Шаруа қожалықтарының құқықтық және кәсіпкерлік даму негіздері


Скачать/Жүктеу

Шаруа (фермер) қожалық Қазақстан Республикасының «Шаруа (фермер) қожалық туралы» жеке Заңымен реттелетін аграрлы кәсіпкерліктің ерекше ұйымдастырушылық-құқықтық түрі болып табылады. Бұл өзінің құрылу, қызмет атқару және қызметін тоқтату барысында  аграрлы, азаматтық, қаржылық, еңбектік және басқа да құқықтық қатынастардың ерекше субьектісі ретінде көрінеді. Шаруашылықтың табысты болуы үшін нақты заңдық ресімделуді білген дұрыс, ал оған осы тарауда келтірілген материалмен танысу арқылы қол жеткізуге болады.

Фермер шаруашылық жеке кәсіпкерлікпен айналысуға негізделеді. Жай серіктестік түрінде ұйымдастырылған фермер шаруашылық ортақ үлестік меншік және ортақ шаруашылық қызмет келісіміне негізделеді.

Шаруа (фермер) қожалықтардың аталған түрлері Қазақстан Республикасының 1998 жылы 31-наурызда шыққан «Шаруа (фермер) қожалық туралы» жаңа Заңымен бекітілді. Сонымен қоса, қазіргі кезде Қазақстанда заңмен белгіленген жеке және ұжымдық кәсіпкерліктің барлық түріндегі шаруа (фермер) қожалықтары құрылуда. Бұған ҚР Азаматтық Кодексінің 226-бабы негіз болды, оған сәйкес Шаруа (фермер) қожалықтың мүшелері шаруашылықтың мүлкі негізінде шаруашылық серіктестік немесе өндірістік кооператив құра алады. Мұндай қайта ұйымдастырылған шаруашылықтың заңдық тұлға ретінде өзіне фермер шаруашылықтың басқа мүшелерінен жарна немесе салым түрінде берілген мүлікке құқы бар. Және салым мөлшері Шаруа (фермер) қожалықтың мүлігіне ортақ меншік құқығындағы олардың бөліктеріне байланысты анықталады. Сонымен қатар ҚР Әділет Министрлігінің 1996 жылғы 26-наурыздағы № 3-9/169 «Ұжымдық кәсіпорындардың ҚР АК-де қарастырылған ұйымдастырушылық-құқықтық түрлеріне қайта құру туралы» хатына сәйкес келесі түрдегі Шаруа (фермер) қожалықтардың заңдық тұлға ретінде құрылуы ұсынылады: шаруашылық серіктестік, акционерлік қоғам, өндірістік кооператив және бұл заңдық тұлғалар территориалды әділет органында тіркелуге тиіс. Шаруа (фермер) қожалықтың әрбір ұйымдастырушылық-құқықтық түрінің құрылу кезіндегі мемлекеттік тіркеу, мүліктің құқықтық тәртіппен, несиелеумен, еңбекті реттеу және алынған кірісті бөлу ережелерімен байланысты өз ерекшеліктері бар.

Ары қарай 1998 жылғы 31-наурыздағы ҚР-ның «Шаруа (фермер) қожалық туралы» Заңымен бекітілген Шаруа (фермер) қожалықтардың ұйымдастырушылық-құқықтық түрлерін қарастыру дұрыс деп ойлаймыз.

ҚР-ның «Шаруа (фермер) қожалық туралы» Заңына сәйкес Шаруа (фермер) қожалық құруға ниеттенген азаматтарға жергілікті атқарушы органдар жер иелену құқы негізінде жер учаскелерін береді.

Жерге орналастыру жобаларын ҚР Жер қатынастары және жерге орналастыру мемлекеттік комитетінің құрылымды бөлімшелері жасайды. Жергілікті атқару органының шешіміне сәйкес жерге орналастыру қызметкерлері жер учаскесінің шекарасын белгілеп береді.  Жергілікті атқару органының шешіміне сәйкес жер учаскесін бере алмау жағдайында  өтінішті қабылдамау себебі жазылған шешім шығарылады, оның көшірмесі шешім қабылданғаннан кейін жеті күн ішінде арызданушыға тапсырылады. Жер учаскесін бермеу шешімін сотқа шағымдану арқылы қайта қарауға болады.

Заң бойынша Шаруа (фермер) қожалықтарға екі жағдайда жер учаскесі беріледі:

1. Ауылшаруашылық ұйымдар құрамынан шығушы және жер бөлігіне құқылы азаматтар шаруа (фермер) қожалық жүргізу үшін осы ұйымдар жерлерінен жер учаскелері беріледі, және жер учаскелерінің кадастрлық бағасы шаруашылық бойынша орта деңгейлі болуы керек. Жергілікті атқару органы мен ауылшаруашылық ұйымына шаруа (фермер) қожалық жүргізу мақсатында жер учаскесін бөлу туралы өтініш бергеннен бастап он күн ішінде хаттамамен ресімделген жер бөлігі иелерінің жиналысы өту керек, мұнда жер учаскесінің орналасуы туралы шешім шығарылады. Жер бөлігінің иегерлерінің 50 %-дан астамы қол қойған хаттама жергілікті атқару органына тапсырылады және жер бөлігі есебінен жерді пайдалану құқын беру туралы шешім қабылдауға негіз болады.

Ауылшаруашылық ұйымдардан шыққан және жерлері бөлуге келмейтін азаматтар шаруа (фермер) қожалық жүргізу үшін арнайы жер қоры құрамынан жер учаскесін алуға бірінші кезекте құқылы.

2. Жер бөлігіне құқы жоқ азаматтарға шаруа (фермер) қожалық жүргізу үшін жер учаскелері арнайы жер қорынан беріледі.

Шаруа (фермер) қожалықтың жер пайдалану құқы ҚР заңнамаларында бекітілген тәртіпте тіркелген кезден бастап пайда болады.

Шаруа (фермер) қожалық жүргізу мақсатында жер учаскелері орман қорындағы жерлерден, яғни орман шаруашылығы қажетіне пайдаланылмайтын ауылшаруашылық жерлерден, сонымен қатар елді мекен жерлерінен – ауылшаруашылық пайдалану жерлерінен тұрақты және уақытша қайтарымсыз жер пайдалану құқында беріледі.

Жер учаскесін игеруге оның шекараларын белгілеп, тұрақты немесе уақытша жер пайдалану құқын көрсететін тіркеуден өткен құжаттар берілгеннен кейін рұқсат етіледі.

Шаруа (фермер) қожалықтың тұрақты жер пайдалану  құқында барлық азаматтық-құқықтық келісімдер жасалынады.

Тұрақты және ұзақ мерзімді уақытша жер пайдалану құқығы шаруа (фермер) қожалық құрамына кіреді. Тұрақты жер пайдалану құқығында жерді мемлекеттік органдар рұқсатынсыз пайдалануға болады: сатуға, сыйға беруге, екінші жер пайдалануға беруге, ауыстыруға, кепілге беруге, аманат етуге, сонымен қатар осы құқық аясында азаматтық және жер заңнамаларымен тыйым салынбайтын басқа да келісімдер жасауға болады.

Шаруа (фермер) қожалыққа берілген жер учаскесі келісімде басқаша көрсетілмеген жағдайда оның мүшелерінің ортақ бірігіп немесе бөліктік жер пайдалану құқында болады.

Шаруа (фермер) қожалықтар жер пайдаланушы ретінде төмендегі құқықтарға ие болады:

  • Жерді ауылшаруашылық өнімдер өндіруге пайдалану арқылы жеке шаруашылық жүргізуге құқылы;
  • Жерді пайдалану нәтижесінде алынған ауылшаруашылық өнімдерді себу мен отырғызуға, шығарылған ауылшаруашылық өнімдеріне меншіктік құқыққа және оны сатудан түскен кіріске құқылы;
  • Бекітілген тәртіпте өз шаруашылығының қажеттіліген жер учаскесіндегі топырақ, құм, гравий, шымтезек, орман жер-суларын, жерүсті және жерасты суларын пайдалануға, сонымен қатар жердің өзге де пайдалы қасиеттерін пайдалануға құқылы;
  • Жер учаскесін мемлекеттік қажеттілікке алуда (сатып алуда) шығындардың толық көлемде өтелуіне құқылы;
  • Жеке меншіктік құқық негізінде Жер учаскесінің мақсатына қайшы келмейтін құрылыстар салу;
  • Суарту, құрғату және басқа да мелиорациялық жұмыстар жүргізуге, бекітілген арнайы құрылыс, экологиялық, санитарно-гигиеналық талаптарға сәйкес тоғандар мен суқоймалар тұрғызуға құқылы.

Шаруа (фермер) қожалық міндетті:

  • Берілген жерді мақсатына сәйкес пайдалануға;
  • Топырақ құнарлылығын төмендетпеуге;
  • Ауылшаруашылық өнімдерін өндірудің табиғатқорғау технологияларын қолдану және жерді қорғау бойынша бірқатар шаралар кешенін жүзеге асыру;
  • өз қызметі нәтижесінде экологиялық жағдайдың нашарлауына жол бермеу;
  • құрылыс салу кезінде сәулет-жоспарлау, құрылыс және басқа да арнайы талаптарды (ережелерді, нормативтерді) басшылыққа алу;
  • басқа жер пайдаланушылар мен жер учаскелері иегерлерінің құқықтарын бұзбау;
  • жер заңнамаларымен  анықталған тәртіпте сервитуттар беруді қамтамасыз ету.

Шаруа (фермер) қожалық мүлкінің құрамы «Шаруа (фермер) қожалық туралы» Заңның 4-бабында көрсетілген. Бұл — ағаш егу, шаруашылық құрылыстар, мелиорациялық және басқа құрылыстар, мал, құс, ауылшаруашылық техника мен құрал-жабдықтар, көлік құралдары, шаруашылыққа арналған құрал-сайман және басқа мүліктер.

Мүлікті қалыптастыру көздеріне мыналар жатады:

  • Шаруа (фермер) қожалық мүшелерінің ақшалай және материалдық құралдары;
  • шаруашылықты құру үшін ауылшаруашылық ұйымдардан шыққандағы алынған мүліктік жарналар;
  • Шаруа (фермер) қожалық қызметі нәтижесінде алынған кірістер;
  • бағалы қағаздардан (акциялардан, облигациялардан, т.б.) түскен пайда;
  • банк және басқа несие берушілер несиелері;
  • мемлекеттік бюджеттен үстеме алу;
  • заңнамамен тыйым салынбаған қайтарымсыз немесе қайырымдылық жарналары және басқа да көздер.

Мүлікті бөлу келісімдерін Шаруа (фермер) қожалық басшысы немесе сенімхатпен өзге тұлға жүзеге асырады.

Шаруа (фермер) қожалық өз шығындарын алынған кіріс есебінен жауып отырады. Шаруашылықтың өндірістік, саудалық және басқа да қатынастары келісім негізінде жүргізіледі. Шаруа (фермер) қожалықтың негізгі түрі ауылшаруашылық өнімдерін өндіру, өңдеу және сатылымға шығару болғандықтан мемлекетпен, кооперативтермен, қоғамдық кәсіпорындар және ұйымдармен шаруашылық келісім түрлеріне – сату- сатып алу, жеткізу, сатып алу, мүлікті жалдау, өнімді кепілге беру, өндірістік-техникалық қызмет көрсету, капиталды құрылысқа көтере алу, материалды-техникалық қамтамасыз ету, тасымалдау, т.б.

Шаруашылық келісім экономикалық қатынастардың құқықтық формасы болып табылады және келесі қызметтер атқарады:

  • серіктестер арасындағы қалыптасып келе жатқан экономикалық қатынастарды заңмен бекітеді, оларға орындалуы заң күшімен қорғалатын міндеттемелер жүктейді;
  • рыноктың өнімге (қызметке) деген шынайы қажеттіліктерін анықтау және кәсіпкерліктің даму бағытын белгілеу құралы ретінде пайдалынылады;
  • тараптардың өзара міндеттемелерін заңды түрде бекітіп қана қоймай, сонымен қатар олардың түрлері мен орындалу тәртібін анықтайды, тәртіп ережелерін және оларды ұстануды бақылау жүйесін белгілейді;
  • келісім қатынастары қатысушыларының мүддесін экономикалық қорғау жолдарын қарастырады, яғни олардың серіктестіктері міндеттемелерін бұзған жағдайда — нақты бұзушылықтар үшін мүліктік санкция жүйесін енгізу және қолдану, сонымен қатар   міндеттемелерді орындауды қамтамасыз етудің басқа да жолдарын қарастырады.

Шаруа (фермер) қожалық өздерінің серіктестерін, құқықтар теңдігін және тараптар міндеттерін өз еркімен таңдай отырып, шаруашылық келісімдерін жасасады.

Қазіргі заңнамаға сәйкес  келісімдер шаруашылықтың серіктестерін өз еркімен таңдауына және құқықтар мен тараптардың міндеттерін анықтаудағы теңдікке негізделе отырып жасалынады. Ауылшаруашылық өнімдерді өткізу келісімдердің бірнеше түрімен жүзеге асырылады: сатып алу, жеткізу, сату – сатып алу және комиссия келісімдері. Әсіресе сатып алу келісімінің маңызы зор, себебі Шаруа (фермер) қожалық өнімдерінің көп бөлігі осы жолмен сатылады.

Сатып алу келісімі дегеніміз бір тарап – ауылшаруашылық өнімдерін шығарушы — ауылшаруашылық өнімдерін өткізуге, ал екінші тарап – тұтынушы (арнайы коммерциялық немесе коммерциялық емес ұйым, тұтынушы кооперативі, басқа кәсіпорын, мекеме) — ауылшаруашылық өнімін қабылдауға және белгілі бір мерзім ішінде оның құнын төлеуге міндеттенетін міндеткерлік болып табылады.  Сатып алу келісімінің ерекшелігіне аталған міндеткерлік аясына өңделмеген ауылшаруашылық өнімдері де (бидай, картоп, жемістер, көкөніс, мал, құс, жүн) кіретіндігі жатады.

Өңделген ауылшаруашылық өнімдерін халық тұтыну өнімдерін жеткізу келісімі бойынша немесе сату-сатып алу келісімі негізінде ауылшаруашылық коммерциялық ұйымдар, өңдейтін кәсіпорындар сатып алады.

Сатып алу келісімінің шарттарына сәйкес өнімшығарушы көрсетілген ауылшаруашылық өнім түрін биологиялық және өнімдік іріктеме талаптарын сақтай отырып  қажетті мөлшерде жеткізуі тиіс. Келісімді орындау мерзімі күнтізбе бойынша емес, егіннің пісу мерзімімен анықталады. Тұтынушы егін пісуіне 15 күн қалғанда өнімді өткізу туралы хабарлануы тиіс. Тұтынушының негізгі міндеті – шаруашылық ұсынған өнімді алып, оның құнын төлеу. Егер тұтынушы келісімде көрсетілген өнімді алудан бас тартса шаруашылық ол өнімді өз еркінше пайдалана алады, ал тұтынушы  (сатып алушы) келісім шарттарын бұзғаны үшін айыппұл санкциясы мен шығындарды өтеу түрінде мүліктік жауапкершілікке тартылады.

Қазіргі заңнама бойынша азық-түлік пен ауылшаруашылық шикізат түрлерін сатып алушы тәуелсіз, келісілген бағаны пайдаланады. Мұндай бағаны сатып алу келісімі бойынша тараптар, яғни шаруашылық пен тұтынушы (сатып алушы) анықтайды.

Сатып алу мен жеткізу – ауылшаруашылық өнімдерін өткізудің негізгі түрлері. Дегенмен шаруашылық айналымында ауылшаруашылық өнімнің қозғалысын сипаттайтын басқа да келісім түрлері бар: сату-сатып алу (комиссиондық және бөлшекті), халық тұтыну өнімдерін жеткізу және айырбастау келісімдері. Дайындық кезінде жүкті тасымалдау келісімдері, сақтау (оның ішінде арнайы түрі, яғни ауылшаруашылық өнімдерін оны өндіру орындарында сақтау) және тағы да басқа міндеттер пайдалануы мүмкін.

Сату-сатып алу келісімдері өнім, яғни келісім нысаны шынайы бар кезде ғана жасалынады. Азаматтық заңнаманың жалпыға бірдей ережесіне сәйкес сату-сатып алу нысанасы ретінде жеке-нақтылы заттар ғана бола алатынын ескеру керек. Сату-сатып алу келісімін жасағанда заттар жекелендірілген (нақты бір қоймада болуы керек, жәшіктерде, контейнерлерде сақталуы керек, т.б.) болуы қажет. Базарлар мен дүкендердегі өнім бағасы еркін болады, сатушылар бағаны өздері белгілейді.

Шаруа (фермер) қожалықтар ауылшаруашылық өнімдерін сату-сатып алудың биржалық келісімдерін агроөндірістік биржаларда жасай алады.

Азық-түлік нарығының дамуы қазіргі уақытта азық-түліктік немесе агроөндірістік биржалар желілерінің қалыптасуымен анықталуда, олардың тәжірибесінде сату-сатып алу келісімінен басқа биржалық айналымның дәстүрлі келісімдері, яғни форвардты шарт деген атқа ие болашақта жеткізу шартымен сату-сатып алу келісімі және фьючерсті контракт немесе фьючерс деп аталатын жылдам шарттар кеңінен қолданылады.  Болашақта жеткізу шартымен сату-сатып алу келісімі (форвард-контракт) жасалса, оның қарапайым сату-сатып алу келісімінен өзгешелігі келісім жасау уақытында сатушы қоймасында өнім жоқ, сатып алушыға келісімде көрсетілген мерзім ішінде жеткізіледі дегенді білдіреді. Затты сату-сатып алу мен форвардты келісімдерге қарағанда фьючестік контрактілер шынайы өнім айналымын емес, оны алуға деген құқыққа ие болуын ресімдейді. Фьючерстік шарттарға қалыптағы келісім-шарт, яғни саны мен сапасы жағынан қалыптағы өнім партиясын сатып алу құқығы жатады. Мұндай шартқа отырған тараптар тек қана келісім құнын және оның орындалу мерзімін келісіп алуы керек. Осындай мәмледен кейін сатушы да, сатып алушы да сатып алынған келісім-шартты сатуға да, пайда болғандарын сатып алуға да құқылы, яғни  фьючерстік шарттан кейін пайда болған құқықтар мен міндеттерін беруге немесе алуға құқылы. Фьючерстік келісім-шарттарды сатып және сатып алу арқылы биржалық айналым қатысушылары контракт жасалған күнгі бағасы мен оның сатылу күнгі бағасының айырмасын алады немесе төлейді. Фьючерстік контрактта көрсетілген мерзім жеткен кезде сатушы затты саны мен сапасы туралы шартқа сәйкес шығаруға және оны тікелей сатып алушыға, яғни контрактінің орындалу мерзіміне қарай иегері болғанға  жеткізуі тиіс.

Қазіргі заңнамаға сәйкес Шаруа (фермер) қожалықтарға жөндеу-техникалық кәсіпорындарының өндірістік-техникалық қызмет көрсетуі өндірістік-техникалық қызмет көрсету келісімі бойынша жүзеге асырылады,  бұл келісім аясына қатынастардың төрт түрі біріктірілген:

  • жекелей өндірістік-техникалық қызмет көрсету;
  • құрылыс-монтаж және жөндеу жұмыстарын жүзеге асыру;
  • тасымалдау;
  • кадрлар дайындау.

Агрохимиялық қызмет көрсету келісімі агрохимиялық қызмет көрсету кәсіпорындарымен жасалынады, олар топырақты гипстеу мен ақтау, сортаңдарды мелиоративті айдау, қордалар даярлау, топыраққа органикалық және минералды тыңайтқыштар себу, ауылшаруашылық өнімдерін аурулармен және зиянкестерімен күресу, дәндер мен жемдерді химиялық препараттармен өңдеу, т.б.

Капиталды құрылыс Шаруа (фермер) қожалықтың өз күшімен көтеріп алу келісімінсіз немесе маманданған құрылыс ұйымымен көтеріп алу келісімін жасасу арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Мұндай келісім жасасқан жағдайда тараптар келісімге мыналарды енгізуі қажет: келісімнің нақты нысанасы туралы – салынатын ғимараттар, құрылыс және монтаждық жұмыстар технологиясы; құнын көрсету (құрастырылған смета негізінде); орындалу мерзімі; өзара құқықтары мен міндеттері және келісім шарттарын бұзған жағдайдағы жауапкершілік мәселелерін айқындау керек. Капиталды құрылысқа көтеріп алу келісімі бойынша міндеттерді орындамағаны немесе толығымен орындамағаны үшін кінәлі тарап өсім төлейді және екінші тарапқа мүлкін шығындау, жоғалту немесе бүлдіру нәтижесінде  келтірген зардабын өтейді.

Шаруашылық келісімдерін жасасқанда есеп айырысу қажеттілігі туындайды. Яғни есеп айырысу және несиелік қатынастар пайда болады, олар банктен ақшаны қарызданушы есебінен несие беруші есебіне ауыстыру арқылы іске асырылады.

Шаруа (фермер) қожалық қазіргі заңнама бекіткен шарттар мен ережелер аясында мүлікті кепілдікке бере отырып және жер пайдалану құқығы негізінде несие алуға құқылы.

Несие беруші банк пен Шаруа (фермер) қожалық арасындағы қарым-қатынас несиелік келісіммен ресімделеді, онда несие мөлшері мен мерзімі, пайыздық мөлшері, кепілдік келісімімен, кепілдемемен несие қайтарымын қамтамасыз ету шарттары көрсетіледі. Шаруа (фермер) қожалықтар жеке несиелік мекемелерін ашуына да болады.

Міндетті орындауды қамтамасыз етудің бір жолы кепілге қалдырылатын мүлікті кепіл берушіге беру мүлікті кепілге қою – ортақ меншіктегі немесе ортақ жер пайдаланудағы кәсіпорындарды, құрылыстарды, ғимараттарды, жер учаскелерін, жер пайдалану құқын, жер учаскесіндегі жер бөлігін кепілге алуды қамтитын ипотека болып табылады. Жер пайдалану құқын кепілге қою жалға беру және жалға беру келісімінің мерзіміне беру түрінде тұрақты жер пайдалану құқына және уақытша ұзақ мерзімді жер пайдалану құқына таралады. Шаруа (фермер) қожалық– кепілге беруші мен кепілге алушы арасында ипотекалық несиені қамтамасыз ету үшін жер пайдалану құқығын кепілге беру туралы келісімге қол қойылады. Ипотека құқы кепілге беру келісімі мен ипотекалық куәліктің жер учаскесі орналасқан жердегі жылжымайтын мүлік және онымен шарт жасасу құқын тіркейтін  органдардан мемлекеттік тіркеуден өткен кезден бастап пайда болады. Қарызгер өз негізгі міндеттемелерін орындамаған жағдайда кепілге алушы өз талаптарын Қазақстан Республикасы Президентінің Заңдық күші бар 1996 жылғы 23 желтоқсанда шыққан «Жылжымайтын мүлікті ипотекалау туралы» Жарлығына сәйкес қанағаттандыра алады.

Шаруа (фермер) қожалықтың келісімдік қатынастар жасағандағы экономикалық және заңдық дербестігі олардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау қажеттілігін алға қояды. Құқық пен мүдделерді қорғаудың заңдық шаралары жүйесінде халықтық соттар қызметі маңызды орын алады. Сотқа жүгінген кезде талап-арыз жазылады, ол мүдделі тараптың сотқа өзінің бұзылған немесе дауға түскен құқығын немесе заңмен қорғалатын мүддесін қорғауды талап етуі  болып табылады.

Шаруа (фермер) қожалықтың қызметі нәтижесінде пайда болған мүліктік, жер және басқа даулар сот тәртібімен қарастырылады.

Қазіргі заңнамаға сәйкес пайда болған даулар жауапкердің  тұрғылықты жері бойынша қаралады. Пайда болған даудың қандай мекемеге қарастылығын дұрыс шешу маңызды: талап-арызда көрсетілген бір тарап жеке тұлға, ал екіншісі – заңды тұлға болса аталған дау азаматтық істер алқасында қарастырылады. Екі тарап та заңды тұлға болған жағдайда халық сотының шаруашылық мәселелері алқасымен шешіледі.

Сотқа талап-арыз берген жағдайда талапкер азаматтық құқық қорғау мерзімін ескеруі қажет. Қорғау мерзімі дегеніміз мүдделі тарап өз құқығын қорғауды немесе мәжбүрлі жүзеге асыруды талап ете алатын уақыт түсініледі, ал құқық қорғаудың негізгі жолы талап болғандықтан аталған мерзім талап өту мерзімі деген атауға ие болды. Қазіргі заңнамаға сәйкес азаматтық істер бойынша талап өту жалпы мерзімі үш жыл, осы мерзім аяқталғанға дейін талапкер сотқа талабымен жүгінуіне болады.

Сот тәжірибесі көрсеткендей Шаруа (фермер) қожалық құқығын бұзудың көп бөлігі аграрлы заңнаманың ережелерін  дұрыс қолданбауымен түсіндіріледі. Жекелей алғанда келісімдер дұрыс ресімдемегендіктен немесе олардың мүлдем жоқтығынан өңдейтін кәсіпорындар кәсіпкерлерді өткізілген өнімге есеп айырысқанда алдап дұрыс есептемейді. Фермерлердің заң саласындағы білімдері таяздығынан олар мүліктік және моральды зиян шегеді.

Қазіргі уақытта азаматтардың құқығы мен заңды мүдделерін қорғап, құқықтық тәртіп орнатуға дәстүрлі құқыққорғау органдарымен бірге жаңа ұйымдастырушылық-құқықтық түрлер, яғни аудиторлық және сақтандырушы фирмалар, үшіншілік соттар бекітілген.

Шаруа (фермер) қожалықтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау аудиторлық фирмалар, сақтандырушы қоғамдар, үшіншілік соттар, нотариаттар, зат биржаларының клирингті палаталары арқылы жүзеге асырылады.

Аудиторлық фирма – басшылық субьектілерінің мүліктік және қаржылық  жағдайларын объективті түрде мақұлдайтын тәуелсіз сарапшы. Аудиторлық фирма мүлік құнын шығарады, тиісті құжаттар береді. Ірі шартқа отырғанда аудиторлық анықтама арқылы екінші тараптың төлемдік қабілетін тексеруге болады. Осылай аудиторлық фирма келісім орындалуының өзінше кепілгері болады, себебі ол өзінің ақпаратына жауапты.

Сақтандыру фирмалары (қоғамдары) – кәсіпкердің коммерциялық тәуекел етуін сақтандырумен айналысатын тәуелсіз коммерциялық ұйымдар. Көбінесе сақтандыру фирмалары кәсіпорындар шарттарын келісім қатысушыларының қаржылық және мүліктік жағдайы туралы аудиторлық анықтама болған жағдайда ғана сақтандырады. Келісімнің бұзылуы жағдайында сақтандыру фирмасы сақтандырылған жәбірленушіге шығынын өтейді және аудиторлық фирмамен қосылып келісім бұзушыға шағымданады. Сақтандыру фирмалары өндірістік және коммерциялық қызметтің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету, Шаруа (фермер) қожалық жағдайының тұрақтылығын сақтау  келісімдерін жасай алады.

Үшіншілік соттар – келісім тараптары таңдайтын шаруашылық дауларды қарастыратын мемлекеттік емес органдар. Тараптар арасында үшіншілік сотқа істі беру туралы келісім ресімделуі керек. Сот құрамы тараптар келісімі бойынша анықталады. Мұндай сот шешімі екі тарапқа да міндетті болады және қосымша бекітуді қажет етпейді. Егер тараптар үшіншілік сот шешімін әділетсіз деп тапса, халық сотына жүгінуіне болады.

Заттық биржа арқылы келісімге тұру кәсіпорындардың мүдделерін қорғаудың бір жолы болып табылады. Биржа клиенттерінің заңдық құқықтарын қорғау мүддесінде биржа аясында клирингті палаталары бар. Биржада заттық келісімдер тіркеледі, және бұл биржада жасалған келісімдерді қамтамасыз ету, шынайылықтың кепілі болып табылады.  Тіркеу шарт жасасу орнын,  келісім қатысушылары туралы мәліметтердің дұрыстығын  растайды. Осы және басқа да мәліметтер келісім міндеттерін қандай да бір тарап бұзған жағдайда маңызды рөл атқарады.

Аграрлы кәсіпорындардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда нотариаттың да маңызы зор.  Даулы мәселелер шешілеін сот қорғауына қарағанда мұнда даусыз мәселелер қарастырылады. Нотариат келісімдерді растайды, құжаттардың көшірмелерінің дұрыстығын растайды, даусыз жүктемелерді мәжбүрлі түрде орындауды қамтамасыз етеді. Шаруашылық субъектілерінің өтініші бойынша нотариус келісім, өтініштер жобаларын әзірлейді, құжаттар көшірмесін және олардан үзінділер даярлайды, сонымен қатар нотариалды іс-әрекеттер жасау мәселелері бойынша кеңестер өткізеді.

Шаруа (фермер) қожалық қызметінің тоқтатылу тәртібі мен ережелері ҚР «Шаруа (фермер) қожалық туралы» Заңының 20 бабында белгіленген. Шаруа (фермер) қожалық қызметі шаруашылықтың бірде бір мүшесі, мұрагері немесе шаруашылықты жалғастырушы басқа тұлға қалмаған жағдайда, сонымен қатар банкроттық жағдайда және жер пайдалану құқығы аяқталған кезде тоқтатылады.

Шаруа (фермер) қожалық мүлкі заң бойынша немесе аманат бойынша мұрагерлікке өтеді.

Шаруа (фермер) қожалықтың мүлкін мұрагерлікке беру ортақ азаматтық-құқықтық негізде: заң бойынша немесе аманат бойынша орын алады. Заң бойынша мұралануда шаруашылық басшысының мүлкі заңда тізілген тұлғалар арасында КазССР АК-нің 527 бабында бекітілген кезекке сәйкес теңдей мөлшерде бөлінеді:

  • бірінші кезекте – қаза болғанның балалары (оның ішінде асыранды балалары да), жұбайы және ата-анасы (асыраушылары), сонымен қатар оның қазасынан кейін туылған балалары;
  • екінші кезекте – қаза болғанның әкесі мен шешесі жағынан ата-әжесі, сонымен қатар еңбекке жарамсыз бауырлары мен апайлары;
  • үшінші кезекте – қаза болғанның бауырлары мен апайлары.

Жұбайы ретінде қаза болған шаруашылық басшысымен тіркелген некеде тұрған тұлға ғана таласа алады.

КазССР АК-нің 529 бабына сәйкес әрбір азамат өзіне тиесілі мүлікті және жер пайдалану құқығын бір немесе бірнеше тұлғаға аманатқа қалдыра алады. Бұл тұлғалар заң бойынша мұрагерлер құрамына кіруі де, кірмеуі де мүмкін. Аманат жазбаша түрде, жазылу уақыты мен орны көрсетілген, қол қойылған және нотариалды расталған болуы керек.  Аманат бойынша мұрагерлікке Шаруа (фермер) қожалық мүшесі болмайтын әрбір тұлға ие бола алады.

Мұрагерлікті алу үшін, яғни Шаруа (фермер) қожалықтың мүлкін, жер учаскесін иемдену үшін шаруашылық басшысы қаза болғаннан кейінгі алты ай ішінде мұрагерлікті қабылдау туралы өтінішпен және ол өтінішке қажетті құжаттар мен шаруа қожалық жерін пайдалану құқығы актісін қосып, мұрагерлікті ашу орны бойынша нотариалды кеңсеге баруы керек. Алты ай өткеннен кейін мұрагерлерге мұрагерлікке құқық куәлігі беріледі. КазССР АК-нің 546 бабына сәйкес мұрагерлік ашылған алты ай ішінде мұрагер мұрадан бас тартуға құқылы. Мұрадан бас тарту мұрагерлік ашылған орын бойынша мемлекеттік нотариалды контораға өтініш беру арқылы жүзеге асырылады.

Шаруа (фермер) қожалықты жүргізетін мұрагерлер болмаған жағдайда жер учаскесі мұрагерлікпен жеке шаруашылық жүргізу үшін, тұрғын үйге қызмет көрсету үшін, бақша немесе малөсірушілік үшін  айқындалған мөлшерде беріледі. Шаруа қожалық қызметін жалғастырушы бірде-бір крестьяндық шаруашылық мүшесі болмаған жағдайда ол өз қызметін тоқтатады, ал шаруа қожалықтың жер учаскесі мемлекетке қайтарылады.

Шаруа (фермер) қожалық қызметі банкроттық жағдайда тоқтатылады.

Шаруа (фермер) қожалық өз ұйымдастыру-құқықтық түрі бойынша жеке кәсіпкерлік болғандықтан оған сәйкес банкроттық ережелер де күшінде болады.  ҚР «Жеке кәсіпкерлік туралы» заңында қарызгерді банкрот деп жариялауда жеке кәсіпкердің  несие берушінің қаржылық міндеттемелер бойынша, оның ішінде еңбекақы төлеу, бюджетке міндетті төлемдерді беру және оған тиесілі мүлік есебінен бюджеттен тыс қорларды қамтамасыз ету талаптарын қанағаттандыра алмауы негіз болады деп көрсетілген. Банкроттықты сот шешімі бойынша белгіленеді немесе сотсыз тәртіпте несие берушілермен келісілген түрде қарызданушы тарапынан жарияланады. Қарызданушы үш ай ішінде міндеттерін орындамаған жағдайда төлем қабілетсіз болып саналады.

Сот кәсіпкерді банкрот деп шешім шығаруы мүмкін немесе өндірістегі істі тоқтатып, сыртқы басқару мен санацияны қамтитын реабилитациялық процедуралар өткізу туралы анықтама шығаруы мүмкін.

Бұл шараларды өткізу барысында кәсіпкер төлем қабілетінің орнына келуі мүмкін болса және оның шаруашылық қызметінің қалыпты жалғасуына жағдай жасалынған кезде ғана сот тарапынан белгіленеді. Егер сот шешімімен кәсіпкер банкрот деп танылса, баспасөз бетінде сот шешімі  және несиеберушілердің сотқа шағымдану мерзімі туралы жарияланады, ол хабар шыққан уақыттан бастап екі ай мерзімнен аспауы керек.

Несиеберушілердің талаптарын қанағаттандыру ҚР АК-нің 21 бабында көрсетілген тізбекте жүзеге асырылады:

  • алименттер, сонымен қатар өмір мен денсаулыққа келтірілген зиянды төлету бойынша талаптар;
  • еңбек келісімімен жұмыс істейтін тұлғалар еңбегін төлеу және авторлық келісімдер бойынша марапаттау;
  • жеке кәсіпкерге тиесілі мүлікті кепілдеумен қамтамасыз етілген несие берушілер талаптары;
  • бюджетке міндетті төлемдер және бюджеттік емес қорларға төлемдер бойынша қарыздар;
  • басқа несие берушілермен есеп-айырысу.

 

Шаруа (фермер) қожалық жер пайдалану құқығы аяқталған кезде тоқтатылады.

Шаруа (фермер) қожалықтың жер пайдалану құқығының тоқтатылуы  ҚР «Шаруа (фермер) қожалық туралы» Заңының 12-бабындағы тізімде көрсетілген жағдайларда жүзеге асырылады. Жер учаскесін пайдалану құқығы мына жағдайларда:

  • шаруа қожалық басшысының жер учаскесін одан әрі пайдаланудан бас тартқан жағдайда және жер пайдалану құқығы актісін жойып, басқа біреуге өткізген кезден бастап тоқтатылады;
  • тіркелген уақыттан бастап жер пайдалану құқығын тоқтатуға негіз болатын келісімдер бойынша әртүрлі азаматтық — құқықтық мәмілелер (сату – сатып алу, сыйға беру, қысқа мерзімді жалға беру, мұраға қалдыру) нәтижесінде шеттетілген жағдайда;
  • Шаруа (фермер) қожалық міндеттемелері бойынша жер пайдалану құқығын талап еткен жағдайдатоқтатылады. Осылайша, жер пайдалану құқығын кепілдікке қалдырып, қарызданушы негізгі міндеттерін орындамаған жағдайда кепілге алушы өз талаптарын «Жылжымайтын мүлікті ипотекалау туралы» Жарлығының 20- бабына сәйкес қанағаттандыруға құқықты;
  • жер учаскесін шаруашылық мәні маңыздырақ мемлекеттік қажеттіліктер үшін алу (сатып алу) жағдайында тоқтатылады. Жер учаскесін алуға (сатып алуға) қалалардың, елді мекендердің басты жобалары, аймақтық қоршау сызбалары, және т.б. белгіленген тәртіппен бекітілген қала тұрғызу немесе жерге орналастыру құжаттары негіз болады. Жер учаскелерін алу (сатып алу) шарттары мен тәртібі 1996 жылғы 8-сәуірде күшіне енген Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 403 «Мемлекеттік қажеттіліктер үшін жер учаскелерін алу және сатып алу тәртібі туралы Ережені бекіту туралы» Қаулысында анықталған;
  • жер учаскесі берілген мерзімінің аяқталуы және жер учаскесін жалдау келісімінің немесе уақытша қайтарымсыз жер пайдалану келісім-шартының бұзылуы жағдайында тоқтатылады. Бұл жылдам сипаттағы құқықтар (уақытша ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді жер пайдалану) түрлерін қамтиды;
  • заңнаманы бұзушылық немесе мақсатына сәйкес емес пайдаланылған жер учаскелерін қайтарып алу. Шаруа қожалығын   жүргізуге арналған жер учаскесінің мақсаты жер пайдалану құқығының анықтаушы белгісі болып табылады және шаруа қожалық бағдарламасында, жергілікті атқару органдарын қаулылары немесе шешімдерінде көрсетіледі. Жер ауылшаруашылық өнімдерін өсіруге, мал өсіру салаларын дамытуға пайдаланылады және өнеркәсіптік өндіріс құрылыстарын салуға арналмаған. Жер учаскесін мақсатынан тыс пайдалану жағдайында қайтарып алу өкілетті мемлекеттік органның арызы бойынша соттық тәртіпте жүзеге асырылады. Жер учаскесін оның құртылуына, құнарсыздануына, құрамының нашарлауына әкелетін жер заңнамаларын бұза отырып пайдалану жер пайдалану құқығын тоқтатуға негіз болады. Жер пайдалану құқығын тоқтату жер учаскесін берген атқарушы органның шешімімен мәжбүрлеу арқылы жүзеге асады. Бұл жағдайда жер пайдалану құқығын тоқтату туралы ұсыныстарды жер пайдалануға мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдар енгізе алады. Жер пайдалану құқығы барлық учаскеге немесе шаруашылық мақсатынан тыс пайдаланатын бөлігіне қатысты тоқтатылады және қажет болған жағдайда шығын өтеледі. Жер учаскесі Шаруа (фермер) қожалықтан жер пайдалану құқығын бергеннен бастап 3 жыл ішінде мақсатынан тыс пайдаланылған деп тартып алынбайды. Бұл кезеңге учаскені меңгеруге қажетті уақыт пен стихиялық апат немесе мұндай пайдалануды есепке алмайтын жағдайлар салдарынан мақсатына сәйкес пайдаланылмаған уақыт кірмейді;
  • жер учаскесін кәмпескелеу, яғни жер пайдалану құқындағы жер учаскесін жер пайдаланушыдан сот тәртібі арқылы санкция түрінде Қазақстан Республикасы Заңнамаларында көрсетілген құқық бұзушылық және басқа жағдайларда қайтарымсыз тартып алынуы жағдайында тоқтатылады.

Скачать/Жүктеу

Комментировать

Вам необходимо войти, чтобы оставлять комментарии.




1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Сайт картасы