар арасында жаңа уния (Городельск) жасалынды. Бұл келісім бойынша Ұлы Литва князьдігінің дербестігі сақталды, бірақ поляк королі оның үстінен қарайтын болды. Литва князьдігінің Ливон соғысында (1558 — 83) Ресейден соққы алуы оны Польшамен бірігуге мәжбүр етті.
  • 1569 ж. Люблин униясы бойынша Ұлы Литва князьдігі мен Польша корольдігі бірігіп, Речь Посполитая мемлекетін құрды. Осы кезден мектептер мен шіркеулерде поляк тілі беларусь тілін ығыстырып, котолик діні енгізіле бастады.
  • 1648 ж. басталған Украинадағы ұлт-азаттық қозғалыс Беларусьті де қамтыды.
  • 18 ғасырдан бастап поляктарға қарсы ұлт-азаттық қозғалыс онан әрі күшейіп кетті. Речь Посполитаяны үш рет бөлісудің нәтижесінде (1772, 1793, 1795) Беларусь жерлері Ресейге өтті. 19 ғасырдан бастап Беларусьтің экономикалық дамуы тездетілді. Темір жолдар салынып, зауыт, фабрикалар көбейді. 1-дүниежүзілік соғыс (1914 — 18) кезінде Беларусь жерінде соғыс қимылдары болып, бүліншілікке ұшырады.
  • 1917 ж. Ақпан төңкерісінен кейін 1917 ж. шілдеде құрылған Белорус радасы тәуелсіз мемлекет болу жолында күрес жүргізді.

Олар 1918 ж. ақпанның 19-нан 20-на қараған түні Поляк легиондары корпусымен бірігіп, Минск қаласын басып алды да, Беларусь Халық Республикасын құрды. 1919 ж. қаңтарда бұл үкіметті Қызыл Армия жасақтары құлатты. Оның орнына 1919 ж. 1 қаңтарда Белоруссия Кеңестік Социалистік Республикасы (БКСР) құрылып, 1922 ж. 30 желтоқсанда КСРО құрамына енді. Молотов — Рибентроп келісімі бойынша 1939 ж. қараша айында БКСР Батыс Белоруссиямен қосылып, аумағы ұлғайды.

A.
Брест қамалы.

2-дүниежүзілік соғыс кезінде Беларусь жері тағы да неміс әскерлерінің қол астында қалып, зор ауыртпалықтарға ұшырады. Соғыстан кейін қираған шаруашылықты қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді, өнеркәсіптің жаңа салалары (автомобиль, кеме, трактор жасау, т.б.) құрылды. Экономикасы дамыды. Ауыл шаруашылығы өнімдері де артты. Ағаш өңдейтін, қағаз жасайтын кәсіпорындар ашылды.

  • 1990 ж. Беларусь Жоғарғы Кеңесі елдің тәуелсіздігін жариялады.
  • 1991 ж. 8 желтоқсандағы Беловеж келісімінен кейін Кеңес Одағы таратылып, Беларусь толық тәуелсіздік алды.
  • 1994 ж. 10 шілдеде алғашқы президенті болып А.Г. Лукашенко сайланды. Беларусь Қазақстан тәуелсіздігін 1991 ж. таныды. Екі ел арасында экономикалық, кедендік және мәдени келісімдер жасалынып, достық қарым-қатынас орнаған. Беларусь Кеден одағына БҰҰ-на, ТМД-ға мүше. Ресей Федерациясымен Беларусь арасында қол қойылған (1999, желтоқсан) шартқа сәйкес жаңа одақтың келісімі жасалынды. Беларусьта химия өнеркәсібі, автомобиль және трактор жасау, қорғаныс өнеркәсіп кешендері, электр бұйымдарын шығару, ет-сүт, ауыл шаруашылығы және т.б. өндіріс салалары дамыған. Республикада қалий, тұз, көмір, мұнай, темір, фосфорит кен орындары бар.
  • 20 ғасырдың 90-жылдары ел экономикасы дағдарысқа ұшырап, жалпы ішкі өнім 10 жыл ішінде 12%-ке төмендеп кетті. Экономикалық құрылымындағы мемлекеттік емес салалардың үлесі экономикада 34%, (1998), ал шеттен тартылған инвестиция мөлшері 6,5% (1997). Негізінен Кеден одағы елдеріне (Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, [[Тәжікстан) жүк тасушы автомобильдер, тракторлар, тоңазытқыштар, кір жуатын машиналар және т.б. электр бұйымдары, химия және ет-сүт өнімдерін экспортқа шығарады. Елде жылу-электр ресурстары (мұнай, табиғи газ, тас көмір) мүлдем жеткіліксіз болғандықтан, отындық шикізатты шеттен, соның ішінде 60%-тен астамын Ресейден әкелуге мәжбүр. Бұған қоса қара және түсті металлургия, халық тұтынатын тауарлар, ағаш өнімдері, цемент шеттен әкелінеді. Экономикалық байланыстардың үзілуі, жылу-электр ресурстарына бағаның көтерілуі ел экономикасын аса қиын жағдайда қалдырды. Дегенмен ұсақ өндіріс салаларында 900 шетелдік және 2000-нан аса бірлескен кәсіпорындар (негізінен Польша, ГФР, АҚШ фирмалары) жұмыс істейді. Негізгі сауда серіктестері: Ресей, Украина, Польша, Германия елдері.

Географиясы

A.

Витеб облысындағы Струсто өзені.

Беларусь Республикасы солтүстік-батысында Литва және Латвия мемлекеттерімен, шығысында Ресеймен, оңтүстігінде Украинамен, ал батысында Польшамен шектеседі. Беларусь Шығыс Еуропа жазығында Днепр, Батыс Двина мен Неман өзендерінің аңғарларын алып жатыр. Жерінің басым бөлігі теңіз деңгейінен 100—200 м ғана биік. Климаты қоңыржай континенттік. Қысы аса суық емес, ылғалды; жазы салқын, жаңбырлы. Жауын-шашынның жылдық мөлшері 600 — 700 мм. Батпақ жиі кездеседі. Басты өзендері: Днепр (салалары Припять, Сож, Березина), Батыс Двина, Неман (саласы — Вилия). Жерінің 33%-і орман болып келеді. Ормансыз жерлері — шалғын, жайылым. Хайуанаттардан зубр, елік, тиін, түлкі, қоян, т.б. мекендейді. Березина қорығы мен Беловеж нуы сирек кездесетін аңдардың көбеюіне септігін тигізуде.

Әдебиеті

A.

Беларусь жазушысы В.И. Дунин-Марцинкевич.

Беларусь жазба әдебиетінің тарихы Киев Русі дәуірінен басталады.

  • 14 — 16 ғасырларда Беларусь Ұлы Литва князьдігі құрамында болған кезде беларусь тілі мемлекеттік тіл болды, дипломатиялық қарым-қатынаста, сот және басқару орындарында пайдаланылды, сонымен бірге беларусь тілінде “Литванметрикасы” (Ұлы Литва князьдігінің Статуты) сияқты жазбалар көшірілді.
  • 16 ғасырда гуманист, ағартушы Франциск (Георгий) Скорина тұңғыш рет Беларусь жерінде кітап басып шығаруды қолға алды.
  • 1696 ж. Польша сеймі мекемелерде, мектептерде беларусь тілін пайдалануға тыйым салды, бұл тілде кітап басып шығару тоқталды. Осыдан кейін Беларусь халқының азаттығын аңсаған авторсыз өлеңдер, интермедиялар, мектеп театрларына арналған драмалар шыға бастады, бірақ оларда халық ауыз әдебиетінің сарыны басым болды.
  • 18 ғасырдың аяғында Беларусьтің Ресейге қосылуы жаңа әдебиеттің дамуына қолайлы жағдай жасады.
  • 19 ғасырдың 1-жартысында езілген халықтың мұң-шерін жырлаған “Энеида сыры”, “Парнасқа шыққан Тарас” тәрізді шығармалар жарық көрді. Алайда Ресей патшасының отаршылық саясаты Беларусь мәдениетінің өркендеуіне едәуір бөгет жасады. Беларусь тілінде сөйлегендер, шығарма жазғандар қуғынға ұшырады, сондықтан ақын, жазушылар өз туындыларын қолжазба түрінде таратуға мәжбүр болды. Бұлардың көбі жоғалып кетті. Тек П. Багримнің “Ойна, ойна, жас жеткіншек” (1829) атты жалғыз ғана өлеңі сақталған.
  • 19 ғасырдың аяқ шенінде сыншыл реализм бағытындағы шығармалар туа бастады. Беларусь әдебиетінің бұл кезеңдердегі дамуына В.И. Дунин-Марцинкевич (1807 — 1884) елеулі үлес қосты. Кейінірек Ф. Богушевичтің (1840 — 1900), Я. Лучинаның (И. Неслуховский, 1851 — 1897), А. Гуриновичтің (1869 — 1894), А. Абуховичтің (1840 — 1905) өлең-жырлары, поэмалары жарық көріп, әдебиетті өркендетуде үлкен рөл атқарды.
  • 1905 жылғы демократиялық қозғалыс Беларусь әдебиетінің жаңа қарқынмен дамуына қолайлы жағдай жасады. Халықтың азаттыққа ұмтылуы, ой-сананың өсуі Я.Купала, Я. Колас, Тетка (А. Пашкевич, 1876 — 1916) шығармаларынан айқын көрінді. Әсіресе, Пашкевичтің “Азаттыққа аттаныс”, “Беларусь скрипкасы” (1906) атты жинақтары — азаттық рухындағы туындылар. Купала мен Колас шын мәніндегі халық ақындары ретінде өздерінің көптеген өлең-жырларында, кітаптарында халықтың мұң-зарын, азаттыққа ұмтылысын суреттеді.

Қазан төңкерісінен кейін Беларусь әдебиеті идеологиялық қысымға қарамастан қарқынды дамыды.

  • 1939 ж. елдің батыс және шығыс бөліктерінің қосылуы нәтижесінде М. Танк, Ф. Пестрак, А. Кулешов, П.Панченко, Э. Огнецвет, А.Русак сияқты таланттар ұлттық әдебиеттің ірі өкілдеріне айналды.

Ұлы Отан соғысынан кейінгі дәуірде Беларусь әдебиеті жаңа қарқынмен дамыды. И. Шамякин, И. Мележ, Я. Брыль, В. Быков, Р.Бородулин, т.б. көптеген ақын-жазушылардың романдары мен повестері, өлеңдері мен поэмалары Беларусь әдебиетін жаңа биікке көтерді. Әдебиеттану мен әдеби сын саласынан А. Адамовичтің, С. Александровичтің, В. Борисенконың, т.б. еңбектері танымал болды. Б. жазушылары мен ақындарының шығармалары бұрынғы КСРО халықтарының және шет ел тілдеріне аударылып, дүниежүзілік әдебиет қорынан берік орын алды. Қазақ оқырмандарына Купала, Колас, Бровка, Танк, Шамякин, Мележ, Брыль, Быков сияқты дарынды ақын-жазушылар туындылары жақсы таныс.

Өнері

Беларусьтің Киев Русі дәуірінен жеткен сәулет өнерінің ескерткіштері — София соборы, Полоцкідегі Спасс-Евфросиньевская шіркеуі, Витебскідегі Благовещенск және Гроднодағы Коложск шіркеулері. 17 ғасырда Ресейде “беларусь өрнегі” деп аталатын беларусь суретшілерінің әдісі кең тарады. Беларусьтің бейнелеу өнері 18 ғасырға дейін бірыңғай діни сипатта дамыды. Бұл саладағы алғашқы шынайы өмірлік материалды арқау еткен туынды — белгісіз автордың “Слуцкілік князь Олельковичтердің портреті” деген шығармасы (17 ғасырдың соңы мен 18 ғасырдың басы). Ресейге қосылған кезден бастап (18 ғасыр). Беларусь өнері мен мәдениеті жаңа бағытта дамыды. Санкт-Петербург Көркемсурет академиясы мен Мәскеу сурет училищесінен білім алған Беларусь суретшілері И.Т. Хруцкий, С.К. Зарянко, мүсінші А.А. Васютинский, т.б. Беларусь бейнелеу өнерін жаңа биікке көтерді. Қазан төңкерісінен кейін Беларусь мәдениеті мен өнеріне түбегейлі өзгерістер еніп, кәсіби өнер мен халық шығармашылығының қабыса дамуына жол салынды.

A.

Беларусь драма театры.
  • 1918 ж. ашылған Витебск көркемсурет мектебі 1923 ж. Көркемсурет техникумы болып қайта құрылды.
  • 1925 ж. алғашқы сурет көрмесінен кейін Беларусь суретшілер бірлестігі ұйымдастырылды. 1935 ж. Сәулетшілер одағы,
  • 1938 ж. Суретшілер одағы құрылды.
  • 1939 ж. Мемлекеттік сурет галереясы ашылды. Портреттік бюст жанры дамыды. Бұл кезеңде суретшілер И.О. Ахремчин, К.М. Космачев, М.А. Керзин, т.б. жемісті еңбек етті. Кеңес Одағы кезінде кескіндеуші В.К.Цвирно, А.П. Суховерхов, А.Д. Шибнев; графиктер С.И. Селиханов, Л.Н. Гумилевский; театр суретшілері Е.Г. Чемодуров, П.В. Маслеников, т.б. есімдері танымал болды. Беларусьтердің дәстүрлі әндері лирикалық әуен де келеді. Халықтың музыкалық фольклорынан төңкерісшіл және партизан әндері кең орын алған. Күлкілі әндері мен би әуездері (“Лявониха”, “Юрогка”, “Бульба”, “Крыжачок”) өткір мысқылымен ерекшеленеді. Халық саз аспаптары: цимбалы, жалейка, бубен, скрипка, дудна, т.б. Қуыршақ театрының ойындары мен халық драмалары музыкалық сүйемелмен қойылған. Беларусьтің кәсіби музыкасы Кеңес одағы тұсында туып, қалыптасты.
  1. 1924 ж. Минскіде музыкалық техникум,
  2. 1932 ж. консерватория,
  3. 1933 ж. Беларусь опера және балет театры,
  4. 1937 ж. Беларусь филармониясы ашылды.
  • 1940 ж. Г.Р. Ширманың жетекшілігімен Беларусь ән-би ансамблі ұйымдастырылды. Осы ансамбль негізінде 1955 ж. Мемлекеттік хор капелласы құрылды. Ұлттық опера репертуарын жасаушы композиторлар: Н.И. Аладов, Е.К. Тикоцкий, А.В. Богатырев, т.б. Беларусь опера өнерінің дамуына үлкен үлес қосқан әншілер — Л.П. Александровская, Т.Н. Нижниковка, Л.Ф. Алексеевка, т.б. Беларусь халқының ежелгі әдет-ғұрыптары мен ойын-сауықтары халық драмасының өркендеп, өсуіне, театрдың туып қалыптасуына игі әсер еткен.
A.

Минсктағы Купала театры.

16 ғасырдан бастап халықтық қуыршақ театры — батлейка кең өріс алды. 17 ғасырда діни оқу орындары жанынан мектеп театрлары ұйымдастырылып, ойын-сауықтар көрсетіп отырды. 18 ғасырдың соңына қарай жеке меншік театрлар, 19 ғасырдың орта шенінде әуесқойлар театрлары құрыла бастады. Осындай әуесқойлар театрының бірін Беларусь халқының алғашқы драматургы Дунин-Марцинкевич басқарды.

1905 ж. актер әрі рижессер И.П. Буйницкийдің жетекшілігімен кәсіби көшпелі театр құрылды. Купала мен Коластың драматургиясы Беларусьтің ұлттық театрының қалыптасып, өсуінде үлкен рөл атқарды. Я.Купала атындағы драма театры (1920, Минск), Я. Колас атындындағы драма театры (1926, Витебск), 3-Беларусь драма театры (1932), т.б. театрлар құрылғаннан кейін олардың өнер биігіне көтерілу жолдарында Г.П. Глебов, П.С. Молчанов, т.б. белгілі актерлар мен режиссерлер тарихи тақырып пен ұлттық фольклор негізінде жазылған Е.А. Мирович, Е.С. Романов, т.б-дың пьесаларын қойды. 20 ғасырдың 40—50-жылдарынан бастап олардың сахналарында классикалық туындылар қойылды. Қазіргі Беларусь — кино өнері мен ұлттық теледидары, ғылымы мен оқу-ағарту жүйесі жоғары дәрежеде дамыған мемлекет. [2]

  1. ↑ Саяхат. Тексерілді, 26 наурыз 2006.
  2. ↑ “Қазақ Энциклопедиясы”, II-том

Скачать/Жүктеу

Комментировать

Вам необходимо войти, чтобы оставлять комментарии.




1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Сайт картасы