Скачать/Жүктеу
Ел экономикасы оңалған сайын ел өмірінде жағымды жаңалықтар көбейе түсіп келеді. Соның жарқын бір мысалын білім саласынан да көптеп көруге болады. Айталық, бұрынғы жабылып қалған балабақшалармен бірге, мектеп жанындағы интернаттар да қайтадан ашылуда, яки жаңадан қатарға қосылуда.
Соның бір айғағындай, жаңа жыл қарсаңында қаладағы №45 орта мектеп жанынан қала маңы мен шалғайдағы ағайындардың балаларына арналған 120 орындық интернат ашылды. Интернат жергілікті бюджет есебінен тез арада жөнделіп, жабдықталды. Сөйтіп, мұнда негізінен ауыл шаруашылығымен айналысатын жандардың балаларына сапалы білім, саналы тәрбие алуына барынша қолайлы мүмкіндік жасалды.
Әзірге интернатқа жүзге жуық оқушы жайғасып үлгерді. Олардың ішінде алыстағы Абыралы өңірінің балалары да бар. Мұндағы барлық шығын тұтастай дерлік жергілікті бюджеттің мойнында. Яғни, ата-аналар оның жиырма пайызын ғана төлейді.
Еліміздегі білім саласы 12 жылдық оқыту жүйесіне көшіріліп отырған шақта бұл жас ұрпаққа жақсы қамқорлық болса керек дейді қала әкімінің орынбасары Зәуреш Исабаева. Ол солай дей келіп, жаңадан ашылған интернатқа қалалық әкімдік атынан плазмалық теледидарды сыйға тартты.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
СЕМЕЙ.