Warning: call_user_func_array() [function.call-user-func-array]: First argument is expected to be a valid callback, 'true_jquery_register' was given in /home/c1refer1/public_html/wp-includes/plugin.php on line 470
Қазақстан | 1Referat.kz Қазақша мәлімет, тегін реферат

Қазақстан


Қазақстан (Қазақстан Республикасы) — Еуропа мен Азияның тоғысында Еуразия құрлығының қақ ортасында орналасқан мемлекет. Жер көлемі жағынан әлем елдерінің ішінде 9-ншы орында. Жер көлемі — 2 724 900 шаршы шақырымды құрайды.

Қазақстан батысында Еділдің төменгі ағысынан, шығысында Алтай тауларының етегіне дейін 3000 км-ге созылып жатыр. Солтүстіктегі Батыс-Сібір жазығынан, оңтүстіктегі Қызылқұм шөлі мен Тянь-Шань тау жүйесіне 1 600 км-ге созылып жатыр. Қазақстан Каспий теңізі арқылы Әзірбайжан, Иран елдеріне, Еділ өзені және Еділ-Дон каналы арқылы Азов және Қара теңіздерге шыға алады. Дегенмен мұхитқа тікелей шыға алмайтын мемлекеттердің ішінде Қазақстан — ең үлкені.

Бес мемлекетпен көршілес, солтүстігінде Ресей Федерациясымен — 6 467 км, оңтүстігінде — Түрікменстан — 380 км, Өзбекстан — 2 300 км және Қырғызстан — 980 км республикаларымен, ал шығысында — Қытаймен — 1 460 км шектеседі, батыста Каспий теңізімен, оңтүстікте Арал теңізімен шайылады. [1].

Республика жерінің қиыр солтүстік нүктесі (55 26 с.е.) Шығыс Еуропа жазығының орталық бөлігі мен Британия аралдарының оңтүстігіне, ал оңтүстік нүктесі (40 56 с.е.) Кавказ сырты мен Оңтүстік Еуропаның Жерорта теңізі өңіріндегі елдердің ендігіне сәйкес келеді. Батыс шеті (46 27 ш.б.) Эльтон және Басқұншақ көлдері маңына, ал шығыс нүктесі 87 20 ш.б. Бұқтырма өзенінің бастауына сай келеді. Республиканың географиялық орналасуы оның табиғат жағдайларын анықтайды.

Қазақстан Республикасының халқы 2011 жылдың 1 қаңтарына 16 441 959 адамды құрады. 2010 жылдың басында халық саны 16 204 617 адам болатын[2]. Республикада қазақтардан басқа 131 ұлыстың өкілдері тұрады. 2009 жылы өткізілген халық санағының қорытындысы бойынша халықтың этноқұрамы келесідей болды: қазақтар — 63,1%, орыстар — 23,7%, өзбектер — 2,9%, украиндар — 2,1%, ұйғырлар — 1,4%, татарлар — 1,3% , немістер — 1,1%, кәрістер — 0,6%, түріктер — 0,6% [3].

Елордасы — Астана қаласы. Әкімшілік жағынан 14 облыс және республикалық маңызы бар 3 қалаға (Астана, Алматы, Байқоңыр) бөлінеді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тілі — қазақ тілі, орыс тілі ресми тіл қызметін атқарады.

Мазмұны

  • 1 Географиясы
  • 2 Климаты
  • 3 Ішкі сулары
    • 3.1 Өзендер
    • 3.2 Көлдер және бөгендер
    • 3.3 Мұздықтар
  • 4 Өсімдіктері мен жануарлары
  • 5 Әкімшілік бөлінуі
    • 5.1 Ірі қалалар
  • 6 Халқы
    • 6.1 Халық саны
      • 6.1.1 Ұлттық құрамы
      • 6.1.2 Діні
    • 6.2 Мемлекеттік құрылысы
  • 7 Тарихы
  • 8 Табиғаты
  • 9 Саяси жағдайы
    • 9.1 Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару
  • 10 Сыртқы саясат
  • 11 Қоғам
  • 12 Экономикасы
  • 13 Энергетикасы
  • 14 Мәдениет және қоғам
  • 15 Бұқаралық ақпарат құралдары
  • 16 Әлеуметтік саласы
  • 17 Қарулы күштері
  • 18 Түсініктемелер
  • 19 Сыртқы сілтемелер

Географиясы

Қазақстан Республикасының аумағы Еділ өзені алабынан шығысында Алтай тауы шыңдарына дейін, Батыс Сібір жазығынан (Солтүстік Қазақстан жазығы) оңтүстігінде Тянь-Шань тауына дейін созылып жатыр. Аумағының 10%-ы биік таулы өңірлер, қалған бөлігі ойпат, жазық, үстірт, қырат жерлер. Қазақстанның ең биік жері – Хантәңірі шыңы (6995 м). Ол Тянь-Шань тау жүйесінде орналасқан. Каспий теңізінің шығыс жағалауында елдің ең төмен жері Қарақия (Қаракие) ойысы теңіз деңгейінен 132 м төмен орналасқан.

Қазақстан кен байлықтарының қоры мен әр алуандығы жағынан жер шарындағы ең бай аймақтардың бірі саналады. Қазақстанда 200-дей мұнай және газ орындары анықталған. Оның негізгі бөлігі (80%-ы) Каспий маңында шоғырланған. Республикада 200-ге жуық көмір кен орындары барланған. Ең ірі көмірлі алаптар Орталық Қазақстанда орналасқан. Қазақстанда қара металл кентастарының бір мыңнан аса орны табылған. Олар республиканың барлық жерінде дерлік кездеседі. Елімізде түсті металдардың ірі базасы қалыптасқан. Олардың ішінде жетекші орынды мырыш, қорғасын, мыс кендері алады. Олар, негізінен, Шығыс Қазақстан мен Орталық Қазақстанда шоғырланған. Қазақстан сирек кездесетін металдарға бай өлке. Елімізде алтын мен күміс өндіру ежелден жолға қойылған. Нақтыланған алтын қоры жағынан Қазақстан әлемдегі жетекші ондыққа кіреді және күміс өндіру көлемі бойынша Азияда 1-орын алады. Елімізде 100-ден астам барланған уран кендері бар.

Климаты

Қазақстанның солтүстік өңірлерінде қыс ұзақ, қарлы әрі суық, аяз кей уақыттарда –45 – 50°С-қа жетеді. Жазы қоңыржай жылы, дегенмен кейде ауа температурасы 35 – 40°С-қа жетуі мүмкін. Оңтүстік аймақтарда қысы жылы, дегенмен кейбір күндері мұнда да 30 – 35°С аяздар байқалады. Орташа жылдық жауын-шашын мөлшері жазық жерлерде 100 – 200 мм болса, тау бөктерінде 500 – 600 мм-ге жетеді.

Ішкі сулары

Су — құрлықтағы сүйық, қатты, газ күйінде болатын және бір күйден екінші күйге жеңіл өте алатын бірден-бір минерал. Қазақстанның жер бедерінің әр түрлі блуына байланысты ішкі су да әркелкі келеді. Шөл мен шөлейт зонасында көлдер мен өзендер аз, ал дала және орманды дала зонасында едәуір мол. Республика аумағында ішкі сулар бірнеше түрге бөлінеді. Олар: өзендер, көлдер, жер асты суы, мұздықтар және бөгендер мен каналдар.

Өзендер

Қазақстан аумағында ірілі-ұсақты 85мың өзен бар. Олардың ішінде 7 өзеннің (Ертіс, Тобыл, Есіл, Жайық, Сырдария, Іле, Шу) ұзындығы 1000 км-ден асады. Республиканың барлық өзендері Солтүстік Мұзды мұхит және ішкі тұйық көлдер алаптарына құяды. Екі алап арасындағы суайрық Сауыр-Тарбағатай тау жүйесінің қырқасы мен Сарыарқа, Торғай үстірті арқылы өтіп, Оңтүстік Оралға тіреледі. Қазақстандағы ең суы мол өзен – Ертіс. Онда көптеген су электр стансалары орналасқан. Ертіс – Қарағанды каналы арқылы Орталық Қазақстанға су жіберіледі. Екінші өзен – Сырдария, негізінен, егін суаруға пайдаланылғандықтан, кей жылдары Аралға жетпей қалады. Балқаш көлі атырабындағы ең ірі өзен – Іле. Ал Батыс Қазақстанды, негізінен, Жайық өзені суландырады. Бұлардан басқа ірі өзендерге Есіл, Тобыл, Елек, Шу, Талас, Торғай, Ырғыз, Нұра, Ойыл, Жем, т.б. жатады.

Көлдер және бөгендер

Қазақстан аумағында ірілі-ұсақты 48 мыңнан астам көлдер және 3 мыңға жуық бөгендер бар.Климат жағдайына байланысты көлдердің көбі Қазақстанның солтүстігіне қарай орналасқан. Олардың ішінде Каспий теңізі, Арал теңізі және Балқаш, Зайсан, Алакөл сияқты ірі көлдерден басқа, көбі (94%) көлемі бір шаршы километрден кем шағын көлдер. Көлдердің барлығы түйық көлдер. Көбінің суы тұзды, олардан тұз өндіріледі.Қазақстанда ауданы 100 шаршы километрден астам 22 көл бар. Олар республикадағы көлдердің бүкіл ауданының 60%-ын алып жатыр.

Бөгендер Қазақстан аумағында жер беті ағындарын реттеу мақсатында өзен арналарын бөгеу арқылы жасалады. Егер көлемі кіші ойыстарды бөгейтін болса, оларды тоған деп атайды. Бөгендер ауданына қарай келесі бөліктерге бөлінеді:

  • 50 км2-ге дейін — кіші
  • 250 км2-ге дейін — орта
  • 1000 км2-ге дейін — ірі
  • одан үлкендері — аса ірі бөгендер.

Қазақстанда қазір 4 мыңдай бөгендер мен тоғандар бар. Алып жатқан ауданы 10 мың км2. Оларда 90 км2 тұщы су жиналған. Бөгендердің көбі Орталық, Оңтүстік және Шығыс Қазақстанда шоғырланған. Олар: Бұқтырма, Қапшағай, Шардара, Самарқан, Бөген, Ақкөл, Шерубай-Нұра, Кеңгір және т.б.

Мұздықтар

Қазақстан өзендерінің негізгі су көздерінің бірі — мұздықтар. Мұздықтар тұщы судың зор қоймасы. Қазақстан жерінде мұздықтар таралған аудандары шығыс және оңтүстік-шығыс аймақтарындағы — Алтай, Сауыр жоталары, Жетісу Алатауы, Қырғыз Алатауы, Іле Алатауы, Kүнгей Алатау, Теріскей Алатау жоталары. Республиканың барлық тауларында 2724 мұздық бар. Алып жатқан ауданы — 2033,3 км2. Мұздың жалпы көлемі 100 км3.

Өсімдіктері мен жануарлары

Қазақстанда өсімдіктердің 15 мыңдай түрі бар. Бұған қоса сүтқоректілердің 180, құстардың 500, бауырымен жорғалаушылардың 52, қос мекенділердің 12, балықтың 104 түрі мекендейді. Жан-жануарлар мен өсімдіктер дүниесін қорғау үшін мемлекеттік қорықтар ұйымдастырылған.

Әкімшілік бөлінуі

Қазақстан – унитарлы мемлекет. Құрамына 14 облыс, 86 қала, соның ішінде 3 республикалық бағыныштағы қалалар (Астана, Алматы, Байқоныр), 168 аудан, 174 ауыл кіреді.

Халық саны

2009 — 17 ’200’000. 2006 ж. жылдың 1 шілденің күнінде Қазақстанда халық саны 16 301,4 мың адамды құрады.

Оның ішінде, 8763,9 мың (57,3%) адамды қалалық тұрғындар, 7537,5 мың адамды (42,7%) ауылдық тұрғындар құрап отыр.

2006 жылдың қаңтар-маусым аралығында республика халқының табиғи өсімі 63370 адамды құрады. Табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 1000 тұрғынға 8,3 (8,1) адамнан келді.

Ағымдағы жылдың қаңтар-маусымында АХАЖ органдары тіркелу көрсеткіші бойынша 143210 (138882) туу фактілерін тіркеді. Туғандардың саны қалалық және ауылдық елді-мекендерде өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, 3,3%-ға және 2,9%-ға өсті де, тиісінше 83566 және 59644 адамда құрады. Бала туудың жалпы коэффициенті 1000 тұрғынға 18,6 (18,4) сәбиді құрады.

Осы кезең ішінде өлгендер саны 79840 (80978) адамды құрап отыр, соның ішінде қалалық елді мекендер үлесі — 51186 (51661) және ауылдық жерлер — 28654 (29317). Өлімнің жалпы коэффициенті 1000 тұрғынға 10,29 (10,33) адам.

Өлімінің негізгі себептері қан айналымы жүйесі аурулары болып табылады, олардың үлесіне барлық тіркелген өлім оқиғаларының 52,9% (52,5%) тиесілі екендігі хабарланып отыр.

Осы кезең ішінде республикада 1 жасқа дейінгі 2049 (2087) баланың шетінеуі тіркелген. Нәрестелер өлімінің коэффициенті 1000 туғанға 14,7 (14,5) шетінеу. Перинаталдық кезеңде пайда болатын жағдайлар нәрестелер өлімінің ең көп тараған себептері болып табылады, одан ағымдағы жылдың қаңтар-маусымында 1037 (1021) нәресте шетінеді. Цифрлар тілімен айтқанда, барлық нәрестелер өлімінің 50,6% (48,9%)-ы осы жағдайға тиесілі болып табылады.

Биылғы жартыжылдықта некелесу мен ажырасулар саны, тиісінше 54994 және 17467 (48271 және 15183) құрады. Некелесу мен ажырасудың жалпы коэффициенті 1000 тұрғынға 8,5 (7,7) некені және 2,3 (2,1) ажырасуды құрады.

Елде халық көші-қонының оң айырымы сақталып келеді, 2006 жылдың 1 жартыжылдықтағы оның шамасы 18746 (14148) адамды құрады. 2006 жылы қаңтар-маусым аралығында Қазақстанға келгендер саны 2005 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5008 адамға немесе 13,2%-ға, ал Қазақстаннан кеткендер саны 9606 адамға немесе 1,7 есе азайды. ТМД елдерінен келгендер мен сол елдерге қоныс аударғандар үлесі олардың жалпы санына шаққанда, 86,1% және 87,9% (88,7% және 66,4%) құрады.

Ал ел ішіндегі көшіп-қонушылардың саны 137220 (131019) адамды құрап отырған жайы бар.

Ұлттық құрамы

Қазақстанда 120-дан астам ұлт (этностар мен этникалық топтар) өкілдері тұрады. 2006 жылдың 1-шілдесіндегі жағдай бойынша қазақтардың саны 11008,0 мың адамды, орыстар — 2962,1 мың, украиндар — 444,7 мың, өзбектер — 433,5 мың, ұйғырлар — 231,4 мың, татарлар — 229,1 мың, немістер — 222,5 мың адамды құрады. Республика халқының жалпы санында ең көп үлес салмақты қазақтар — 58,9% және орыстар — 25,9% алып отыр. Басқа этностар мен этникалық топтар үлесіне республика халқының 15,2% тиесілі болып табылады.

2006 жылдың 1 қаңтарындағы жағдаймен салыстырғанда қазақтар саны 94,7 мың адамға, немесе 1,1%,-ға, тиісінше өзбектер — 4,6 мың, немесе 1,1%-ға, ұйғырлар — 1,6 мың, немесе 0,7-%-ға өсті; ал орыстардың саны 17,2 мың адамға, немесе 0,4%-ға, тиісінше украиндар — 4,1 мың, немесе 0,9%-ға, татарлар — 0,5 мың, немесе 0,3%-ға және алмандар — 0,2 мың, немесе 0,1%-ға азайды. 2009 халық санағы бойынша Қазақстан Республикасының халқы 17 200 000 санына тең.

Діні

Қазақстан жұртында 75% мұсылмандар (этникалық мұсылмандармен қоса алғанда), 25 % христиандар. Елде дінге шек қоймаған. Бірақ діни еркіндікті шектейтін кейбір заңдар бар. Халқының негізгі бөлігі мұсылмандар болса да, ҚР зайырлы мемлекет.

Мемлекеттік құрылысы

Қазақстан – 1995 жылғы 30 тамыздағы респ. референдумда қабылданған Конституция бойынша – өзін демократиялы, зайырлы, құқықтық және әлеумметті мемлекет ретінде орнықтырды. Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет. Республиканың ең жоғ. өкілді органы – Парламент. Ол республиканың заң шығару қызметін жүзеге асырады.

Парламент тұрақты жұмыс істейтін екі Палатадан: Сенаттан және Мәжілістен тұрады. Сенатқа әр облыстан және респ. маңызы бар 2 қаладан екі адамнан сайланады. Сенаттың 15 депутатын Парламент өкілеттігі мерзіміне Республика Президенті тағайындайды. Мәжіліс республиканың әкімш.-аумақтық бөлінісі ескеріле отырып құрылған, сайлаушылар саны шамамен тең болатын бір мандатты аумақтық сайлау округтары бойынша сайланатын алпыс жеті депутаттан және партиялық тізім бойынша сайланатын 10 депутаттан тұрады.

Президент Үкіметті Конституцияда белгіленген тәртіппен құрады. Тағайындалғаннан кейінгі он күн мерзім ішінде Премьер-Министр Үкіметтің құрылымы мен құрамы туралы республика Президентіне ұсыныс енгізеді. Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі жеті мүшеден тұрады, олардың өкілеттігі алты жылға созылады. Конституциялық Кеңестің төрағасын республика Президенті тағайындайды.

Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады. Ол заңмен құрылған Қазақстан Республикасының Жоғ. Соты және республиканың жергілікті соттары болып табылады. Жергілікті мемл. басқаруды тиісті аумақтағы істің жай-күйіне жауапты жергілікті өкілдік (мәслихат) және атқарушы органдар (әкімдік) жүзеге асырады.

Тарихы

Қазіргі Қазақстан жерін ежелгі адамзат баласы бұдан 1 млн-дай жыл бұрын мекен еткен. Қола дәуірінде Сібірдің, Жайық өңірінің, Қазақстан мен Орта Азияның ұлан-ғайыр далаларын тегі және тарихи тағдырларының ортақтығы жағынан туыс тайпалар мекендеді. Бұл тайпалар өзінше бір үлгідегі жарқын мәдениет қалдырды. Мұны ғылымда Андрон мәдениеті деп атайды. Ерте темір ғасыры дәуірінде (біздің заманымыздан бұрынғы 1-мыңжылдық ортасы) Қазақстанда тайпалық одақтар қалыптасты. Қазақстанның оңтүстік, шығыс және орталық аудандарын мекендеген тайпалар сақ тайпалар одағына, ал батыс, солтүстік аудандарындағы тайпалар савроматтар тайпалық бірлестігіне бірікті. Біздің заманымыздан бұрынғы 3-ғасырда Қазақстан жерінде кейбір тайпалар өз мемлекетін құрып, алыс-жақын елдермен саяси қарым-қатынастарға түсті. Олардың алғашқылары сюнну (ғұндар) болатын. Зерттеушілер ғұндарды түріктердің арғы ата-бабалары деп есептейді. Бұл бірлестікті Модэ басқарған кезде ғұндар бүкіл әлемге танылды. Ғұндардың батысқа жорығы “Халықтардың ұлы қоныс аударуына” түрткі болды. Жетісуда ежелгі тигрохауд сақтарының жерін мұра етіп алған усундер (үйсіндер) біздің заманымыздан бұрынғы 160 ж. шамасында Іле алқабында өз мемлекетін құрды. Олар Қаңлы мемлекетімен шектесті. Бұл тайпалар құрған мемлекеттер Қытай, Парфия, Рим және Кушан империясы сияқты елдермен саяси, экономикалық және мәдени байланыс орнатқан.

  • Қазақстан жері 6-ғасырда билеушілері ашина руынан шыққан Түрік қағандығының билігінде болды.
  • Бірақ 603 ж. ішкі-сыртқы қайшылықтарға байланысты мемлекет Батыс және Шығыс болып екіге бөлінді.
  • 704 ж. Жетісуда Түргеш қағандығы (704 – 756) орнады.
  • 756 ж. қарлұқ тайпалары саяси үстемдікке қол жеткізді. Сырдарияның төменгі және орта бөлігі мен Арал өңірін Оғыз мемлекеті жайлады, ал Қазақстанның солтүстігінде Қимақ мемлекеті орнады, Жетісуда Қарлұқ мемлекеті (766 – 940) құрылды.
  • 10-ғасырдың орта шенінде Жетісу аумағында және Шығыс Түркістанның бір бөлігінде Қарахан мемлекеті (942 – 1210/12) пайда болды. Қарахан әулетінің негізін салған Сатұқ Боғра-хан исламды қабылдады.
  • Найман тайпалар одағы 8-ғасырдың орта кезінде Жоғарғы Ертіс пен Орхон өзені аралығында сегіз оғыз деген атаумен пайда болған.
  • 12-ғасырда керейіттер (керейлер) мен меркіттер қосылған наймандар конфедерациясы Орталық Азиядағы ірі мемлекеттік құрылымға айналды. Керейіттер туралы алғашқы мәліметтер 10-ғасырдың бас кезіне жатады. Шыңғыс хан шапқыншылығы қарсаңында керейіттер қазіргі бүкіл Моңғолия мен Алтай аумағына үстемдік етті. Жалайырлар Шыңғыс хан империясының өрлеу кезіне қарай Селенгаға құятын Орхон сағасын мекендеген.
  • 1190 – 1206 ж. моңғолдар талқандағаннан кейінгі найман мен керейіт тайпалары, жалайырлар болашақ қазақ халқының қалыптасуына белсене қатысты.

Жетісудағы Қарақытайлар мемлекетінің (1128 – 1213) құрылуы Орталық Азиядағы қидан тайпаларымен тығыз байланысты. Әскери-саяси үстемдік 11-ғасырдың басында Қыпшақ хандығына көшті. Қыпшақ ақсүйектері оғыздарды Арал мен Каспий өңірі далаларынан тықсырып шығарды. Аймақта Дешті Қыпшақ атауы пайда болды.

  • 11-ғасырдың орта тұсында қыпшақ тайпалары Еділден өтіп, Еуропа халықтарымен қарым-қатынас жасай бастады.
  • 1219 – 24 ж. Қазақстан жері толығымен Шыңғыс хан империясының құрамына енді. Қазақстан жерінің дені (далалық жағы) – Жошы ұлысына, Оңтүстік-шығыс Қазақстан – Шағатай ұлысына, Солтүстік-шығыс бөлігі – Үгедей ұлысына енді.
  • 13-ғасырдың екінші жартысында Шыңғыс хан құрған империя бірнеше дербес биліктерге бөлінді. Қазақстан жерінің көпшілік бөлігі енген Жошы ұлысы – Алтын Орда мемлекетіне айналды. Бірақ, ішкі тартыстар, Әмір Темірдің Алтын Ордаға жорықтары, бұл мемлекеттің бөлшектенуіне алып келді. Қазіргі Қазақстан жерінің көпшілік бөлігінде Алтын Ордаға тәуелді Ақ Орда мемлекеті болды. Орыс хан тұсында Ақ Орда дербес хандыққа айналды. Ақ Орда – Қазақстанда жергілікті тайпалардың (қыпшақ, қоңырат, үйсін, керей, найман, қарлұқ, т.б.) негізінде құрылған алғашқы мемлекет болды.
  • 14-ғасырдың ортасы мен 16-ғасырдың бас кезінде Жетісу мен Шығыс Түркістанда Моғолстан мемлекеті құрылды. Есенбұға хан (1429 – 61/62) тұсында Ақ Ордадан Жетісуға Жәнібек пен Керей бастаған қазіргі қазақтың бір бөлігі көшіп келеді. Алтын Орданың ыдырауы кезінде пайда болған аса ірі мемлекеттің бірі – Ноғай ордасы Едіге тұсында қалыптасты. Ноғай ордасының құрамына маңғыт, қыпшақ, қаңлы, қоңырат, найман, үйсін, алшын, тама, аз (ас), т.б. ру-тайпалар енді.
  • 16-ғасырда Ноғай ордасы бірнеше дербес ордаларға бөлінді. Оның Қазақстан жеріндегі бір бөлігі қазақтардың Кіші жүзінің құрамына кірді. Моғолстан ханы Есенбұға өлгеннен кейін (1462) ондағы тартыстың күшеюіне байланысты, байырғы Жетісу халқы және Дешті-Қыпшақтан көшіп келушілер Керей мен Жәнібек бастаған қазақ хандығының қуатын арттыра түсті. Қасым ханның (1511 – 23) тұсында қазақ хандығының саяси және экономикалық жағдайы нығайды. Ол билік құрған жылдары қазақ халқының қазіргі мекен-тұрағы қалыптасты.
  • 17-ғасырдың орта тұсынан бастап Қазақ хандығының қорғаныс жағдайы нашарлап кетті.
  • 1635 ж. бір орталыққа бағынған Жоңғар хандығы Оңтүстік Сібір мен Шығыс Түркістанды толық бағындырып, Қазақ хандығының ең басты жауына айналды. Тәуке хан (1680 – 1718) тұсында “Жеті жарғы” заңдар жинағы құрастырылды.
  • 18-ғасырда қазақтар тұратын аймағына қарай үш Жүзге бөлінді. Әр Жүздің өз ханы болды. Бас ханның ықпалы төмендеді. Қазақ жерінде бір орталыққа бағынған мемлекеттің болмауын көршілері өз пайдасына шешуді ойлады. Батыстан Жайық казактарының қолдауымен Еділ бойындағы башқұрттар, қалмақтар тынымсыз шабуыл жасады. Солтүстіктен Сібір казактары тыным бермеді. Орта Азиядағы Бұхар мен Хиуа хандықтары да қазақ жерінен дәмелі еді.
  • 1723 ж. ерте көктемде жоңғарлар қазақ жеріне жойқын шапқыншылық жасады. Халық бұл кезеңді “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” деп атады. “Елім-ай” деген қасіретті ән осы кезден қалған. Халық бірігудің қажеттігін түсініп, Ордабасы құрылтайында қазақ әскерінің бас қолбасшысы болып Әбілқайыр хан сайланды.
  • 1730 ж. көктемде Балқаш көлі маңында ірі шайқас өтті. Әбілқайыр хан, Бөгембай, Қабанбай, Наурызбай сияқты батырлар бастаған қазақ жасақтары жоңғарларға шешуші соққы берді. Бұл жер кейін “Аңырақай” деп аталып кетті. Бірақ қазақ жерін азат ету жолындағы жорықтар аяғына дейін жеткізілмеді. Осы тұста әрбір Жүздің өз ішінде бытыраңқылық күшейді. Осының салдарынан 1731 ж. 10-қазанда өткен Кіші жүздің құрылтайында Ресейге қосылу туралы шешім қабылданды.
  • Жоңғарияда 1745 ж. Қалдан Серен өлгеннен кейін, оның мұрагерлері арасында таққа талас басталды. Абылай хан осы сәтті пайдаланып, қазақ жерін азат етуге кірісті.
  • 1755 – 58 ж. Қытай әскерлері жоңғар билеушілері арасындағы тақ таласын пайдалана отырып, олардың мемлекетін мүлдем жойып жіберді.
  • 1758 ж. Цинь империясының батыс шекарасы қазақ жерімен шектесті. Абылай келісімге келу туралы Бежінге елшілер жіберді. Сөйтіп, Қытаймен сауда, экономикалық қатынас орнай бастады.
  • 1771 ж. Түркістанда Абылай үш Жүздің ханы (бас хан) болып сайланды.
  • Абылай 1781 ж. қайтыс болып, орнына ұлы Уәли таққа отырды. Бұл кезде Ресей үкіметі барынша күшейіп, қазақ даласымен шындап айналысты.

Отарлау барысында патша үкіметі қазақ жеріндегі хандық билікті жоюға кірісті.

  • 1822 ж. “Сібір қазақтары туралы жарғы”, 1824 ж. “Орынбор қазақтары жөніндегі жарғы” деген құжаттармен қазақ жерін басқару тәртібі белгіленді. Осы заңдар бойынша Орта жүз бен Кіші жүз хандықтары жойылды. Кіші жүзде хандық биліктің орнына Ресейдегі сияқты әкімшілік басқару жүйесі қалыптасты. Ал Орта жүзде “аға сұлтан” деген басқарушы қызмет енгізілді. Ішкі округтер құрылды. Округтер болыстарға, болыстар ауылдарға бөлінді.
  • 19-ғасырдың басында Хиуа мен Қоқан хандары Оңтүстік Қазақстанға өз бақылауларын орнатты. Қазақтар Қоқан мен Хиуа билеушілеріне қарсы жиі-жиі бас көтеріп отырды. Отарлық езгінің күшеюі, шұрайлы жерлерді тартып алып, бекіністер салу Кенесары Қасымұлы бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысын (1837 – 47) тудырды.
  • 19-ғасырдың 60-жылдарында Қазақстанның Ресейге қосылу үрдісі аяқталды.
  • 1914 ж. 1-тамызда Ресейдің 1-дүниежүзілік соғысқа тартылуы Қазақстан халқына ауыр соққы болып тиді.
  • Жаппай наразылықтар нәтижесінде 1916 жылғы көтеріліс шықты. Көтерілістің басталуына патшаның 1916 жылғы 25-маусымдағы майдандағы қара жұмысқа Қазақ пен Түркістан өлкелерінің және ішінара Сібірдің 19-дан 43 жас аралығындағы ер-азаматтарын шақыру жөніндегі жарлығы түрткі болды.

Көтерілістің аса ірі ошақтары Жетісу мен Торғайда болды.

  • 1917 ж. патшаны тақтан құлатқан Ақпан революциясының оқиғалары көп ұзамай Қазақстанға да жетті.
  • 1917 ж. 21 – 28 шілдеде Орынборда 1-Бүкілқазақ съезі өтті. Делегаттар ұлттық автономия, жер-су, т.б. мәселелердің шешілуіне, Құрылтай жиналысына әзірлік және қазақ саяси партиясын құру мәселелеріне баса назар аударды. Әлихан Бөкейханов, Мұхамеджан Тынышбаев, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Жанша Досмұхамедұлы, Халел Досмұхамедұлы, Мағжан Жұмабаев, т.б. қайраткерлер отаршылдыққа қарсы Алаш партиясын құрды. Олар қазақ халқын отарлық езгіден азат ету ұраны төңірегіне топтасып, қазақтың дербес, тәуелсіз Алашорда демократиялық мемлекетін құруға кірісті. Бірақ көп ұзамай бүкіл Ресейдегі сияқты қазақ жерінде де кеңес билігі орнады.
  • 1920 ж. 4 – 12 қазанда Орынборда Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы (Қазақ АКСР) құрылды.
  • 1925 жылдан кейін республиканың қоғамдық-саяси өмірі күрт өзгеріп кетті. Тәркілеу, күштеп ұжымдастыру, саяси қуғын-сүргін, қарулы жазалаушылардың елді қанға бөктірген ожарлықтары халықты қайғы-қасіретке ұшыратты.
  • Қазақ халқы жаппай ашаршылыққа ұшырап, 1929 – 31 ж. Қазақстанда 372 көтеріліс болды. Шет елдерге (Қытай, Моңғолия, Иран, Ауғанстан) ауа көшу басталды. Қазақ жері саяси тұтқындар қамалатын лагерьге айналдырылды. Олардың ең ірісі Қарағанды лагері болды.
  • 1937 жылдың күзінде Қазақстанға Қиыр Шығыстан жүз мың кәріс, 1943 – 44 жылдары күрд, түрік, иран, неміс, әзербайжандар, шешен-ингуштар жер аударылып, қоныс тепті.
  • 1941 ж. 22 маусымда Германия КСРО-ға соғыс ашты. Елдің бүкіл экономикасы соғыс қажетіне лайықталып қайта құрылды.
  • 1941 – 45 ж. барлығы 460 зауыт, фабрика, кеніш, шахта, т.б. кәсіпорындар салынды. Соғыс жылдары Қазақстанда 12 атқыштар, 4 атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы жасақталды. Соғыстағы ерліктері үшін 499 қазақстандық (98-і қазақ) жауынгерлер Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. 410 мыңға тарта қазақстандық соғыстан оралмады.
  • 1941 ж. күзде жеке адамдар мен ұжымдардан майданға ерікті көмек ұйымдастырылып, қаржысына танктер, ұшақтар, сүңгуір қайықтар сатып алынды. Майдандағы солдаттарға 1600 вагон азық-түлік, киім-кешек жіберілді.
  • 1946 ж. 1-маусымда Қазақстан Ғылым Академиясы ұйымдастырылып, оның тұңғыш президенті болып Қаныш Сәтбаев сайланды.
  • 1954 ж. басталған тың көтеру нәтижесінде халықтың 61%-ы Ресей, Украина, Молдовадан келгендермен көбейді. Республиканың жергілікті халқы – қазақтардың саны 30%-ға дейін төмендеді.
  • 1986 ж. Желтоқсан ереуілі күллі Кеңес Одағындағы халықтардың саяси өмірін жандандырудың басы болды.
  • 1991 ж. 8-желтоқсанда Минскіде КСРО тарап, 16-желтоқсанда Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланды.

Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанда экономиканы реформалаудың бірнеше тәсілі қолданылды:

  1. социалистік экономикадан нарықтық экономикаға өту;
  2. дағдарысқа қарсы бағдарлама;
  3. макроэкономикалық тұрақтандыру;
  4. дүниежүзілік экономикалық дағдарысты еңсеру;
  5. экономикалық өрлеуді қамтамасыз ету.

Саяси жағдайы

Қазақстан — 1995 жылғы 30 тамызында республикалық референдумда қабылданған Конституция бойынша — өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады. Қазақстан Республикасы — президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет. Республиканың ең жоғары өкілді органы — Парламент. Ол республиканың заң шығару қызметін жүзеге асырады. Парламент тұрақты жұмыс істейтін екі Палатадан: Сенаттан және Мәжілістен тұрады.

Сенат әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының елордасынан екі адамнан, тиісінше облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және Республика елордасының бірлескен отырысында сайланатын депутаттардан құралады. Сенаттың 15 депутатын Парламент өкілеттігі мерзіміне Республика Президенті тағайындайды.

Мәжіліс дәрежелi өкiлеттiлiк және бiртұтас жалпыұлттық сайлау округiнiң аумағы бойынша партиялық тiзiм негiзiнде сайланған 98 депутаттардан құралады, және 9 депутатты Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды.

Президент Үкіметті Мәжілістегі көпшілік алған партия ұсынысымен құрады. Республика Премьер-Министрі тағайындалғаннан кейінгі он күн мерзім ішінде Премьер-Министр Үкіметтің құрылымы мен құрамы туралы Республика Президентіне ұсыныс енгізеді. Премьер-Министр Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші бар өкімдер шығарады.

Казақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі жеті мүшеден тұрады, олардың өкілеттігі алты жылға созылады. Конституциялық Кеңестің Төрағасын Республиканың Президенті тағайындайды.

Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады. Заңмен құрылған Республиканың Жоғарғы Соты және Республиканың жергілікті соттары Республиканың соттары болып табылады.

Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару

Жергілікті мемлекеттік басқаруды тиісті аумақтағы істің жай-күйіне жауапты жергілікті өкілдік (мәслихат) және атқарушы органдар (әкімдік) жүзеге асырады.

Сыртқы саясат

Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты белсенділігімен, тепе-теңдік сақтауға ұмтылысымен, прагматизмдігімен, сындарлы сұхбат жүргізуге талпынысымен және көпжақты ынтымақтастыққа бағытталғандығымен ерекшеленеді. Халықаралық аренада мемлекетіміз өзінің тарихи, геосаясаттық және экономикалық факторларына байланысты көп ғасырлар бойы сыртқы саясатын халықаралық ынтымақтастық, көршілес мемлекеттермен татуластық және олардың аймактық біртұтастығын кұрметтеу принципіне негіздеп жүргізіп келеді. Қазақстанның өзге мемлекеттермен тең құқылы және екі жаққа да тиімді қарым-қатынас құруға дайындығы оның бүгінгі күні дипломатиялық байланыс орнатқан шет мемлекеттердің санының көптігімен дәлелденіп отыр. 1991 жылы тәуелсіздік алған сәттен бастап біздің республика әлемнің 130 мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты.

Қоғам

Қазақ техникалық мамандары Қазақ Инженерлер Бірлестігі ұйымына біріккен.

Қарулы күштері

Қазақстанның Қарулы Күштері — Қазақстан Республикасының әскери құрылымы әскери басқару органдарын, Қарулы Күштердiң түрлерiн, арнайы әскерлердi, тыл, әскери оқу орындары мен ғылыми мекемелердi қамтиды.

Соғыс уақытында құрамына қорғаныс министрлігіне қарайтын әскер түрлерiнен басқа Iшкi iстер министрлігінiң iшкi әскерлерi, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң шекара қызметi және басқа да әскерлерi, республикалық «Ұлан», азаматтық және аумақтық қорғанысты басқару мен құру органдары кiредi.

Түсініктемелер

  1. ↑ Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты, http://www.akorda.kz/kz/kazakhstan/general_information/general_information_about_the_republic_of_kazakhstan, 2011 жылдың 8 шілде күні тексерілді
  2. ↑ Қазақстан Республикасының Статистика агенттігі, Қазақстан Республикасы халықының 2011 жыл басына нақтыланған саны туралы, http://www.stat.kz
  3. ↑ «2009 Жылғы Қазақстан Республикасы халық санағы, Қысқаша қорытындылар» Статистикалық жинақ, Редакциясын басқарған Ә.А. Смайылов, Астана, 2010 — 110 бет
  4. ↑ Численность населения РК по областям, городам и районам на 1 января 2011 г.
  5. ↑ “Балалар Энциклопедиясы”, V-том

Комментировать

Вам необходимо войти, чтобы оставлять комментарии.




1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Сайт картасы
Яндекс.Метрика