АБАЙ ҚҰНАНБАЕВ (1845 – 1904)


Болашақ өзі білер, ал бүгінге дейінгі ақындықта, өлеңші-ақын емес, ойшыл ақындықта Абайдан астым деп тасырлық қылған пенде болмаған шығар. Бұл ақындықтың небір шыңына көтерілген, биігінде жүрген ұлт ақындарын төмендетпес деймін. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» дегендей, әр ақынның ешкім таласпас өз биігі, қазақ өлеңіндегі өз орны бар. Олардың орнын Абай алмайды, Абайдың орнын олар алмайды. Бұл Алатаудың бір-біріне қосылмас, алайда тұғыры бір шыңдарындай ақиқат. Дегенмен Хан-Тәңірі шыңының орны бөлек. Семейдің Шыңғыстауынан Алатаудың сол биігіне көтерілген ақын – Абай.

Заманында  Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақтың бас ақыны» деп бағалаған Абай сол Ресейге қараған патшалық заманда да, кешегі ә дегенде бай нәсілді деп ат-тондарын ала қашып, соңынан Абайдан асқан ақын жоқ деп мойындаған кеңестік заманда да, бүгінгі Тәуелсіз Қазақ елі тұсында  да Абай ақын дара келеді.

Абайдың атын, оның ақындығын халқы, ұлтым деген білімпаз зиялылар қорғап келеді. Абайдың аты, атағы, ақындығы Абайдың өзіне емес, ұлтына, жұртына керек. Ақындықта, ақындық арқылы айтылған даналық ойда, ғибратты сөзде Абайға жүгінудің мәнісі осында.

Ахмет Байтұрсынұлының, Әлихан Бөкейхановтың, Мұхтар Әуезовтің, исі Алаш зиялыларының, қазақтың жіктен азат, әділмін деген игі жақсылары Абайға ұйып, тоқталған. Бір Абайдың өзі қазақ өнерінің қаншама тарауының өркендеуіне жол салды. Абай өлеңі, Абай қарасөзі, Абай беріп кеткен өнеге мен ақыл-ой – пьеса, опера, кино, роман, сандаған ғылыми еңбектер болып, әлем мәдениетінің санатынан орын алды. Абай Мұхтар Әуезовті дүние жүзі қаламгерлерінің таңдаулы жүздігінің санына қосты. Абай спектакльдері, операсы, киносы, әндері арқылы, Абайға орнатылған ескерткіш, салынған сурет, жазылған ғылыми еңбектер арқасында қаншама өнер мен ғылым адамдары даңққа  бөленді. Абай дүниеге келгеннен бергі бір жарым ғасырдан астам кезеңде қоғам неше мәрте өзгерді, саясат талай құбылды, соның бәрінде де Абай тұғырынан тапжылмай, қазағымен бірге келеді. Абай XIX ғасырда жасап, XX ғасырға төрт-ақ қадам басып, есігінен ғана қарап кеткенімен, өткен жүз жылдықтағы ұлттық мәдениетіміздің тұғыры болды. Абайдың ұлылығы осында. Яғни, Абай Мұхтар Әуезовтің таланты арқылы өз тұлғасы, өз ортасы, өз заманы, өз өре-биігі, өз өнерімен Қазақ ұлтын әлемге танытуға, сөйтіп дүниежүзілік мәдениетке үлес қосуға арна бола алды. Мұхтар Абайды терең қабаттан алтын аршып алғандай жарқыратса, Абай да Мұхтарды ұлылық биігіне көтерді. «Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды. Амалдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады» деп білген Абай – жалғандыққа бармаған шыншыл, ойшыл, өлеңді сара сөзбен көмкерген ақын.

С.Шүкірұлы


Комментировать

Вам необходимо войти, чтобы оставлять комментарии.




1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Сайт картасы
Яндекс.Метрика