Жаңа Парламенттің жұмысы жеңіл болмайды


Скачать/Жүктеу

Үкімет Парламенттегі қалаулылардың келесі жылғы жүктемесін азайтуға шешім қабылдады. Бұл туралы Министрлер кабинетінің кешегі жиынында белгілі болды. 2012 жылы қазіргі төртінші шақырылымдағы депутаттық корпус тарап, кем дегенде қос партиялы жаңа Парламент сайланады деп күтіліп отырғаны мәлім. Осы орайда тағы бір мәлім болғаны, жаңа жылдың бірінші тоқсанында депутаттардың қоржынына бірде-бір жаңа жоба түспейді делінуде. Ал екінші тоқсанда Мәжіліске бар болғаны 7 құжат қана енгізілетіндігі жарияланды.

Министрлер кабинетінің кешегі жиынының күн тәртібіне «Үкіметтің 2012 жылға арналған заң жобалау жұмыстары жоспарын қалыптастыру» және «2012-2013 жылдарға арналған перспективалық заң жобалау жұмыстары жоспарына түзетулер енгізу» мәселелері шығарылған болатын. Бұл бойынша Әділет вице-министрі Дулат Құсдәулетов баяндады. Ол өз министрлігінің осы бағыттағы жұмыстарды биылғы жылдың мамырында бастағанын жеткізді. Шешім де сол тұста «сомдала» бастағанға ұқсайды. «Заң жобалау қызметі мәселелері бойынша ведомствоаралық комиссияның 2012 жылға арналған Жоспар жобасын қалыптастыру жөніндегі 6 отырысында меморгандардан келіп түскен заң жобаларының тұжырымдамалары қаралды, — деді вице-министр, — Нәтижесінде, 28 заң жобаның тұжырымдамасы мақұлданды және олар 2012 жылдың Жоспары жобасына енгізілді». Ал жалпы алғанда, барлық меморгандардан Парламентке алдағы жылы 40 түрлі заң қабылдатуды сұраған ұсынымдар келіп түсіпті. «Жоспарға тек 28-і ғана кіргізілді, — деп қайталай нықтады Д.Құсдәулетов. — Бұлардың барлығы бойынша заңгерлік және ғылыми-құқықтық сараптама жүргізілді». Бұл ретте келер жылы қабылданғалы отырған заңдардың 7-еуі — жеке, ал 21-і — қолданыстағы заңнамаға түзетулер енгізуді қарастыратын жобалар болып табылады.
- Бұл Жоспарды даралап тұрған жайт бар — онда өткен жылдармен салыстырғанда заң жобаларының саны айтарлықтай азайтылды, — деп мәлімдеді Әділет министрінің орынбасары. — Мәселен, 2008 жылғы жоспарда 68 заңның жобасын әзірлеу қарастырылды, ал 2009 жылы — 45, 2010 жылы — 42, 2011 жылы — 35 жобаны әзірлеу көзделген болатын.
Дулат Құсдәулетов келер жылы қабылданатын заңжобалардың күрделілігін ескеріп, оларды жыл бойына «жайып тастағандарын» жеткізді. Атап айтқанда, 2012 жылдың ІІ тоқсанында Мәжіліске Үкімет бар жоғы 7 заңның жобасын әкелмек. Негізгі жүктеме жаңа сайланған депутаттық корпустың иығына түскелі отырғандай. Өйткені ІІІ тоқсанда Парламентке — 8, ал жыл соңына қарай, ІV тоқсанда қалған 13 заң жоба тегіс енгізілмек.
Бұл құжаттардың 7-еуін — Әділет министрлігі, 4-еуін — ІІМ әзірлеуге жауапты. Қаржы, Экономдаму министрліктерінің еншісінде — үш-үштен, ал Көлік және коммуникациялар министрлігі мен Бас прокуратураның үлесінде екі жоба бар. Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ұлттық банк те өз салаларына қатысты Елбасы тапсырған жаңа тұрпатты заң жобаларын жазуға қызу кіріспек. Айтпақшы, ел басшылығы Ауыл шаруашылығы министрлігіне 2012 жылы астық нарығын реттеу мәселелері бойынша ұлттық заңнаманы жаңартатын жаңа заңды әзірлеуді жүктепті. Сондай-ақ Әділет министрлігі Қазақстан заңнамасын жаңа жылда «сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін» нормалардан тазартуға міндетті. Ол түзетулер заң жобасы түрінде Парламентке енгізілетін болды. Тағы бір жаңалық: жаңа жылда ІІМ «ҚР ішкі істер органдары туралы» заңның жаңа редакциясын таныстырады.

Айхан ШӘРІП

http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=10703&Itemid=2


Скачать/Жүктеу

Комментировать

Вам необходимо войти, чтобы оставлять комментарии.




1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Сайт картасы