МҰХТАР ШАХАНОВ (1942 жылы туған)


Қазақтың тілі мен ділі, ұлттық қалып-қасиеті жайлы, адамгершілік ізгіліктер жайлы танбай жазып келе жатқан ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов үлкеннің де, кішінің де сүйіктісіне айналғаны белгілі. Ол – Қазақстан Республикасы Халық жазушысы (1996), Қырғыз Республикасының Халық ақыны (1999).  1942 жылы 2 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданы, Қасқасу ауылында дүниеге келген. М.Шаханов 1969 жылы Шымкент пединститутын бітірді. Ол 1961-1965 жылдары «Оңтүстік Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер, 1965-1970 жылдары «Ленишіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің оңтүстік облыстарындағы тілшісі болып қызмет атқарды. Болашақ ақынның алғашқы өлеңі «Сырдария» (1959) деп аталады. 1966 жылы М.Шахановтың тұңғыш өлеңдер жинағы «Бақыт» деген атпен жарық көрді. 1968 жылы махаббат, достық тақырыбындағы, адамгершілік абзал қасиеттерді жырлаған «Балладалар», 1970 жылы «Ай туып келеді» атты өлең жинақтары жарық көрді. 1970-1971 жылдары М.Шаханов Шымкент облыстық комсомол комитетінде сектор меңгерушісі, 1971-1976 жылдары ҚР Телевизия және радиохабар жөніндегі мемлекеттік комитеттің аға, бас редакторы, ал 1976-1979 жылдары  ҚР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитеттің бөлім бастығы қызметін атқарды. 1974 жылы М.Шахановтың «Қырандар төбеге қонбайды», 1979 жылы «Ғашықтық» атты жинақтары жарыққа шықты. Ақын 1984-1993 жылдары «Жалын» альманағының бас редакторы әрі Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы (1986 жылдан бастап) қызметтерін атқарды. Осы жылдары ақынның «Махаббатты қорғау» (1982) және «Ғасырларды безбендеу» (1988) атты өлеңдер, балладалар мен поэмалар жинақтары басылды. М.Шаханов 1993-2004 жылдары Қазақстан Республикасының Қырғыз республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі, 2004-2007 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болды.

М.Шаханов поэмаларының тақырыптары сан алуан. «Танакөз» шынайы достық, адал махаббат, қайырымдылықты дәріптесе, «Сейхундария» Сырдария туралы көне аңыздардың желісіне құрылған, «Күретамырды іздеу» жастық шақты жырласа, «Сенім патшалығы» көне дәуір мен бүгінгі өмір адамдарын шендестіре суреттеп, философиялық ой түйеді, «Махаббатты қорғау» махаббат триптихтарынан тұрса, «Нарынқұм трагедиясы» халық қамы үшін күрескен патриот ақын Махамбеттің өміріне арналған. Ақынның «Жеңілген жеңімпаз хақындағы Отырар дастаны немесе Шыңғыс ханның қателігі» атты поэмасы Отырар тағдырын суреттейді.

М.Шаханов – драматургия жанрына да қалам тербеген. Оның «Махаббат таңы» (1970), «Сенім патшалығы» (1977), «Көкейкесті» (1987) атты поэзиялық пьесалары театр сахналарында қойылды. «Уақыт бедерлері» (1981), «Зерде кітабы» (1984) атты жинақтары орыс тілінде жарық көрді. М.Шахановтың шығармалары шет елдерде де басылып шықты.

А.Мұсабекова

 


Комментировать

Вам необходимо войти, чтобы оставлять комментарии.




1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Сайт картасы
Яндекс.Метрика