Бәсекенің түрлері


Скачать/Жүктеу

МАЗМҰНЫ:

КІРІСПЕ………………………3

1        БӘСЕКЕ ТУРАЛЫ ТҮСІНІК…………4

2        БӘСЕКЕНІҢ ТҮРЛЕРІ……………..6

2.1        Жетілген бәсеке……………..6

2.2        Монополистік, жетілмеген бәсеке……..11

3        ТАУАРЛАРДЫҢ БӘСЕКЕГЕ ЖАРАМДЫЛЫҒЫНЫҢ  КӨРСЕТКІШТЕРІ………16

4        КӘСІПОРЫННЫҢ ЖЕТІЛГЕН БӘСЕКЕ НАРЫҒЫНДАҒЫ ІС-ӘРЕКЕТТЕРІ……………….18

ҚОРЫТЫНДЫ…………23

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР……..24

КІРІСПЕ

Бұл курстық жұмыстың мақсаты – жеке кәсіпорынның нарықтың белгілі бір моделіндегі, яғни жетілген бәсекелестік жағдайындағы іс-әрекетін зерттеу болып табылады. Бұл модель зерттеуді жеңілдететін алғышарттардан туындайтын, нақты экономикада толық күйінде кездесе бермейтін таза нарықтық құрылым болып саналады. Алайда, ол шешім қабылдау барысында өндірушілерге көптеген негізгі жорамалдау кезеңдерге түсінік береді, атап айтқанда, өнім өндіру көлемі мен тауардың бағасы және жеке сатушылардың ұсынысына әсер ететін факторларды анықтауға көмек береді. Нақты нарық құрылымдардағы кәсіпорындардың тауар өндіру және қызмет көрсету процесін толық түсіну үшін аталған модельді қарастырудың маңызы зор.

Сонымен, зерттеу нысаны жетілегн бәсеке нарығындағы кәсіпорын болып табылады, ал оның мақсаты – тауар өндіру мен қызмет көрсету және оларды нарықта сату барысында пайданы мейлінше арттыру. Менің талдауымның мақсаты, біріншіден, өндірушінің қысқа мерзімді кезеңде өндіріс көлемі жөнінде қалай шешім қабылдайтындығын және оның ұсынысына қандай факторлар ықпал ететіндігін көрсету. Екіншіден, жеке бір кәсіпорын және жалпы сала үшін ұзақ мерзімді өзгерістердің табиғатын зерттеу.

1   БӘСЕКЕ ТУРАЛЫ ТҮСІНІК

Бәсеке дегеніміз, бір жағынан, іс-қимыл жасайтын салада ұнамды нәтижеге жету үшін жүріп отыратын экономикалық жарыс, шаруашылық жүргізудің қолайлы жағдайына ие болу үшін, пайданы мол алу үшін тауар өндірушілердің бір-бірімен күресі. Екінші жағынан, ол нарық субъектілерінің өнімді өндіру мен оны өткізудегі және капиталды қолдану сферасындағы ара қатынастары. Форма жағынан бәсеке ұйымдастырудың нормалары мен ережелерінің, мемлекеттік және жеке құрылымдардың директивалары мен іс-қимыл әдістерінің жүйесі.

Бәсекені экономикалық процесс ретінде шаруашылық жүргізуші субъектердің белгілі әрекеттерінің жиынтығының түрі деп тануға болады. Осы әрекеттер экономикалық цикл ретінде жинақталады. Осыған бірте-бірте жүріп отыратын төменде аталған ұдайы өндірістік процестер жатады:

  • өндіріс және еңбек ұжымдарының материалдық-заттық элементтерін қалыптастыру;
  • өндірісті ұйымдастыру, оны шикізатпен, материалдармен, жартылай фабрикаттармен жабдықтау және өндірістік, несие-қаржылық және жобалау мекемелерінің бір-біріне әсер етуі;
  • бәсекеге төзімді өнім өндіру;
  • өнімді сату. Бұл үшін оның саны анықталады, өткізілетін орны мен уақыты белгіленеді;
  • пайда есебінен инвестициялық қор жасау және оны өндірісті кеңейту үшін пайдалану.

Өнімнің «өмір сүру циклі» бәсекелік күрес дәрежесіне елеулі әсер етеді. Өнімнің «өмір сүру цикліне» оның шығарыла бастауынан өндірілуі тоқтағанша жүріп отыратын мерзімі, «өмірі» жатады. Бұл цикл төрт фазадан тұрады:

  • жаңа өнімді игеріп, өндіріске енгізіп орналастыру. Бұл арада сату көлемі көп емес, шығарылған өнімнің бағасы жоғары болады;
  • өндірістің өсуі -  өндірістің масштабы өседі, сұраныс өседі, жоғары баға сақталады;
  • кемелдену. Өндіріс көлемі ең жоғары дәрежеге жетеді, сұраныс толық қанағаттанады, өндіріс қарқыны бәсеңдейді, бәсеке шиеленіседі, баға төмендей бастайды;
  • ескіру. Бұл фазада сұраныс төменгі шегіне жетеді, өндіру азаяды. Бәсеке сайысы сөне бастайды. Өнімнің басым көбінің өндірілуі тоқталады, жаңа өнім өндіру басталады.

 

Бәсекелік сайыста шаруашылық жүргізуші субъектер өз бәсекелесіне мардымсыз әрекеттер қолданады. Мұндай әрекеттерді «бейниетті бәсеке» деп атауға болады:

  • бәсекелес туралы өтірік немесе қате мәліметтер тарату;
  • тауардың сапасы туралы және оның сипаттамасы, жасау әдісі мен жасалған орны туралы жалған ақпарат тарату;
  • бәсекелестің тауарлық белгісін, оның фирмасының атын, маркировкасын заңсыз пайдалану;
  • тауардың сапасы туралы дұрыс түсінік бермейтін жарнама жасау;
  • бәсекелестің тауарын жамандап көрсететін салыстырмалар қолдану;
  • келісім бойынша өздері ғана білуіне тиісті салаға жататын конфиденциялық ғылыми-техникалық өндірістік және басқадай информацияны таратып жіберу. Аталған шартбұзушылықпен күресу Қазақстанда мемлекеттік антимонополиялық агенттікке жүктелген.

2        БӘСЕКЕНІҢ ТҮРЛЕРІ

2.1        Жетілген бәсеке

Еркін бәсеке жеке меншікке және шаруашылықтың оңашалуына негізделеді. Өндірушілер бір-бірімен тек нарық арқылы байланысады.

Жеке фирма өз өнімін өткізуде іс жүзінде нарықтағы айырбас  жағдайларына ешқандай әсер ете алмаса, онда осындай болмыс – бәсекелік қабілеттің ең жоғарғы дәрежесі болып табылатын жетілген бәсеке деп аталады.

Жетілген бәсеке нарығы төменде аталған шарттардың орындалуын тілейді:

  • жеке фирманың өндіріс мөлшері елеулі болмайды және ол сол фирма сататын тауардың бағасына әсер етпейді;
  • әр өндірушілер сататын тауарлар біртекті тауарлар болады;
  • сатып алушылардың баға туралы информациясы толық болады. Егер біреу өз өнімінің бағасын көтерсе, онда ол сатып алушыларынан айырылады;
  • сатушылар өзара баға туралы келісім жасаспайды және әрекеттерін бір-бірімен келіспей жеке жүргізеді;
  • өндіруші фирмалардың салаға кіруі мен шығуына жол ашық болады.

Осындай сату-сатып алу  шарттарының орындалуы өндірушілер мен тұтынушылардың өзара қатынастарына еркіндік сипат береді. Жетілген бәсеке баға белгілену механизмнің және тепе-теңдік болмысы арқылы экономикалық жүйенің өзін-өзі реттеуінің қалыптасу шарты болып табылады. Осының нәтижесінде жеке индивидтердің экономикалық жетістікке жетуді көздейтін өзіндік жеке дара қимылдары бүкіл қоғамдық жетістіктерге жол ашады.

Нарықтық бәсекенің артықшылықтары мен кемшіліктері бар.

Артықшылықтары:

  • қоғамға қажет тауарларды  өндіруде ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндіктің болуы;
  • тез өзгеріп отыратын өндіріс жағдайларына икемді болып, оларға тез көмектесе алатындығы;
  • тауарлардың жаңа түрлерін жасау саласына жаңа техника мен технология енгізуге, өндірісті ұйымдастырып басқарудың жетілген әдістерін қолдануға, ғылыми-техникалық жетістіктерді ұнамды пайдалануға жағдайлар тудыратындығы;
  • өндірушілерді көптүрлі қажеттіктерді қанағаттандыруға, тауарлар мен қызметтердің сапасын жоғарылатуға мақсаттандыруы.

Кемшіліктері:

  • ұдайы өндірілмейтін ресурстарды (ормандар, табиғи жануарлар, жер, теңіз, мұхит қоймалары) сақтауға көмектеспейді;
  • қоршаған ортаны қорғауда негативтік бағытта болады;
  • ұжымдық тауарларға бағытталған тауарлар мен қызметтер (дамбалар, жолдар, қоғамдық көлік) өндірісінің дамуын қамтамасыз етпейді;
  • фундаментальдық ғылымның, жалпы білім беру жүйесінің, қалалық шаруашылықтың көп элементтерінің дамуына жағдай жасамайды;
  • еңбек, табыс, демалу құқықтарына кепілдік бермейді;
  • әлеуметтік әділетсіздік пен қоғамның байлар мен кедейлерге бөлінуіне бөгет жасайтын механизмдері жоқ.

Нарық қатынастары қашанда жұп қатынастар болады: «сатушы-сатып алушы», т.б. Осы қатынас  өндіріс пен тұтынудың байланысын сипаттайтын ұсыныс пен сұраныстың түрін алады.

Тұтынушы (сатып алушы) мен өндірушінің (сатушы) әрекеттерін екі заң болжайды:

-сұраныс заңы: сатып алушы баға кемігенде, басқа шарттар тұрақты болса, тауарларды көбірек алады, баға жоғарыласа – азырақ алады;

-ұсыныс заңы: басқа шарттар тұрақты болса, баға жоғарылағанда сатушы сату үшін тауарларды көп өндіреді де оны сатуға ұсынады, баға кемігенде аз ұсынады.

Мысал ретінде сұранысты сатуға дайындалған тауарлардың саны арқылы және олардың бағасы арқылы көрсетейік. Бұнда сұраныстың қисық сызығы мынадай қатаң байланысты көрсетеді: баға кеміген сайын сұраныс өсе түседі. Нарықтық сұраныс осы тауарды осы бағамен сатып алатын барлық сатып алушылардың жиынтық сұранысы болады. Осыны 2-кесте және 1-сурет арқылы байқауға болады.

2-кесте

Пачкадағы шайға сұраныс пен ұсыныс

Баға

Сұраныс

Ұсыныс

Баға

Сұраныс

Ұсыныс

0

40

0

70

20

30

10

35

10

90

10

35

30

30

20

100

5

45

50

25

25

Баға өскенде сұраныс төмендейді, ұсыныс өседі. DD-сұраныс қисығы;  SS-ұсыныс қисығы. Сұраныс қисық сызығымен ұсыныс қисық сызықтарын бетестіру арқылы нарықтық тепе-теңдікті белгілеугe болады. Ол DD мен SS  қисық сызықтарының түйіскен Е нүктесінде болады. Е нүктесіндегі баға тепе-теңдік баға деп аталады. Осы нүктеде сұраныс пен ұсыныс арасында нарықтық тепе-теңдік орнайды. Баға 25 болғанда А1В1 көлемінде тапшылық пайда болады, баға 70 болғанда АВ көлемінде артықшылық туады. Осыдан қорытынды еркін бәсекеде нарықтың механизм, бағаның ауытқуы мен ұсынылған тауарлардың көлемінің өзгерулері арқылы сұраныс пен ұсыныс арасында сәйкестік орнатады, нарық тепе-теңдікке жетеді.

Микродәрежеде тепе-теңдік жалпы және жеке тепе-теңдік болып бөлінеді.

Жалпы тепе-теңдік – бұл жиынтық қоғамдық өндіріс (тауарлар мен қызметтердің жиынтық ұсынысы) және тұтынуға тағайындалған ұлттық табыс аралығындағы сәйкестік, яғни, халықтың сатып алу қабілеттігі және тауарлар мен қызметтердің ұсынысының бір-бірімен сәйкестігі.

Жеке тепе-теңдік -  жиынтық қоғамдық өндіріс жеке өндірушілермен өндірілетін және халықтың белгілі топтарына сатылатын, жеке тауарлар топтарының жиынтығынан тұрады. Жеке тауарлар топтары бойынша жалпы сәйкестік болса да сұраныс жағынан да, ұсыныс жағынан да ауытқу (сәйкессіздік) болуы мүмкін. Жалпы (жиынтық) сәйкестік шеңберінде тауарлардың бір тобының сатылуының өскені, олардың басқа топтарының сатылуының азайғаны болады. Мысалы, еттің сатылуының азаюын нанның сатылуының көбеюімен жабуға болады.

Жалпы тауарлық сұраныс бірнеше бөлшектерге бөлінеді:  қоғамның құрылымына байланысты (жұмысшылар және инженер техникалық жұмыскерлер, жұмыспен қамтамасыз етілген еркектер мен әйелдердің, ересектер мен балалардың, жұмыс істейтіндер мен зейнеткерлердің арақатынастары, т.б.); қоғамдық өндіріске байланысты (тауарлардың әртүрлі тобын өндіру); халықтың әр түрлі тобының ұнатуларына байланысты техника дамуының дәрежесіне және әр түрлі тауарларды өндіру мүмкіндіктеріне байланысты; өндірістік құрал-жабдықтары мен тұтыну заттарына сұраныс дәрежесіне байланысты.

Тұтыну заттарына сұраныстың қалыптасуына қоғамның құрылысы (жұмысшы отбасының, шаруа отбасының, интеллигенцияның, кәсіпкерлердің, т.б. тұтыну құрылымдары) әсер етеді. Тауарлардың жеке топтары бойынша орнаған тепе-теңдік жеке тепе-теңдік болып табылады.

Икемділік сұраныс пен бағаның, ұсыныс пен бағаның, бағалар мен жалақының ара тәуелдігін көрсетеді. Ол бағаның өзгеруіне байланысты, сұраныс пен ұсыныстың өзгеру деңгейінің шапшаңдығын сипаттайды. Сұраныстың проценттік өзгерісінің, бағаның проценттік өзгерісіне еселік қатынасы, бағаға байланысты сұраныстың икемділігі немесе икемділіктің коэффициенті болып табылады.

Ed = %Q%P,   немесе  %Q / Q  /   %P / P,

бұнда  Ed – бағаға байланысты сұраныстың икемділік коэффициенті;

Q – тауарға сұраныстың көлемі;

P – тауардың бағасы.

Икемділіктің бірнеше типтері болады .

  • бірлік икемділік – бағаның әрбір 1 % — ке өзгеруіне сұраныстың көлеміне сәйкес 1 % — ке өзгереді (Ed=1).

Ed  = %Q / %P = 2%  /  2% = 1;

  • сұраныс көлемінің проценттік өзгерісі бағаның проценттік өзгерісінен тез жүріп отырса сұраныс икемді болады        (Ed >1).

Ed %Q / %P = 4%  /  2%  = 2 ;

  • икемді емес сұраныс – сұраныстың көлемінің проценттік өзгерістері бағаның проценттік өзгерістерінен төмен болады (Ed<1).

Ed%Q  /  % P2 % / 4 % = 0.5  ;

  • өте икемді емес сұраныс – бұл бағаға қандай өзгеріс жүрсе де, сұраныстың көлемі  өзгермегені  (Ed=0).

Ed  = %Q / % P = 0 / 4% =0 ;

  • шексіз икемді сұраныс – бұл баға өте аз өзгерсе де, сұраныстың көлемі шексіз көп өзгеруі (Ed = ¥).

Ed = % Q / % P = 4 % / 0 = ¥ .

Келтірілген формулалар мынаны көрсетеді:

  • сұраныс көлемінің өсуіне сәйкес баға да пропорционалды түрде төмендеп отырады;
  • сұраныс көлемінің өсуі бағаның төмендеуімен салыстырғанда, екі есе жылдам жүреді;
  • сұраныс көлемінің өсуі бағаның төмендеуімен салыстырғанда, екі есе баяу жүреді;
  • бағаның өзгерісі сұраныс көлемінің өзгеруіне әсер етпейді: тамақ өнімдері (нан, картоп, жарма);
  • жалақы көбейгенде, әл-ауқат жоғарылағанда, сұраныстың өсуі мүмкін.

Осыдан мынадай қорытынды жасауға болады:

Бағаның төмендеуімен байланысты тауарға сұраныс өссе, бірақ тауар өндірушінің жалпы табысы өзгермесе, онда осындай сұраныстың икемділігі бірге тең болады; егер бағаның төмендеуінің нәтижесінде тауарға сұраныс өсуімен қатар тауар өндірушінің жалпы табысы өссе, онда бағаға байланысты сұраныс икемді болады; егер бағаның төмендеуі тауарға сұранысты өсірсе, тауар өндірушінің жалпы табысы төмендесе, онда тауарға осындай сұраныс икемді емес болғаны.

Икемділік өзара алмасатын тауарларды пайдаланумен байланысты болады. Егер тауардың алмастырушылары көп болса, онда баға бойынша сұраныс икемді болады. Егер тауардың алмастырушылары жоқ болса, онда сұраныс икемді болмағаны. Егер белгілі тауардың бағасы төмендеп, ал алмастырушылардың бағасы тұрақты болса, онда бұл тауарға сұраныс өсе түседі, осындай сұраныс икемді болады

2.2        Монополистік, жетілмеген бәсеке

Монополистік, жетілмеген бәсеке үнемі болып тұрған. Ал 19 ғасыр басында монополиялардың пайда болуымен байланысты, ол шиеленісе түскен. Осы мерзімде капиталдың шоғырлануы басталған, акционерлік қоғамдар пайда болған, табиғи, материалдық және қаржы ресурстарын пайдалануға бақылау қойылған. Жарнаманың көмегімен монополиялар сұраныстың қалыптасуына қаржылық байланыстар бағыттары арқылы тапсырыс берушілер контрагентерге әсер етеді.

Монополия деген термин сөзбе-сөз мағынасында тауардың жалғыз сатушысы деген ұғым береді. Монополизмнің негізгі көрсеткішіне монополиялық баға және монополиялық пайда жатады. Фирманың қарамағында сирек кездесетін, ұдайы өндірілмейтін ресурстары болса, оның монополистік болмысы табиғи болады. Ал егер осы фирма өзі ұйымдастырудың әр түрлі әдістерін ұтымды пайдаланып, монополия құрған болса, фирманың монополиялық болмысы жасанды болады. 20 ғасырға дейін монополиялар шектелген сферада болған. Кейін монополиялау процестері заңдылыққа айналды. Бұл өндірістің, бәсекенің, ұйымдастырушылық бастаманың күшеюімен байланысты болды. Монополияланудың бірнеше формалары болады – картельдік келісімдер, синдикаттау, біріктіру мен жұтып қою, «парасаттылық» келісімдер, т.б. Осылардың негізінде монополистік бәсекенің бірнеше түрлері туады: монопсония, олигополия, олигопсония, дуополия, билатералдық монополия.

Монопсония – белгілі тауарды сатып алуға жалғыз сатып алушының монополиясы болуымен сипатталатын нарық құрылымының типі. Өзінің сатып алуын шектей отырып, сатып алушы сатушы табыстарының есебінен монополдық пайдаға ие болады. Монопсония жетілмеген бәсекенің құрамды бөлігі болып табылады.

Олигопсония – белгілі тауарларды сатып алушы топтары болатын нарық құрылымының типі. Осылар сатып алуын шектей отырып, сатушы табыстарының есебінен өздеріне монополдық пайда түсіреді.

Олигополия – бұл да нарық құрылымының типі. Бұнда бірнеше, ірі фирмалар өнімнің басым көп бөлігінің өндірісі мен сатуын монополиялап алады және бір-бірімен көбінесе бағалық емес бәсекеде болады. Олигополия жағдайында нарықтың үш түрі болуы мүмкін.

  • бірсалалық сауда — өнеркәсіптік фирма әрекет ететін нарықтық құрылым;
  • ешқандай келісіммен байланысты емес, бір-бірімен бәсекелес бірнеше ірі жеткізушілер болатын нарықтық құрылым;
  • өндірістік өзара байланыстар егжей-тегжей мамандандыру  түрінде болатын, «өндірістік пирамида» типтес корпорациялардың бірнеше топтары үстемдік ететін нарық, әдетте «олигополия» деген термин өте ірі әртараптандырылған корпорациялар әрекет ететін нарықты сипаттау үшін қолданылады.

Дуополия – белгілі тауарлардың тек екі жеткізушісі болатын нарықтық құрылым. Бұлардың арасында баға туралы, тауарды өткізетін нарық туралы, өндірістік квота туралы келісім мұлде болмайды. Дуополия – бұл олигополияның ең жабайы түрі.

Билатералдық монополия (екі жақты монополия) – тауардың жалғыз жеткізушісі мен жалғыз (бірлескен) тұтынушысы сайыста болатын нарықтық құрылым. Бұлар бір-бірімен қарама қарсылық сайыста болады. Мұндай нарық электр қуатын, су мен газды қолданғанда пайда болады.

3-кесте

Нарықтың негізгі түрлері

Сатып алушылар

Сатушылар

Көп

Бірнеше

Бір

Көп

Полиполия (толық бәсеке)

Олигополия (сатушылар-бірнеше, сатып алушылар көп)

Монополия (сатушы-біреу, сатып алушы-көп)

Бірнеше

Олигопсония (сұраныс олигополиясы)

Билатералдық олигополия (сатушылар мен сатып алушылар бірнеше)

Шектелген монополия (бір сатушы, бірнеше сатып алушылар)

Бір

Монопсония (сұраныс монопсониясы)

Шектелген монопсония (бірнеше сатушылар, бір сатып алушы)

Билатералдық монопсония (бір сатушы және бір сатып алуш

 Нарықтың осы түрлері 3-кестеде көрсетілген.

Шаруашылық жүргізудің монополистік формасы жағдайында бәсекенің сипаты өте күрделі болады. Біріншіден, бүгінгі жағдайда, монополияның тұтынушылар мен потенциалдық бәсекелестері туралы толық ақпараты болады. Екіншіден, монополия жарнама арқылы тұтынушылардың сұранысының қалыптасуына елеулі әсер тигізеді, өйткені ірі монополиялар үшін жарнаманы пайдалану жеңілірек түседі. Үшіншіден, монополия өзінің саяси және қаржылық салаларындағы байланыстарын пайдаланып, тапсырма берушілерге (мемлекеттік мекемелерге немесе контрагенттердің компанияларына) елеулі ықпал етеді. Осы жағдайлар, әдетте, бәсеке процесіндегі қауіпті төмендетеді және монополиялық пайда түсуін қамтамасыз етеді.

Монополистік бәсекенің бірнеше формалары болады, оның негізгілері мыналар: ғылыми-техникалық тіресу, өнеркәсіптік-өндірістік тіресу, сауда-саттық тіресу (сайысу).

Ғылыми-техникалық тіресу. Бұнда фирмалардың бәсекелестік сайысы мына жолдармен жүреді:

-         жаңа өнім дайындау; осы замандағы жаңа технологиялық процестерді қолдану;

-         ғылыми-техникалық ақпаратты жинақтап пайдалану; патенттерді сатып алып пайдалану.

Ғылыми-техникалық сайыста әдетте екі үлгі қолданылады:

  1. Бәсекелестік үлгі мынадай жағдаймен есептесуді талап етеді: бәсекелес фирмалар белгілі өндірістік техниканың ең тиімдісін қолданатынына негізделеді; ҒТП әкеле,тін пайда ұзақ мерзімді болмауы мүмкін. Себебі бәсекелес фирмалар техникалық жаңалықтың қандайын болмасын игеріп алуы ықтимал. Жаңалықтарды енгізіп, пайданы барлық фирмалар ала алады, бірақ техникалық зерттеу шығындарын жасайтын тек осы зерттеуді жүргізіп дайындаушы ғана болады.
  2. Монополистік үлгі. Бұнда жаңалықтар енгізудің арқасында таза монополистік тұрақты түрде елеулі көлемде пайда алу мүмкіндігіне ие болады. Оның ҒТП үшін мол қаржы ресурстары болады және олар жаңадан жасалған техникалар мен өнімді жасыра алатын мүмкіндігі блады.

Өнеркәсіптік-өндірістік сайыстың көрінісі: өндірістік мүмкіндіктің күшеюі, өнімнің жаңа түрлерінің шығарылуы, өндіріс шығындарының төмендеуі. Жетілген бәсеке жағдайында фирмалар нарыққа еркін кіріп, еркін шыға алатын болғанда, фирмалар өндірудің оптималдық нормасын көздеп әрекеттенеді — өндіріс тиімді болу үшін, үлес шығындарының барынша төмен болуы үшін, өнімдердің бағасы төменгі  дәрежеде белгіленіп, орташа жалпы шығындармен үйлесімді түрде болады. Таза монополия жағдайында фирма өнім шығару көлемін азайтып, бағаны жоғарылатып, осының нәтижесінде ресурстар шығынын төмендетіп, пайдасын барынша жоғарылата алады. Бірақ бәсекелестік кезінде шығындар біресе өсіп, біресе кеміп ауытқып тұрғанда, жағдай шиелінесе түседі.

Бұнда екі жағдай қолданылады – ауқым нәтижесі және «х — тиімсіздік» түсінігі.

Ауқым нәтижесі. Көп фирмалардың өндіріс көлемі, олардың әрқайсысына масштабтың өсуінен болып тұрған нәтижені жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ал технология және өндіріс шығындары берілген болғанда көп бәсекелес фирмаларды қолдауға тұтынушылық сұраныс жетімсіз болуы мүмкін. Бұндай жағдайда нарыққа қатынасы жағынан фирма ірі монополистік болуға тиісті, шығарылатын өнімнің бірлігіне келетін өндіріс шығындары төмен болғанда өнімді тиімді өндіруге қабілетті болуы керек.

«Х -тиімсізідік» Әдетте, өндіріс шығындарын зерттегенде, мына жағдай болады деп есептеледі: барлық технологиялардан фирма ең тиімдісін, шығарылымның әр дәрежесінде оған орташа шығындардың барынша төмен шамасын жұмсауын қамтамасыз ететінін таңдап алады деп. Ал нақты өмірде, фирманың қандайы болмасын, шығындарды төмендетудің бар мүмкіндігін толық қолданбайды. Шығындарды орташа шығындардың ең төмен дәрежесіне жеткізудің потенциалдық мүмкіндігін бағалау үшін «Х-тиімсіздігі» түсінігі енгізілген. Бұл мына жағдайда орын алады — өндірістің көлемі қандай болмасын, фирманың нақты шығындары минималдық мүмкін шығындардан артық болғанда. Осындай артықшылық фирма кәсіпкерлік тәуекелдіктен бас тартқанда, қабілетті төмен жолдас-жораларды, туыстарды жұмыспен қамтамасыз еткенде, фирма жұмыскерлерін орынсыз қолдап ынталандырғанда орын алады.

Сауда-саттық сайысы. Бұл сайыс бағаны қолдану арқылы жүреді. Ал бағаның өзі үш жақты сайыстың нәтижесінде белгіленеді: біріншіден, жоғары бағамен сату үшін сатушылар арасындағы; екіншіден, тауарларды төмен бағамен алу үшін сатып алушылар арасында; үшіншіден, тауарларды қымбат бағамен сату үшін сатушылар және оларды арзан бағамен сатып алу туралы сатып алушылар арасындағы сайысу нәтижесінде.

Осыған байланысты бәсеке бағаға қатысты және бағаға қатыссыз болып бөлінеді. Әдетте, бағаға қатысты бәсеке белгілі өнімнің бағасын әдейі, жасанда түрде төмендетуді көздейді: мұнда бағалық алалаушылық кең қолданылады – шығындардың дәрежесінің әр түрлі болуымен дәлелденбесе де, тауарлар әр түрлі бағамен сатылады. Бағалық алалаушылық үш шарт болуын тілейді:

-         сатушының монополист болуын;

-         сатушының сатып алушыларды төлем қабілеттерін топтарға бөле алатын мүмкіндігінің болуын;

-         алғашқы сатып алушы осы тауарды немесе қызметтерді сата алмауы керек.

Бағалық алалаушылық мынадай жағдайларда кең қолданылады: қызмет көрсетуде (дәрігерлердің, адвокаттардың, қонақ үйлерін басқарушылардың), өнімді көлікпен тасу қызметін көрсетуде; тауарды сатуда, егер оны нарықтың біреуінен екіншісіне жеткізу мүмкіндігі болмағанда (тез бүлінетін өнімдерді бір нарықтан екіншіге көлікпен жеткізуде).

Бағаға қатыссыз бәсеке көбінесе өнім сапасын көтеру, сату жағдайларын жақсарту, сервистік қызметтерді көбейту арқылы жүреді. Сапаны екі бағытта көтеруге болады: бірінші – тауардың техникалық сипаттамаларын жетілдіру; екінші – тұтынушылар қажеттігіне қолайлы қызмет көрсету. Өнімнің сапасын жоғарылату арқылы жүретін бағаға қатыссыз бәсеке өнім бәсекесі деп аталады. Бәсекенің бұл түрі немесе ескі үлгіден елеулі айырмашылығы бар немесе соның модернизацияланған баламасы болып табылатын жаңа тауар шығару арқылы, салалық нарықтың бір бөлігіне ие болуды көздейді. Сапаны жақсартуға негізделген бәсекенің қайшылықтары аз емес. Бір жақтан, сапаның жоғарылауы бағаны бүркемелі түрде төмендетудің және өткізуді көбейтудің әдісі; екіншіден – сапа деген субъективтік бағалау, сондықтан жарнама және көз тартатын буып-оралуы арқылы оны бұрмалауға және көзбояушылыққа мүмкіндік тудырады.

Өнімді өткізуді жетілдіру туралы жүретін бағаға қатыссыз бәсеке         сату шарттары туралы бәсеке деп аталады. Бұл бәсекенің негізінде сатып алушыға жақсарған сервистік қызметтерді көрсету жатады: жарнама арқылы тұтынушыға әсер ету, сауданы жетілдіру, сатып алушыларға тауарды олар алғаннан кейін сол тауарды қолдануына, яғни пайдалану процесінде қызмет көрсету.

3        ТАУАРЛАРДЫҢ БӘСЕКЕГЕ ЖАРАМДЫЛЫҒЫНЫҢ КӨРСЕТКІШТЕРІ

Нарықтық жағдайда тұтынушының қанағаттануы тауарға деген өзінің ерекшелігінің жиынтығы сатып алу-сату актісінде көрінеді. Мұндай ерекшеліктің үйлесуі, өндіруші мен тұтынушының мүдделерінің сақталуы негізінде тауарлар және тұтынушылар талабының сипаттамасын, сол сияқты нарық жағдайында тауардың толық сәйкестігін бәсекенің жарамдылығы деп атайды.

Өнімнің бәсекеге жарамдылығы ерекше жағдайын қанағаттандыруына мүмкіндік беретін тұтыну кешенінің (сапалық және сандық) сипаттамасын анықтайды. Бәсекеге жарамдылығы өнім рынокта жеңіл және тез сатылады. Әрбір сатып алушы өзінің жеке мұқтаждығын ең жоғары қанағаттандыратын тауарды ғана алады. Жалпы алғанда, сатып алушылар бағалармен салыстырғанда қоғамдық мұқтаждығына толық сәйкес келетін тауарды сатып алады. Сондықтан, сатып алушының тауарға деген қанағаттанушылық деңгейінде жеке дара көрсеткіштер пікір жиынтығын құрайды, оның тағы да нарықтың пайда болу қарсаңында қалыптасады.

Сонымен, тауарға бәсекенің жарамдылығын, оның сапалық және құндық сипаттамасының жиынтығы деп түсінуге болады. ол сатып алушының нақтылы мұқтажын қанағаттандыруды қамтамасыз етеді және сатып алушы үшін тиімділігі ұқсас тауар – бәсекелестер ерекшеленеді.

Бұл маңызды көрсеткішті анықтаудың бірнеше тәсілдері белгілі. Олардың көп таралғандарына қысқаша тоқталайық.

 

Бірінші тәсіл. Техникаға бәсекенің жарамдылығын анықтайтын белгісі – бұл тауарды тұтыну бағасы болып табылады. Ол мынадай формуламен анықталады:

 

Бт  = Бс + Шт,

мұнда, Бт  - тұтыну бағасы;

            Бс -  сатылу бағасы;

            Шт – бұл өнімді тұтынушылардың шығындары (оның барлық    нормативтік мерзім ішіндегі қызметі)

Екінші тәсіл. Тауардың бәсекелестік жарамдылығын анықтағанда бұл тәсіл екі  өлшемді еске алуы мүмкін; өнімнің өзіндік құны, тауарды сату және оның сапалық деңгейі. Сөзсіз бәсекеге жарамдылығы артығырақ болатын тауар оны өндіруге, сатуға кеткен шығындар ең төмен, ал сапа деңгейі бәсекелес тауарға қарағанда жоғарылау болатын болса.

 

Үшінші тәсіл. Бұл тәсіл техникалық деңгейін және сату бағасын есепке ала отырып, бәсекелестік тауарларды салыстыруға негізделген. Бұл тәсілге сәйкес басында салыстырмалы сапаның сандық көрсеткіштерінің деңгейі және базалық үлгілер (тауар) мына формуламен анықталады:

КК = ККэ * ККт * ККс,

мұнда, КК – тауар деңгейінің кешенді көрсеткіші;

ККэ – эстетико- эргономикалық деңгейінің кешенді көрсеткіші;

ККт – техникалық деңгейдің кешенді көрсеткіші;

ККс – көрсеткіш кешенінің сенімділігі.

Төртінші тәсіл. Бұл тәсілде бәсекеге жарамдылықтың деңгейі қалай техникалық, солай экономикалық параметрге салыстыру негізінде анықталады. Сонымен, техникалық параметрден тек сатып алушылар осындай ең жоғары деңгейде қызықтыратындарды таңдайды.

Қорыта айтқанда, біздің республикада өткізіліп жатқан нарыққа көшу сапа және өнімнің бәсекеге жарамдылығы жөніндегі мәселеге жаңадан қарауға мәжбүр етеді. Егер бүгін емес, ол ертең бәсекелестік нарығының дамуы өнімнің сапалық даму серпін және деңгейін арттыруға еріксіз көндіретін болады.

4   КӘСІПОРЫННЫҢ ЖЕТІЛГЕН БӘСЕКЕ НАРЫҒЫНДАҒЫ ІС-ӘРЕКЕТТЕРІ

Кәсіпорын теориясы негізін барынша көп пайдаға ие болу принципі құрайды, яғни табыстар мен шығындар айырымының көп болуы. Кәсіпорынның қысқа мерзімдегі және ұзақ мерзімдегі іс-әрекеттерінің критериі – барынша көп пайда табу болады.

Қысқа мерзімге кәсіпорынның өндірісте пайдаланатын құрылыстарының жалпы көлемін және машиналар мен жабдықтардың көлемін өзгертуге жетімсіз болатын уақыт мерзімі жатады. Осы мерзімде олар өндіріс көлемінің өзгерісінің ізімен өзгеріп отырмайды, тұрақты болып қала береді. Өндірістің басқа факторлары (еңбек, капитал) өзгеруі мүмкін, сондықтан олар өзгермелі деп аталады.

Айталық, аяқ киім өндірісін көбейту үшін, бір жұмада жаңа ғимарат салып алу мүмкін емес, бірақ қосымша материалдар сатып алуға немесе жаңа жұмыскерлер жалдауға мүмкіндік болады.

Қысқа мерзім шамасының көлемі өндіріс саласына, технологияға, басқа жағдайларға байланысты болады. Мысалы, домна өндірісінде қысқа мерзім өзінше ұзақ болса, балмұздақ өндірісінде ол өте аз болады.

Ұзақ мерзімге үнемі өзгеріп тұратын өндіріс дәрежесіне байланысты, кәсіпорынның өздерінің құрылыстары мен жабдықтарының қуатын өзгертуге мүмкіндік беретін уақыт мерзімі жатады.

Ұзақ мерзімде кәсіпорын барлық өндіріс факторларының көлемін  өзгерте алады. Бұлардың барлығы өзгермелі болады. Бұл мерзімде кәсіпорын факторларды келісімді түрде қиыстыруға тырысады, шығарылған өнімнің берілген көлеміне жұмсалатын шығындардың барынша аз болуын көздеп, еңбекті капиталмен немесе керісінше алмастырып отырады.

Кәсіпорын әрекеттеріне тек уақыт әсер етіп қоймайды, оларға бәсеке формасы ықпал жасайды. Енді кәсіпорынның жетілген бәсеке жағдайындағы рационалды іс-қимылына назар аударайық. Кәсіпорынның мақсатын – баға мен шығындардың ара алшақтығын барынша көтеруді естен шығармайық. Жетілген бәсеке нарығында ешбір кәсіпорын өздері өндіретін өнімдер бағасына әсер ете алмайды. Баға тек жалпы нарықтық сұраныс пен барлық кәсіпорындар ұсыныстарының бір-біріне әсер ету нәтижесінде белгіленеді. Егер кәсіпорын өз өнімдерінің бағасын көтерген болса, ол сатып алушыларынан айырылады, олар бұның бәсекелесінің өнімін сатып алады. Сөйтіп, сату нөлге дейін төмендейді. Кәсіпорын бағаға үстемдік ете алмайды. Оның шығындарының көлемі, осы кәсіпорынның технологияларымен болжамдалады. Барынша мол пайда алу үшін кәсіпкер не істеу керек? Ол тек өндіріс көлемін өзгерте алады. Енді келесі сұрақ туады: барынша мол пайда алу үшін кәсіпорын қанша өнім өндіріп сату керек? Бұған жауап алу үшін өнімнің нарықтық бағасы мен кәсіпорынның шекті шығындарын салыстыру қажет.

Егер кәсіпорын өз өнімін бір, екі, үш, т.б. бірлікке өзгеріп отырса, онда келесі бірліктің әрбіреуі (айтайық, жаңа орындықтың әр біреуі) жалпы табысқа да және жалпы шығындарға да «бірдеме» қосып отырады. Осы «бірдеме» — шекті табыс және шекті шығындар. Шекті табыс шекті шығындардан артық болса, өндірілген бірліктің әрқайсысының жалпы табысқа қосқаны, оның жалпы шығындарға қосқанынан артық болады.

Осыған байланысты шекті табыстармен (MR-marginal revenue) шекті шығындардың (MC-marginal costs) айырымы, яғни пайда, (P2-provit) өседі:

P2 = MR – MC

Шекті шығындар шекті табыстардан жоғары болғанда, керісінше болады.

Қорытынды: баға (P) және шекті шығындар (MC) тең болғанда, жалпы пайда барынша көп болады:

P = MC

Егер P>MC болса, өндірісті кеңейту қажет. Егер P<MC болса, өндірісті азайту қажет.

Нәтижесінде жетілген бәсеке нарығында, кәсіпорын өзінің өндірісін, шекті шығындары бағамен теңескен нүктеге дейін кеңейтеді. Осы нүктеде кәсіпорын өндірістің оптималдық дәрежесіне жетеді және тепе-теңдік жағдайға ие болады.

Өндіріс көлемі оптималдықтан жоғары немесе төмен болса, пайда барынша көп болудан төмен болады.

Сөйтіп, кәсіпорынға барынша көп пайда әкелетін өндіріс көлемінің жалғыз ғана мағынасы бар. Осы ереженің – пайданың барынша көп болуының – тек кәсіпорын үшін ғана емес, барлық экономика үшін ақиқаттығы күмәнсіз.

Қорытынды: тауар өндірудегі шекті шығындар мен солардың бағалары теңескенде, ресурстарды пайдалануда экономика барынша жоғары тиімділікке жетеді.

Ұзақ мерзімдегі кәсіпорынның және саланың тепе-теңдік мәселелері, қысқа мерзімдегіден өзгеше болады. Егер кәсіпорын өнімнің белгілі көлемін ұзақ мерзімде барынша төмен орташа шығындар жұмсап өндірсе, онда осындай болмыста (нүктеде) баға шекті шығындарға тең болғандықтан, тепе-теңдік пайда болады.

Мәселе мынада: кәсіпорынның барынша төмен орта шығындары, нарықта қалыптасқан бағалардан жоғары болса, кейбір кәсіпорындар нарықтан шығады, саладағы ұсыныс азаяды. Бұл жағдай бағаны көтереді.

Егер кәсіпорынның орташа шығындарының барынша азы нарықтық бағадан төмен болса, онда саладағы барлық кәсіпорындар үстеме пайда алады. Бұл басқа кәсіпорындардың осы салаға келуіне стимул болады. нәтижесінде салалық ұсыныс көбейеді, ал баға төмендейді.

Жетілмеген бәсеке жағдайындағы кәсіпорынның рационалдық іс-қимылында кейбір ерекшеліктер болады.

Жетілмеген бәсеке нарығындағы өндіруші (кәсіпорын) өзінің өнімдерінің бағасына ықпал ете алады. Егер жетілген бәсеке нарығында өнімнің бірінен кейін бірі сатылған бірліктерден түсетін қосымша табыс тұрақты болып өзгермей, нарықтық бағаға тең болса, жетілмеген бәсеке нарығында сатудың көбеюі бағаны төмендетеді, ал бұл қосымша немесе шекті табыстың төмендегені болады (MR).

Кәсіпорынға барынша көп пайда әкелетін өндіріс көлемін анықтайтын екі әдіс болады.

Бірінші әдісте өндірістің әр көлеміндегі жалпы табыстар мен жалпы шығындар салыстырады.

Екінші әдісте өндірістің оптималдық көлемін табу үшін шекті табыстар мен шекті шығындарды салыстыру керек.

Қорытынды: жетілмеген бәсеке жағдайында барынша көп пайда алу үшін өнімнің әрбір қосымша бірлігін өндіруге байланысты шекті шығындар осы өнім бірлігін сатудан түскен шекті табыстан төмен болғанша, MR>MC өндірісті кеңейте беру керек, егер MR<MC болса, өндірісті қысқарту керек, егер  MR=MC болса, кәсіпорын барынша көп пайда табады.

Батыс экономикалық әдебиетіндегі кәсіпорын теориясы пайданы барынша көбейту принципіне негізделген. Бірақ кәсіпорын әрекеттеріне басқа да мотивация беру аз кездеспейді:

  • кейбіреулер кәсіпорынның мақсаты пайданы барынша көбейту   емес, сату көлемін көбейту дейді;
  • басқа концепция бойынша американдық профессор Г.Саймонның «қанағаттандыру» теориясы бойынша, кәсіпорын тек пайданың белгілі дәрежесін көздейді, ал бұған жеткен соң, оны одан әрі қарай барынша жоғарылату үшін әрекет етпейді.

С.Винтердің «эволюциялық теориясының» дәлелдеуі бойынша, кәсіпорындар барынша көп пайда табуға тек талаптанады, бірақ оны таба алмайды, тапқан болуы тек кездейсоқ жағдайда мүмкін болады.

Уақытқа (қысқа немесе ұзақ мерзімге сәйкес) және бәсеке жағдайларына байланысты кәсіпорын өзінің стратегиясын тұжырымдайды.

Стратегия – бұл кәсіпорынның негізгі ұзақ мерзімді мақсаттары мен міндеттерін таңдау, іс-әрекеттер бағыттарын анықтап бекіту және мақсаттарға жетуге қажет ресурстарды бөліп орналастыру.

Стратегия екі типке бөлінеді:

  • қорғаныстық;
  • шабуылдық.

Қорғаныстық стратегиясының екі бағыты болады:

  1. Имитациялық (еліктеу) стратегиясында бәсекелестердің ғылыми-техникалық жетістіктерін пайдалану арқылы жаңалықтар енгізуден туатын қауіп-қатерліктерді азайтуға назар аударылады. Кәсіпорын нарықты үнемі байқап отырады, жаңа өнім пайда болуын күтіп отырады және ресурстарын ұқсас өнім немесе оның прототипін (түп тұлға) өндіруге жұмылдырады.
  2. 2.     Күту стратегиясы..Кәсіпорындар осы стратегияны өзінің ұйғарымы бойынша осы нарықтан кетуді жоспарлағанда немесе басқа бәсекелес осы нарықта қолайлырақ орналасқанда, өз өндірісін жүргізу арқылы қолданады.

Шабуылдық стратегияның төрт бағыты болады:

  1. Рационализациялау стратегиясы. Бұл жаңалықтар енгізу үшін ресурстардың өсуін талап етеді. Жаңа технологияға сынақ жүргізуге пайдаланатын бағалық және венчурлік компанияларға қаржымен қолдау көрсетіледі.
  2. Квотаны (шығаратын өнімнің санын) дифференциациялау стратегиясы. Бұның мақсаты – жоғары пайданы сақтап, кәсіпорын үшін нарықтың елеулі бөлігін қамту. Жоғары пайданың негізін тұрақты инвестициялар құрайды. Осының көмегімен кәсіпорын өз өнімінің бағасын төмендетіп, оған тұтынушылық сұранысты өсіруді көздейді.
  3. Инновациялық стратегия  өнім мен қызметтердің жаңалануын және инновацияларды жаңа өнімдер және технологияға енгізуді тілейді. Инновациялар өнімдік және технологиялық болып бөлінеді.

Өнімдік инновация жаңа өнім бағасын көтеру арқылы кәсіпорынға өз пайдасын барынша көбейтуге мүмкіндік береді.

Технологиялық инновациялар өндірілген өнімнің өзіндік құнын төмендету арқылы және өнімнің сапасы өскенде, оның өзіндік құнының артық өсуіне жол бермей, пайданы барынша көбейтуге көмектеседі.

  1. Нарықтық қуыстарды меңгеріп оларды толтыру стратегиясы. Бұл бағытты жүзеге асыру ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізумен, елеулі шығындар жасаумен және іскерлік тәуекелдікпен байланысты. Тәуекелдік – болжаумен және жоспармен қарастырылған шығындардың немесе табыс түспеуінің ықтималдығы. Тәуекелдіктің маңызды түрлері:
  • өндірістік;
  • коммерциялық;
  • қаржылық;
  • несиелік;
  • проценттік.

Коммерциялық қатер – кәсіпкер сатып алған тауарлар мен қызметтерді өткізумен байланысты процестерде туады.

Қаржылық қауіп-қатер – қарызға алынған қаражаттар мен кәсіпорынның барлық қаржыларының арасындағы өзара  байланыстан пайда болады.

Несиелік қауіп – қарыз алушының қайтара алмайтын мүмкіндіктің болуымен байланысты.

Проценттік қауіп-қатер –процент нормасының өсуіне байланысты құнды қағаздың бағасының төмендеп кетуінің мүмкіндігімен байланысты болады.

Әдетте, мынадай пікір қалыптасқан: қауіп-қатер болу мүмкіндігінің дәрежесі, осы әрекетке қатынасатын адамдар санына керісінше пропорционалды болады.

Қауіп-қатерден сақтандыру келісімін жасағанда, сақтандыру компаниясы кәсіпкерге тәуекелге бел байлағаны үшін сыйлық төлейді. Мұның көлемі мүмкін болатын шығындар көлеміне тең бола алады. Сондықтан осындай тәуекелдіктің жөні бар деуге болады. Сақтандырылмаған қауіп-қатер (тәуекелдік) – фьючерстік келісім жасау арқылы, хеджирлендірумен (жеткізуші немесе сатып алушы бағалардың ұнамсыз өзгерістерге ұшырау мүмкіндігінен сақтандырылады) және нарықтық операциялардың басқа да түрлерімен сақтандырылуға жатады.

Фьючерстік контракт деп тауарды кейін (болашақта) жеткізу туралы келісімді айтады. Келісімді жасаған мерзімде екі жақ жеткізілетін тауар бағасы туралы келіседі. Фьючерстік келісімдер көбінесе хеджирленуді мақсат етеді – жеткізуші немесе сатып алушы, бағаның ұнамсыз өзгеруі мүмкін болуынан сақтандырылады.

Кәсіпорынның қаржылары мен ресурстарын үнемдеуде қауіп-қатер факторының болуы өте зор стимул болып табылады.

Қауіп-қатерді өлшеуге болады. Оны өлшеу үлгілерінің статистикалық, эксперттік, есептеу-аналитикалық түрлері болады.

Статистикалық әдісте кәсіпкерліктің осы түрінде бұрын болған шығындар статистикасы зерттеледі, шығындардың болып тұруының жиілігі есепке алынады, сөйтіп осы деректерге сүйене отырып, қауіп-қатердің  ықтималдығы жорамалданады. Статистикалық әдіс мәліметтердің көп болуын талап етеді.

Эксперттік әдіс мамандар мен тәжірибелі бизнесмендердің ой-пікірлерін талдап есепке алуды тілейді.

Есептеу-аналитикалық әдіс  математикалық тетіктер мен тәсілдерді кең пайдалануға негізделеді.

Кәсіпорындардың көбіне қауіп-қатерлік мәселелерімен айналасатын менеджер болады. Ол кәсіпорын қызметкерлерінің барысында қауіп-қатерлердің болып қалу мүмкіндігін зерттеп анықтайды, осы жағдайдағы оның салдарын бағалап, сақтандырудың және өзін-өзі сақтандырудың түрін таңдайды.

Өзін-өзі сақтандыру   ерекше резервтік қордың құрылуын талап етеді. Сақтандырылатын барлық заттың құны кәсіпорынның барлық заттық және қаржылық көлемімен салыстырғанда, оның көлемі шағын болса, онда сақтандыру келісімін жасасудың жөні бар.

ҚОРЫТЫНДЫ

Қазіргі нарықтық экономика негізінде шығарылған өнімнің сапасына басқалай талап қояды. Бұл қазіргі дүниеде кез келген кәсіпорынның өміршеңдігі, оның тауарлар нарығындағы және қызмет көрсетудегі орнықты жағдайы бәсеке жарамдылық деңгейін көрсетеді.

Өз кезегінде бәсеке жарамдылық екі көрсеткішке байланысты – баға деңгейіне және өнім сапасы деңгейіне.

Біздің республикада өткізіліп жатқан нарыққа көшу сапа және өнімнің бәсекеге жарамдылығы жөніндегі мәселеге жаңадан қарауға мәжбүр етеді. Егер бүгін емес, ол ертең бәсекелестік нарығының дамуы өнімнің сапалық даму серпін және деңгейін арттыруға еріксіз көндіретін болады.

Кәсіпорын қызметін жүйелі және жан-жақты талдау мынадай мүмкіндік береді:

  • жалпы кәсіпорынның және оның мбөлімше құрылымдарының шаруашылық қызметіндегі нәтижелігін тез, сапалы және кәсіптік бағалау;
  • тауарлардың және қызмет көрсетудің нақтылы түрлерінен алынатын пайдаға әсер ететін факторларды нақтылы және дер кезінде табу және есепке алу;
  • баға саясатын әзірлеуге қажетті өндіріс шығындарын және олардың өзгерулерінің бет алысын анықтау;
  • жақын және алыс келешегіндегі кәсіпорын және пайда табудың оңтайлы жолдарын шешу проблемасын табу.

Әр уақытта мынаны естен шығармау керек, шаруашылық өызметінің мұндай көрсеткіші болған емес және өмірдің барлық жағын қамту да мүмкін емес. шиеленіскен бәсеке жағдайында өркендеу үшін басшы, кәсіпкер өзінің іс-әрекетінің барлық түрлерінің нәтижелілігін білуі, сезінуі тиіс, ал бұл мақсатқа жету деңгейін, мерзімін және ұйым тұрпайын бейнелейтін өзара байланысты жүйені қалыптастыруды қажет ететіндігін көрсетеді.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

  1. А.Қ.Мейірбеков, Қ.Ә.Әлімбетов

     Кәсіпорын экономикасы

     Алматы, «Экономика»,2003.

2.  С.Әкімбеков, А.С.Баймұхамбетова, У.А.Жанайдаров

     Экономикалық теория

     Астана,2002.

3.   Экономикалық теория

      Алматы, «Санат»,1998.

4.   С.С.Мәуленова, С.Қ.Бекмолдин, Е.Қ.Құдайбергенов

      Экономикалық теория

      Алматы, «Экономика»,2003

  1. Н.Қ.Мамыров, Қ.С.Есенғалиева, М.Ә.Тілеужанова

Микроэкономика

                Алматы, «Экономика»,2000.

  1. Қ.Р.Нұрғалиев

                Қазақстан экономикасы

                Алматы, «Қазақ университеті»,1999.

Скачать bsekenin_turleri_1.zip с ibox.kz


Скачать/Жүктеу

Комментировать

Вам необходимо войти, чтобы оставлять комментарии.




1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Сайт картасы