Қазіргі кезеңнің саяси институттары


Скачать/Жүктеу

Саяси партиялар деген не? Партия – латын сөзінен алғанда «бөлік», «бөлісемін» деген мағынада ХІХ ғасырға дейін партия деп үкіметтің және парламенттің құрамында бәсекелес топтарды атаған. Неміс ғалымы Макс Вебер партияның дамуының үш кезеңге бөледі: аристократиялық топ, саяси клуб, бұқаралық партия. Алайда аталған үш кезеңнен өткен ағылшынның екі партиясы ғана болды: либералдар (вига) және консерваторлар (тори). АҚШ-тағы азаттық күресі мен ұлы Француз революциясы қоғамдық өмірді жандандырып, саяси күштерді тарихи аренаға шығарады, ішкі ұйымдық заңдары, айқын бағдарламалары бар саяси партиялар пайда болды. Жұмысшы табы мен еңбекші бұқараның саяси күреске араласуы таптардың күресінің авангарды саяси партиялар жүйесін туғызды.

Қазіргі партияның анықтамасы екі жүзден асады. Дегенмен партия дегеніміз белгілі бір таптың немесе әлеуметтік топтың, үкіметті басқаратын төбе топтың мүддесі үшін күресетін белгілі бір идеологиялық негізде ұйымдасқан, бағдарламасы мен жарғысы бар, айқын мақсатты алға қойған, сол үшін күресетін адамдардың тобы.

Кейінгі мәліметтер бойынша бүкіл әлемде әртүрлі саяси бағыт ұстаған 600-дей партия бар. 19 елде партия құруға тиім салынған, 29-ында жалғыз ғана басқарушы, үкіметтік партия, ал 129 елде бірнеше саяси партиялар жұмыс істейді.

Өзінің саяси бағдарларына қарай партияларды солшыл, оңшыл және центристік; іс-қимылының сипатына қарай реформистік, радикалды және экстремистік; ұйымдық принциптеріне қарай кадрлық және бұқаралық, авторитарлық, тоталитарлық және фашистік партиялар болып бөлінеді.

Бұрынғы Кеңес елінде бірпартиялық монополияның жойылуы, бірорталықтық бюрократтық Одақтың ыдыруы, ұлттар мен ұлыстардың егемендік алуы, саяси, экономикалық және идеялық пікірлер саналуандығының жариялануы саяси партиялар мен ұйымдардың, бұқаралық қозғалыстардың жаңа толқындарын туғызды. Соның бірі – Қазақстан Республикасы. Мұнда қазір онбестей саяси партия, 300-ден астам қоғамдық ұйымдар тіркелген. Оның ішінде Социалистік партия, «Азат» республикалық партиясы, «Қазақстан халық бірлігі» одағы, Қазақстан халықтық Конгресс партиясы т.б. бар. Бұлардың барлығында ортақ мақсат-мұрат: парламенттік партияға айналу, Қазақстанның егемендігін нығайту, еліміздің әлем таныған экономикасы қуатты, мәдениеті гүлденген, терезесі тең елге айналдыру, мемлекеттік тіл- қазақ тілінің мәртебесін нығайту, шовинизмге де, жершілдік-ұлтшылдық сепаратизмге де жол бермеу, еліміздің территориясының біртұтастығын қорғау т.б. Сонымен бірге әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері де бар.

Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша саяси партиялар, бұқаралық қозғалыстар құруға ерік берілген. Конституцияның 10-тарауының 56-бабында «Партиялар азаматтардың саяси ерік-жігерін қалыптастыруға және оны білдіруге жәрдемдеседі. Саяси партиялардың құрылуы, тоқтатылуы және қызмет тәртібі заңмен белгіленеді» — делінген. Діни негізде саяси партиялар құруға жол берілмейді. Бірақ дінге сену әр адамның ұждан бостандығы.

Парламенттік партия туралы. Саяси партиялар өздерінің саяси бағдары бойынша солшыл, оңшыл және центристер, іс-қимылының сипатына қарай радикалды және экстремистік, жұмысты ұйымдастыру мен әдіс – айлалары бойынша – демократиялық, авторитарлық, тоталитарлық және фашистік болып бөлінеді деп жоғарыда жіктеп өттік.

Американың белгілі тарихшысы, әрі саясатшысы, Пристон университетінің профессоры Стивен Коэн партиялардың мынадай тұрпатта да болатындығын көрсетеді: саяси авангардтық рөл атқаратын партия, парламенттік партия. Парламенттік партия мынандай екі түрлі қызмет атқарады: біріншіден – сайлауға дайындық, екіншіден – парламент жұмысына бақылау жасау. Әрине, мұндай классификацияны шартты түрде қабылдауымыз керек.

Біздің тарихи тәжірибемізде бұрын-соңды парламенттік партия болып көрген емес. Алайда қоғамымыздың саяси жүйесінің демократиялануы, құқықтық мемлекеттің құрылуы, халықтың саяси санасының оянып, белсенділігінің артуы саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстардың бұрын болмаған жаңа толқындарын туғызды. Соның ішінде «Қазақстан халық бірлігі» партиясы «Азат» республикалық партиясы, Қазақстан халықтық Конгресс партиясы, Қазақстан социалистік партиясының саяси бағдарламаларында республика азаматтарын ерікті түрде біріктіретін парламенттік үлгідегі партия болады делінген.

Партиялық күрес – саяси билік үшін күрес. Алайда, Қазақстан Республикасының саяси партияларының саяси мақсаттарға қол жеткізу үшін зорлық – зомбылықтың кез-келген нысанасын теріске шығарып, оппозициялық, парламенттік күрес жолын қалайтындығы ашық айтылған. Өркениетті елдердің барлығына да парламенттік партиялар мол тарихи тәжірибе жинақтады және бұл жолдың дұрыстығына көз жеткізді.

Осыған орай парламенттік жүйе туралы айту керек. Параменттік жүйенің отаны Ұлыбритания болып табылады. Онда парламенттік жүйе XVII–XVIII ғасырлардың шегінде қалыптасады. Одан кейін оның отарлары Канадаға, Австралияға, Жаңа Зеландияға, Ирландияға, Ямайкаға және Кариб бассейіндегі едердің көпшілігіне енгізіледі. Парламенттік жүйе еуропаның мемлекеттерінде де өте кеңінен тарады. Мәселен, бұл жүйені қабылдаған елдер қатарында Швеция, Норвегия, Дания, ГФР, Австия, Швейцария, Италия, Испания, Португалия, Бельгия, Венгрия бар. Ал Азияда, Жапонияда, Израильде, Сингапурда өкімет бірлігі парламенттік жүйенің принциптерінде қалыптасқан. Парламенттік монархиялар да бар.

Парламент – билік деген сөз. Парламенттің басты міндетіне біздің өмір сүру ережелерімізді жасау, қалыптастыру жатады. Міне, осы жағдайда парламент қабылдайтын заңдардың өмірге етене жақын, тиімді болуы үшін оларды жасауға қолынан іс келетін, білімді де білікті іскер адамдардың қатысқаны дұрыс. Бұлар ең алдымен заңгерлер, экономистер, соның ішінде міндетті түрде ғалымдар да болу керек. Ғалым басқарған ел жаман болмайтыны белгілі. Ал, бізде, неге екені белгісіз, әлі күнге дейін «аспаз да ел басқарады», — деген қате ұғым қалыптасқан.

Оның қате екенін тарихтын өзі дәлелдеп берді. «Құл жиылып бас болмас, құм жиылып тас болмас» дейтін мақалдың негізінде осындай ащы шындықтың жатқандығын байқаймыз.

Президенттік басқару. Өркениеттің қазіргі кезеңінде мемлекеттік басқарудың екі түрі орнықты. Олар – монархиялық және республикалық басқару. Әлемдегі 225 мемлекеттің 24-інде мемлекет басшысы монарх болып саналады. әрине, оны бәрі ұлттық рәмізді, оның тарихи-саяси дәстүрін сақтау, құрметтеудің белгісі. Ал, шын мәнінде олардың мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатына араласуы, іс-қимылы конституциямен шектелген. Басқа 58 мемлекеттің басшысы президенттер. Демократиялық республиканы басқарудың өзі екіге бөлінеді: президенттік басқару және парламенттік басқару. Президенттік басқарудың классикалық түрі АҚШ-та басталған және әлі жалғасып жетіліп келеді. Президент — әрі мемлекет басшысы, әрі үкімет басқарады, яғни бүкіл атқару билігі түгелімен президенттің қолында. Мемлекет басшысы парламенттен тысқары сайлаушылар өкілдерінің арнаулы алқасында сайланады, ал Мексика, Бразилия, Боливия, Колумбия, Венесуэла т.б. кейбір елдерде президент төте сайлау жолымен сайланады. Бұл АҚШ президентінің бүкіл сайлаушылар атынан сөйлеуге, конгреске тікелей бағынышты болмауына құқық береді. Кабинетті өзі құрайды, ал 394 қызметті сенаттық келісімімен бекітеді, мемлекеттің негізгі ішкі және сыртқы саясатын сенат арқылы іске асырады. Президентті мерзімінен бұрын орыннан алу мынадай екі жағдайға байланысты болады: біріншіден, сот шешімі оны кінәлі деп тапса (импичмент), екіншіден, өз еркімен осы қызметтен кеткісі келсе ғана.

Президенттікке сайланатын тұлғаға қойылатын талаптар: 36 жастан асқан еркісі, ақ нәсілді, протенстант, жанұясы бар, университеттік білімді, спортпен айналысатын, коррупция және қылмыскерлермен аяусыз күресетін, губернаторлық қызмет тәжірибесі бар немесе конгресс мүшесі болған, шешендік қабілеті бар адам. Әрине, бұл талаптардың бәрі сай келе бермегенімен негізінен осындай сипатта болуға тиіс.

Сонымен бірге президенттік басқарудың аралас және супер-президенттік республикалар да кездеседі. Призиденттік және парламенттік басқарудың аралас түрі Францияда, Португалияда, Түркияда т.б. елдерде кездеседі. Ал Италия, Батыс Германия, Үндістан, Пәкістан, Грекия т.б. елдерде президент мемлекет басшысы, мемлекет органдары арасында арбитраждық миссиясын атқарады. Еуропаның қуатты елдерінің ішінде тек Францияда ғана жартылай президенттік жүйе қалыптасқан. Ал Азия мен Африканың кейбір елдеріндегі президенттік институтқа келер болсақ, оларда жеке адамдардың тоталитарлық және авторитарлық билік режимдерін көп жағдайда конституциялық жолмен бүркемелеу болып келеді. Үстіміздегі Кезеңде Ресей Федерациясында және ТМД-ның басқа мемлекеттерінде биліктің президенттік жүйесі қалыптасуда. Бұл ретте көптеген күрделі мәселелер де тумай қоймайды. Сондықтан олардың шетелдік тәжірибелерге назары ауып отырғандығы белгілі.

Қазақстан Республикасында 1990 жылдың сәуір айында президенттік қызмет енгізілді. Қазақ халқының тарихында бұрын да мемлекеттер болғанымен оның тұңғыш Президенті болып Н.Ә.Назарбаев сайланды. 1990 жылдың қарашаның 20-жұлдызында Қазақстанда мемлекеттік билік құрылымы мен басқаруды жетілдіру және Конституцияға өзгерістер мен қосымшалар енгізу жайлы қаулыда Президент Қазақ мемлекетінің басшысы, оның ең жоғарғы атқару билігін жүргізуші деп жазылды. Президентке Министрлер кабинатіне жетекшілік ету міндеті нығайтылды.

Қазақстанда 1991 жылдың желтоқсанында тұңғыш рет Президентті бүкіл халық болып сайланды. Ал, 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі жайлы Конституциялық Заң қабылданып, республиканың президенттік басқаруға өтетіндігі белгіленді. Саяси биліктің үш тармағының атқару билігінің Президент басқарады. Оны іске асырудың жаңа жүйесі құрылды. Кабинеттің басқару функциясы кеңейтілді, халық депутаттары атқару комитеттері таратылып, оның орына тікелей басқару билігінің жүйесі: аудандық, қалалық, облыстық әкімшіліктер құрылды.

Бұл егемендіктің нәтижесінде болған өзгерістер. Сонда егемендіктің басты ерекшеліктері болып табылатын белгілер — өз аумағымыз бен азаматтығымыз, дербестігіміз бен ел ішіндегі мемлекеттік биліктің өз қолымызда екені, Конституция мен заңдардың үстемділігі, өз бюджетіміз бен қаржы-несие жүйесі, пәрменді құрылымдарымыз, халықаралық қатынастардағы еріктілігіміз көрініс тауып, баршамыз үшін ең қымбаттысы – мемлекеттік егемендігіміздің классикалық нысандары – елтаңбамыз, туымыз, әнұранымыз бекітілді.

Енді, міне жеке мемлекет болдық. Өз тізгініміз өз қолымызға тиді. Елдіктің басы – ел тарихын білуден басталса керек. Сол ақиқатты сезінбей, сол шындыққа жүгінбей, ұлы мақсат – тәуелсіз мемлекет бола алмаймыз. Осының баршасын түйсініп, түсінісек қана алдымыз жарық, келешегіміз нұрлы. Ең басты білетініміз одақтас республикалардың әлеуметтік – экномикалық өзара кіріптарлығының түпкі себебі өзара сенімсіздіктерінде жатқандығы. Бұл сенімсіздіктің қайнар көзі патшалық Ресейдің отаршыл саясатынан басталады. Отаршылдықтың өзекті тұжырымдамалары социализм кезінде одан әрі шыңдала орнықты. Бұл тұжырымдама бойынша орыстан басқа ұлттардың жерінде толық өнім циклына жол бермеу тенденциясы ұдай басшылыққа алынып отырды. Қарапайым шылымның қағазы Сібірде, фильтрі Кавказда, темекісі Карпат маңында дайындалуға тиіс болды. Орыстардың шовинистік психологиясы бойынша өзге ұлттарды тек осылайша жіпсіз байлап, кіріптар етіп ұстауға болады деп ойлайды. Нәтижесінде, шын мәнінде кіріптарлықтан тұратын тоталитарлық-экономикалық жүйе пайда болды. Мұның өзі, Маркстің түсіне де кірмеген, жаппай еңбекті жатсыну психологиясын тудырды. Адамдары еңбектен безінген қоғамның болашағы бедеулікке ұрынатыны қазірдің өзінде айқын аңғарылып отыр.

Енді әр республиканың таяу маңдағы ең өзекті мақсаты өз жерінле дайын өнімді әлемдік стандарт деңгейінде шығаруға ұмтылу және шикізат байлығына толық иелік ету болып отыр.

Республикамызда 1990 жылдың 24 сәуірінде президент институты қалыптасып, алғашқы рет бұл ел басы деген лауазымға Н.Ә.Назарбаев сайланды.

Президент – бүкіл ұлттың рәмізі, ар-намысы, абыройы сенімі, үлкен үміті. Осының өзі республиканың өтпелі кезеңіне соны жол салушы Президентке халық артқан жүктің қаншалықты салмақты екендігінің айғағы. Президент болып сайланған Н.Ә.Назарбаевтың біліктілігі, жігерлігі, жоғары ұйымдастырғыш қабілеттілігі, халықтың жүрегіне жол тауып, сеніміне енуі нәтижесінде өзі де кемелденді. Күрделі де қайшылығы мол, шым-шытырық қиын заманда Президенттің ауқымдық дипломатиялық қабілеті елдің ішінде жарасымдылық қарым-қатынас орнатса, халықаралық саясат кеңістігінде Қазақ мемлекетін бүкіл әлемге паш етті. Оған лайықты берілген «Жыл адамы» атағы бүкіл Қазақстан халқы зор қуанышпен қарсы алды.

Қорыта келгенде, ақылға сыйяр парасатты түйіндер мен елдігімізді сақтауға, тарихта тұңғыш рет шын мәнінде бой түзеген қазақтың мемлекетін құру жолға — әлемдік кеңістікке шығаруға күш салған ондаған парасат иелері мен жүздеген саясаткерлеріміздің өзін уақыт сүзіп, екшейді, қатыгез тарихтың талқысына салады. Үш жүздің басын құрап, қазақты ел етуге ұмтылған Абылай аты тарихқа қалай кірсе, арғы-бергі ұлы елдермен тұғыры мен топсасы берік саясат жүргізу арқылы қазақ елінің аумақтық тұтастығын шегелеуге, Қазақстанды әлем толық танитындай мәртебеге жеткізуге күш-жігерін аямай келе жатқан еліміздің алғашқы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та осылай кірері хақ. Заманында көшпелі елдің өз ыңғайына қарай жазылып, әлденеше ғасыр Ұлы Даланың өмірі мен тәртібін, жалпы тіршілігін, ішкі, сыртқы қарым-қатынасын реттеп отырған «Жеті Жарғы» ұрпақ жадында қалай жатталса, республика парламенті екі жыл дайындап, дүниеге алып келген тарихи құжат – азаттықтың алғашқы Ата Заңыда тарих төрінен өзіне тиесілі орнын солай алуға тиіс.


Скачать/Жүктеу

Комментировать

Вам необходимо войти, чтобы оставлять комментарии.




1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Сайт картасы