Философиялық білімнің өзіне тән ерекшеліктері


Скачать/Жүктеу

1. Философия және оның қоғамдағы рөлі
2. Философияның тарихи типтері

1. Тәуелсіз Қазақстанның ертеңгі болашағына өз үлесін қосар білікті маман, зерделі азамат болып, ел тағдырын шешуге, қоғам дамуының жауапкершілігін мойнына алуға ұмтылған әрбір жас үшін философия пәнін оқып-үйрену өте қажет.
Философияның басты ерекшелігі — әлемді, бүкіл дүниені тұтас қарастырады, оның ішкі байланысын, жалпы даму заңдылықтарын зерттейді. Яғни, ол – дүниетанымдық ғылыми жүйе болып табылады.
Белгілі бір адамдардың дербес қызметі ретінде философия ежелгі шығыс елдерінде – Қытайда, Индияда, т.б. елдерде, кейінірек антика дәуірінде ежелгі Греция топырағында қалыптаса бастаған. Бірақ, оның түпкі туындайтын түбірі адамдардың әлемдегі айрықша болмысында, дүниеге өзіндік қатынасында жатуы тиіс. Ол қатынас жануарлардың өзін қоршаған табиғи ортаға қатынасынан мүлдем өзгеше. Жануарлар табиғи дамудың төл туындысы, белгілі бір географиялық ортамен тікелей үйлескен, олар өздерін табиғаттан бөліп, оған бір бөгде күштей сырт қатынас жасай алмайды. Сондықтан олар үшін табиғатты игеру, оны түсіну, ішкі сырына қанығу мәселесі тұрған жоқ.
Адамдар болса, ортаға тікелей бейімделудің нәтижесінде емес, сол ортаны игеру қызметі нәтижесінде, оған дәнекерлі, құрал-саймандар арқылы, өзара қоғамдасу арқылы қатынасады. Бұл процесс өзі атқаратын іс-әрекеттерді де, оның өзгеретін объектісін де және ақырында өзінің кім екенін де белгілі дәрежеде көре білуді, түсіне білуді де қажет етеді.
Осыған орай адам табиғатқа, жалпы әлемге солардың тек бір бөлшегі ғана емес, олардан біршама бөгделенген, оқшауланған сырт күштей қатынас жасай алады. Сол арқылы ол өзін де өзгертіп, өзінің мүмкіндіктерін ортаның мүмкіндіктерімен ұштастырады, өзіне де сырт көзбен қарай алады. Бұл, әрине, адамдардың тарихында өзгере беретін жағдай.
Дүниетаным, дүниеге көзқарас дегеніміз – айнала қоршаған орта, бүкіл әлем, тұтас дүние туралы, ондағы адамның орны, тіршіліктің мән-мағынасы туралы көзқарастардың, пікірлер мен түсініктердің жүйеленген жиынтығы.
Дүниеге көзқарас адам қоғамымен бірге пайда болған қоғамдық тарихи құбылыс. Оның шығуының қайнар көзі — өмірдің өзі, адамның тіршілік болмысы.
Дүниеге көзқарастың негізгі ұғымдары – «дүние» және «адам». Олар ажырамас бірлікте. Яғни, адамнан бөлектенген дүние және табиғат, сондай-ақ сыртқы дүниемен салыстырылмаған адамның іс-әрекеті, ішкі рухани өмірі, әрқайсысы өз бетінше дүниетанымды құрай алмайды. Дүниеге қатынасы арқылы адам өзінің тағдыры мен өмірлік позициясын, сүйіспеншілігі мен сенімі туралы белгілі бір көзқарастар аумағын кеңейтеді. Адам мен дүние арақатынастары бір-бірімен жаңа байланыста қаралған сайын, сыртқы материалдық әлем және ішкі рухани дүние туралы түсініктер тиянақталынады.
Осыдан келіп дүниеге көзқараста, біріншіден, әлем, табиғат және қоғам туралы, олардың бірлігі туралы, екіншіден, адам және оның дүниедегі орны туралы, үшіншіден, болмыс пен болашақтың мән-жайы туралы көңілге қонымды түсініктер қалыптаса бастайды.
Дүниетанымның тұтастығын құрастыратын негіз – білім. Білім адамның көкірегіне қоныс теуіп, санасына ұялап, оның өмір тәжірибесінің елегінен өтіп барып, сенімге айналады. Сенім дегеніміз – дүниеге көзқарастың түп қазығы, бағыттаушысы, адамның өз позициясына, тоқыған ойына, істеген ісіне, ұмтылған мұрат-мақсатына деген беріктігі. Сенімі берік адамның көзқарасы, дүниетанымы нақты, ісі қонымды, бағыты қашан да айқын.
Дүниеге көзқарастың қалыптасуы табиғи, әлеуметтік және нақты мәдени ортаға тәуелді. Дүниеге көзқарасты ғылыми және ғылыми емес, қарапайым деп бөлуге болады.
Сөйтіп, қарапайым дүниетанымда мифологиялық, діни және ғылыми көзқарастар, материалистік және идеалистік ағымдар араласып жатады.
Ал тарихи тұрғыдан алғанда дүниеге көзқарастың мифологиялық, діни, натурфилософиялық және философиялық түрлері қалыптасты.
Ежелгі дәуір мәдениетінің дүниетанымы – миф.
Миф – алғашқы қауым адамына тән ойлаудың бірінші бөлінбеген формасы. Мұнда поэзия мен ғылымның, дін мен моральдың, рационалды әсердің элементтері бар. Ежелгі миф-аңыздар алғашқы адамдардың тіршілігінің маңызды белгісіндей, олардың рәміздік мазмұны арқылы адамзат қоршаған ортаны және уақытты әрі игерді, әрі түсінді. Ағылшын тарихшысы Э.Б.Тайлор мифтердің мынадай түрлерін атап өтеді:
1. Философиялық немесе түсіндірмелік;
2. Нақтылы, бірақ бұрмаланған деректерге сүйенген мифтер;
3. Тарихи және аңыздық тұлғалар туралы мифтер;
4. Фантастикалық және метафоралық мифтер;
5. Саяси-әлеуметтік және тұрмыстық мифтер.
Мифологиялық дүниетанымның кіндігі – кеңістік пен уақытты адаммен жақындастыру талпынысы, бағдары. Мифологиялық уақытта адам мен табиғаттың арасында алшақтық жоқ болды. Миф алғашқы адамдардың тіршілігінің ажырамас бір бөлігі болып табылады. Миф – адамның қауымдық санасының алғашқы қалыптасуының көрінісі. Ол ешбір құбылыстың түп негізін, шығу себебін ашпайды. Жазулы ақпарат жоқ кезде миф оның қызметін атқарған, адам мен дүниенің дәнекері болған. Сонымен, мифологиялық кезеңде адам мен табиғаттың арасындағы бірлік ерекше жоғары дәріптелді. Егіншілік пен бақташылық, тіпті, қолөнердің өзі ежелгі дәуір мәдениетінен табиғат пен сырлас болуды талап етті. Скиф – сақ өркениетіндегі «аң стилі», қытайдың инь, ян бастамалары, Египет пен Шумердегі өліп, қайта тірілген құдай туралы аңыздар табиғат пен үйлесімдікке шақыратын рәміздер.
Түрік халықтарының мифологиясында ғарыштың құрылымы былай бейнеленеді: жеті қабат Жер бар, онда Көктөбе тұр, Көктөбеде Көктерек өсіп тұр, ол Көккүмбезді тіреп тұр. Бұл бейне киіз үйдің құрылымына да ұқсас. Қазақтың әлем туралы түсінігінде әсерлі бейненің бірі – алып бәйтерек. Дүниежүзілік ағаш таңбасы өрлемдік қозғалысты, Жер мен Аспанның тығыз байланысын білдіреді. Осы биік бәйтеректен эпос батырлары аспан денелеріне өрмелеп жете алатын болған. Әлемдік ағаштың тағы бір атқаратын қызметі оның жоғары және орта дүниемен байланыстыруында. Тірілер әлемі өткен кезбен, аруақтармен қатынасын үзбейді. Көктеректің тамырлары жер астында орналасқан. Жасыл-желек өмірлік ағаш күш-қуат пен нәрді төменгі дүниеден алады.
Қазақтардың ата-тегі түріктердің басты құдайы – Көк Тәңірі. Оның рақымымен елді билеген қағандар «Аспанда туған және Күнмен, Аймен безендіріліген» деп аталған. Түрік жазуларында көшпенділердің барлық жеңістері Көк Тәңірімен байланыстырылған. Аспанды және оның шырақтарын қадірлеу түрік өркениетіне жататын барлық халықтардың дүниетанымының маңызды белгісі. Мысалы, «Оғызнаме» эпосында Оғыз қаған өз балаларының атын Көк, Күн, Ай, Жұлдыз, Тау, Теңіз деп қойғаны мәлім.
Ертедегі қиял-ғажайып (сиқырлы) ерекшелік ондағы фантастика арқылы өріледі. Анығырақ айтқанда, фантастика – қиял-ғажайып ертегілердің жаны. Халық ертегілерінде фантастиканы жасау үшін неше қилы тәсілдер қолданылған. 1) Сенім-нанымды оқиғаға айналдыру. Алғашқы қоғам адамдарының ұғымынша табиғат дүниесіндегі барлық заттардың рухы бар, сол рухтар бейне адам баласы секілді ой-сезімге, түйсікке ие. Міне, бұл біз ұдайы айтып жүретін анимизмдік көзқарас болып саналады. Қиял-ғажайып ертегілерде бұл көзқарас айқын бейнеленген. Осы көзқарас бойынша табиғат дүниесіндегі түрлі-түсті бар заттар адамзаттық сезіммен құдіреттің күшті қуаты арқылы жарық дүниеге шыққан. Мысалы, ертегілердегі жердің жарылып немесе бас кейіпкердің жер астына түсіп, қатерден құтылуы, сиқырлы сулардың адам баласцын әр қилы хайуанға айналдыруы, жануарлардың адам баласына қамқорлық жасауы, сол сияқты адамға серік болуы, әруақтардың тірі адамдармен қарым-қатынас жасауы, балгерлердің болжам айтуының нақты өмірде іске асуы, адамды хайуанға айналдыру секілді әрекеттердің бәрі таңғажайып фантастика. Мұның бәрі ертедегі адамдардың жерге, суға, тауға, ағашқа, жануарларға және ата-бабалар рухына сыйынатын көзқарастары. 2) Әсірелеу. Ертегілердегі фантастиканы жасаудың тағы бір тәсілі талдау жолы. Ертегілердің бір бөлігінде табиғат дүниесіндегі белгілі бір зат, тұрмыс бұйымдарын әсірелеп, олардың маңызы мен жұмыстағы қызметі шектен асырыла көтермеленді. Мысалы, қылыш – адамдардың жыртқыш аңдармен, жауларымен арпалысуында қолданатын өте маңызды құралы, басқа қызметі де елеулі болған. Сондықтан қылыштың жасалуы өзінің дәуірі тұрғысынан айтқанда зор тапқырлық саналған. Сол үшін адамдар қылышты ертегілер әлеміне енгізіп, оның қызметін әсірелеу арқылы өздерінің бағытты тұрмысқа жетуі жолындағы армандарын қылыштың қасиеті арқылы жетуге болады деп түсінген. Сандық – халықтың алтын қазынасын, киім-кешегін, т.б. да бағалы заттарын сақтауға пайдаланатын мүлкі. Сондықтан сандық ертегілерде кедейлерге тауар шығарып беретін игі қасиетке ие етілген.
Кейін Құдай адамдарға кітап (Құран, Библия) «сыйлаған» соң, мифологиялық дүниетанымды дін мен философия ығыстырды.
Діни негіздегі дүние көзқарасы мифологиялық сананың табиғи жалғасы. Діни дүниетаным табиғаттан тыс, құдіретті күшке адамның мүлтіксіз бағынуын уағыздайды. Адам санасында табиғи құбылыстардың бұрмаланған бейнесін туғызады, оны табиғатты өзгерту мүмкіндігінен шеттеуге бейімдейді. Дін объективтік шындықты адам басында бұрмалап, фантастикалық түрде бейнелейді. Діни қағидаларға қарағанда дүниеде қандай бір құбылыс болмасын оның тікелей тірегі, қозғаушысы өмірден тыс тұрған және оны жаратушысы күш (құдірет) екені. Ең бірінші діндер политеистік болған, діндердің ең жоғары сатысы таптық қоғамдарда пайда болып, содан бері келе жатқан монотеистік сенім. Үш ірі дүниежүзілік дін бар: буддизм, христиан, ислам діндері. Діннің пайда болуы ертедегі қауымдық адамдардың дүниетаным қабілеттерінің өте төмен болып, табиғат құбылыстарының сырын түсіне алмай, түрлі жағдайлардың себептерін рухани күш-құдіретке балағанын көрсетеді.
Буддизм б.з.д. VІ ғасырда пайда болады. Оның шығу тарихы принц Сиддхартха Гаутаманың есімімен тығыз байланысты. Буддизм ілімі бойынша, өмір – қасірет. Адам қандай әлеуметтік сатыда тұрса да аурудан, кәріліктен, өлімнен құтыла алмайды. Буддизм бойынша, өмірдің азаптары жайындағы қасиетті шындық мынадай: өмірге келу – азап, қартаю – азап, жүрегің қаламайтын адаммен қосылу – азап, жақсы көрген адамыңнан айрылысу – азап, көздеген мақсатына жете алмау – азап. Ал осы азаптардан құтылудың басты жолы – сегіз салалы қасиетті өмір жолын таңдап алу. Будда ілімі адамның бойындағы ізгілік, адамгершілік қасиеттерді одан әрі дамытуды насихаттайды. Онда былай делінген: «Бұл дүниеде өшпенділікті өшпенділікпен жеңуге болмайды, адам ашу-ызасын ақылға жеңдіріп, зұлымдықты қайырымдылықпен ауыздықтауы қажет. Ұрыста мың адамды жеңіп шығуға болады, ал нағыз жеңіс адамның өзін-өзі жеңіп шығуы болып табылады».
Христиан діні б.з. І ғасырда қалыптасты. 1054 жылы христиан діні: католик және православиелік болып екіге бөлінсе, ал ХVІ ғ. бұл діннің жаңа тармағы – протестанттық ағым пайда болды. Христиан діні — өзінің мазмұны мен мәні жағынан өзгеше жаңа мәдениеттің негізін қалауға ткелей себепкер болды. Бұл жаңа мәдениет адам тұлғасын мойындады, адамды құдайтағаланың жер бетіндегі пендесі, ал Иисус Христос адамзат баласының ең жақын қамқоршысы деп танылды.
Библияда христиан Құдайы «Қазына Құдайы» деп аталды, өйткені мұндағы Құдай пұт емес, адам еркінің көрінісі емес, ол адамнан мүлде тәуелсіз өмір сүреді. «Құдай – ол нағыз махаббат» өйткені оның адамзат баласына деген махаббаты өте шексіз, ол еш уақытта да адамдарға жамандық пен жауыздық жасамайды. Зұлымдық пен жауыздық – адамдардың мән-мағынасыз өмірінің және бұл өмірде жасаған күнәлерінің жемісі.
Ислам (арабша Аллаға берілу, мойын ұсыну) діні Батыс Аравияда VІІ ғасырда таптық араб мемлекетінің құрылу кезеңінде пайда болды. Ислам діни ілімі Құранда баяндалған, оның мазмұны, аңыз бойынша, Құдайдың еркімен Мұхаммед пайғамбарға хабарланған. Ислам діні христиан діні мен иудаизмнің, ішінара манихейлік пен зороастризмнің әсеріне ұшырады. Исламның басты догматы бірден-бір ақиқат Құдай көк пен жерді жаратушы және ондағы бір нәрсенің бәрін жасаушы ретінде олардың үстінен өктемдік жүргізетін Алланы мойындау болып табылады. Мұсылманның бес парызы бар. Олардың біріншісі, діннің символы: «Алладан басқа Құдай жоқ, ал Мұхаммед – Құдайдың елшісі» деген сөздерді айту болып табылады. Одан әрі мұсылмандарға күнделікті намаз оқу, ораза тұту, салық (зекет) төлеу, сондай-ақ қажыға бару парыз етілген. Ислам негізінен екі бағытқа – суннизмге және шиизмге бөлінеді.
Мұсылмандық діннің еуразиялық Далада таралуына байланысты көшпелі халықтардың ғарыш туралы түсінігі де өзгерістерге ұшырады. Бұрынғы ескі мұра жоғалып кетпей, ислам космогониясымен синкреттік (тығыз байланысты) түрде тұтасты. Бұл түсініктер бойынша әлем екі дүниеден: фәни (белгісіздік) және бақидан (мәңгілік) тұрады. Осыған сәйкес адам өмірі шексіз. Фәниден бақиға өту, бұл дүниеден кету дегеніміз – жанның бір формадан екінші формаға ауысуы, оның нұрға айналуы.
Мифология мен діни сананың кемшіліктеріне қарсы күресті біршама батылдықпен жүргізген натуралистік философия болды. Ол жеке жаратылыстану ғылымдарының тұжырымдарына сүйене отырып, табиғат туралы тұтас көзқарас қалыптастыруға тырысты. Бірақ онда дүниені өзгермейтін нәрсе ретінде қарастыру басым еді.
Натуралистік философия – жеке жаратылыстану ғылымдарының тұжырымдарына сүйене отырып, табиғат туралы тұтас көзқарас қалыптастыруға тырысты.
«Философия» — грек сөзі (даналықты сүю), шығыс халықтарында арабшаланған түрде фәлсәфә деп аталады, біздің айналамыздағы өмір шындығы жөніндегі көзқарастар жүйесі, дүние туралы және онда адамның алатын орны туралы анағұрлым жалпы ұғымдардың жүйесі болып табылады. Яғни, даналыққа құмарлық деген мағынаны білдіреді.
Адам дүниемен қарым-қатынаста болғанда, болмыстың екі жағы – материалдыққа және идеалдыққа душар болады.
1. Материалды дүниеге айналадағы қоршаған заттардың бәрі, яғни адамның санасынан, ой жүйесінен тысқары, әрі одан тәуелсіз, объективті түрде өмір сүретіннің бәрі жатады.
2. Ал идеалды, яғни рухани дүниеге санадағы, ойдағы, көкейдегі субъективті құбылыстар (ойлар, сезімдер, психикалық қасиеттер) жатады.
Философияның атқаратын функциялары:
1. Дүниетанымдық, дүниені танып білу;
2. Рационалды (заңдарды ашу);
3. Критикалық, сынға салы;
4. Болашақты болжау.

2. Философияның тарихи типтері
1. Философияның үш ірі ошағы.
2. Антика заманының философиясы.
3. Орта ғасырлық философиясы.
4. Орта Азия халықтарының философиясы.
5. Қайта Өрлеу дәуірінің философиясы.
6. Жаңа заман философиясы.
7. ХІХ ғасырдағы қазақ ағартушыларының дүниетанымдық көзқарасы.

Философия тарихын зерттеудің басты мәселесі – тарихта өткен философтардың ой-пікірлерін, тұжырымдары мен айқындамаларын белгілі бір білімдік жүйеге лайықтап, осы заманға бұрмаламай жеткізу.
Философияның үш ірі ошағы: Қытай, Үндістан, Греция.

Ежелгі Үнді философиясы

Біздің жыл санауымыздан үш мыңдай жыл бұрын Ежелгі Үнді жерінде қауымдық қоғам ыдырап, оның орнына құлдық қоғам қалыптаса бастады. Осыған орай ежелгі үнді қоғамы төрт варнаға (каста) бөлінді. Олар: брахмандар (абыздар), кшатрийлер (әскербасылар), вайшьилер (ауқатты шаруалар) және шудралар (құлдар). Әр варна тұйықталған әлеуметтік топ болды да, әрқайсысы қоғамда өзіне тиесілі орын алды және өздеріне ғана тән дәстүрлі қызметтері болды.
Мысалы, брахмандардың үлесіне – ой еңбегі, кшатрийларға — әскери қызмет, вайшьилерге – ауылшаруашылық, қолөнер кәсібі, саудагерлік тисе, шудраларға – қара жұмыс қана тиді. Ежелгі үнді қоғамының осы даму кезеңіне сай мифологиялық, философиялық көзқарастары да, қалыптасты.
Үнді философиясының мақсаттары – адамгершілікке, руханилыққа баса назар аудару, адамның «өзін басқа барлық нәрседен және басқа барлық нәрселерді өзінен» көру, «иога» жаттықтыру, денені машықтандыру.

Ежелгі Қытай философиясы

Ежелгі Қытайдың қола дәуірінен темір дәуіріне өтуіне байланысты ауыл шаруашылығы мен қала тұрғындарының еңбектерінің бөлінуіне, әр түрлі сатыдағы әлеуметтік топтардың пайда болуына әкеліп соқтырды.
Ежелгі Қытай мемлекеті – шын мәніндегі шығыстық деспотия болатын. Мемлекет басшысы — әрі патша, әрі абыз және жалғыз ғана жер иесі болды.
Б.д.д. үшінші ғасырдың аяғында пайда болған Ежелгі Қытай философиясы кейінірек негізі алты философиялық бағытқа – мектептерге бөлінді. Олар: конфуцийшылдық, моизм, заң мектебі (легистер), даосизм, тұрпайы философтар (натурфилософия) және Атаулар мектебі.
Конфуцийшылдық. Бұл философиялық ағымның пайда болуы және қалыптасуы, осы ағымның негізін қалаушы Кун-фу-цзы, оның ізбасарлары Мэн-цзы және Сюнь-цзының есімдерімен байланысты.
Кун-фу-цзының ілімінше, ең жоғары жаратушы күш – аспан. Ол жерде әділеттілік болуын қадағалап отырады. Ал қоғамдағы теңсіздік, әртүрлі сатыдағы топтардың болуы ол — әділеттілік. Олай болса, аспан (көк) осы теңсіздікті қорғайды. Ең басты мәселелер – адамдар арасындағы қарым-қатынас, тәрбие.
Мэн-цзы – Кун-фу-цзының ілімін әрі қарай жалғастыра отырып, аспан-объективтік қажеттілік, тағдыр ретінде жақсылықты қорғайды дей отырып, аспанның еркі – адамдардың жігер-еркі арқылы көрінеді деген пікір айтады.
Конфуцийлық б.д.д. І ғ. Мемлекттік ілімге, ал ІХ ғасырдан бастап Қытайдағы негізгі діни көзқарасқа айналды.
Легистер (заңгерлер) – негізгі өкілдері: Шан Ян, Хань-Фэй-цзы. Олардың пікірінше, мемлекетті тек қана заңға сүйеніп басқаруға болады. Елде тәртіпсіздік болмас үшін: 1. Мақтаудан жазалау көп болу керек; 2. Аямай жазалау арқылы халық арасында үрейді тудыру қажет; 3. Ұсақ қылмыс жасағандарды аямай жазалау керек, сонда олар үлкен қылмыс жасамайтын болады; 4. Адамдар арасында бір-біріне сенімсіздік тудыру керек.
Конфуцийшылардың мемлекет – үлкен отбасы, оның басшысы – халықтың әкесі деген ілімнің орнына легистер: мемлекет — өз алдына бір машина сияқты құбылыс, билеуші — өзін ата-баба аруағынан да, халықтан да, аспаннан да жоғары қоятын деспот. Мемлекеттің негізгі мақсаттары: ұсақ патшалықтарды біріктіріп, Аспан аясындағы (Қытай) мемлекет құру, осы мемлекетке басқа халықтарды бағындыру.
Конфуцийшылдар мен легистер арасындағы күрес көп жылдарға созылды.
Даосизм (б.д.д. VІ-V ғғ.). Бұл ілімнің негізін қалаушы Лао-цзы деп есептеледі. Оның негізгі еңбегі – «Дао және дэ туралы кітап» («Дао дэ цзин»).
Даосизм ілімі «дао» ұғымына негізделген. Егер басқа қытайлық философиялық ағымдарда «дао» «жол» деген мағына берсе, және ол Қытайдың дамуымен әдептілікті жетілдірудегі негізгі ұғым болса, даосизмде «дао» — жалпы дүниетанымдық ұғым. «Дао» — алғашқы бастама. Алғашқы түпнегіз және Қытайдағы, Жердегі және Әлемдегі барлық құбылыстардың, денелердің бірлігі, соңғы сатысы. (Дао – барлық заттардың анасы).
Әлемдегі денелерде аспан (ян-еркек) мен жер (инь-әйел) бастамалары заттардың өмір сүру заңы (цу) арқасында гармониялық бірлікте болады. «Дао» — болмыс заттарды дүниеге келтірсе, «дэ» оларды қоректендіреді. Бұл екеуінсіз (дао және дэ) еш нәрсе өмір сүруі мүмкін емес. Кейін келе даосизм дінге айналып, өзінің алғашқы кездегі көптеген идеяларынан айырылып қалды.

Антика заманының философиясы (б.д.д. VІІ-VІ ғғ.)

Аталған дәуірлерде Эллада полистерінде (қала-мемлекет) қолөнер, сауда, ақшалай-заттық қатынастар жоғары қарқында дамып, осы себептердің негізінде өзіндік талап-мүдделері ерекшеленген әлеуметтік топтар пайда болды. Бұл ой еңбегі мен дене еңбегінің бөлінуіне, осы негізде таза зиялылар қауымының пайда болуына, әртүрлі әлеуметтік топтардың талап-мүдделеріне сай саяси-әлеуметтік, философиялық көзқарастардың қоғамдық сана ретінде қалыптасуына әкеліп соқтырды.
Сонымен қатар, антика философиясының қалыптасуына Крит-Микен, Гомерлік Греция кезеңдеріндегі әдеби-діни-мифологиялық көзқарастар және күнделікті өмір тұрғысынан тұжырымдалған данышпандық ой-пікірлер негізінде дамыған грек мәдениетінің сол кездегі Көне Шығыс мәдениетінің озық үлгілерін өз бойына сіңіруі арқасында қалыптасқан әлемнің субстанционалдық негізін іздеген, рационалданған көзқарастар зор әсер етті.
Демек, антикалық дүниетанымдық көзқарас өз кезеңіндегі ғылыми жетістіктерге сүйене, өзінің логикалық, категориялық аппараттарын жетілдіре отырып, философияның көзқарастық және рационалдық-жүйелілік жақтарын тығыз байланыстыра қарастырып, алғашқы философиялық ой-пікірдің қалыптасып, кейінірек келе оның классикалық деңгейге дейін көтерілуіне мүмкіндік туғызды.
Б.д.д. VІІ-V ғғ. антикалық рухани даму мифологиялық, діни көзқарастан ғылыми, философиялық көзқарасқа қарай бағытталды. Бұл кезеңді антикалық философия тарихында Сократқа дейінгі, ал б.д.д. V-ІІІ ғасыр ойшылдардың мәнділіктің генетикалық бастамасын, түпнегізін жалпы дүниетанымдық көзқарастың негізі етіп алып, оны өзінің категориялық аппараты тұрғысынан түсіндіріп, философиялық ойлауды биік деңгейге көтеруіне байланысты кезеңді – Сократтан кейінгі немесе классикалық кезең деп екіге бөледі.
Сократқа дейінгі кезеңде дүниеге келген алғашқы философиялық мектеп Кіші Азияда шыққан Милет мектебі болды. Оның негізін қалаушы Милет қаласында өмір сүрген, жеті данышпан қатарына жататын солардың ішінде ең сыйлысы Фалес болды (шамамен б.д.д. 625-547 ж.ж.). Ол «Бастама туралы», «Күн туралы», «Күн мен түннің теңесуі туралы», «Теңіз астрологиясы» деген еңбектер жазған, бірақ олар біздің заманымызға жетпеген. Фалестің ілімінше, барлық денелердің генетикалық бастамасы – су.
Фалестің ілімін әрі қарай оның шәкірті және жолын қуушы Анаксимандр (шамамен б.д.д. 611-545 ж.ж.) жалғастырды. Негізгі еңбектері: «Табиғат туралы», «Жер картасы», «Глобус». Анаксимандр барлық денелердің бастамасын сол денелердің түпнегізі (субстанция) сатысына дейін көтереді. Бастаманы ол заттардың түпнегізі – айперонмен теңестіреді. Олай болса, айперон бастама да, түпнегіз де.
Анаксимандр ілімін әрі қарай оның шәкірті Анаксимен (б.д.д. VІ ғ. ортасы) жалғастырды. Негізгі еңбегі – «Табиғат туралы». Анаксимен барлық денелердің негізі деп ауаны айтады. Ауа – шексіз (аепейрос). Сөйтіп, Анаксимандрдың аепейроны түпнегізден ауаның қасиетіне айналды.
Милет мектебінде қалыптасқан философиялық дәстүрді ілгері қарай дамытқан Эфес қаласынан шыққан саяси қайраткер, ғұлама ойшыл Гераклит (шамамен б.д.д. 544-483 ж.ж.) болды. Оны іліміндегі терең ойлары үшін «тұңғиық» деп атаған. Негізгі еңбегі: «Табиғат туралы». Гераклит заттардың бастамасын от деп есептеген. От мәңгі және құдай тектес.
Пифагор (б.д.д. 580-500 жж.) Б.д.д. VI ғасырдың аяғында философиялық ілімдер Кіші Азиядан «Ұлы Элладаға» ауыса бастады. Осы кезеңде оңтүстік Италия мен Сицилияда «пифагоршылар мектебі» деп аталған одақ құрылып, онда қоғамдық өмірді діни-әдептілік тұрғыдан реформалау қажеттігі туралы ілім кең өріс алады. Пифагоршылар қоғамда анархияның етек алуына қарсы болып, құдайдың айтуымен жасалған мемлекеттік заңдарды сақтау керектігін уағыздады. Пифагордың пікірінше, сандар – барлық заттардың, ғарышты, ғарыштың негізі. Оның ғарыштың бастамасы, негізі деп отырған сандары жай күнделікті өмірде қолданып жүрген сандар емес, олар – ғарыштың реттілігін, үйлесімділігін көрсететін сандар.
Классикалық философия – антика философиясының екінші кезеңі. Ол Сократтың есімімен (б.д.д. 469-399 жж.) тығыз байланысты болғандықтан, «Сократтан кейінгі» немесе «классикалық кезең» деп аталады. Сократ жазбаша еңбектер қалдырмаған, оның философиялық көзқарастары бізге Платон, Аристотельдің еңбектері арқылы жетті. Сократ ауызша пікірталастырып, диалог арқылы өзінің қарсыластарын қарастырылып отырған мәселе туралы жаңа, тың білімге сендіруге тырысты. Оның қағидалары: «Мен өзімнің түк білмейтіндігімді білемін» және «Өзіңді өзің танып-біл».
Киниктер философиясының («Киносарг» деп аталған гимназияның атымен аталып кеткен, аудармасы – «көреген ит») негізін қалаушы Антисфеннің (б.д.д. 444-368 жж.) пікірінше, нақты өмір сүретін тек жеке заттар ғана, ал жалпы ұғымдар заттардың қандай зат екенін анықтайтын сөз ғана. Антисфен өзінің ұстазы Сократтың рақымшылық, ізгілік, басқа туралы ілімін ілгері қарай жалғастырып, түкке тұрмайтын құндылығы жоқ байлық, денсаулық, т.б. сияқты игіліктермен салыстырғанда, рақымшылық – ең құнды және жалғыз ғана игілік деп уағыздаған. Себебі, адам өзінің негізгі мақсаты бақытқа тек рақымшылық арқылы жетуге болады. Рақымшыл болу үшін ол туралы көп сөздің, немесе көп білімнің қажеті жоқ, ол – тек іс-әрекет арқылы ғана көрінеді.
Материалдық тұрмыс қасиеттерін елемей, қоғамда қалыптасқан әдет-дәстүрлерді мысқылдай отырып, нағыз данышпандық, рақымшылық, бақытты іздеген Антисфеннің ізбасары Диоген Синопский (б.д.д. 412-323 жж.) киниктердің этикалық ілімін өз өмірінің негізгі қағидасы етіп қабылдаған, осыған байланысты өзінің артынан көптеген анекдотқа ұқсас әңгімелер қалдырған ойшыл. Мысалы, ол туралы замандастары былай дейді. Бірде, базар алаңында, бөшкеде отырған Диогеннен Ұлы Александр сіздің қандай өтінішіңіз болса да орындауға әзірмін деп сұрағанда, ол – күнді қалқаламаңыз деп жауап беріпті. Ол өте кедей тұрғанына қарамастан, киниктердің түсінігінше рақымшылыққа, бақытқа, шынайы бостандыққа жеткізбейтін адамдардың кемшіліктерін сынап, ляззатқа деген құмарлықты жек көрудің өзі – ляззат деп уағыздаған. Тал түсте фонарь ұстап базар алаңында «халық-көп, адам аз екен» деген сөзі осы пікірді нақтылайтын сияқты.
Атомистер ілімі. Бұл бағытқа ежелгі грек ойшылдары Левкипп, Демокрит, Эпикур және ежелгі Рим өкілі Лукреций Кар, т.б. жатады.
Бұл ойшылдардың шығармаларында, кейін материалистік бағыт деп аталып кеткен дүниетанымдық көзқарас толығымен қалыптасып, өзіндік ерекшеліктері бар философиялық ілімге айналды. Атомистік бағыттың қалыптасуына үлкен үлес қосқан ойшыл Левкипп (шамамен б.д.д. V ғ.) болды. Ол әлем бөлінбейтін ұсақ бөлшектерден, «атомдардан» тұрады және олар бос кеңістікте алақұйын қозғалыста болады да, бір-бірімен байланысқа түсіп, жеке денелерді құрайды. Левкиптің бұл пікірлері Демокрит ілімінің қалыптасуына зор әсер етті. Демокрит (шамамен б.д.д. 460-371 жж.) 70-тен астам шығармалар жазған: «Пифагор», «Планеталар туралы», «Табиғат туралы», «Адам табиғаты туралы», «Ақыл-ой туралы», «Үлкен әлем құрылысы», «Кіші әлем құрылысы», т.б.
Демокриттің ілімінше, дүниенің бастамасы – атомдар (шын болмыс) және бос кеңістік (бейболмыс). Болмыс пен бейболмыс бір-біріне қарама-қарсы құбылыстар. Атомдар бос кеңістікте соқтығысып, бір-бірімен бірігіп және байланысып, заттар әлемін құрайды.
Платон (б.д.д. 427-347 жж.) Сократтан дәріс алған, оның ілімін әрі қарай жалғастырушы, өзінің терең де мағыналық философиялық ойларымен жалпы философия ғылымының дамуына үлкен әсер еткен ғұлама-ойшыл. Платон оның лақап аты (жалпақ, кең деген мағына береді), шын аты – Аристокл. Негізгі шығармалары: «Апология» (Сократты қорғау), «Критон» (заңды сыйлау туралы), «Кратил» (тіл туралы), «Заңдар», т.б. Платон пікірінше, шын болмыс-ақылмен ғана білуге болатын денесіз идеялар әлемі.
Оның ілімі бойынша идея мен материядан басқа үшінші бастама – әлемдік рух, немесе космос рухы шығармашылық күштің, қозғалыстың, тіршіліктің, жанның, сананың және таным процесінің қайнар көзі ретінде идеялар әлемі мен заттар әлемін қосып, байланыстырады. Платон мәдениет тарихында өшпес із қалдырған ұлы ойшыл.
Ежелгі Греция философиясының биік шыңдарының бірі ұлы ғұлама Аристотель (б.д.д. 384-322 жж.) болды. Ол философияның өз алдына ғылым ретінде қалыптасуының негізін қалап, өз еңбектерінде басқа ғылымдардың мәселелерін философия тұрғысынан қараған алғашқы ойшыл-философ. Аристотель сол кездегі ғылымдардың барлық саласында ат салысып, көптеген еңбектер жазып қалдырған: «Категориялар», «Аналитика» (І-ІІ томдар), «Топика», «Физика», «Метафизика», «Этикалық трактаттар», «Саясат», «Риторика», «Поэтика», т.б.
Өзінің ілімін Аристотель мәнділікті болмыс деп қарастырудан бастайды да, оны сол болмыстың өзіне тән категориялары арқылы түсіндіруге тырысады, (түр-форма, мән, сапа, сан, материя, қозғалыс, уақыт, т.б.). Аристотельдің пікірінше, адамдар «қоғамдық жануарлар». Отбасының, қоғамның табиғи дамуының арқасында мемлекет пайда болады. Мемлекеттің табиғаттан айырмашылығы, онда көптеген әлеуметтік, т.б. қатынастардың өріс алғандығы.

Орта ғасырлық философия

Құлиеленушілік қоғам күйреп, оның орнына Батыс Еуропа елдерінің қай-қайсысында да феодалдық қоғамдық қатынастар қалыптасып, христиан дінінің кең етек алып, тарауына байланысты, «шіркеу әкейлері» мен «пұтқа табынушылар» философиясының арасындағы мәмлеге келмес күрестің өрбу деңгейіне байланысты ортағасырлық философияны негізгі үш кезеңге бөліп қарастырады. Біздің заманымыздағы ІІ ғасырынан бастап, алғашқы христиандық ойшылдардың ілімдерін жиынтықтап, кейін апологетика (қорғау) деп аталып кеткен діни-философиялық бағыт пайда болады. Негізгі өкілдері: Юстин Мученик, Тициан, Тертуллаин Квинт Септимий Флоренс, т.б. Олар өз ілімдерінде христиан діні ежелгі грек философиясы сияқты жалпыадамзат алдында тұрған маңызды да күрделі мәселелерді көтеріп, оларға ежелгі грек философтарынан гөрі тереңірек, ауқымды және ұтымдырақ жауап береді, сондықтан да оларды христиан дініне сенбейтін билеушілер мен ғалымдардың сынауы негізсіз деген пікірді басшылыққа ала отырып, жаңа грек философиясының орнын басатын христиандық діни-философия жасауға бар күштерін салды.
Патристика (pater-әке) деп шіркеу әкейлерінің діни философиялық ілімдерін айтады (ІІІ-VІ ғғ.). Негізгі өкілдері: Климент Александрийский, Амвросий, Августин Блаженный, т.б. Мысалы, Августиннің көтерген басты мәселесі – христиан діннің артықшылығын дәлелдеу арқылы, шіркеудің жанды билеуге құқықтығы. Ол – аспан мен жер арасын байланыстырушы деген сияқты идеяларды дәлелдеу үшін манихеялық, скептицизмдік және неоплатонизм қағидаларын басшылыққа алды. Августиннің ілімі бойынша, адам дүниеге келмей тұрып тағы басқа оның іс-әрекеттері, қылықтары құдайдың ерік-жігерімен белгіленіп қойған.
Ортағасырлық философияның схоластика деп аталған кезеңі Еуропа тарихында Рим империясының күйреуінен бастап Қайта өрлеу дәуіріне дейінгі 600-700 жылдай уақытты қамтиды. Бұл кезеңде егемендік алған көптеген Еуропа елдерінде (Италия, Франция, Англия, Германия, т.б.) феодалдық қарым-қатынастар қалыптасып, христиан дінін қоғамдық өмірдің барлық салаларында өктемдік кқрсетіп, шіркеудің сауаттылықтың қолжазбалар сақтау ісінің ошағына айналған мезгілі болатын. Осы жағдайда философия өзінің барлық ақыл-ой, күшін христиан догматтарын негіздеуге жұмсап, дін ілімінің күңіне айналған-ды.
Орта ғасырлық философтар екі топқа бөлінді: реалистер, номиналистер:
а) жалпы ұғымдар (универсалийлер) жеке заттардан тәуелсіз, олардан бұрын пайда болған, бүкіл тіршіліктің мәні жаратушы құдай деді. (Фома Аквинский 1225-1274 ж.ж.); б) жалпы ұғымдар өздігінше дербес өмір сүре алмайды. Тек нақты, жеке заттар ғана шын өмір сүреді, сондықтан олар алғашқы (Росцелин 1050-1112 ж.ж.)

Орта Азия халықтарының философиясы

Орта ғасырлық Шығыста VІІІ-ІХ ғасырларда Батыс Еуропаның мәдениеттік даму деңгейі төмен дәрежеде қалып қойған кезде араб тілді философия, араб мәдениеті кең өркен жайды. Ол ислам дінінің пайда болуымен де байланысты болды.
Феодализм дәуірінде ортағасырлық өркениеттің бір ошағы болған Орта Азияда әл-Хорезми (ІХ ғ.), әл-Фараби (870-950 ж. шамасы), әл-Бируни (973-1037 ж. шамасы), Ибн Сина (Авиценна, 980-1037 ж. шамасы), Омар Хайям (1040-1123) сияқты өз заманының ғұлама ғалымдары, ірі философ, ойшылдары өмір сүрді.
ІХ-Х ғ. Орта Азия халықтары араб халифатының үстемдігінен құтылып, жергілікті феодалдық мемлекеттер пайда болды. Осы кезде мұнда жаратылыстану ғылымдары айтарлықтай күшті дамыды.
Хорезмдік математик, астроном әрі географ әл-Хорезми үнді, грек және араб жерлерінде математиканы дамыта отырып, ғылымның жаңа саласы – алгебраны бірінші болып жасады. Оның «Астрономиялық таблицалар», «Күн сағаты жайлы трактаттар», «Жердің келбеті», т.б. шығармалары латын тіліне аударылып, Шығыс пен Батыс математикасы мен астрономиясының қалыптасып, дамуында үлкен рөл атқарды.
Қазақ жерінен, оның ішінде Отырар қаласынан шыққан атақты математик, әрі философ Әбу Насыр Мұхаммед ибн Тархан ибн Узлаг әл-Фараби ат-Түрки – Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» атанған данышпан ойшылдың толық есімі осындай. Ол Сырдарияның Арысқа құятын тұсындағы көне Отырар қаласында (арабша Фараб) әскербасы әмір қызметшісінің отбасында дүниеге келді. Ортағасырлық көптеген ойшылдар сияқты ол да дүниенің бастапқы жаратушысы құдай деп білді. Әл-Фарабидің пікірінше, материалдық дүние алты табиғи денеден немесе элементтерден (қарапайым элементтерден, минералдардан, өсімдіктерден, жануарлардан, адамдардан және әлемдік денелерден) тұрады. Әл-Фараби өз заманында мәлім болған ғылым салдарын әрі қарай дамытып, 160 шамасында трактат жазған. Негізгі шығармалары: «Математикалық трактаттары», «Философиялық трактаттары», «Логикалық трактаттары», «Этикалық трактаттары» және т.б.
Жалпы алғанда, әл-Фараби – Шығыс мәдениетінің алып тұлғасы, ол дүниежүзілік өркениетте өзінің қадірлі орнын алады. Оның рухани мұрасы өзінің ұлы ізбасарлары Ибн-Синаға, Бируниге, Жүсіп Баласағұнға және т.б. суалмайтын қайнар болды.
Әл-Бируни ғылымның түрлі салаларынан көптеген еңбектер, оның ішінде «Ертедегі халықтар хронологиясын», «Үнді суреттемесін», т.б. жазды. Философиялық көзқарасы бойынша ол да идеалист болды, дегенмен өзінің жаратылыстану шығармаларында әл-Фараби сияқты кең құлашты ғалым бірқатар материалистік пікірлер айтты.
Феодалдық Орта Азияның аса көрнекті ғалымы әрі философы, бұқаралық Ибн Сина (Авиценна) есімі кең тараған ұлы энциклопедист ғалымдардың бірі. Ол айналыспаған ғылым саласы кемде-кем. Алайда, оның данышпан ой-өрісі әсіресе екі салада – медицина мен философияда айрықша көрінді. Негізгі еңбегі: «Дәрігерлік ғылымның қағидалары», «Айығу кітабы». Ол философияны үшке бөледі: физикаға (табиғат жайлы ілім), логикаға (табиғат пен адамды танып білу жайлы ілім) және метафизикаға (тұтас болмысты танып білу жайлы ілім).
Көрнекті математик, астроном, ақын әрі ойшыл Омар Хайям мұсылмандық теологияның діни қағидаларын аямай сынға алып, жан өлмейді және ол дүниеде мәңгі өмір сүреді деген түсініктерді теріске шығарды.
Қорыта келгенде, Орта Азияның орта ғасырлардағы ойшылдары мен ғалымдарының философиялық және жаратылыстанулық-ғылыми көзқарастары Шығыс пен Батыс философиясының ілгері дамуына зор әсерін тигізді.

Қайта Өрлеу дәуірінің философиясы

ХV ғасырдың аяғында өндірістің, сауданың, әскери саланың жедел қарқынымен өсуі – техниканың, табиғаттану ғылымдарының, математиканың, механиканың дамуына себепші болды. Қолөнер өндірісінен машина өндірісіне өту басталды. Капиталистік өндірістік қатынастардың одан әрі дамуы ХV ғ. аяғы мен XVI ғ. басында ұлы географиялық жаңалықтардың ашылуына алып келді. Мұның бәрі сайып келгенде ақыл-ойдың схоластикалық ойлаудан азат болып, дүниетанудың жаратылыстану ғылыми тәсілдеріне көшуін талап етті. Бұл бағытты Қайта өрлеу дәуірінің аса ірі ойшылдары Н.Кузанский (1401-1464), Н.Коперник (1473-1543), Дж. Бруно (1548-1600), Г.Галилей (1564-1642) және т.б. жақтады. Бұл дәуірде жаңа мәдениет – гуманизм пайда болды.
Жалпы алғанда Қайта өрлеу философиясы негізгі үш бағытта дамыды:
1) Біріншісі (Н.Кузанский, П.Мирандолла, Леонардо да Винчи, т.б.) адамның еркін, бостандығын өздерінің философиялық ілімдерінің негізгі өзегі етіп қабылдап, рухани өмірде, мәдениетте гуманизм (адам сүйгіштік) деген бағытты дүниеге әкелді.
2) Екіншісі (Т.Компанелла, Т.Мор), қоғамдық құрылысты сынап, утопиялық социалистік идеяға бой ұрады.
3) Үшіншісі (Н.Коперник, Д.Бруно, Г.Галилей), табиғаттану ғылымдарының жетістіктеріне сүйене отырып, христиан дінінің әлемнің пайда болуы және оның құрылысы туралы іліміне сәйкес келмейтін, табиғат құбылыстарын өз заңдылықтарына сүйеніп түсіндіруге болатын көзқарастың дамуына үлкен әсер еткен революциялық жаңалықтар ашты.

XVII ғасырдағы ғылыми революция және философия

Жаңа заман философиясы мен мәдениетінің дамуына Ренессанс (Жаңғыру) үлкен ықпалын тигізді. Ренессанс дәуірінде білімнің қарқынды дамуы, антик мәдениетін қайта жаңғырту, жаратылыстанымдық ғылымдардың пайда болуы сияқты құбылыстар орын алды. XVI-XVII ғ.ғ. Батыс Еуропадағы дамыған елдерде феодалдық қоғамдық қатынастар біртіндеп ыдырап, капиталистік өндірістік қарым-қатынастар өмірге келіп, жаңа қоғамдық тап-буржуазия дербес әлеуметтік күшке айнала бастады. XVII ғасырдағы материализм механистік және метафизикалық сипатта болды, өйткені ол кездегі ең дамыған ғылымдар механика мен математика еді. Сондықтан философияның ғылымға қатынасын анықтау көптеген философтардың маңызды міндетіне айналды. Осыған орай философ-эмпитистер Локк және Юм, трансценденталист Кант философия мен жаратылыстану арасындағы шекараны демаркациялау туралы мәселені шешумен айналысты.
- Ағылшын философы Ф.Бэкон (1561-1626) – жаңа заман материализмнің негізін салушы болып есептеледі. Жаңа ғылымның міндеті – адамның табиғатқа үстемдігін арттыру, ал ол үшін ғылым заңдарын танып-біліп, соларға сәйкес әрекет ету болды. Ф.Бэкон жаңа философия методологиясының мынадай принциптерін ұсынады:
1) табиғатты зерттеудегі объективтілік;
2) ғылыми және философиялық әдістің өзіндік құндылығы;
3) табиғаттан технологиялық үстемдік;
4) табиғи әлемді зерттеудің индуктивті әдісі.
Бэконның пікірінше ғылым адамның табиғаттан үстемдігін қамтамасыз етеді және бақытты қоғам құрудың алғышарттарын қалыптастырады.
- Ағылшын философы Т.Гоббс (1588-1679). Материя, оның пікірінше, мәңгі, бірінші, ал жеке денелер екінші.
- Француз философы Р.Декарт (1596-1650) керісінше, бірінші орынға ақыл-ойды қойып, тәжірибенің рөлін төмендетті – оны ақыл-ой нәтижелерін жай тәжірибеде тексеру ғана деп қарады.
- Нидерланд философы – Б.Спиноза (1662-1677) философияға геометриялық әдісті енгізді. Спиноза табиғат қана шын өмір сүреді деп санады. Діннің шығу себебін ол адамдардың надандығынан, белгісіз болашақ алдындағы қорқынышынан іздейді.
- Джон Локк (1632-1704) – ағылшын материализмнің ірі өкілі, ол білімді діни сенімге бағындыруға қарсы шықты.
- Ағылшындық идеалист Дж. Беркли (1685-1753) материализмді теріске шығарды.
- Ағылшынның екінші бір субъективтік идеалисі Д.Юм (1711-1776) Берклидың ілімін агностицизм бағытында дамытты.
Жинақтай айтқанда, Беркли және басқа идеалистер материалистік көзқарастың дамуына кедергі жасауға тырысқанымен, оның ілгері жылжуын тоқтата алмады.

Ағартушылық философиясы және француз материализмі

XVII-XVIII ғ.ғ. алғашында Англияда, содан соң Францияда, кейінен Германияда феодалдық қоғам идеологиясына қарсы, адамның ақыл-ой бостандығы үшін күресте ағартушылық деп аталатын кең ауқымды философиялық ағым пайда болды.
Ағылшын ағартушысы Дж. Толанд (1670-1722), француз ағартушылары Гассенди (1592-1655), Монтескье (1689-1755), Вольтер (1694-1778), Кондильяк (1715-1780), Руссо (1712-1778), неміс ағартушылары Х.Вольф (1679-1754), Лессинг (1729-1781), Гете (1748-1832), т.б. діни сенімге шек қойып, ақыл-ой мен ғылыми дүниеге көзқарасқа кең жол ашу, моральды діннің «қамқоршылығынан» азат ету, сөйтіп, ақыл-ойдың табиғи дамуына жол ашу үшін күресті.
XVIII ғ. орта шенінен бастап әсіресе Францияда буржуазиялық революцияны идеологиялық жағынан әзірлеуде материалистер Д.Дидро (1713-1784), Ж.О.Ламетри (1709-1751), П.А.Гольбах (1723-1789) және К.А.Гельвеций (1715-1771) аса маңызды рөл атқарды. Олар сол кездегі Франциядағы саяси-әлеуметтік құрылыспен аяусыз күресті.

Классикалық неміс философиясы

Классикалық неміс философиясының негізін салушы И.Кант (1724-1804) болды. Өзінің творчестволық қызметінің бастапқы кезеңінде И.Кант жаратылыстану мәселелерін зерттеп, оларды материалистік тұрғыдан шешті.
И.Кант даулист болды, өйткені ол материалдық нәрселердің объективті өмір сүретіндігін мойындады, алайда олар мәнін танып-білуге болмайтын «өзіндік зат» болып табылады деді. Ол заттармен қатар өмір сүретін құбылыстар дүниесі, немесе табиғат, адам санасынан тәуелсіз, өздігінше өмір сүре алмайды – ол «өзіндік заттардың» сезім мүшелеріне әсер етуі нәтижесінде пайда болады, демек, ол адам сезімдерінің жиынтығынан басқа ештеңе емес, дейді Кант.
Канттан кейін классикалық неміс философиясын дамытқан И.Г.Фихтенің (1762-1814) және Ф.Шеллингтің (1775-1854) идеалистік ой-пікірлері өзінің логикалық жалғасын Г.Гегель (1770-1831) философиясынан тапты. Гегель дүниеде өмір сүретін барлық нәрсені негізгі ұғымдардың қозғалысы – абсолюттік идеяның дамуы деп санады. Гегельдің философиясы – сана, рух алғашқы, бірінші, ал материя, табиғат екінші туынды, тәуелді деп дәлелдейтін объективтік идеализмнің айқын түрі болып табылады.
Л.Фейербах (1804-1872) материализмді бұрынғы қалпына келтірді, бірақ ол диалектиканы жоққа шығарды.

Орыс философиясы

Ресейде философиялық ой-пікірдің өз дәстүрлері мен ерекшелітері бар. Олар, көбінесе, Ресейде ғасырлар бойы орын алған мәдени-әлеуметтік процестерге байланысты. Орыс философиясындағы материалистік дәстүрлер Ломоносовтан басталады. М.В.Ломоносов (1711-1765) аты әлемге әйгілі бірінші орыс ойшылы, ғалымы, ғылымның сан-саласын дәйекті дамытқан данышпан (материалист).
Философияның негізгі мәселесін материалистік тұрғыдан шеше отырып, Ломоносов материя атомдардан тұрады, ал атомдар өзара қосылыса келе молекулаларды құрайды, ал соңғылардың қосылысынан аралық заттар түзіледі деп есептеді. Әлеуметтік өмірді түсіндіруде Ломоносов ағартушылық, гуманистік көзқарасты ұстады. Сондай-ақ оның көзқарасында деизмнің элементтері де бар еді.
Ломоносов сияқты А.Н.Радищев те (1749-1802) дүниенің материалдығын, атап айтқанда қозғалыс материяның негізгі бір қасиеті екенін уағыздады.
Орыс философиясының тарихында ХІХ ғасырдағы революцияшыл демократтардың материализмі мен диалектикалық ой-пікірлері ерекше орын алады. Бұл философияның басты өкілдері, көрнекті орыс материалистері В.Г.Белинский, А.И.Герцен, Н.Г.Чернышевский, Н.А.Добролюбов, Д.И.Писарев тек теория жүзінде емес, сондай-ақ патшалық Ресейде 40-60 жылдары пісіп жетіліп келе жатқан шаруалар революциясының идеологтары болды.

ХІХ ғасырдағы қазақ ағартушыларының дүниетанымдық көзқарасы

Ресейге күштеп қосылу нәтижесінде Қазақстанда өндіргіш күштер мен халық ағарту ісін ұйымдастыру және басқаруда ілгерілеу байқалды. Орыс революционер демократтарының идеалдары Қазақстан ағартушы демократтарының жанына жақын келді. Олардың кейбірі (Уәлиханов, Абай, Алтынсарин) Н.Г.Чернышевскийдің, Н.А.Добролюбовтың, А.И.Герценнің, В.Г.Белинскийдің еңбектерімен, ал кейбірі (Уәлиханов, Абай) авторларымен таныс болатын.
Қазақ ағартушылығының негізін салушы Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов (1835-1865) – демократиялық ұлттық мәдениетіміздің көрнекті өкілі. Энциклопедист-ғалым, шығыстанушы, саяхатшы, публицист және қоғам қайраткері Шоқан Уәлиханов өз бойында шын мәнінде еуропалық білімділік пен Шығыс халықтарының мәдениеті жайлы терең түсінікті үйлестірді және қысқа ғұмырында мол да жан-жақты шығармашылық мұра қалдырды. Ш.Уәлиханов тікелей философиялық мәселелер жөнінде еңбектер жазбаған, алайда, көптеген шығармаларынан философиялық пікірлері мен тұжырымдарын байқауға болады. Ол «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы», «Даладағы мұсылмандық жөнінде», «Тәңір (құдай)» деген еңбектерінде философияның негізгі мәселесіне қатысты пікірлер айтады.
Қазақ ағарту ісінің көрнекті өкілі, педагог-жаңашыл және жазушы Ыбырай Алтынсарин (1841-1889).
Ыбырай дүниетанымы қалыптасуына халық ауыз әдебиеті, прогрессивті орыс мәдениеті мен Еуропа ойшылдарының еңбектері өз әсерін тигізді. Ыбырайдың көптеген өлеңдері мен әңгімелерінен оның қоршаған дүниенің санадан тыс және тәуелсіз өмір сүретіндігін мойындайтынын байқаймыз. «Жаз», «Өзен» сияқты өлеңдерінде табиғатты өзінше тамашалау ғана емес, сонымен бірге оның адам санасынан тыс және тәуелсіз екендігі сезіледі. Екіншіден, Ыбырай дүниені жаратушы құдай деп біледі. («Жаратқан мұнша таңсық жаббар құдай!», «Жаратты неше алуан жұрт бір құдайым» деген өлең шумақтарында, «Мұсылманшылдықтың тұтқасында», т.б. еңбектерінде осы пікірді қуаттайды). Алтынсариннің этикалық және эстетикалық көзқарастары құндылығы және маңызы жағынан ерекше орын алады. Жастарды инабаттылық пен адамгершілікке тәрбиелейтін шығармалары ерекше орын алады. Еңбекті сүю, үлкенді құрметтеу, мейірімділік, кішіпейілділік сияқты қасиеттерді қырда өскен балаларға әңгіме, мысалдар арқылы жеткізе білді.
Қазақ ағарту ісінде, қазақ халқының бүкіл прогрессивті мәдениеті тарихында үлкен орын алған ұлы ақын, ойшыл-демократ, сазгер Абай Құнанбайұлы (1845-1904) болды. Оның шығармашылық мұрасы өлең, поэма, философиялық проза, аудармалар мен әндерден тұрады. Абай – қазақ әдебиетінде сыншыл реализмнің негізін салушы. Дүниетанымдық мәселеде ол деизмге жақын. Құдай – өз заңдары бойынша дамып жататын өлшемнің алғашқы себепшісі деп түсінді. Дінбасыларының насихаттап жүрген соқыр сеніміне Абай ақылмен тануды қарсы қойды. Абай Құнанбаев өзінің аса дарындылығы, ой-өрісінің тереңдігі, халқына деген қамқорлығымен әлемге танымал болды. Абайдың дүниеге көзқарасы ойы мен қыры мол, күрделі. Оны біржақты бағалап, бір бояумен көрсету мүмкін емес. Абай шығармаларындағы негізгі тақырып моральдық мәселелер десек, қателеспейміз. Еңбекке, ғылымға мойын бұрмай, ауыл арасында бос қыдырумен күнін өткізген пысықсымақтар жөнінде:
«Осындай сидаң жігіт елде мол-ақ,
Бәрі де шаруаға келеді олақ.
Сырын түзер біреу жоқ, сыртын түзеп,
Бар өнері – қу борбай сымпыс шолақ», -
деп өмірін бос өткізіп жүрген жастарды қатты сынайды. Әсіресе, пайдасы үшін арын сатқан, екіжүзді адамдарға жиіркенішпен қарайды. Жастарды азғырып, ру тартысы, болыс сайлауының партия таласына баурап жүрген ауыл атқамінерлеріне:
«Ары кеткен алдамыш
Мені-ақ алда, сөкпейін.
Балы тамған жас қамыс,
Ормасайшы көктейін», -
- деп ренішін білдіреді. Жастарға ғылым таппай мақтанбауды, өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ сияқты мінездерден аулақ болуды кеңес етеді. Қоғам өмірін түсінуді Абайдың көзқарасы, әрине, идеалистік тұрғыда болды. Абай – ұлы гуманист. Абстрактылы, утопиялық сарынды гуманист.
Абай ілімін одан әрі жалғастырған қазақтың рухани мәдениеті мен менталитетінде өшпес із қалдырған алып тұлғаның бірі – Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931). Оның шығармашылығының негізгі тақырыбы мораль философиясы мен мәдениет ілімін қамтиды. Шәкәрім Абайдың немере інісі және ұлы ақынның мұрасына сүйенген. Ол арнайы оқу орнында оқымаса да араб, парсы, орыс, шағатай тілдерін өз бетімен үйреніп, сол тілдердегі шығармалардан дала ойшылы тұрғысынан ой қорытқан:

«Жасымнан жетік білдім түрік тілін,
Сол тілге аударылған барлық білім.
Ерінбей еңбек еттім, еңбек жанды,
Жарқырап қараңғыда туып күнім.
Оятқан мені ерте – Шығыс жыры,
Айнадай айқын болды әлем сыры.
Талпынып орыс тілін үйренумен,
Надандықтың тазарып кетті кірі».
Абай сияқты Шәкәрім де қазақ елін қалай өркениетті, мәдениетті елдер қатарына қосамын деп талпынады. Шәкәрімнің рухани ізденісінде ежелгі сақ-түрік заманынан қалыптасқан ғарыштық дүниетаным ерекше орын алады. Тәңірі, Нұр, Күн,Табиғат – ол үшін қасиетті, киелі ұғымдар.
Шәкәрімнің «Үш анық» атты шығармасы негізгі философиялық шығармалардың бірі болып табылады. Басқа шығармалары: «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр», «Қодардың өлімі», «Нартайлақ-Айсұлу», «Мұтылғанның өмірі» поэмалары, «Қазақтардың кітабы» (этнофилософиялық), «Мұсылмандық шарты», «Үш анық» философиялық трактаттары, «Әділ-Мария» көлемді романы, «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі», тарихи шығармасы және т.б.
Ал, енді Шәкәрімнен кейінгі қазақ философиясын дамытуда үлкен өзіндік орны бар қазақ зиялылары: Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Мұстафа Шоқай.

Маркстік философия

Маркстік философияның пайда болуының тікелей әлеуметтік алғышарты – өнеркәсіптік жұмысшы табының дамуы және оның революциялық қызметінің өсуі болып табылады. Маркстік философияның дүниеге келуінің ғылыми себептері де болды. Бұл кездегі ұлы ғылыми жаңалықтар табиғатта да, қоғамда да барлық құбылыстар бір-бірімен тығыз байланыста және ұдайы даму үстінде болатынын дәлелдеді. Маркстік философияның негізін қалаушылар: Карл Маркс, Фридрих Энгельс, В.И.Ленин.

1. Философияның анықтамасы:
А) Табиғат және қоғамның неғұрлым жалпы даму заңдары туралы ғылым.
В) Адамның дүниеге көзқарасы.
С) Дүниетанымның ерекше түрі.
2. Алғашқы қауым адамына тән ойлаудың бірінші бөлінбеген формасы:
А) Миф В) Дін С) Философия
3. Конфуцийлықтың мемлекеттік ілімге айналған кезі:
А) ІХ ғ. В) Б.д.д. І ғ. С) ХІ ғ.
4. Тарихта философияның тууына негіз болған дүниежүзілік өркениеттің үш ірі ошағы атап көрсетіледі:
А) Қытай, Үнді, Греция
В) Еуропа, АҚШ, Үнді
С) Батыс Еуропа, Қытай, Үнді
5. Философияның негізгі мәселелері:
А) Тарихи дамуды зерттеу
В) Ғарышты зерттеу
С) «Адам», «Өркениет», «Қоғам», «Мәдениет» ұғымдары
6. Даосизмнің негізін қалаушы:
А) Лао-цзы В) Моди С) Конфуций
7. Таным процесін жоққа шығаратын философиялық ағым:
А) Материалистер В) Идеалистер С) Агностиктер
8. «Өзіңді өзің танып біл» деген философ:
А) Сократ В) Фалес С) Диоген
9. Діни дүниеге көзқарастың негізі:
А) Ғылым В) Культ С) Сенім
10. Б.з.д. пайда болған діннің ілімі бойынша «өмір-қасірет»:
А) Индуизм В) Буддизм С) Ислам
11. Философияның пайда болуын, тарихта өткен философтардың ой-пікірлерін, тұжырымдары мен айқындамаларын белгілі бір білімдік жүйеге лайықтап, осы заманға жеткізген:
А) Онтология В) Гносеология С) Философия тарихы
12. Қазақ философиясының ірі өкілі, «Қара сөздерді» жазған:
А) Шәкәрім В) Абай С) Ы.Алтынсарин
13. «Дүниедегі бар нәрселердің бәрінің материалдық негізін от деп санаған»:
А) Демокрит В) Гераклит С) Анаксимен
14. Философияның заңдарды ашумен байланысты функциясы:
А) Дүниетанымдық В) Рационалды С) Критикалық
15. Қазақтардың ата-тегі түріктердің басты Құдайы:
А) Көк Тәңірі В) Ұмай С) Аспан
16. Әлемді, бүкіл дүниені тұтас қарастырады, оның ішкі байланысын, жалпы даму заңдылықтарын зерттейтін ғылым:
А) Дін В) Философия С) Мифология
17. «Сандар – барлық заттардың, ғарыштың негізі» деп тұжырымдаған философ:
А) Сократ В) Фалес С) Пифагор
18. Тал түсте қолшам ұстап базар алаңына барып «халық – көп, адам аз екен» деген
А) Демокрит В) Диоген С) Эпикур
19. Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз»:
А) әл-Фараби В) Платон С) Сократ
20. Медицина тақырыбында 43 трактат жазған, философия, математика, медицина, астрономия, ботаника, геология, лингвистика, поэзия және музыка салаларында еңбектері зор: А) әл-Хорезми В) Аристотель С) Ибн Сина


Скачать/Жүктеу

Комментировать

Вам необходимо войти, чтобы оставлять комментарии.




1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Сайт картасы