Скачать/Жүктеу
Тірек – қимыл аппараты мен дене сапаларының жетілген деңгейі жаңа қимыл – қозғалыстарға үйретудің алғышарттары болып келеді. Ол оқытудың құрылымдық – функциялық негізі. Жаңа қимыл – қозғалыстар талаптарын бұл алғышарттар қанағаттандырады, сәйкес келеді немесе жеткіліксіз болады. Жеткіліксіз жағдайда оқу процесі созылып кетуі мүмкін. Сондықтан берік морфофункциялық іргетас қалауды жаңа қимыл – қозғалыстарға үйретудің ең тиімді жолы ретінде қарастыру қажет. Қандай жағдайда болсын біртұтас организм үшін көздеген мақсатқа тиімді және үнемді жолдармен жету ережелері өздерінің маңызын жоймайды.
Күрделі қимыл – қозғалыстарға оқытуда логикалық соңына жеткен элементтерді бөлшектеуге болады. Алайда, балаларды оқыту барысында күрделі қозғалыстар элементтерінің ішкі тұтастығын сақтайтын әдістер басқадан артық келеді.
Бастапқы кезеңде ол әдістер жеңілдетілген жағдайларда өткізілуі мүмкін. Мұндай жеңілдетілген жол дене сапаларының максимал дәрежеде білінуін талап ететін жағдайларда жаттығуларды меңгеру сатыларында жақсы. Күрделі жаттығуларға үйретудің бірінші кезеңінде, қимыл – қозғалыстар автоматизмі пайда болғанша,қосымша амалдар мен жағдайларды пайдаланудың қажеті жоқ.
Жаңа қимыл – қозғалыстарды үйренудің табыстылығы балалардың қимыл әрекеттеріне оңтайлы жағдай жасаумен байланысты. Назарды белсенді күйге келтірудің түрлі әдістерін қолдану,сабақтың кіріспе бөлімінде болашақ әрекеттерге жан – сезімдік сезінуді қамтамасыз ету орталық жүйке жүйесінің оңтайлы қозғыштығын жасауға атсалысады. Күрделі қимыл – қозғалыстарға шаршаған жағдайда үйрену өте тиімсіз.
Қалыптасқан қимыл дағдысының беріктігі үйреніп жатқан қимылдарды қайталау санына тәуелді. Орындалу дұрыстығын оқытушының тынымсыз бағалауымен қатар оларды қанша рет қайталауын қадағалау, жаттығудың жеткілікті меңгерілуінің негізгі шарттарының бірі болып келеді.Индифференттік тітіркендіргіштердің күші,дәлірек айтқанда, үйренетін қимыл – қозғалыстардың өзі,оңтайлы дәрежеде болу керек. Шамадан тыс күшті тітіркендіргіштер,яғни өте күрделі жаттығулар,оқушының қимыл – қозғалыс функцияларының жастық даму ерекшеліктеріне сай келмейтіндері меңгерілмейді. Керісінше,күші жағынан әлсіз, баланың ынтасын тудыра алмайтын қарапайым қимыл – қозғалыстар,оларды қайталай орындау үшін қозғаушы бола алмайды.
Ерікті қимылдарды қуаттаушы агенттің индифферентті агентке қарағанда күші максимал болуы керек. Оқушының әрекеттерін бағалау,түсінік беру, қателіктерін түзету,үнемі назарда ұстау жаңа қимыл – қозғалыстарға үйретудің тиімділігін арттыруға септігін тигізеді.
Табиғи қимыл–қозғалыстарға жақын (мысалы, жүгіріс).
Спорттық жаттығуларға үйрету, оларда қимылдың іштен туа біткен механизмдерінің( элементтері ) басым болуы себебінен жеңіл келеді. Алайда оқытуда жіберілген қателіктер қимыл – қозғалыстардың табиғи реттелу негіздерін жоюы мүмкін. Мұндай қауіпті салдарға қимылдардың қалыпты физиологиялық реттелу механизмдеріне сәйкес келмейтін үйретудің алуан түрлі нысанды әдістері мен амалдарын енгізу себеп болады.
Күрделі қимыл – қозғалыстар үйретудің әдістемесін алдын ала мұқият жасауды талап етеді. Ондай әдістеме балалардың қимыл – қозғалыс функцияларының реттелуі мен қалыптасуының жалпы заңдылықтары жөніндегі білім негізінде құрылады. Күрделі қимылдарды орындаған кезде оларға бағытталған саналы да, жігерлі бақылаулар,қимылдардың табиғи формаларын меңгеруге қарағанда,ұзағырақ сақталуы керек. Жеке бөлшегі не болмаса тұтас қимыл – қозғалыс автоматтандырылған сайын,оны санамен бақылау әлсірей береді. Іштен туа біткен қимыл – қозғалыс әрекеттеріне тән қимыл – қозғалыстар еріксіздік бейнелеріне ие бола бастайды.
Балалар мен жасөспірімдерді қимыл – қозғалыстарға үйретудің ерекшеліктері. Жаңа қимыл – қозғалыстарға үйрету қарапайым қимыл актілернің табиғи бейнелерінің жастық алғышарттарына негізделеді. Тұнғыш балалық шақтағы бейберекет қимыл – қозғалыстардан,сансыз сынаулар мен байқаулар арқылы,оларды орындаған шақтарда ұшырасатын сәтсіздіктерден аса отырып, бара – бара мақсатты қимыл – қозғалыстар қалыптасады. Мақсатқа сәйкес қимыл әрекеттерін қуаттау – ерікті қозғалыстарды қалыптастыруға бағытталған қажетті әрекеттер. Мысалы, баланың шап беріп ұстай алатын қимылдарын,бірнеше рет тамақ немесе басқа биологиялық маңызы зор агенттермен қуаттаса,олар мақсатты сипатты қимыл әрекеттеріне айналады.
Тұңғыш даму кезеңдерінде баланың қимыл – қозғалыс (локомоторлық) функциясы өте қарапайым формаларында іске асады.
Бір – екі жастағы бала жүрісін еске түсірейік. Оның қимыл белсенділігі,көптеген спорт түрлеріндегі немесе әртістік өнердегі қимыл – қозғалыстарға мүлде ұқсамайды.
Қимыл – қозғалыс функциясының дамуы біркелкі емес. Туғаннан соң бір жасқа деін бала өте тез өседі. Тұнғыш балалық шақта тұлға бұлшық еттерінің массасы тек артады. Тек мектептке дейінгі жаста ғана (5-6 жаста) қолдарының ұсақ бұлшық еттері тез дамиды. Бұл жаста бала саусақтары дәл және нәзік қимыл – қозғалыстарға ие бола бастайды.
Тірек – қимыл аппаратының және орталық реттеуші механизмдерінің жетілуі жоғарылаған сайын жаңа қимыл – қозғалыстарды меңгеру қабілеті артады. Бастауыш сыныптағы балалар,шапшаң шешім қабылдап орындауды талап ететін,аяқ астынан пайда болатын қимыл – қозғалыс жағдаяттарына салыстырмалы тез бейімделеді. Қимыл – қозғалыс дағдыларын үйрену және оларды орнықтыру жеделдігі көптеген жағдайларда оқытушының шеберлігіне,қуаттау әдістерінің ебін табуына,баланың сабаққа деген ынта – жігерін арттыра білуге байланысты. Сондықтан физиологиялық әрі педагогикалық тұрғыдан алғанда да,түсінік беріп,жаттығулардың орындалуына баға беріп,баланың қимыл әрекеттеріне тұрақты бақылау жасап отырғанымыз дұрыс.
Ерікті қимыл – қозғалыстардың қалыптасуы оқытудың алғашқы кезеңдерінде шартты рефлекстік әрекеттердің жалпы заңдылықтарна тәуелді. Жастық даму және түйсіктің қалыптасуы барысында осы заңдылықтар жаңа сапалық мазмұнға ие бола бастайды. Қимыл – қозғалыстарға саналы ынта – жігерді бақылау оқудың нәтижелі болуының басты кепілі болып келеді.Сондықтан қолда бар қуаттаушы агенттердің ішіндегі әлеуметтік маңызы бар түрін пайдалану маңызды.
Баланы жаңа қимыл – қозғалыстарға үйрету жолындағы қуаттаушы агенттер:мұғалімнің сөзі,әрекет жетістіктерін бағалауы,баланың өз табыстарының маңызын ұғынуы және өзіне — өзі баға беруі. Алайда оқытудың тұңғыш кезеңдерінде үйреніп жатқан дене жаттығуларындағы табыстары қарапайым,сонымен қатар айқын,жағымды,табиғи,биологиялық мазмұны құпия емес агенттерді пайдаланған жөн. Қимыл-қозғалыстарды орындап жатқан мезгілдің өзінде немесе орындалып біткеннен кейін нақты бейнелі қуаттаулар оқытуды жеңілдетеді. Мұндай әдістер бастауыш сыныптардағы оқушылардың ойлау қасиетінің ерекше бейнелі болуымен байланысты. Оларда нақты тітіркендіргіштердің әлі де болса көбісі сөз бейнесіне ие бола қойған жоқ.Сондықтан балаларға қуаттаушы заттық агенттер әсер етеді.
Бастауыш сынып жасындағы балалар техникалық жағынан күрделі қимыл – қозғалыстар формаларын меңгеруге қабілетті. Бұл 7-8 жаста жоғары жүйке әрекеттерінің дамуы едәуір биік сатыға көтерілгенін көрсетеді. Осы уақытқа дейін жүйке жасушаларының( клетка) өте маңызды өсу сатысы құрылымдық саралап жіктеумен аяқталады. Абстракциялық ойлау негізі болатын іштен сөйлеу мүмкіндіктерінің қалыптасуы қарқынды түрде артады. Алайда ішкі тежелу процестері әлі де болса жетілмегендіктен,жаңа қимыл – қозғалыстарды жасау оларға қиынырақ түседі.
Баланы қимыл – қозғалыстарға үйрету шапшаңдығы оның сыртқы әсерлерге деген бейімделгіштігіне байланысты. Балалардың жеке дамуында түрлі бағыттағы дене жүктемелеріне сезімтал келетін кезеңдер байқалады( сын кезеңдері). Мысалы,6-8 жастағы баланы коньки тебуге,9-11 жас кезіндегіден үйрету жеңіл.8-12 жас аралығында, дәлдік пен жоғары үйлесімділікті, кеңістікті бағдарлай алу қасиетінің қарқынды дамуына байланысты, іс жүзінде қандай да болсын қимыл – қозғалысқа үйретуге болады.
Мектепке дейінгі жаста екі аяқ пен бір сәттілік қимылдарды( мысалы,екі аяқпен теуіп секіру) жасау қиындық туғызады, өйткені туа біткен қайшылас координация әлі де сақталған.Тек 7-8 жасқа дейін аяқпен бір сәттілік симметриялық қимыл – қозғалыстар жасауға қажетті үйлесімділіктің физиологиялық механизмдері дамып жетіледі.8-9 жастан бастап жүгіріс пен жүзудің жылдамдығы қарқынды өсе бастайды,ал 10-11 жасқа жақын жүгіріс адымдарының жиілігі максимал дәрежесіне жетеді,тіпті 10-11 жастағы балалар осы жағынан 12-14 жастағы жасөспірімдерден асып түседі.
Жасөспірімдік және бозбалалық жастарға дерексіздік ойлаудың басым болуымен байланысты,нақты,заттық тітіркендіргіштерге қарағанда,сөз сигналдарына шартты қимыл рефлекстері тез жасалады.Сондықтан( әсіресе бозбалалық шақта),негізінен, сөздік әдістерді пайдалану арқылы қимыл – қозғалыстарға үйрету физиологиялық тұрғыдан негізді. Жасөспірімдер жоғары қозғыштығымен, өте жоғары қимыл белсенділігімен,қимылдарының ретсіздігімен( ебедейсіздігімен) ерекшеленеді. Жыныстық жетілу кезеңіне жақын мидың талдау – түзу функциясының мүмкіндігі жоғарылайды. Дене жаттығулары сабақтарының мазмұны мен маңызын түйсіну арқылы,жасөспірім олардың түрлерін тез меңгереді.
Жасөспірім психикасының тұрақсыздығы оның дене жаттығуларына деген назарын үнемі қуаттап тұруды қажет етеді. Бірақ олардың аса күрделі болмағаны жөн. Күрделі,қиын жатығуларға немесе өте қарапайым жеңіл орындалатын жаттығулар сияқты қимыл – қозғалыстарға ынта – жігер тез сөнеді.Дене жаттығуларына аса қол жетімділік техниканы меңгеруге деген немқұрайлылыққа әкеледі. Дәл осы жаста, жаттығуларды орындау арқылы физикалық жан –жақты даму, проприоцепция аппаратын жетілдіретін дұрыс техникамен қабаттасуы керек.
Тиімді құрылған дене жаттығуларының сабақтары,организмнің мүшелері мен ұлпаларының дамуын, өсуін күшейте отырып,биологиялық процестерді құрайды. Жасөспірімдер өзінің мүмкіндіктерін асыра бағалай отыра күш жаттығуларымен,ауыр заттарды көтерумен,күрделі акробатикалық,гимнастикалық және басқа жаттығулармен өзін — өздері жүктейді. Осындай ерекшеліктерді ескере отырып,спорттық жарақаттарға әкелетін және техникалық дилетантизмнің потенциялдық қайнар көзі болатын жаттығуларды сабақ барысына кіргізуге болмайды.