Қарақұрт арқылы табылатын ақша


Скачать/Жүктеу

Шымқалада дәл қазір қарғаның миы қайнайтын ыстық болып тұр. Сол себептен де болар улы жәндіктер бас көтеріп, одан уланғандардың саны былтырғыдан үш есеге өсіп кеткен. Әсіресе қарақұрт пен шаяндар «белсенділік» танытып тұр. Қаладағы орталық аурухананың токсикология бөлімінің меңгерушісі Асылхан Мыңбосынов: «Шаянның уына қарсы қолданылатын дәрі жоқ. Сол себептен де ауруды баяулататын дәрі-дәрмекті салып, науқастарды үйлеріне қайтарғаннан басқа амалымыз жоқ. Қарақұртқа қарсы қолданылатын дәрі жеткілікті.
Науқастарға соны пайдаланып жатырмыз»,– дейді. Бүгінде токсикология бөлімінде 6 адам ем қабылдап жатыр. 5 жасар қызды желкесінен қарақұрт шағып алған. Оны әрең дегенде ажалдан арашалап қалудың сәті түсіпті. Көбіне бұрын егіс алқабы болған, кейіннен тұрғын үйлер салуға рұқсат берілген жаңадан салынып жатқан ықшамаудандардың тұрғындары зардап шегуде. Дәрігерлер тұрғындардың мұқият болуын қанша ескертсе де, нәтиже жоқ. Көбі қарақұрт шаққаннан кейін оны мыжып өлтіріп, лақтырып тастайды екен. Негізі, оны зертханаға жіберіп, тексеріп, соған қарап ем тағайындаса, жазылуы да тез болады дейді дәрігерлер. Бүгінде дәрігерлер қарақұрттың «заманауи» түрі шыққанына алаңдаулы. Қарақұрт шаққанан кейін 15 минуттан кейін оның ізі де қалмайды екен. Әрі белгілері де бұрынғы диагноздан басқарақ, зардап шегушінің бүйрегі ауырып не болмаса соқырішекке ұқсас болып ауырады екен.
Ал Маңғыстау облысында қарақұрт шаққан 30 адам бірден ауруханаға түскен. Биыл еліміздің әр аймағында осы жорғалағыш жәндіктердің «бас көтеруі» жиілеп кетті… Бұрынғыдай емес, биыл қарақұрттардың тым көбейіп кеткені расында ойландыратын мәселе. Бір шаққанынан-ақ адамды арғы дүниеге аттандыруы мүмкін қарақұрттың пайдасын кәдеге жаратуға болады екен. Расында шақса, сеспей қатыратын осы өрмекші тәріздес жәндіктің уынан аса бағалы дәрі-дәрмектер жасалады. Сол сияқты шаянның да шаш етектен пайда түсіретіні белгілі болып отыр. Австриялық дәрігер шаян мен қарақұртты баптап өсіріп, уын сатып, бақуатты жандардың қатарына қосылғанын жалпақ әлемге жария етті. Расында шаянның 1 грамм уы 11 мың долларға бағаланады екен. Осы қымбат тұратын жобаны елімізде неге қолға алмасқа?
Еліміздің барлық аймақтарында шаян, қарақұрт көптеп кездеседі. Оларды ұстап, уын алу оңайға соқпас. Алайда оларды көбейтіп, асырап-бағып, жемісін көруді жақсылап үйренуге болады-ақ. Шаян, қарақұрт өсіру мәселелері жөнінде нақты есептелген жоба, бағдарламалар бар болғанымен, оны жүзеге асыруға келгенде көзді жұмып, білекті сыбанып шығатындар кем көрінеді. Себебі бұл жоба өте қымбат тұрады. Мамандардың есептеуінше, 5 мың өрмекші тәріздестерді ұстап, өсіруге арналған жобаны іске асыруға 50 мың доллар қаржы қажет екен.
Оларды баптап- бағудың өзі де басын бәйгеге тіккенмен бірдей. Өйткені аса улы жәндіктерге абайлап қарамаса, қауіптің кез келген жағдайда бас салары сөзсіз. Анығында қылыштың қырында жүргендей қауіпті тірлік. Дегенмен жобаны қолға алып іске асырса, кеткен шығынды бір жылдың ішінде артығымен қайтарып алуға болады. Есептей беріңіз, 5 мың шаян мен қарақұрттан жылына 50 грамм кептірілген у өндіріледі.
Ал әр грамы 11 мың доллар болса, ақшаның астында қалдым дей беріңіз. Бірақ қып-қызыл табыс түсетін саладан бағын сынап көретіндер әзірге табылмай тұр. Ал бұл бизнес түрі шетелде жақсы жолға қойылған. Қарақұрт пен шаянды бағып-қағып, байып кеткендер бар. Ірі қара малды семіртіп сатумен айналысатын ағайындардың арасында қарақұртты «аяғын жерге тигізбей» сатып алатындар жетерлік. Өйткені оны жеген мал әбден қоң жинап, тез семіреді. Ерекше осы бизнес түріне ынта қоятындар табылар-ау. Дегенмен кәсіпкерлікті нәсіп етіп жүргендер қай іске ақша салардан бұрын оның қайтарымын ойлары сөзсіз.
Бұл – бизнестің бұлжымас заңы. Алайда жеті рет өлшеп, бір рет кескен де жөн. Оның уын алудың өзі де машақаты көп шаруа. Білікті маман болмаса, анау-мынаудың қолынан келе бермейді. Мамандарды шетелден шақырту шаш-етектен ақша шашуды қажет етеді. Сосын оны өткізетін орын керек. Елімізде қазір оншақты ғана дәрі өндіретін өндіріс орындары бар. Шет елге өткізудің де сан алуан кедергісі толып жатыр. Ал егер елімізде қарақұрт пен шаянның уын сатып алып қажетіне жарататын өндіріс орындары болса, ойланбастан алақанға түкіріп, кірісіп кететін шаруа.

Жаннұр ЖҰМАШ,
Шымкент қаласы

Халық сөзі сайтынан.


Скачать/Жүктеу

Комментировать

Вам необходимо войти, чтобы оставлять комментарии.




1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Сайт картасы